Соңғы отыз жыл ішінде Түркі елдері арасындағы қарым-қатынас достастық негізінде қарқынды дамығанын ескере отырып, Елбасы мақаласы түгел түркінің ортақ тарихы мен мәдени мұрасынан хабар беріп, заманауи тұрмысты қалыптастырып, технологиялық инновацияларға себеп болатынына, тарихи жадты жаңғыртатынына кәміл сенімдімін.
Мақалада Президент Назарбаев Ұлы дала өркениетінің барлық қырлары мен құрамдас бөліктерімен танысу үшін басымдық берілетін бағыттарды жариялады. Тарихшылар, ғалымдар және сәулетшілерден құралған халықаралық қоғамдастық өкілдерін тарихи сананы жаңғырту ұмтылысына қолдау көрсетуге шақырды. Ортақ тарих, тіл, бірегейлік пен мәдениет секілді төрт бағытты негіз ете құрылған Түркі кеңесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған жобаларды қолдауға бар күш-жігерін жұмсауға дайын. «Түркі әлемінің Көшбасшысы» ретінде танылған, әлемдік деңгейдегі қайраткер Президент Н.Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаруда айрықша рөл атқарды. Оның түркі интеграциясына көзқарасы рационализм мен реализмге, өзара тиімді және теңгерімді стратегияға негізделген. Сондықтан ортақ тарихымызға жаңаша көзқараспен қарап, ата-бабаларымызды есте ұстап, олардың мұрасын зерттеп, мәңгілікке сақтау, Түркі өркениетінің байлығын қазіргі заманғы үрдістерге үйлестіру тарихи және мәдени мұраны жас ұрпаққа жеткізу арқылы жүзеге асырылуы қажет.
Түркі кеңесі Түркі әлеміндегі ынтымақтастық механизмдерінің бесігі ретінде құрылды. Содан бері кең ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып, мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына тікелей ықпал етіп, ынтымақтастықтың барлық саласында елеулі табыстарға қол жеткізді. Бұл шаралар нақты нәтижелер көрсетіп, ынтымақтастықты тереңдету және кеңейту жолындағы Түркі кеңесінің әлеуетін ұлғайтты. Келешек ұрпақтың ортақ тарихымызды жан-жақты түсініп, мұраларымызды құрметтеуі үшін Түркі әлеміндегі білім беру, туризм, жастар және спорт саласындағы ынтымақтастықтың ерекше маңызы бар. Мүше мемлекеттердің жетекші тарихшылары жасаған оқулық жобасы өскелең ұрпаққа ортақ тарихымызды тиімді үйрететіні анық.
Президенттеріміздің тапсырмасына сәйкес, Түркі академиясы бірлесе отырып, XV ғасырға дейінгі жалпы түркі тарихы оқулығын аяқтады. Бұл кітап келер жылы мүше мемлекеттердің оқу жоспарына қосылады. Елбасы мақаласында айтылғандай, уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Тарихты, география мен адамзатты толық түсінбей, оны үйрену қиын екені белгілі. Түркі кеңесінің қолдауымен Түркі академиясы бастапқы жобаны жүзеге асырғаннан кейін түркі географиясы мен әдебиеті бойынша оқулықтарды дайындауға кіріседі.
Сонымен қатар Түркі кеңе-сіне мүше мемлекеттер заманауи Жібек жолы ортақ турын ұсынады. Аталған жоба әлемдік тауарлар мен интеллектуалды ынтымақтастық эпицентрін бейнелейтін, Еуразияның жүрегінде жатқан түркі өркениетінің нысандарымен, іздерімен және мұраларымен танысуға мүмкіндік береді. Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер ортақ тарихты, бір мәдениет пен тілді бөлісетін жастар арасындағы әлеуметтік мәселелерді насихаттау және жастардың жеке дамуына үлес қосуға ерекше назар аударады. Олардың ортақ тарихпен мақтанып, келешекке сенімін артатыны анық. Қазіргі жаһандану заманында салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді жас ұрпаққа өнеге ретінде қалдыру – өзекті мәселе.
Н.Назарбаев көшпелі тарихымыз заманауи өмірдің әртүрлі аспектілерінің қалыптасуына әсерін тигізгенін атап өткені белгілі. Қырғызстанда өтетін «Дүниежүзілік көшпенділер ойындары» Түркі кеңесі алаңында ең маңызды және ірі жобаға айналды. Бұл әлемдік сахнаға түркі халықтарының рухани санасы мен тарихи жадын қалпына келтіруге, ата-бабаларымыздың мәдениетін сақтауға және мақтан тұтатын өркениетімізді насихаттауға бағытталған. Бүкіл дүние жүзіне кең тараған «Дүниежүзілік көшпенділер ойындары» ата-бабаларымыздың мұраларын сақтап қалып, танымалдылығы артып, маңызды рөл атқаратынына сенімдімін.
Түркі кеңесі жаңа идеялар мен бастамалардың ең жоғарғы деңгейде дамып, жүзеге асырылатын бірегей алаңы ретінде қалыптасты. Мұнда Түркі әлемінің саяси диалогі мен ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Президенттеріміздің Түркі әлеміндегі ұжымдық рухты сақтау үшін атқарып жатқан көшбасшы рөлін, түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық ұйымдарының ой-пікірі мен даналығын атап өткен жөн. Олардың ұсынатын пікірлері мен бастамалары көп жағдайда түркі халықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, жаңа басымдықтарды анықтайды.
Осы орайда, Қазақстанның перспективалық дүниетанымы мен түркі әлемінің болашақ көрінісі ретінде «Ұлы даланың жеті қыры» түсінігін қолдап, оны жалғастыру үшін үлкен жігер қажет. Н.Назарбаев осы бағытта жұмыс атқару үшін «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін», «Ұлы даланың көне өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклорының антологиясы» және «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» нақты жобаларын ұсынды. Осы жобаларды атқару барысында Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер Қазақстанның билік өкілдерімен тығыз ынтымақтастықта болады.
Мұндай ынтымақтастық бірлігімізге үлес қосатындығын, мемлекеттеріміз бен халықтарымызға кезігетін қазіргі және болашақтағы сынақтар мен қатерлерді шешуде ортақ әрекетке жұмылдыратынын есте ұстауымыз керек. Түркі мемлекеттерінің күш-жігері мен бірлігі ғана түркі әлемінің дамуы мен интеграциясына серпін бере алады. Түркі әлемінің қайта өркендеуі барлық түркітілдес мемлекеттердің бірлескен іс-әрекетін одан әрі күшейтуді және осы бағыттағы ынтымақтастықты дамытуды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Түркі кеңесі түркітілдес мемлекеттердің өзара серіктестіктерін одан әрі тығыз нығайтуға, жаңа бастамалар мен жобаларды қалыптастыруға бар күш-жігерін салады.
Бағдат ӘМІРЕЕВ,
Түркі кеңесінің
Бас хатшысы