Жақында жұмыс бөлмемізге жігіт ағасы дейтіндей жастағы кісі кірді. Қатпа қара. Шаршаңқы. Жүдеу жүзі таныстау секілденді. Шандырланған бет терісі мен маңдайын айтпағанда, мойнына дейін жыра-жыра, сай-сай әжім шиырлаған. Мұң мұнарлаған жанарларынан жылуарлы мейірбандық жылт етіп бір көрінгендей күйде.
Жақында жұмыс бөлмемізге жігіт ағасы дейтіндей жастағы кісі кірді. Қатпа қара. Шаршаңқы. Жүдеу жүзі таныстау секілденді. Шандырланған бет терісі мен маңдайын айтпағанда, мойнына дейін жыра-жыра, сай-сай әжім шиырлаған. Мұң мұнарлаған жанарларынан жылуарлы мейірбандық жылт етіп бір көрінгендей күйде.
– Ассалаумағалейкүм, аға! – деп амандасты. – Та-та-танымадыңыз ба?– Шырағым, шырамытатын сияқтымын, бірақ жыға танымай отырмын, – дедім ыңғайсызданып.– Бақжанмын ғой, аға. Бақжанмын ғой баяғы. Тамдыбұлақтағы. Тоқтыбаевтармыз. Үйлену тойымызда бір ақын ағаймен бірге болғансыздар. Сөйлегенсіздер.Енді-енді есімізге түсіңкірегендей. Елестер еміс-еміс көрініс бергендей. Жадымызды жаңғырттық. Бақжан баланың соншалықты егде тартып кеткеніне күрсіндік. Білдірмеген кейіптің бетпердесін кидік. Күлімсіредік. Жай-жағдайын, ауыл-аймағын, бала-шағасын сұрадық.Төрт-бес перзенті бар екен. Тұңғыш қызы мен үлкен ұлы Қаратауда көрінеді. Қарапайым, қара жұмыста. Одан кейінгі екі ұлы да ауыл маңайында. «Екі қолға – бір күрек», дейтұғындай тірлікте. Балаларының бәрі бейнеттен қашқан емес. Қашпайды да. Адал еңбекпен, маңдай термен күнелтіп жатқан жағдайлары бар. Алла берген алты-жеті немере өсіп келеді.Баяғы бала Бақжаныңыз осылайша бірсыпыра сыр шертті. Біз де білгенімізді айтып отырмыз. Сайып келгенде, мына дүние-әлемді, Жер-Ананы әуелі Алла, сонсоң тек титан тұлғалар, аса ірі алыптар, биіктегілер мен биліктегілер ғана емес, негізінен қарапайым адамдар, қалың бұқара халық, қатардағы, қара жұмыс атқаратындардың ақ пейілі, ақ жүрегі, адал ниеті ұстап тұр емес пе? Деп бетіне қараймыз-ай. Тамдыбұлақтан тау асып, тас басып жеткен Тоқтыбаевтың тотыққан тұрпатына қызыққандай көзқарас танытып.– Аға, – деді кенет үні құмығып, әлденеден қаймыққандай жанарларын тайдырып әкеткен Бақжан. – Уақытыңызды алмайын. Сізге бір шаруамен келіп ем. Он ойланып, жүз толғанып. Ұят болса да. Бәріміз жабылып жүріп, әзер дегенде кенже қызымызды оқытқан ек. Бізден де бір оқыған адам, жоғары білімді маман шықсыншы деп. Екі жыл болды бітіргеніне. Қайда барса да, қабылдамайды. Бүкіл аудан көлемінде біздің қыздың мамандығы бойынша талай-талай орындардың босағанын, талай-талай қыздардың қабылданғанын жүдә жақсы білеміз. Бірақ біздің қызды алмайды. Шешесінің шашы ағарып бітті. Бірдеңе беру керек екен дейді. Жүдә жоқ емеспіз, біраз қара-құрамыз бар. Кімге, қалай берудің ретін таппаймыз. Түсінесіз ғой сіз. Бізді. Ауданға айта аласыз ба? Беретінін берер ем…Сол күні түс ауа тағы біреу есік қаққан. Кірген. Әп-әдемі, сымбатты келіншек. Бальзак дейтұғын ғажайып жазушы тамсанатын, тамылжыған жастағы әйел. Ақылына көркі сай, бүкіл болмыс-бітімі мінәйі мән-мазмұн мәнзелдес. Қылығы да жоқ емес. Дейтіндей.