Қарыштап дамыған технологиялар заманы қолмен атқарылатын жұмыстарды азайтып, адам еңбегін алмастырды. Осының салдарынан қозғалыс аз, адам бір жерде отырып жұмыс істейді, артық тамақ жейді, жаяу жүрмейді. Мәселен, дүние жүзі бойынша 1980 жылы қант диабетімен ауыратындар саны 108 миллион болса, 2014 жылы 422 миллионға жеткен.
Ұлттық қант диабеті регистрінің мәліметінше, жыл басында еліміз бойынша қант диабеті диагнозымен есепте тұрғандар саны 309 мыңға жеткен. Олардың 18 мыңы бірінші типтегі диабетпен, 291 мыңы екінші типпен ауырады. Екінші типтегі диабетке шалдыққандардың 65 пайызы – әйелдер. Сусамырға шалдыққан отандастарымыздың 6 мыңға жуығы катарактадан зардап шексе, 3 мыңы инфаркт алған. Бір мың адамның аяғы немесе қолы кесілген.
Елімізде қант диабеті тегін емделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде диабетке шалдыққан пациенттерге 48 түрлі дәрі мен медицина бұйымдары беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин де бар.
«Әр елордалық емханада инфекциялық емес созылмалы аурулармен ауыратын науқастар үшін денсаулық мектептері жұмыс істейді, оның ішінде «Диабет мектебі» де бар», дейді «Әлеуметтік медициналалық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Диабет – зат алмасу процесінің бұзылуынан болатын эндокринді аурулар тобына жатады. Ал инсулин – көмірсу алмасу процесіне тікелей жауап беретін гормон. Онсыз қант ағзадағы жасушаларға сіңбей, қан құрамында қалып қояды. Салдарынан жүйке тіндері мен органдар жұмысы бұзылады. Жалпы, инсулин – әбден зерттелген гормон. Соған қарамастан диабеттің пайда болу себебі әлі белгісіз күйінде қалып отыр. Әдетте дәрігерлер мұны тұқым қуалаушылықпен байланыстырады. Сондай-ақ диабет ұйқы безі аурулары, гепатит немесе өзге де аутоиммундық сырқаттар, дұрыс тамақтанбау мен зиянды әдет салдарынан пайда болуы да мүмкін. Бұл дертке шалдыққан адамдардың ағзасында глюкозаның сіңу процесі өзгереді.
Диабеттің негізгі симптомдарының бірі – гипергликемия немесе қандағы қант деңгейінің көтерілуі. Оған шалдыққан адам үнемі шөлдеп жүреді, кіші дәретке шектен тыс көп барады, шаршағыш келеді, себепсізден себепсіз арықтай бастайды. Аяқ-қолдың жансыздануы мен ауыруы да – сусамыр белгілерінің бірі. Қан құрамында қант көбейіп кеткеннен кейін жүйке жүйесі зақымданып, диабеттік нейропатияға ұласады. Дер кезінде дұрыс диагноз қойылса, мұны тоқтатуға, тіпті емдеп жазуға да болады. Уақтылы емделмесе, аяқ-қолдың ауырғаны күшейіп, жазылып бітпейтін жаралар пайда болады. Екінші типтегі диабет басталғанда науқастың көру қабілеті нашарлап, көз алды тұманданады. Тиісінше емделмесе, пациент көз жанарынан мүлдем айырылып қалуы мүмкін.
Әлемнің кей елдерінде диабеттің алдын алу мақсатында бірқатар тағам түрін сатуға тыйым салынған немесе зиянды тағамдарға көп салық салынады. Мәселен, Венгрия билігі құрамында байытылмаған майлар, трансмайлар, қант пен тұзы көп тағамдарға салынатын салықты көтерді. Азық-түлікке салық енгізілген төрт жылда қазынаға 200 миллион еуро түскен. Оның 95 мыңы дәрігерлер жалақысына 25 пайыз үстеме ретінде қосылды. Тұрғындардың басым бөлігі салық салынатын өнімдерді азайтып, пайдалы тамаққа бет бұрған.
