Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының сессиясына этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Ғылыми-сараптау топтарының, Аналар кеңесінің, Қоғамдық келісім кеңесінің, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өкілдері қатысты.
Сессияда секретариат меңгерушісі – Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Бибігүл Аққожина жыл бойы атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Ол алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында ғана жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына тоқталып өтті.
«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев әр қазақстандық үшін бағдар, темірқазық етіп ұстанар тұлғаларды атап айтты. Ол – Алтын адам,Жібек жолы, Күлтегін, ер жүрек Бейбарыс, дана Тәуке хан, ұлы Абай. Жұпар иісті алма мен қырды жапқан қызғалдықтың өмірмен тонның ішкі бауындай үйлесуі ұлы дала халқы өй-өрісінің іргетасын қалады» деді Бибігүл Бүркітқызы. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы өңірдегі ынтымақтың, бірліктің отауы секілді. Ол жыл тәулігінде 142 ірі шаралар өткізді. Оның ішінде осы өңірде тұрып жатқан түрлі ұлыстардың ұлттық дәстүрлері мен халықтық мерекелеріне арналған шаралар барлық қостанайлықтарды үйіріп, ынтымақты арттыра түсті.
Облыстық ассамблеяның ғылыми зиялы қауым өкілдерінен тұратын ғылыми-сараптама тобының өкілдері өңір тұрғындарымен жиі кездесулер жасап, Елбасының сындарлы саясатын, бағдарламаларын түсіндіреді. Халқымыздың және өңірді мекен еткен ұлыстар дәстүр-салттарын, салауатты өмір салтын насихаттайтын түрлі фестивальдер өтті. Аналар кеңесі облыс өңірінде отбасылық құндылықтарды сақтау бағытында көптеген игі шаралар өткізіп отырады.
Қостанай облысында 250 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Биыл ғана 2001 шара өткізді. Кеңес төрайымы Александра Суслова бұл қоғамдық ұйым әлеуметтік бағдарламаларды, оларды жүзеге асыруда қоғамдық белсенділік пен бастамаларды барынша қолдап отыратынын тілге тиек етті. Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері қоғамдағы мәселенің ешқайсысына ұсақ-түйек деп қарамайды.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сессияны қорытындылап, Қазқстан халқы облыстық ассамблеясының барлық жұмысы қоғамдағы ынтымаққа және Елбасы бастамалары мен бағдарламаларының тиімді жүзеге асуына қызмет ететінін айтты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай