• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Қараша, 2018

Атбегілер әдет-ғұрпы ЮНЕСКО тізіміне енді

522 рет
көрсетілді

Қорқыт ата мұрасы мен қазақ атбегілерінің көктемгі әдет-ғұрыптары ЮНЕСКО-ның адамзатқа ортақ материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді.

Ақжолтай хабар Маврикий астанасы Порт-Луи қаласында өтіп жатқан Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитет отырысында мақұлданды. 

«Қорқыт ата мұрасы: эпос мәде­ниеті, халықтың аңыз әңгімелері мен әуендері» номинациясын Қазақстан, Әзербайжан мен Түркия бірлесе әзірлеп, ұсынғанын бұған дейін хабарлаған едік. Ал «Қазақ атбегілерінің дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» халқымыздың «қымыз мұрындық», «бие байлау» және «айғыр қосу» секілді ғұрыптарын қамтиды.

Қазақстан ЮНЕСКО-ның осы беделді құрылымының жұмысына алғаш рет толыққанды мүше ретінде қатысып отыр. Еліміз биылғы маусымда Парижде өткен 7-ші сессиясында Материалдық емес мәдениетті қорғау жөніндегі конвенция құрамына енген еді. 

Осымен адамзатқа ортақ мате­риал­дық емес мәдени мұраның репре­зентативтік тізіміне енген элемент­тердің саны онға жетті. Бұған дейін домбырамен күй орындау және киіз үй тігу өнері, айтыс, қазақ күресі, Наурызды мерекелеу, құсбегілік, қатыр­ма нан пісіру, асық ойыны атал­ған тізімге енген болатын.