Мына өмірде өзекті емес жайт жоқ десек те, перзентсіздіктен өткен қасірет жоқ. Кейбір дерек көздері бойынша бедеуліктің 7 түрлі себебі бар. Ал мамандар оның 14 түрін алға тартады. Қалай десек те бедеулік бұрынғыға қарағанда белең алды. Әлемде әрбір алтыншы жұп әлдидің үніне зар. Халықаралық зерттеулер жер бетінде 70 миллиондай отбасы бала сүйе алмай отырғандығын айтады. Бұл көрсеткіш әр мемлекетте әрқилы. Сол сияқты алғашқы бедеулікке қарағанда, бір перзенттен кейін көтере алмай қалған екінші бедеулік мәселесі де талай ерлі-зайыптыны тығырыққа тіреп отыр.
Осы мәселеге орай Алматыда «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. Қосымша репродуктивті технологиялар: бүгіні мен болашағы» атты X халықаралық конгресс өтті. Жиынға репродуктивті технологиялар саласының айтулы мамандары – акушер-гинеколог дәрігерлер, ЭКҰ орталықтарының өкілдері, андрологтер, бедеулікті емдеумен айналыстан эндокринологтер, генетиктер мен молекулярлы биологтер қатысқанын айта кеткен жөн.
Атап айтқанда, әлемде алғаш рет адам эмбрионы генінің редукциясын орындаған, 2017 жылы әлемдегі ең танымал ғалымдардың қатарына кірген әйгілі ғалым Шухрат Миталипов (АҚШ), профессор Лука Дженероли, КСРО-дағы алғашқы «Түтіктегі бала» (1986) авторы, профессор Елена Калинина, Ресейдің адам репродукциясы қауымдастығының президенті, профессор Владислав Корсак пен Украина репродуктивтік медицина қауымдастығының президенті, профессор Александр Юзько, Беларусьтен Олег Тишкевич, Армениядан Эдуард Амбарцумян, Франциядан Жак де Музон сынды шетелдік професссорлар келді.
Еліміздің репродуктивтік денсаулық мәселелерін зерттейтін білім беру орталықтары мен ЭКҰ жетекшілері үшін бұл жиынның берері көп. Конгресс тәжірибе алмасу ғана емес, екі күндік озық технологиялар мен дәрі-дәрмектердің ауқымды көрмесіне айналды.
Қазақстан Репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, профессор Вячеслав Локшиннің мәлімдеуінше, қазір елімізде бедеулік жиілігі орташа алғанда 15 пайызды құрайды.
– Статистика жыл сайын 150-160 мың жұптың арасында неке қиылатындығын көрсетеді. Осы орайда жылына 20 мыңдай отбасында отау құрған соң бір жылдан кейін бала сүю мәселесі қозғала бастайды. Әлемдік ахуалға көз салсақ, бұл қалыпты жағдай. Бұл кезеңде ешқандай жедел қадамдарға барудың қажеттігі туа қоймайды. Әйелімен бірге ер-азаматтар да қаралып, ем қабылдай бастайды. Бірақ осы отбасылардың тең жартысына кәдуілгі ем-дом көмектесе бермейді. Нәтижесінде арнаулы технологиялардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Ал Қазақстанда экстракорпоралды ұрықтандыру ісі 1995 жылдан бастап қолға алынды. 1996 жылы түтікшедегі ең алғашқы қазақстандық бала дүниеге келді. Әлемде осы әдіспен дүниеге келген сәбидің өзі 40 жасқа келді. Айтқандай, осы ұлыбританиялық Луиза Браун елімізде өтіп жатқан осы конгреске құттықтауын жолдады.
Қазір Қазақстандағы 25 ЭКҰ клиникасы белсенді жұмыс істеп отыр. Бұл ретте 7 мыңға жуық бағдарлама орындалады. Оның 10 пайызы шетелдік азаматарға тиесілі. Яғни медициналық туризм өз жұмысын атқарып отыр.
ЭКҰ тиімділігі ерлі-зайыптылардың жасына ғана емес, бедеуліктің қандай түріне ұшырағанына да тәуелді. Қазір бұл көрсеткіш 40 пайызды құрайды. Ал балалы болу нәтижесі 30 пайыз, яғни әрбір үшінші бағдарлама дүниеге дені сау баланың келуімен аяқталады.
