• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қараша, 2018

Бізде бабаларымыздың генетикалық күші бар - Азат Перуашев

785 рет
көрсетілді

Ұлттық ұстанымы бар адам үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы нағыз жаңалық болды.

Замандастарымыздың ғана емес, аға ұрпақтың да ұғымында өзіміздің ұлттық тарихымызды тек қайғылы жағынан есте сақтап, оны қазақ халқының бастан кешкен бітпейтін қасіреті мен трагедиялық оқиғалары деп қабылдап жүр. Бұл қайғы-қасірет қазақтың басына түс­кен шарасыз тағдыры дегендей пікір қалыптастырды. Расын­да, мұндай көзқарасқа түрткі бол­ған тарихи оқиғалар да жеткі­лікті: геноцидтік сипатқа ие бол­­ған алапат ашаршылық, жоң­ғар шапқыншылығы, Ақтабан-шұбырынды заманы, 30-жыл­дардағы саяси қуғын-сүр­гін, «Алаш» қозғалысы көшбас­шы­ларының азаттық жолында құрбан болуы, Желтоқсан оқи­ғасы және 80-жылдардағы қазақ жастарын қудалау... 

Мұндай толассыз қасіреттің мәнін ұғынған адам бәрінен бұрын халықтың аман қалуын ойлайды. Мүмкін, сол себептен болар, біз әлі күнге дейін ұлттық тарихымызды бітіспейтін күрес деп түсінеміз, ал ұлттық ұстанымды – тығырықтан, бітпейтін апаттардан құтылудың бір жолы деп қабылдаймыз. Прогресс, жаңа технологиялар, ашық дүниемен қатынасу – бұлардың бәрін азап шегудің тарихи тұжырымдамасы аясында кейінге шегеріп, ығыс­тырып тастадық. 

Алайда, Елбасы тарихи позитивизм немесе тарихты жағымды жағынан тану тұрғысынан өт­кен­­нің жаңа беймәлім тұсын көрсетіп берді. 

Мен және менің көптеген әріп­тесім үшін мұндай көзқарас – тосыннан көтерілген маңызды бастама. Бiрақ Елбасымыз әрбір сөзді мысалдармен дәлелдеп, нақты деректерге сүйене отырып, толық ашылмаған дүниелерді ғылыми тұрғыдан зерттеуге шақы­рып отыр.

Бір қарағанда, мақаладағы кейбiр нәрселер бұрыннан белгiлi сияқты, бірақ оларды кәсіби тарихшылар емес, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы ғана бiр жүйеге бірік­тіріп, осындай бағытта қарас­тыруды ұсынды. Мәселен, атқа мiну мәде­ниеті мен жылқы шаруа­шы­лығы баршамызға әбден таны­мал, көзіміз де, қолымыз да үй­рен­ген, бұрыннан келе жатқан тұр­мыстың бір элементі. Бүгінде шаруа­шылықта жылқыларды пай­далану кейде тіпті бейне бір ескірген архаизмге ұқсайды. 

Дегенмен, шын мәнінде Елба­сы­мыз көрсеткендей, XIX ғасырда бу қозғалтқышын енгізгенге, яғни өнеркәсіп революциясына дейiн ең дамыған елдерде ауыл ша­руа­шылығында да, тұрмыста да, өндірісте де бас өндірістік күш болған дәл сол жылқы еді. Егер жылқыларды пайдалану сан мың­даған жылдарға ұласса, ендеше оны ауыстырған электр және іштен жанатын қозғалтқыштың дәуірі бір-екі ғасыр ғана үстемдік құрды. Тарихи тұрғыдан алғанда, адам­­зат­тың бұрынғы шаруа­шы­лық өмі­рінің кемінде 90%-ы аттың күші басым қолданыл­ғанын көрсетті. 

Біле білсеңіз, атқа міну мәде­ниеті секілді жылқыны алғаш қолға үйрету біздің елімізден бас­тау алған, оған ұйтқы болған – арғы ата-бабаларымыз.  