Ал Франция, Португалия, Мексика, Чили, Вьетнам сынды бірқатар елде қант салығы қолданылады. Шри-Ланкада «Сен ойлағандай тәтті емес» деген ұранмен әлеуметтік жарнама жасалған. Авторлар аяғы кесілген прәндік-адам, көзінің қарашығы жоқ фигуралар арқылы диабеттің ампутация, инсульт, соқырлық сынды салдары жайлы баяндауға тырысқан. Биыл сәуір айында Британия билігі де қант салығын салды. Салық салынатын тағамдар тізімінде алкогольсіз сусындар, атап айтқанда құрамындағы қант мөлшері 100 миллилитрге 5 грамнан тура келетін сусындар бар. Көп ұзамай Fanta сусындарындағы қант мөлшерін 6,9 грамнан 4,6 грамға дейін төмендетті. Өкінішке қарай заңды айналып өтетін, қант орнына қант алмастырғыш пайдаланатын компаниялар да жетіп- артылады.
Биылдан бастап қазақстандық мектептерде газдалған тәтті сусындар мен шоколад сатуға тыйым салынды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, енгізілген жаңа стандарттар балалардың зиянды тағамдарды пайдалануын шектемек. Диабетті диетаның, жаттығулар мен дәрі-дәрмектің көмегімен емдеуге, сол арқылы оның асқынуына жол бермеуге болады. Ең алдымен әр пациент өз денсаулығына өзі жауапты. Ол арнайы күнделік ашып, күн сайын қан мен несептегі қант деңгейін, несептегі ацетон мөлшерін, салмағы мен қан қысымын жазып жүруі тиіс. Бұл науқастың ахуалын анықтап, емдеу схемасын ауыстыруға, емдеу терапиясын, диета мен физикалық жаттығулар бағытын реттеп отыруға көмектеседі.
Диабет белгілерін байқаған жағдайда эндокринолог-дәрігерге қаралу қажет. Диагноз расталса, пациентті ең алдымен «Диабет мектебіне» жібереді. Әрбір емхана жанында жұмыс істейтін бұл кабинеттер глюкометрдің көмегімен қандағы қант деңгейін өлшеу, дұрыс тамақтану мен инсулин екпесін салу жолдарын үйретеді. Бұл екпелер қарынға немесе санға салынады.
Диабетпен өмір сүруге болады. Дегенмен ол тәртіп пен өзін-өзі бақылауды талап етеді. Технология күн сайын жаңарып жатқан бүгінгі заманда диабетке шалдыққандарға барынша қолайлы жағдай жасалуда. Мәселен, қандағы қант деңгейі жоғарылай бастағанда смартфонға хабарлама жіберетін мониторинг құралдары бар. Шприцті аз пайдалануға мүмкіндік беретін инъекциялық порттар жасап шығарылды (iPort Advance түтікшесін үш күнге терінің астына қояды, ол қанға инсулин жіберіп тұрады). Медицина ғылымындағы жетістіктердің бірі – глюкозаға сезімтал келетін «ақылды гель». Жапондық ғалымдар әзірлеген полимерлі гель терінің астына егіледі. Қант деңгейі көтеріле бастағанда ол инсулиннің қажетті мөлшерін қанға жіберіп отырады.
Ғалымдар зерттеуі өз алдына, мемлекет әрине сырқатқа шалдыққан жандарды қараусыз қалдырмайды. Десек те денсаулық қорғаны – өзіміз. Диабеттің алдын алу үшін: саламатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, шектен тыс тәтті немесе майлы тамақтардан бас тарту, спортпен айналысу, темекіден бас тарту, дәрігерге уақтылы қаралып, қандағы қант мөлшерін анықтап отыру қажет.
Жанаргүл ҮМБЕТОВА,
ӘМСҚ Астана филиалының тұрғындарды ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің бас сарапшысы