– Қазір Қазақстан да қолдан ұрықтандыруда генетикалық скринингті, әлемдегі ең соңғы әдісті қолдануға көшті. Яғни 5 күндік эмбриондағы барлық хромосомдарды зерттей аламыз. Нәтижесінде құрсаққа генетикалық тұрғыда сау эмбрион салынады. Бүгінгі таңда әлемге белгілі әдістердің барлығы Қазақстанда бар. Мысалы, конгреске әлемде алғаш рет адам эмбрионынан патологиялық генді алып тастаған әйгілі АҚШ ғалымы Шухрат Миталипов та келді, – дейді Вячеслав Локшин.
Мамандардың айтуынша, елімізде барлық баласыз жұптарды алғанда бедеулік әйелдің 40 пайызында, еркектерде 30 пайызында кездеседі, қалған 30 пайыз жағдайда кінәрат екеуінен де болады. Жалпы, бедеуліктің үлесі екі жақта бірдей, яғни 50\50 екен.
Сол сияқты ЭКҰ әлі де арзан емес. Әрбір бағдарламаға 800 мың теңге төлеу қажет. Қазір мемлекет перзент сүйгісі келетін жұптарға ЭКҰ-ға жүгіну үшін жылына 900 квота бөліп отыр.
Бұл конгрестің өзектілігі бедеу некелер әлі де өткір медициналық-әлеуметтік мәселе қатарында тұрғандықтан, оны шешу елдегі демографиялық жағдайды жақсартып қана қоймайды, түрлі себептермен баласыз жүрген жандардың үмітінің үзілмеуіне де септеседі.
Жоғарыда атап өткендей, бедеулік жиілігі орташа алғанда 15 пайыздан төмендемей отыр. Бірақ заманауи диагностика тәсілдері бедеуліктің негізгі себептерін анықтауға және оны емдеу әдістерін таңдауға мүмкіндік береді. Бедеулік 50 пайыз жағдайда ер адамдардың репродуктивтік жүйесіндегі кінәратқа, 30 пайызы аралас бедеулікпен байланысты болады.
Дегенмен соңғы жылдарда әлемде бедеуліктің түрлі формаларын емдеудің орасан зор тәжірибесі жиналды. Қазіргі әдістердің көбі Қазақстанда да енгізілген. Елімізде алғашқы ЭКҰ зертханасы ашылған 23 жыл ішінде әйелдер мен ерлердің бедеулігін емдеудің ең жаңа репродуктивтік технологиялары меңгерілді. Перзентсіздік дертіне шалдыққан жұптардың ортасында 16 100 бала дүниеге келді. Емделушілер мемлекеттік және жеке орталықтарда өз қалауы бойынша ем қабылдай алады. Бюджеттік бағдарламалардың көмегімен ғана 2010-2017 жылдары Қазақстанда 1800-ден астам бала дүниеге келді.
Оныншы рет өткізіліп отырған конгресс еліміздегі Қосымша репродуктивтік технологияларды дамыту мәселелеріне арналды. Конференция аясында Үндістан, Израиль, Швеция, Германия, Ресей, Украина мен Қазақстан мамандары ҚРТ-дағы эмбриологияның өзекті мәселелері бойынша шеберлік дәрістерін жүргізді. Бедеуліктің дамуына әкелетін аурулардың алдын алу, бедеу некені ерте диагностикалау мен емдеудегі АМСК рөліне назар аударылды.
ҚРТ орталықтары мен дәрігерлер, уролог-андрологтар, генетиктер қоян-қолтық жұмыс істеген жағдайда бедеулікке шалдыққан жұптарды ерте диагностикалап, тиімді ем тағайындаудың кешенді істері қатар атқарылады. ТМККК аясында әлеуметтік осал топтарды қолдауды қаперге ала отырып, квота бөлуге айрықша назар аудару жоспарланып отыр.
Конгресс аясында «Репродуктивтік медицина» журналының кезекті саны таныстырылды. Репродуктивтік медицинаға арналған ірі көрмеге дәрілік заттар мен медициналық техникалар шығаратын 40-тан астам компаниямен бірге, еліміздегі танымал ҚРТ клиникалары қатысты.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