– Мойындаңыз, аға-а-а. Танымадыңыз, ә. Танымадыңыз, аға-а-а! – дейді әдеппен ғана еркелей, еркін сөйлеп. – Баяғыда осы Шымкент пединститутында «нөл три» дейтін ставкамен сабақ бергенсіз. Лекцияңызда тырнағымды бояп отырғанымды байқап қойып, бірталай уақытыңызды маған арнап, әзіл-шыныңызды араластырып, мақтамен бауыздағансыз. Содан кейін сабақ үстінде саусағыма ешқашан қарамауға айналғам, аға-а-а.Зүмірет деген қыз еді бұл. Өте жақсы оқыған. Қызыл диплом алған. Балалы-шағалы бопты. Күйеу бала қатардағы, қарапайымдау қызметте көрінеді. Өзі үлкен мектеп-гимназия директорының орынбасары екен. Шымкентіңізге жап-жақын, қалаға бергісіз аудандардың бірінде.– Өзіңізді теледидардан жиі-жиі көріп тұрамыз, – деді Зүмірет. – «Аманбысыз, ағай!», десек, жүдә қарамайсыз ғой «көк сандықтан» сөйлегеніңізде. Уақытыңыз алтыннан қымбат екенін білеміз. Бір шаруамен келіп ем. Қазақпыз, осындайда ғана іздейміз. Мектеп-гимназияның директорлығына қайдағы бір білімсіз, біліксіз, шілтіреңбайды қоймақшы. Екеумізді қай жағынан болсын жарыстырып, салыстырып байқасыншы басшылар. Директорлыққа соншалықты құмар да емеспін. Балалардан, болашақтан обал, аға-а-а. Біздің байырғы бірер мұғалім кісілер кеңесе келе сізге жолыққанымды қалады. Ауданымыздың әкімі өзіңізді қатты құрметтейді деседі. Балаларды аяйды асыл ұстаздар. Бір «ызбаногы» жетіп жатыр деседі. Аға, айып етпеңіз. Беретінін бермесең… Қиын деседі. Әкімге… Беретінін берер ем…– Айналайын Зүмірет қарағым, осы жасыма дейін бірде-бір әкімге бірде-бір рет мұндай мәселені мәністеген емеспін. Айтпайтын да шығармын ондайды. Ренжімегін.– Бәсе-бәсе, біліп едім тура осылай боларын. Сезіп едім сіздің өзгермейтініңізді. Қатып қалатыныңызды. Амал қанша. Әлгі әңгүдік беретінін беріп, мектеп басқарса, не оңар екенбіз, аға. Аман жүріңіз.Жасыратыны жоқ, осындай адамдар да кеп тұрады. Сіздің тілшіңізге. «Беретінін бермесең…» деседі. «Беретінін берер ем…» дейді. Сізді қайдам, осы сөздерге етіміз үйренбей-ақ қойды. Бетіміз ду ете түседі.Сіз де естімедім дей алмайсыз. Көп естисіз. Мойындаңыз. «Өзге жұрттан қазақтың сөзі ұзын». Дегенді данышпан Абай айтқан. Елдің емес, желдің сөзі дей тұрғаныңызбен, мына төмендегіше пікірлерге құлақ қоймаққа мәжбүрсіз. «Беретінін берер ем…». «Бүгінде пара алатындарға емес, алмайтындарға күлетінге кеткенбіз». «Беретінін бермесең, басыңды тығу қиын». «Беретінін беріпті». «Алатынын алыпты». «Пәлен жүз мыңын пәленшеге, түген жүз мыңын түгеншеге беріпті», «Осыдан бір жыл бұрын өткізгендері өзін-өзі ақтапты, анау орынға қонжиыпты», «Кедендегі көкесі кеткен соң мынаның мазасы қашыпты». «Анау айрықша департаменттің жай маманы болу үшін-ақ он мың доллар пәре беретін бопты». «Жартысын берген екен, жарты жыл күтесің депті». «Анау крышасы күшті әйел алғаш жүдә сызылып жүруші еді, алады екен. Анау орын үшін анау жігіттен жеті мың сұрапты». «Қалада мектеп директорлығының орны тағы қымбаттапты». «Өрттен қорғау мен дерттен қорғаулардың «ставкалары» аспанда ғой қазір». «Тым-тым тереңдеп барасыңдар, қойсаңдаршы енді». «Алмасына қоймайтын өзіміз емеспіз бе?» «Нарықтық қатынас, рынок реттейді бәрін де. Бірте-бірте». «Ойбай-ау, сол бірте-біртең бізге жеткенше, түте-түтеміз шығып бітер…»Мінекиіңіз, осылайша ұза-а-ақ жалғастыра беруге болады. Күнделікті әңгіме-дүкендер үстінде, қонаққа барғанда, мейман шақырғанда, «гәп» деп аталатын басқосуларда, кез келген кішілі-үлкенді дастарқандардың басында, жай моншалар мен жайнаған сауналарда, қалайсыз ба, қаламайсыз ба, күткен және күтпеген жерден күбір-күпсің мен сыбыр-сыпсың басталып кеп-кеп кеткенде ше, негізгі тақырып жоғарыдағыдай жағдайлардың төңірегінде өрбитінін жоққа шығара алмайсыз.Кім не демейді, адам болған соң айтады, көптің арасынан көкезулер табылады, тек кемшілікті ғана көретіндердің желбуаз пікірлері ғой, тырнақ астынан кір іздейтіндердің өсектен басқа шаруасы жоқ. Адал екен, ақиқатшыл, шыншыл екен, нақтылап, фактілеп, актілеп, аттарын атасын, дәлелдесін. Деушілердікі де дұрыс-ақ шығар. Десек те, аталмыш ауруымыздың асқынып бара жатқаны рас қой? Рас. Жасырып-жаппалық. Қоғамымызда қоңырсып кеткен кесапаттар аз емес. Санамыздың сансыраған, сапасызданған қаттары қабат-қабат. Ақша-құдайға ашық табынушылар жүздеп емес, мыңдап саналар. Үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты, жоғарылы-төменді. Буын-бунақтарда. Түрлі тармақтарда. Мекеме-мекендерде. Кеңсе-көшелерде.Әсіресе, әкімдік жүйеңіз, әкімдеріңіз жөнінде «жырланатын» жөнді-жөнсіз ой-пікірлер жиірек. Әкім шіркіндерге де оңай емес-ау. Обалы нешік, олар тоқсаныншы жылдарыңыздан бермен қарата ауыр жүктің бар-баршасын арқалап, иықтарына артып, аянбай өрге тартып-ақ келеді. Еліңіз бен жеріңіз, қалаңыз бен далаңыз көріктеніп-көркейсе, мемлекетіңіз бүгінгідей биіктерге көтеріліп үлгерсе, ең алдымен Елбасыңыз, сонсоң, әрине, әкімдер еңбегінің ересендігі. Сонымен бірге, әкімдік жүйеңіздің, әкімдік дейтұғын қызметтің буы алтынның буынан бетер буырқанып, бар-барша буын-бунақтарды буындырып алғандайын жағдайлар да жоқ дей алмайсыз.«Беретінін бермесең…», «Беретінін берер ем…» ауруының асқынған жақтары да осы әкімдердің айнала-төңірегінде тұтасатынын түсініксіз деуге әддіңіз кем-дүр. «Командалық» әдіс кесепатқа айналған жерлер жетіп-артылады. Кадрлар іріктеу мен тағайындауда мемлекетшілдікті, елшілдікті, отаншылдықты ойлау емес, келешекті кемелдікпен көздеу емес, көрешекті ғана күйттеп, тек өзіне, өздеріне өлердей берілгендерді, «беретінін беріп тұратындарды», «науаша құятын» құлқындыларды өсіретін өзімшілдік дерт дендеді. Көпке топырақ шашпайсыз, әлбетте. Алайда, әлдебір әкімдердің, кейбір кадрлардың деңгейі, білім-білігі, пейіл-пиғылы, нысап-ниеті, әрекет-қарекеті, мінез-құлқы, болмыс-бітімі, дүниетанымы турасында тереңірек ойланып байқасаңыз, бірталай нәрсеге көзіңіз жетеді.Оншақты жылдай бұрын бір облыста әңгіме гу ете түскен. Бір кадр аса үлкен ауданға әкім болу үшін үш жүз бірдеңе мың доллар шығынданыпты десті. Халықтан ештеңе жасыра алмайсың. Түптің-түбінде бәрі анықталады. Ашылады. Әлгі әңгімеге өз басымыз сенген жоқпыз. Бірде сол аудандағы жай ғана, қоңыртөбел қызметте жүрген жолдасымыз сыр шертті. «Мен де сенбеуші едім. Шақырды. Бардым. Қатардағы, қарапайым бөлімге бастық болуды ұсынды. Осынша мың доллар әкелесің деді. Шошып кеттім. Ондай ақшам болса, жұрт секілді жер алып, жеке тірлік ашпаймын ба?! Ақшаны соншама ашық және соншама нақтылап сұрағанына, сұмдық қатты күрсінгеніне қарағанда ше, облыстағы үлкенге берген үш жүз бірдеңе мыңын жинай алмай қиналып, қайғырып жүргеніне анық көзім жетті», – деді әлгі досымыз. Ақиқатын Алла біледі. Бұл – бұрынырақтағы оқиға. Ал былтыр ғана және бір облыстан «қызықты» хикая естідік. Өтіріктен алыстау, алпысты алқымдаған кісіңіз: «Бір әкімнің сырласынан естідім. Бес жүз мың доллар шығынданыпты. Беретінін берер ем деп жүруші еді. Беріпті. Бірақ бір жыл күтіпті», – де-е-еп отыр.Жекелей жеу, жекелей алу, жекелей сатылу дегендеріңіз бір бөлек. Ал 2006 жылғы жып-жылы күзіңізде әр облыста үш-төрт ауданның әкімдерін сайлау жөнінде эксперимент өткіздік қой. Мінекиіңіз, сонда ұжымдық жеудің, ұйымдасып алудың, сыбайласа сатылудың «көкелері» көрінді. Кей-кей өңірлер мен бәзбір аймақтарда аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары топ-тобымен опыр-топыр сатылды. Мансапқа құныққан қалталылар беретінін берді. Мәслихаттардағылар «командаларымен» алды. Барлық ауданда немесе қалада емес, әрине. Бірқатарларында тап осылай болды. Тексіздік тайраңдады. Есерлік есірді. Сатылғандар «семірді». Ой-саналар ойрандалды. Қарапайым, қатардағы адамдар қайран қалды. Есіл эксперимент ақталмады. Бір тәуірі, Елбасы да, ел де әкімдерді аудандық немесе қалалық мәслихаттардың сайлағаны мұқым-мүлде жөнсіз деп тапты. Қазекем үшін қазірше әкімдерді сайлаған емес, тағайындаған дұрыс екендігі тағы да айқын дәлелденді. Әрине, тағайындауда һәм тектілік керек-дүр.Ойхой, бұ қазақтың басынан небір замандар өткен ғой. Отарланбай, бұтарланбай, бүлінбей де бөлінбей тұрған ғасырлардағы, тектілік тозбай, адамдық азбай, құлқындар қозбай тұрған кездердегі киелілік пен қасиеттілік, ақиқатшылдық пен әділеттілік хақында дүлдүлдеріңіз бен бұлбұлдарыңыз қалай-қалай жырлаушы еді?! Әбубәкір Кердері бүй депті: «Бұрынғы өткен билер сондай еді; Қақ жарған қара қылды қандай еді. Құнығып дүнияға жол айтпаған; Ақылы жанып тұрған шамдай еді. Демеген – біреу алыс, біреу жақын; Өкшесі аумайтұғын тамдай еді!»