Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың басшылары Astana Hub IT-стартаптарының халықаралық технопаркінде болды. Қонақтарға технопарк инфрақұрылымы мен оның мүмкіндіктері, стартаптарды дамыту және қолдау бағдарламалары мен құралдары, сондай-ақ Hub-тың алғашқы нәтижелері таныстырылды.
«Жоғары технологиялар әлемді көз ілеспес жылдамдықпен өзгертіп жатыр. Мемлекеттердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігінің басты критериі – инновация. Осы орайда елімізде үлкен жұмыс атқарылуда. Қазақстанның инновациялық әлеуеті жоғары және мүмкіндігіміздің өз деңгейінде бағаланбай жатқанын да байқап отырмыз. Біздің елде талантты және жасампаз жастар жеткілікті. Қазақстан – әлем бойынша сауаттылық деңгейі жоғары мемлекеттердің бірі. Тәуелсіздік жылдарында біз бәсекеге қабілетті оқу орындарын құрдық. Ал бүгін осы әлеуетімізді нақты өндірісте сынайтын уақыт жетті», деді Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметов.
Жауапты хатшының айтуынша, шілде айында елде венчурлы қаржыландыру туралы заң қабылданып, шетелдік жұмыс күші үшін визалық және еңбек режимі барынша оңайлатылды. «Алдағы уақытта Astana Hub қатысушыларына салықтық жеңілдіктер жасалады. Жыл соңына дейін осы бастамалардың барлығы заңды күшіне енеді деп үміттенеміз», деді Ж.Қожахметов.
Қазірдің өзінде АҚШ пен ТМД елдерінің инновациялық орталықтарымен әріптестік орнатып үлгерген хабта 150-ден астам топ жұмыс істеп жатыр. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің хабарлауынша, 2022 жылға дейін стартаптар алаңына тартылатын инвестиция көлемін 67 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде отандық экономиканы жаңаша түрлендіріп, елдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етпек.
Шараның соңында шетелдік дипломаттар Astana Hub-тағы стартапшылармен сұхбаттасып, алаңның жұмысымен кеңінен танысты. Өз кезегінде хаб өкілдері тек отандық емес, кез келген шетелдік IT-стартапшылардың Астанаға келіп, өзінің идеясын жүзеге асыра алатынын, ол үшін хаб басшылығы тегін кеңсе мен құрал жабдықтан бастап инвестор табуға дейін көмектесетінін айтты.
Бауыржан МҰҚАН,
«Егемен Қазақстан»