2017 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстауда туризм саласында 205 904 адамға қызмет көрсетіліп, көрсеткіш 2016 жылға қарағанда 7 % - пайызға өскен. Бұл туралы Маңғыстау облысы «Өңірлік коммуникация қызметінде» өткен брифинг барысында туризм басқармасының басшысы Өркен Бисақаев мәлім етті.
Аталған 205 904 туристің 177 178 адамы еліміздің азаматтары, басқаша айтқанда, ішкі туризм деңгейінің көрсеткіші болып табылады, ал 28 726 адам - шетелден келген, ол – келу туризмінің көрсеткіші.
Басқарма басшысының айтуынша, келесі жылы «Три оф лайф» демалыс базасы аумағында 3 жаңа нысан бой көтереді.
Онда 250 орынға арналған «Нұр» шипажайы, 120 орынға арналған «Волна» қонақ үй кешені салынады. Сондай-ақ, инвесторлармен 2020 жылы 6 бірдей қонақ үй кешенін іске қосу жөнінде келіссөздер жүргізілуде.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы