Орал қаласында биыл су жаңа 35 автобус қоғамдық жолаушы тасымалы қызметіне қосылды. Президент күні қарсаңында «Уралтехсервис» ЖШС №20 маршрут жүйесіндегі 15 көлікті «Вектор» маркілі автобустармен ауыстырды.
Тұңғыш Президент атындағы алаңнан бастау алған заманауи автобустардың алғашқы сапарына Батыс Қазақстан облысының əкімі Алтай Көлгінов пен Орал қаласының əкімі Мұрат Мұқаев ақ жол тіледі. Салонына 70 адамға дейін сыйатын жаңа автобустардың іші-сыртын толық бақылау үшін төрт бейнекамера орнатылған. Бұл қауіпсіздікке әрі тәртіп сақталуына қолайлы.
Жалпы Орал қаласында жолаушы тасымалымен 6 мекеме айналысады. Қала ішінде 455 автобус қызмет көрсетеді. Екі жыл ғана бұрын қоғамдық көліктің 40%-ы шағын автобус болатын. Сол 130 «ГАЗель»-дің бүгінде 50-і ғана қалды. Автобус паркі жыл сайын жаңартылып, сыйымдылығы жоғары әрі жолаушыға жайлы көліктермен алмастырылуда. Жаңа көліктер екінші деңгейлі банктердің несиесі арқылы алынған.
– Орал қаласындағы қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары мұнымен тоқтамайды. 2019 жылы «БРК-Лизинг» компаниясы арқылы «Daewoo» маркалы 135 жаңа автобус алуды жоспарлап отырмыз. Жалпы 2020 жылға дейін автобус паркі толық жаңартылады, - дейді Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев.
Өңір басшылығы жаңа көліктердің «Smart сity» бағдарламасына сай келуін де ескерген. 28 қалалық маршрут бойынша барлық көлікте GPS құрылғысы орнатылған. «InfoBus» қосымшасы арқылы маршруттар қозғалысын 73 мың қолданушы онлайн бақылай алады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында сегіз бағыттағы автобустар жолақыны көлік карталары арқылы қабылдай алады. Сондай-ақ жеті бағытта жолақыны «SMSBUS» жүйесімен төлеуге мүмкіндік бар. Жыл соңына дейін барлық маршрут электронды билетпен қамтамасыз етіледі», – дейді қала әкімі Мұрат Рахметұлы.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