Қала әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, су құбыры ауылға «Аймақтарды дамыту-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдарды сумен жабдықтау жұмыстары барысында тартылып, іске қосылды.
Шиқылдақ ауылына келген қала әкімі Нұржан Әшімбетов ауыл тұрғындарына көпткен күткен ауыз су енді игіліктеріңізге жарасын деп тілек білдірді.
Су құбырын жаңғырту жұмысына республикалық бюджеттен 215,8 миллион теңге бөлінген. Ауыз суды үздіксіз беру үшін қос резервуар, су мұнарасы орнатылған. Су құбырының ұзындығы – 10,2 шақырым. Енді ауылдықтар тәулігіне 12 текше метрге дейін су алатын болады.
Су құбырын қайта жөндеу жұмысын мердігерлік компания «Гидропром» ЖШС-і жүргізді. Мердігер Исламбек Құлтұмановтың айтуынша, су құбырын тарту,жөндеу жұмыстары биылғы жылдың маусым айында басталған.
Мердігердің міндеті -суды ауылдағы су толтыру резервуарларына дейін жеткізу және үш сатылы су тазарту құрылғысын орнату. Ссыйымдылығы 500 текше метр екі резервуардағы су құбыр арқылы үйді-үйге жетеді.
Шиқылдақ ауылының 500-ден астам халық тұрады. Ауыз су құбыр арқылы тұрғын үйлерге, мектепке, амбулаторияға, мәдениет үйіне, әкімдікке жетті. Қалаға қарасты Бозшакөл стансасы тұрғындары да енді Қ. Сәтбаев атындағы арна суын пайдалана алады.
Фарида БЫҚАЙ
«Егемен Қазақстан»
ЕКІБАСТҰЗ
Суретті түсірген Рымбек Егінбай