Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуықта жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры»атты мақаласында айтылған терең пайымдар жайлы тарихшы-мамандар не дейді? Осы тұрғыдан, түркі-қыпшақтанушы, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық ғылым академигінің академигі Болат Көмековті әңгімеге тарттық.
– Болат Ешмұхамбетұлы, «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқыған боларсыз. Тарихшы ретінде осында айтылған ұсыныстар мен пайымдарға қатысты пікіріңіз қандай?
– Газетте жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын оқып, кәсіби тарихшы ретінде тынысым кеңейіп отыр. Мақалада тарихымызға қатысты негізгі құндылықтар айтылған. Соның ішінде тарихи сананы қалыптастырудың нақты бағыттары сілтенген. Сондықтан да мақаланы халқымызға рухани жол көрсетіп, болашақ бағытын айқындап берген дүние деп түсіндім. Мақалада көшпелі қоғам ұғымы кеңейіп, «Ұлы дала мәдениеті» деңгейіне көтеріліп отыр. «Өз тарихын білетін ел ешқашан жеңілмейді» дейтін қағида тұрғысынан қарасақ, Елбасы ұсынып отырған мақала қазіргі геосаяси жағдайда біз үшін идеологиялық құрал.
Екіншіден, қай халық болсын тарихи санасы қалыптаспаса, оның рухани кемелдігін былай қойғанда, материалдық тұрғыдан да жарымайды. Осы мәселе мақалада жан-жақты айтылған. Біз қазір ғаламдық тарихи-әлеуметтік процесте отандық тарихтың маңызын ашып, оның орнын анықтауымыз керек. Осыны айғақтайтын дүние – Ұлы дала ұғымы. Өйткені ол кең ауқымдағы мәдени өріс. Бұл туралы күні кешеге дейін еуроцентристік бұғау айтқызбай келді. Тіпті аталған тақырыпты зерттеп жүрген адам жоқтың қасы. Елбасы мақаласының арқасында көшпелі қоғамның тарихи маңызын ашып айтуға зор мүмкіндік туып тұр.
Үшіншіден, қазіргі қазақ халқы – Ұлы даланың тұрғыны, оның тарихы – Ұлы даланың тарихы, дәл қазір біз Ұлы даланың кіндігінде отырмыз және бірден-бір мұрагеріміз. Яғни, қазақтың ұлттық болмысы – Ұлы даланың мәдени өрісі арқасында пайда болған. Сондықтан әрқашанда Ұлы даламен мақтанып, Ұлы даланы дәріптеуіміз керек. Байырғы бабаларымыз Ұлы даланың теңдессіз құндылықтарын бойына сіңіріп өскен.
– Түсінікті. Өзіңіз атап өткендей бабаларымыз бойына сіңіріп өскен Ұлы дала құндылықтарына тоқталып өтсеңіз?
– Ең үлкен құндылық Ұлы даладағы көшпелі қоғамның әр дәуірдегі технологиялық табыстары. Соның бірі металл өндіру ісі. Бұл дегеніміз мақалада айтылғандай, дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді. Ғұн-сақ дәуіріне тән өнер туындылары «аң стилі» дейтін теңдессіз бейнелеу мәнерін өмірге әкелді. Осының өзі-ақ далалықтардың көркемдік ой-өрісінің айрықша дамығандығын және металл технологиясын жоғары дәрежеде меңгергендігін білдіреді.
Екіншіден, мақалада айтылған – жылқытану немесе атқа міну мәдениеті. Жылқы мәдениеті, атты мініске үйретудің өзі жеке технология. Бұлардың түп негізі, яғни қалыптасу, даму кезеңдері биологиялық жолмен жүргізілген. Мәселен, жылқыға қажет ер-тұрман, ат әбзелдері, қару-жарақ түрінің ғасырлар бойы жетіліп отыруы, көшпенділердің биологиялық қабілетінің жемісі. Ерте дәуірдің өзінде бабаларымыз жылқыны сұрыптау, будандастыру, сапаландыру, тәулігіне жүз шақырымды желіп өтетін жорық аттарын дайындаудың биологиялық әдіс-тәсілін жете меңгерген. Бұдан жоғары, бұдан құнды қандай мәдениет болуы мүмкін. Президентіміз атқа міну мәселесін айту арқылы Ұлы дала мәдениетінің ұмыт қалған қырын қозғап отыр.
– Ұлы дала мәдениеті ол көшпелі қоғамның жемісі дейсіз. Осы орайда отырықшы қоғам мен көшпелі қоғамның қандай айырмашылығы, нақтырақ айтқанда, бір-бірінен қандай артықшылығы бар деген сұрақ туындайтын сияқты.
– Айырмашылық көп. Отырықшы қоғамда «жер болса, ел табылады» деген қағида бар. Көшпелі қоғамда бұл қағида керісінше айтылады: «Ел болса, жер табылады». Еліміздегі тарихи таным бұған дейін отырықшылықты жоғары қойып, оның көшпелі қоғамға тигізген әсері жайлы көтеріп айтып, керісінше көшпелі қоғамның өзіне тән ерекшеліктері бар екендігі айтылмайтын. Елбасының танымдық жазбасы осы мәселенің басын ашып берді.
Көшпелі қоғамның отырықшылықтан басты айырмашылығы – ру-тайпалық құрылымы. Бұл жүйе қоғамдық және мемлекеттік дамудың негізгі ұстыны. Қазақтың болмысы осы ру-тайпалық құрылымда. Кеңестік идеология «ру-тайпалық жүйеден ажырамай қазақ ұлт болып қалыптаса алмайды» деген түсінік қалыптастырды. Ол ұғым бүгін де бар. Осы ұғым кетсе, қазақтың аты ғана емес, заты да жоғалады. Ру-тайпалық құрылым көшпелі қоғамға бейімделген – өте күрделі жүйе.
Одан кейін көшпелі қоғамның басты байлығы – ауыз әдебиеті, яғни фольклоры. Ауыз әдебиеті халқымыздың жадын жойдасыз шынықтырды. Отырықшы қоғамда лирикалық поэмалар саны бестен аспайды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында қазақ фольклорының үлкен-кішілі 200 мыңдай нұсқасы сақтаулы тұр. Мұндай қазына-байлық отырықшы қоғамда жоқ. Міне, руханият қайда жатыр! Байлық қайда жатыр!
Көшпелі қоғам ешқашан бір жақты болмаған. Оның тұрмыстық мәдени болмысында: мал шаруашылығы, егіншілік, қалаласу процесі, оқу-білімі бәрі бар толыққанды қоғам ол. Осының ішінде жазу мәселесіне келсек, ол шаруашылық немесе қазіргі тілмен айтқанда, экономикалық көрсеткіш емес, ол өркениеттің белгісі. Сонымен қатар көшпелі қоғам, яғни Ұлы дала тұрғындары табиғатпен тұтасып өмір сүрген, оның жаратылыс заңдылығын жақсы меңгерген. Өмір сүрген ортасына көзінің қарашығындай қамқорлық танытқан. Қысқасы табиғаттың қас-қабағын жазбай аңдайтын керемет сұңғыла болған. Сұңғылалық дегеніміз – оқымыстылық емес, ол табиғи таланттылықтың қанмен берілетін түйсік-танымның ерекше қасиеті. Яғни ұлыдалалықтар еуроцентристер айтып жүргендей тек қой баққан ел емес, ой баққан, білімнің шырағын жаққан ел.
Тағы бір ерекшелеп айтатын дүние – көшпенді қоғамда адами фактор бірінші орында. Қазіргі әлеуметтанушылар айтып жүрген «адам капиталы» дегеніміздің түп-төркіні осы. Адам қадіріне аса маңыз берілгендіктен көшпелі қазақ қоғамында ешқашан құл болмаған. Яғни, адам құқы тапталмаған. Қоғамға «обал» дейтін ұғым терең сіңірілген. Бұл ұғым отырықшыларда атымен жоқ. Айта берсек көп-ақ, көк шөпті жұлмаған, суға түкірмеген, қажетінен артық аң атпаған, дүние жинамаған, т.б. Егер осы құндылықтарды сақтай алғанда қазіргідей экологиялық һәм рухани зардапқа ұрынбас едік.
Біздегі ең үлкен қателік – өркениет атаулыны отырықшы қоғаммен байланыстыру дәстүрі салтанат құрып келді. Өркениет дегеніміз не? Ол – мемлекет, ол – қала, ол – жазу-сызу, ол – руханият. Осы төртеуі өркениет деп саналды. Ал көшпелі қоғамның болмысы мұндағы төрт заңдылыққа сыймайды. Өйткені көшпелі қоғамда – мал шаруашылығы, сонымен бірге қала да, кент те, егіншілік те жазу-сызу бәрі болды.
– Елбасы мақаласында: «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті Қарашаңырағы депті. Осы пайымға түркі-қыпшақтанушы ғалым ретінде пікіріңіз қандай?
– Бұл өте дұрыс пайым. Мысалы, Алтайдан басталған көне түркі этносының қалыптасу процесі Ұлы далада жүргізіліп, VІ ғасырда Қазақстан аумағында алғашқы еуразиялық империя – Түрік қағанаты дүниеге келді. Қағанаттың шекарасы кеңейіп, Солтүстік Кавказ бен Қара теңіз жағалауына дейін жетті, Иран және Византия елдерімен қарым-қатынас орнады. Қағанаттың ең жоғарғы жетістігі – көне түркі жазуының кең таралуы.
Алғашқы орта ғасырда Хижаз даласында көшпенді арабтардың күшеюі себебінен түркі қағанаты ыдырап, жаңадан жеті мемлекет туды. Олар: батыста бұлғар мен хазарлар, қазіргі Қазақстан жері Ертіс бойында – кимек, Сыр бойында – оғыздар, Жетісу жерінде – қарлықтар мемлекет құрды. Қалған екеуі: Енесей бойындағы қырғыздар мен моңғол үстірті Өтукен қойнауында пайда болған – Ұйғыр хандығы. Бұлардың барлығы байырғы түркі қағанатының ел басқару жүйесін, шаруашылық мәдениетін, өнер-білімін, жазу-сызуын бұзбай дамытты. Осылай бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты.
Орта ғасырда әлемде түркілердей өмір сүруге ынталы, жігерлі халық болмаған. Қазір біз сол ынта мен жігердің не екенін ұмыттық. Түркілердің күнделікті тірлігіне отырықшы қоғам өкілдері таңдай қағып тамсанатын болған. Пассионарлық дегеніміз – ынта. Мұны алғаш байқаған адам Л.Гумилев. Ғалым оны қалай аңғарды десек, ол кісі мұны Ұлы дала мәдениетін зерттеудің нәтижесінде білді. Тіпті басқасын былай қойғанда ауылда өскен, көшпелі тірліктің жұқанасын көрген балалар қалалық қатарластарына қарағанда ынталы, жігерлі, білуге, үйренуге құштар. Дәл бүгінгі жаһандану дәуірінде ғаламдық бәсекеге төтеп беру үшін қазіргі қазаққа алдыңғы орта ғасырдағыдай түркілік пассионарлық ынта керек. Сондықтан да Елбасы мақаласында: «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алудың қажеттілігі өте орынды айтылған және келесі жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресі түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру шарасы да аса қажет дүние.
– Болат аға, соңғы сұрағым Елбасының мақаласында айтылған тарихи пайымдарды қоғамға кіріктіріп, көпшілік санасына орнықтыру үшін қандай іс-шаралар атқарылуы тиіс? Осыған не айтасыз?
– Жалпы, мемлекет құрудың негізі экономика емес, руханият. Руханияты бай, рухы биік ел ешқашан жеңілмейді. Яғни, өзінің тәуелсіздігін сақтайды. Елбасы мақаласы қоғамды осыған үндеп, тарихи сананы жаңғыртудың жолын нұсқап тұр. Тарихи сана – бұрынғы ұмыт болған құндылықтарды жаңғырту арқылы іске асады. Біздің өткен тарихта ұрпақ ұялатын ештеңе жоқ, әрі тарихи-мәдени аспектілеріміз өте бай. Осыны әлем білуі керек, басқалар мәртебе тұтуы тиіс.
ХІХ ғасырдың өзінде көшпелі қоғамның теңдессіз байлығына назар аударған ғалымдар болды. Олардың біріншісі – Шоқан Уәлиханов, екінші – академик Бартольд. Бірақ бұлардың ізін, ілімін жалғастыратын адам болмады, оның бергі жағында бұл сала жабық тақырыпқа айналды да маман дайындалмады. Сондықтан ең әуелі көшпелі қоғамның ерекшеліктері мен құндылықтарын зерттейтін жас буын мамандар дайындауымыз керек.
Одан кейін отандық тарихшылар әдістемелік методын жаңартсын. Себебі, жаңа зерттеуге ескі методология жарамсыз. Ұлы дала ұғымына әлемдік көзқараспен өте биіктен қарауымыз керек. Шығыстың даналығы бар: «Адам қоғамға пайдасы тиетін іспен, іліммен шұғылдансын» деген. Сол сияқты Ұлы дала тарихымен шұғылданған адамның қолынан шыққан мұрасы дәлелді, өте жақсы ғылыми тәсілмен жазылуы тиіс.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»