Көрдіңіз бе?! Жалпы жемқорлық, парақорлық адам мен шайтан жаралғалы бері бірге келе жатқан шығар. Алайда, Алаш баласы үшін олардың арасат-алапатқа айналғаны – отаршылдар ойранының, шенеуніктік шен-шекпенді империяның әкелген әлегі. Әлсін-әлсін обадайын опыратын, шешектейтін шетінететін, дембіл-дембіл дертетін дерті. Сүйексіңді сырқат қазір де қоғамыңыздың тұла бойын сырқырата сыздатып тұр. Дембіл-дембіл дертетін дерттен Елбасымыз талай-талай сақтандырды. Тазаруға үнемі үндеп-ақ келеді. Тәуелсіздіктің жетінші жылы шығар, қанағатсыздыққа, құнығуға ауыңқырағандарға аяусыз түрде айтқан. Шеттеріңнен жетектеп апарып жауапқа тартуға болады, тартыныңдар дегені есімізде.Сіздің тілшіңіз бір облыстағы бір әжептәуір басшыны тәп-тәуір құрметтеуші еді. Бұрыннан-ақ. Ішкі мәдениеті, салыстырмалы түрде алғандағы адалдығы алға шығып тұратын. Тыным таппайтын кадрлардың қатарында. Ізденімпаз. Сергек. Заманауи ой мен істің адамы. Кейінгі жылдары сырты бұрынғыдай болғанымен, пиғыл-пейілі танымастай өзгеріп кетті. Босаған орындардың бәріне тек «өз адамдарын» топырлатып тыға беретінге айналды. Олар сол орындарға лайық болса, жұмыстарын алып кетсе, ризасыз-ау. Әлгі «кадрлары» өздерін «өсірген» кісіге өтірік көлгірси ме, жағымпаздықты жан-жақты меңгергендер ме, өңірде жиі айтылатындай-ақ, «өтістері бар ма», әйтеуір, таңғаласыз тіпті. Сана сапасын сергелдеңге салатын сұрыптағылар түрлі-түрлі ғой. Қай-қай деңгейдегі басшыларыңыз да ең алдымен елшілдікті, мемлекетшілдікті, ұлтжандылықты ту етіп ұстауға міндетті. «Өз адамдарын», «өз кадрларын», «өзіне берілгендерді» өсірсін-ақ. Бірақ олардан озық, олардан қабілетті, олардан талантты, елге, мемлекетке, келешекке пайдалы «өзге», «басқа» кадрларды қатар қойып байқауы, бағалауы керек емес пе? Ал енді мұндайлардан басқашалау біреулері бар. Мәселеңки, талай-талай маңызды мекемелердің, әсіресе, ауруханалардың басшылары өзге ұлттардың өте-мөте өжең, өте-мөте өркөкірек өкілдерін шектен тыс көбейтіп жібереді. «Шектен тыс» дегенді шегелеп отырғанымызда гәп бар. Бір ауруханада тағы таңырқадық. Ем-дом бөлмесінде толып отыр екен. Медбикелер. Біреулерінен жөн сұрасақ, теріс бұрылады. Екіншісінен дәрігердің қайда екенін білгіміз келді. Далаға қарайды. Терезеден. Еріксізден ренжіңкіреп, куәлігімізді көрсетіп, әдепсіздіктерін ескертуге тура келді. Қатардағы хирург інімізге иек қағып: «Көбейтіп жібергенсіздер ме, қалай?» деп әзіл-шынын араластырдық. Ініміз күрсінді. Сонсоң күлімсіреді. «Біздің қарындастардың әке-шешелеріне қарағанда бұлардың әке-шешелері беретіндерін көбірек беретін болар, әйтпесе…» деді.Аллаға шүкіршілік. Тәуелсіздікке тәубе. Байтағыңызда байыптылық, байсалдылық, тұрақтылық, ұлтаралық татулық ойдағыдай. Орнықты. Осылай бола бергей. Дегенмен, небір-небір тұғырлы тұлғаларымыз, қайран қайраткерлеріміз ұлттың қамы, қазақтың хақы туралы мәселені қайта-қайта бекер-босқа көтеріп жатқан жоқ-ау. «Мемлекеттік тілді әрі итеріп, бері итеріп жүргенде, басқа ұлт өкілдері де қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бере бастады. Келешекте мемлекеттік жауапты орындарға солар жайғасып, аңқау қазақ далада қалып жүре ме деп қорқамын», деп жазды дарынды бір ағамыз біраз бұрын. «Егемен Қазақстанда». «Ағатай-ау, қорқынышыңыз орынды-ақ. Алайда, тілімізді меңгерумен жайғасқаны мейлі, кей салаларда ақшасы мен басқасы арқылы басымданып бара жатқаны, сол Ақша-құдайға қазақ басшылардың ойланбай сатылатыны қауіптірек, қорқыныштырақ емес пе?!» дегің келеді. Әнебір жылдары әнебір ұлттың бұзақылары қазекемнің балаларын қорлағанда ше, қазақтардың полицейлерін, прокурорлары мен соттарын сатып алатынымызға сенгендіктен сайрандап-тайраңдаймыз дегенді меңземеп пе еді. Қазақ әдебиетінің классигі Тәкен Әлімқұлов сирек сөзуарланар сәттерінде: «Зәткіден зарар тартар, зар илер заман келер. Содан аман өтсеңдер, адам боп кетерсіңдер», дейтін. Зәткі дегені – взятка. Пара. Біздің жылы жақта «пәре» деп жіңішкерте жұмсартып әспеттейді.Қайбір жылы осы Оңтүстігіңізге келген су жаңа әкім су жаңа, батыл ойын білдірген. «Мен таза, адал, жас кадрларды өсіремін», деген. Ішінара іріктеп, аздап-аздап адалырақ, әділіректерден де өсірген. Алайда, адалырақ, әділірек, тазарақ жас кадрлар көп істей алмады. «Істей алмады» ма, әлде «істетпестер» істетпеді ме, бұл – өз алдына бөлек гәп, басқаша кеп.Былтыр көршілес, еншілес елдің ерекшелеу саясаткер қайраткері: «Біздің Ресейде бірталай салада пара бермей және пара алмай күн көру мүлде мүмкін болмай барады», деп мағлұмдады. Ресейіңіз алып ел, алпауыт мемлекет. Екі жүз миллионға тарта халқы бар. Аса алып та зор денеге аурудың қандайы да қатер төндіре алмас. Ал біз он алты ғана миллионбыз. Қазақ тіпті аз-ақ. Абайламасақ, оп-оңай мазаққа айналып, орға жығыламыз. Алаш жұртына қорғана білмек, бір-бірін қорғай білмек керек. Сонымен бірге бір-біріне де, өзгелерге де жоғары жауапкершілік пен таза талапшылдық қажет. Мемлекетшілдікті, әділетшілдікті, әсіресе, біздің елге парақорлық пен жемқорлықтың, сайып келгенде, көрсоқырлықтың құрдымдарына жұтқызып «ойнауға» болмайды. Биліктің барлық буындарындағылар, бизнестің биігіндегілер, барша бай-бағландар Алаш ардақтыларының асыл мұраларынан, үлгі-өнегелерінен үйренуге парыздар. Оқып-тоқып, қолдануға қарыздар. Ахмет Байтұрсынұлының «Ертең үшін» ережесін. Әлихан Бөкейханның «Қазаққа қызмет қылмай қоймаспын» қағидасын. Жүсіпбек Аймауытовтың «Мендік мен, меншік мен, әлеуметтік мен және ахлағы әлсіздіктің аса қауіптілігі туралы» тұжырымдамасын.Елбасымыз екі-үш жыл бұрын жер сату, жер бөлу, жер пайдалану жайынан жан-жақты сақтандырды. Түрлі-түрлі мемлекеттік қызмет биіктеріндегілердің, жоғары лауазымдылардың, әсіресе, әкімдік әйдік белестердегілердің бетперделеніп алып, бизнеске құнығуы қиын қиырларға әкететінін ерекшелей ескертті. Өкінішке қарай, қанағатсыздықтың қағынып, қабынуынан айыға алмай келеміз. Небір ірі-ірі дөкейлеріңіздің, әуелеген әкімдеріңіз бен олардың «оңтайланған» орынбасарларының, үлкенді-кішілі депутаттарыңыздың пейіл-пиғылдары мен әрекеттерінен қалың бұқара халықтың қамынан гөрі бетперделі бизнестерін ондаған, тіпті жүздеген есе артық ойлайтын психология байқалып қала береді. Шіркін-ай, екі-үш есе артық қамдаса да жетер еді-ау. Дейсің. Әлбетте, бар болғанға, бай болғанға не жетсін. Нарықтың, рыноктың заңын түсінген абзал. Социализмнің ортақ өгізінен арылдық. Тайқымаңдай теңгермешіліктен құтылдық. Шүкір. Ортақ өгізден оңаша бұзауларға, жекеменшікке, капитализмге көшудеміз. Бәрібір, қатардағы, қалың бұқараның, қарапайым халықтың хақы – басты арна болмағы ләзім. Әсіресе, қазақтайын көркемниетті ұлтыңыз бен жұртыңыз үшін. Көркемниетті, қатардағы қазекемнің көбінесе: «Мың да бір рахмет. Елбасыға. Жол салынды. Таза ауыз су келді. Жаңа мектеп ғажайып. Тек…» деп кідірістеп қалатыны рас. «Беретінін бермесең…» мен «Беретінін берер емді…» айта алмай күмілжігені ғой.Былтыр ше, Сенатыңыздағы Оралбай Әбдікәрімов халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы оспадарсыздық жайын, отыз мың теңгелік «зәткі» жағдайын жалпақ жұртқа жайып салды. Әркім әрқалай жорып, сан-саққа жүгіртті. Орекеңдікі жай жанайқай емес. Ол кісіні баяғыдан білеміз. Тоқсан үшінші жылдың мамыражай мамырында Ордабасы тауында Тәуелсіз Қазақстанның ұлы жиыны өткен. Соның әзірлігі кезінде келген. Президент Әкімшілігінің білдей бөлімін басқарады екен. Дайындығымызды көрген. Шын сөйлейтін, шынайылықты бағалайтын, сыпайы кісі екендігіне көзіміз жеткен. Содан бері сырттай сыйлаймыз. Рахмет Орекеңе. Осындай сенаторлардың барына шүкіршілік. Әлгіндей орталықтардағы оспадарсыздықтарды күнделікті көріп, ренжитіндер көп-ақ. Бұрындары барлық жағымсыз нәрселер Оңтүстіктен басталады деуші еді Шымкентті шыли жақтырмайтын кейбіреулер. Осы күні Оңтүстігіңіздің «пәрелерін» он орап алатын «бәле-бәтірлер» басқа жақтарда да жетіп-артылардай.Біраз бұрын «Егемен Қазақстаннан» бір дүние оқығанбыз. Онда нағыз суреткерлердің айтуында да, жазуында да, түптеп келгенде, бәрінен бұрын туған халқының, өзі жанындай жақсы көретін, жолында құрбан болуға дайын халқының абыройын асқақтату, бәсін биіктету мақсаты тұратыны дәлелдене дәйектеліп, жүрекжарды ықыласпен жазылған. Шынында да біздің туған халқымыздың ғажап қасиеттері, ғажайып салт-дәстүрлері, көркемниеті таңғаларлық қой. Әлгі мақаладағы мысалға келтірілген суреткерлердің сұңғылалығына һәм сүйсініп, басыңызды иесіз.Мұхаммед пайғамбарымыз ғалейһисәлем: «Бір-біріңе сыйлық беріңдер. Сонда араларыңда сүйіспеншілік оянады», дейді хадисінде. Қайран қазекем сыйласудан, сыйлық беруден, сый жасаудан, қошемет-құрмет көрсетпектен, қонақ күтпектен, ат мінгізіп, шапан жаппақтан, тағысын-тағы тарту-таралғыларды үйіп-төгіп, тіпті үйір-үйір жылқыны алдыңызға салып айдатып жібермектен ешқашан кенделік көрсетпеген. Сөйте тұра сатқындықты, сатылмақты, жандайшаптықты, жағымпаздықты жеккөрген. Малын жанының, жанын арының садағасына балаған. Парақорлық пен жемқорлықты қорлық санаған. Тексіздік деп түсінген. Парақорлық, жалақорлық, жалмаңдық пен жылмаңдық, ар-ұятты аяққа таптап, мансап пен шен-шекпенді, оқалы орден мен медальді, лауазым мен дәрежені сатып алушылық негізінен, жоғарыда меңзегеніміздей, отаршылдықтың, басқыншылықтың мерездері. Бұғаудан, бодандықтан босандық. Енді рух пен намысты тазарту – парыз. Мойындамаққа мойнымыз жар бермегенмен, бәрі бірте-бірте реттеледі деп жүрегімізді жұбатқанымызбен, дәстүрлері мен даналығын, көркемниетін керемет күйде сақтап келе жатқан ұлтымыздың болмысын қанша мақтан еткенімізбен, «беретінін бермесең…» және «беретінін берер емнен» басталып, тым терең құрдымдарға тартатын психологияның белең алып, қорқау құбылыстардың жаппай жайлап кетуі қорқынышты екенін жасырғымыз жоқ. Тағы да Мұхаммед пайғамбарымыз ғалейһисәлем: «Уаллаһи, кімде-кім пара алса, міндетті түрде қиямет күні Алланың алдына алғанын мойнына асқан күйінде шығады» (Муслим. Имара, 26), дейді. Ойпырай, қаншама мыңдаған мойындарыңыз алғанын көтере алар ма екен…Әнекиіңіз, сіздің тілшіңіздің есігі тағы қағылды. Сөзіміздің басында суреттеңкіреген, Тамдыбұлақтан тау асып, тас басып жеткен Тоқтыбаев тәріздес тағы бір бейтаныс кісі кірді. Немересі талантты көрінеді. Сегізінші сыныптан өлең жазады екен. Не ақын, не ғалым болады деп армандап жүріпті. Алпыс бестегі атасы. Сөйтсе, дарынды бала «алыс-жұлыспен, жаға жыртыспен, жабайылау өткен» бірыңғай тестіңізден төмен балл алғалы ауырып, жатып қапты. «Қайтсем екен?» деп қиналады қарапайым зейнеткер.Кенет көз алдымызға Сұлтанмахмұтыңыз келді. Түнде ғана Торайғыровтың қос томдығын қайта қарағанбыз. Соның әсері шығар, сірә. Ол-дағы дарыны зор ақын еді. «Айқапқа» жазған хатында: «Мынау біраз сөзіме журналыңыздан орын берсеңіз екен. Мен өзім Семей облысына қараған Баянауыл маңындағы Ақбеттау болысындағы бір пақыр адамның баласы едім. Ғылым іздеуге арманым болса да, дәрменім болмай…» деп жазған. Шеке шыңылдағандай. Сол Сұлтанмахмұтыңыз «Тарбағатайға хатында» бүй деген: «Мен өзім жұмасына екі ғана обед етем (ет татам), құр шай мен нан. Киім алғаным жоқ…» Сол Сұлтанмахмұтыңыз оқу мен білім іздеп, шарқ ұрды. Қу жоқшылық жолын кесті. Күрк-күрк жөтелген күйі жиырма жеті жасында жұлыны үзіліп, жер томпайтты… Бірақ, бәрібір, қазақ жырының аспанында, қазақ әдебиетінің көгінде жұлдызы жарқырап тұр. «Қараңғы қазақ көгіне; Өрмелеп шығып, күн болам. Қараңғылықтың кегіне; Күн болмағанда, кім болам?!» деген. Қазақ өлеңінің сұлтаны. Ай, арман-ай, арман-ай. Беу, заман-ай, заман-ай. Тағы да жиырма жеті жас жасағанда ше?!Ол кезде, отаршылдық құрсаулаған қазақ даласында, Торайғыровтың тұсында қазақтың көгі де, көңілі де, өмірі де қараңғы, қапас еді. Құдайға шүкір, Тәуелсіздікке тәубе, қазір бәрі басқаша. Ол кезде, жиырмасыншы ғасырдың басында Алаш ардақтылары «Оян, қазақ!» деген. Бүгінде, жиырма бірінші ғасырыңыздың басындағы ояу қазаққа «Ойлан, қазақ!» дейтұғындай жағдаяттар да жоқ емес. Ең бастысы, Алаш ардақтысы Ахмет ағамыздың: «Ертең үшін» ережесін естен шығармайық.Мархабат БАЙҒҰТ.Шымкент.