Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылы республика билігін қолына алған кезде (Компартия орталық комитетінің бірінші хатшысы – ред.) Кеңес Одағы ыдырай бастады. Сол жылдары оның КСРО орнына славян мемлекеттерінің одағы емес, ұлт пен нәсілшілдікке бөлінбейтін, өңірдегі басқа мемлекеттерді де қамтитын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құруға күш салғанын көреміз. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен көрегендігі еді. Өйткені бұрынғы Одақтың орнында, сол кезде болжанғандай, славян мемлекеттері бірігіп, ал Орталық Азиядағы түркітілдес республикалар өз алдына одақтасар болса, Қазақстан да екіге жарылып, жағдай ушығып кеткен болар еді. Нұрсұлтан Назарбаев сол кездің өзінде сарабдал саясат жасап, алыстан орады.
Никита Хрущев науқаншылықпен жүргізген «тың және тыңайған жерлерді игеру» жобасының салдарынан Қазақстанның солтүстігіндегі Павлодар, Петропавл тәрізді 8-9 облыста славян текті ұлт өкілдері саны жағынан біршама басымдыққа ие болып тұрған еді. Кеңес Одағы ыдырағанда Қазақстанда 34 пайыз ғана қазақ тұратын.
Ол аз болса, Кеңес номенклатурасына қарасаңыз, басшылықтағы кадрлардың көпшілігі, әсіресе партия хатшыларының басым бөлігі өзге ұлттардан болғанын, қазақтардың төменгі қызмет сатыларында жүргенін көруге болады. Кеңес Одағы дәуірінде Қазақстанның «халықтар достығының зертханасы» деп аталатыны содан еді.
Қазақ даласына тың жерлерді игеру үшін негізінен түрлі айып тағылған адамдар айдалды. Сонымен қатар И.Сталиннің тұсында бұл жер «халық жаулары» жазасын өтейтін лагерьге айналды. Осылайша елдің этностық құрамы өзгеріске ұшырады.
Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста осылайша жан-жақтан жиналған өзге ұлт өкілдерінің қандай ниетте болатыны белгілі. Оның үстіне жан-жақтан арандатушылық мәлімдемелер жасап, қоқан-лоқы көрсеткен саясаткерлер де болды. Осындай жағдайда елдің тұтастығы мен тыныштығын сақтай отырып, қарқынды дамудың жолына бет бұру – айрықша даналық пен біліктілікті талап еткені даусыз. Сондықтан да мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқына жасаған ең үлкен қызметі – осы тәуелсіздіктің елең-алаңында мемлекеттің іргесін бүтін сақтап, елде тыныштықты орнықтыра білгені дер едім.
Бәрімізге белгілі, тамыз төңкерісі кезінде де Нұрсұлтан Назарбаев өз ұстанымын батыл әрі ашық білдіре алды. Нағыз лидерге тән мінез көрсете білді.
Сондай-ақ Елбасының Қазақстан аумағындағы ядролық қаруларды тазартудағы еңбегі әлем жұртшылығы алдында Қазақстанның беделін биіктеткен қадам болғаны анық. Осылайша ол Қазақстанды Кеңес Одағының орнында пайда болған мемлекеттердің алдыңғы қатарында әлемді мойындатып, жұртшылықтың құрметіне бөленген елге айналдыра алды.
1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы мінберінен Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты мақсат еткен АӨСШК (Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес) ұйымын құруды ұсынды. Н.Назарбаевтың бұл бастамасы БҰҰ тарапынан толық қолдау тауып, іргелі халықаралық ұйым кереге керді. Бүгінде ол отызға жуық мемлекеттің басын қосатын ықпалды халықаралық институт.
Оның әлемдік саясат аренасындағы үлкен істері мұнымен бітпейді. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, Астана қаласында оның саммитін өткізді. Бұрын мұндай ірі халықаралық ұйымға ешбір түркі мемлекеті немесе бұрынғы кеңестік кеңістік елдері басшылық жасап көрмеген еді. Қазақстан осы істі де көреген көшбасшының жетекшілігімен абыройлы атқарып шықты. Осы тұрғыдан біз оның нағыз әлемдік ауқымдағы лидер екенін мойындаймыз.
Елбасының тағы бір ерлігі – ел астанасын Алатаудың баурайынан Арқаның төсіне көшіруі болды. Санаулы жылдардың ішінде ғана бұрынғы Ақмола дейтін шағын қала бүгінде әлемге әйгілі алып шаһарға, түркі дүниесі мақтаныш ететін көркем елордаға айналды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осындай ерлікке бергісіз істері көп. Ол шын мәнісінде түркі әлемінің ортақ мақтанышына айналған тұлға. Оның Орталық Азия елдерінің одағын құру туралы ұсынысы барша түркі әлемі үшін маңызды деп білемін. Меніңше, түркі әлемі интеграциясының алтын арқауы – Қазақстандағы киелі Түркістан қаласы. Бұл туралы көп жылдан бері мен де, басқа бірқатар әріптестеріміз де жазып келеді.
Абдул Ахад АНДИЖАН,
Түркия Республикасы Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты, профессор