Оның үстіне, әскери іс-қи­мыл­­дарда аттарды пайдалану, атты әскерлерді құру сол кез­де­­гі тех­нологияның дамуына қат­т­ы әсер етті. Мысалы, қару-жарақ, сауыт-сайман, берен, қал­­қан жасау үшін темір қа­ңыл­тыр­лар­ды, шыбық, сымдар­ды өндіру­ді меңгеру қажет болды. Бұл ма­шық-дағдыларды да әлем­де тұң­ғыш болып біздің ежелгі ата-бабаларымыз игерген.

Елiмiзде көне металлургияның дүниежүзілік орталықтарының бірі орналасқанын және де Шығыс, Солтүстік және Орталық Қазақ­станда көне балқыту пеш­тері табылып, олардың зерт­тел­генін мектепте оқып жүрген кезден бастап жақсы бiлемiз. Алайда, біз сол кездегі заман үшін бұл таңғажайып құбылыс ретінде теңдесі жоқ, санада жарылыс тудырған технологиялық инновация болған деп еш ойла­маған екенбіз. 

Бұл жерде тек металдың өзін ғана шығару туралы сөз болып тұрған жоқ, содан бірегей бұ­йым­дарды да өндірген: тек қару-жарақ, сауыт-саймандармен шектелмей, арғы аталарымыз ат әбзелдерін (жүген, ер-тоқым, үзең­­гіні қоса алғанда), тұр­мыс­­­­тық құралдарды, зергерлік бұйым­дарды жасады.

Ғылыми дамуды зерттеуші Линн Уайттың айтуынша, үзеңгі­ні шығару – өз кезінде адамзат­тың тағдырына автокөлік немесе ұшақ шығарған техникалық революциямен бірдей ықпал еткен жаңалық еді. 

Айтпақшы, зергерлік бұйым­дар туралы айтсам, тек қана ути­ли­тарлық заттарға ғана шыр­ғаланып қалмай, қазақ халқы әдет-ғұрыптық мағынаға толы жоғары өнерге де назар аударып, шеберліктерін паш еткен. Қазақ­стан территориясында б.з.д. V-VI ғасырларда жасалған зергерлік бұйымдардың деңгейіне өзге елдер жүздеген жылдар өткеннен кейін ғана қол жеткізді. Ал өнер­д­ің өркендеуі – этностың рухани дамуының көрсеткіші мен материалдық көрінісі емес пе?!

Қалалық инфрақұрылымның деңгейі, ол – бір бөлек әңгіме. Көшпелі өркениеттермен қатар арғы қазақтар (яғни кейінгі заманда қазақ халқын қалыптастырған түркі тайпалары) көптеген дамы­ған қалашықтар және кәдім­гі қалаларды салған. Қала құры­лысы жаппай орын алған және сол кездегі заман үшін ерекше қолайлы, ыңғайлы болған. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында мен өзімнің аға досым әрі тарихшы Қуандық Қақылбаевпен бірге АН-24-те жайбарақат Алма­тыдан Талдықорғанға ұштық. Сонда, жоғары биіктіктен ол ма­ған жиырмадан астам ескі қал­а­ның орнын көрсеткен болатын. Сол бір ғана маршруттың бо­йынан осынша көнерген қала жұрнағына куә болдым!

Балалық шағымыздан бері Тараз, Қойлық, Отырар, Сауран, Сығанақ сынды ежелгi қалаларды білеміз. Астана маңында орна­лас­­қан Бозоқ қаласының табыл­ға­ны­на да көп болған жоқ. Бұл қа­­ла­лардан мыңдаған жылдар  бойы Ұлы Жібек жолы өтті, Ба­тыс пен Шығыс түйісті, дү­ние­та­­ным, мәдениет пен техноло­гия­­лар өзара байланысқа түсті. Дәл біздің ата-бабаларымыз өз за­­ма­нының ең озық дүниелері құ­йы­­лып, қорытылып шыққан бұл өркениет ошағының ұстау­шысы, ке­піл­гері мен қамқоршысы болған.

Сол кезде ата-аналарымызбен немесе сыныптастарымызбен бірге қираған көне қалалардың орнына барып, аралап көрдік, ежелгі ыдыстың сынықтарын қолмен ұстап, жебелердің ұш­тарын тердік. Сонда көне су ар­­на­­­ларының, кәріз жүйесінің, мон­­­ша­лардың iздерiн өз көзіміз­бен көрдік. Ал неге түркі қала­лары­ның инфрақұрылымын сол дәуірдегі еуропалық қалалардың жағ­дайымен салыстырып көру­ді ойламадық? Еуропада су құбыры мен моншаның өзі сирек кез­десет­ін, ал кәріз жүйесі тіптен орын­далмас арман еді оларға. 

Мақаланы қайта айтып беру­дің еш мәні жоқ, бірақ алған әсері­ме сүйенсем, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы өзінің назарын аудар­ған, ал біз бұрын көзге іл­мей, мән бермеген дүниеге қай­та қа­­рап, пайымдауға тура кел­ді. Және бұл өткенді саралау, са­лыс­­­­тыру ұлттық рух пен абы­­ро­йы­­мызды асқақтатты. Сөйт­се, біз­дің тарих тек қанды шайқас­пен келген жеңістерімен ғана емес, ашықтығымен, ақыл-пара­са­тының, ой-өрісінің биікті­гі­­мен, жалпы адамзаттық өркениеттің қарыштауына ық­пал еткен жаңалықтарымен, шаруа­шылық салты және тұрмыс сапасымен де даңқты екенін түсіндік.

Менің ойымша, аталған құжаттың түпкілікті мәні – тарихта емес, оның замандастарымыз бен болашақ ұрпаққа қалай әсер етіп, қандай серпіліс берерінде болып тұр. Қазiргi жаһандану заманында қазақ жастары, кеңінен алсақ – барша қазақстандық бөтенге жалтақтамай, батыл түр­де әрекет етіп, өсіп-өне алады. Себебі, олардың бойында – тарих пен өркениетті дүниені өзгерткен ата-бабалардың генетикалық күші бар, қаны тулап жатыр.

Өскелең ұрпақ өзінің түп-тамырына, табиғи болмысына күмән келтірмей, икемдiлігіне, жаңалық ашуға қабілетті екені­не сенімді болып, бұрын-соңды ешкiм ойлап таппағанды жасау­ға қауқарлы екеніне шүбә кел­тір­меуі қажет. Керісінше, нова­тор­лық, яғни жаңашылдыққа деген бейімділік, батылдық пен көш­басшылық олардың ұлттық кодында бар. Бұл – Ұлы даланы мекен еткен ата-бабаларымыздың мұра етіп қалдырған аманаты. 

Бұрын ұлттық ұстанымы бар адамдардың атына айтылған ксенофобия, негативизм, қазақ трагедиясын зарлаушы деген сынды жиі еститінмін. Алайда, Президенттің мақаласы күн тәр­тібіндегі ұлттық тақырыпты тү­бе­­­гейлі өзгертеді: бұдан былай ұлт­тық мүддені көздеушілер, ме­нің түсінігімде – прогресшіл, жасам­паз, ашықтыққа жаны құш­тар және инновацияға қабі­лет­ті тұлға екенін дәлелдейді. 

«Ұлы даланың жеті қыры» еңбе­гінде ғажап түрде негізделіп, ай­шық­талған тарихи позитиви­зим – Қазақстанның келешек ұр­пағы үшін берік діңгек, олар­дың жарқын жеңістері мен жа­ңа­­л­ық­тарына жол көрсететін Темірқазығы!

Азат ПЕРУАШЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты