Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2017–2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралды, деп хабарлайды Премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешен алдына еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге ұлғайту міндетін қойған болатын. Қойылған міндеттерді ескере отырып, Үкімет биылғы жылдың шілде айында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын өзектендіріп, қайта бекітті.
Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А. Евниев жаңартылған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы туралы айтып берді. Мемлекеттік бағдарламаны басқару алғаш рет жобалық тәсілдемені қолдана отырып, пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Бұл үшін жобаларға жедел бақылау мен нақты мониторинг жүргізіп отыратын толыққанды жобалық офис құрылған. Мемлекеттік бағдарлама жобалық басқару стандарттарына сәйкес 10 салалық, 14 өңірлік бағдарламаға декомпозицияланды. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды көздейтін 10 аралас бағдарламаны әзірлеу үшін басқа мемлекеттік органдармен байланыс орнатылды.
А. Евниев салалық бағдарламалардың қалай жүзеге асып жатқаны туралы баяндады.
Шағын және орта шаруа қожалықтарына негізделген етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасы биылғы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап жүзеге асырылуда. Бұл үшін арнайы жеңілдетілген «Сыбаға» несиелік өнімі іске қосылған.
«Бағдарлама екінші жартыжылдықта қосылғанына қарамастан, биылғы жылдың жоспары асыра орындалды. Бүгінгі күні 600-ден астам фермер несие алған. Фермерлік шаруашылықтардың ірі қара мал сатып алу бойынша жылдық жоспары 50 мың бас болған. 11 айда 67 мыңнан астам өтінім қабылданды, 55 мың басқа арналған несие мақұлданып, берілді. Аналық табынды тұқымдық түрлендіру жоспары 1,0 млн. басты құрайды. Бүгінгі күннің өзінде тұқымдық түрлендіруге шамамен 977 мың аналық бас немесе 98% қатысуда», — дейді А. Евниев.
Министрліктің мәліметіне қарағанда, биылғы жылғы 11 айының нәтижесі бойынша сиыр етін экспорттау көлемі 14,5 мың тонна болған. Сондай-ақ, А. Евниевтің айтуынша, жыл соңына дейін сиыр етінің экспорты жоспарланған 15 мың тоннадан асып түспек.
Салалық сүт бағдарламасы сүт өндіру көлемін 10 жылда 1 млн тоннаға дейін арттыруды көздейді. Мақсатқа жетудің индикативтік көрсеткіштері айқындалды. 2027 жылға дейін қуаттылығы 400 басқа дейін жететін жаңа 527 отбасылық тауарлық сүт фермасын, қуаттылығы 400 басқа дейін жететін 19 өндірістік тауарлық сүт фермасын ашу жоспарланып отыр.
«Биылдың өзінде 15 тауарлық сүт фермасы іске қосылды. Оның 10-ы — жалпы қуаттылығы 7400 басты құрайтын өндірістік, 5 сүт фермасы — отбасылық. Жылдың аяғына дейін жалпы қуаттылығы 4500 басты құрайтын қосымша 10 ферманы іске қосу жоспарлануда. Осынау мемлекеттік қолдаудың арқасында ұйымдасқан шаруашылықтарда сүт өндіру көлемі 10 айда 1,3 млн тоннаға жетті. Салыстыра кетсек, 2015 жылы ұйымдасқан шаруашылықтар 900 мың тонна сүт өндірген», — деді А. Евниев.
Миистрліктің айтуынша, дәл ұйымдасқан шаруашылықтар сүттің негізгі бөлігін береді. Аталмыш шаруашылықтар 2017 жылмен салыстырғанда, 10 айдың ішінде 7,8%-ға көп сүт өндірген. Ал, жеке қосалқы шаруашылықтар осы уақыт аралығында небәрі 1,9%-ға ғана артық сүт өндірген.
Құс шаруашылығы салалық бағдарламасы аясында құс етін өндіру деңгейін алдағы 10 жылда 3 есеге ұлғайтып, импортты алмастыруымыз керек. Биыл жылдық қуаты 60 мың тонна болатын «Макинка құс фабрикасы» іске қосылды. Бұл — қазіргі уақыттағы осы саланың ең ауқымды жобасы.
А. Евниев өсімдік шаруашылығының ең үлкен қоры суармалы жерлерді дамытуда екенін атап өтті. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2021 жылға дейін 610 мың гектар жерді, оның ішінде биыл 65 мың гектар жерді айналымға тарту көзделіп отыр. Бүгінгі күннің өзінде 42 млн гектар суармалы жер айналымына енгізілді. Қалған жерлер жыл соңына дейін енгізілетін болады.
Аталған міндетті орындау мақсатында Ислам Даму Банкі және Еуропа Қайта Құру және Даму Банкімен бірлесіп, 100 млрд теңгеден астам қаржыға 128 мың гектар жердің гидромелиорациялық жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан басқа суармалы жерлерді дамыту жөніндегі салалық бағдарлама аясында тағы да 1,5 млн гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға тартып, суармалы жерлер аумағын 3,5 млн гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осылайша, жалпы егіс егілетін алаң аумағындағы суармалы жерлердің үлесі 16%-ды құрап, өнім көлемі 2,4 трлн теңге деңгейінде болмақ. Суарылатын егіншілік, бұл — тек көкөніс пен жеміс қана емес, мал шаруашылығы үшін кепілді азық көзі.
Қарқынды бақ шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 10 жыл ішінде 47 мың гектар алаңға қарқынды бақ отырғызып, импортты алмастыру міндеті қойылып отыр. Бұдан басқа, жеміс сақтау қоймаларын салу, вирусы жоқ көшеттер өндіру зертханаларын құру, өнім өңдеу қуаттарын жете жүктеу сияқты аралас бағыттар да дамитын болады. Қарқынды бақтардың негізгі орналасу аймағы — Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары.
Сонымен қатар, А. Евниев агроөнеркәсіптік кешенді қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жүйелі тапсырмалардың орындалуы туралы да есеп берді. Мәселен, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру үшін нақты шаралар көзделген.
Біріншіден, биыл негізгі құралдарға арналған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары мен жануарларының лизингі қайта күшіне енді.
«Бұл биылғы жылдың 10 айында 50 млрд теңгеден астам қаржыға 2752 бірлік техниканы лизингке алуға мүмкіндік берді. Өткен жылмен салыстыратын болсақ, 40,2 млрд теңгеге 2400 техника алынған. Бағдарлама екінші жартыжылдықта іске асырыла бастағанын ескерсек, бұл — жақсы нәтиже. Жалпы, 2018 жылы лизинг бағдарламасына 60 млрд теңге бағытталмақ», — деп атап өтті А. Евниев.
Екіншіден, инвестициялық субсидиялау тәсілдері өзгертілді. Енді инвестициялық салымдарды өтеу үлесі барлық паспорттар бойынша 25 пайыз болып белгіленді. Тек жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру жобалары бойынша өтеу пайызы 80 пайыз деңгейінде сақталатын болады.
«Бұл жаңа инвестициялық жобаларға бастама жасауға серпін берді. Егер өткен жылы ҚазАгро желісі бойынша 45,1 млрд теңгеге 40 ірі инвестициялық жоба мақұлданса, ал биылғы жылдың басынан бері құны 104,5 млрд теңгеге 76 жоба мақұлданды», — деді ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі.
Үшіншіден, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру аясында тиімсіз субсидиялар қысқартылуда. А. Евниевтің сөзіне қарағанда, мұндай субсидияларға өсімдік шаруашылығындағы гектарлық субсидиялар, мал шаруашылығындағы өнімділікті субсидиялау жатады. Реформалау қорытындысы бойынша 54 субсидиядан 34-і ғана қалады. Қалғандары барынша оңтайландырылып, жыл соңына дейін толықтай автоматтандырылатын болады. Бұл өтінімдерді қарастыру мерзімін орташа есеппен 2,5 есеге қысқартып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетпек. Биылғы жылы алғаш рет минералдық тыңайтқыштарға субсидия беру процесі толық автоматтандырылды.
Сондай-ақ, қаржы институттарын ҚазАгро арқылы аграрлық секторды қаржыландыруға тарту жұмысы жалғасуда. Аталған бағыт бойынша екі жыл ішінде несие беру көлемі 21%-дан 37%-ға дейін артты. Жыл басынан бері Холдинг 82,3 млрд теңгеге қаржылық институттарды қорландырды.
Кредиттер бойынша кепілдендіру жүйесі жетілдірілуде, мәселен, 2019 жылдан бастап ауыл шаруашылығының басымдықты бағыттары бойынша және кепілдік қамтамасыз ету жетпей тұрған жағдайда кредит сомасының 30%-на дейінгі кепілдікті шағын және орта бизнес ала алатын болады. Бұл үшін тиісті қағидалар қабылданды.
А. Евниев атап өткендей, бұдан басқа, ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесін және кредиттік серіктестіктерді жетілдіру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ жаңа қаржы құралы — аграрлық қолхат енгізілуде. Бұл үшін заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер пакеті әзірленіп, қазіргі таңда Парламент Мәжілісінде қаралуда.
Сонымен қатар, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру мақсатында ғылым, білім және білім таратуды дамыту үшін ағымдағы жылы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының жүйесінде құрылымдық өзгерістер жүргізілді. Агроөнеркәсіптік кешенде инновацияларды неғұрлым табысты пайдаланып отырған елдердің тәжірибесі негізге алынды. Бұл АҚШ және Бразилия, онда қолданбалы ғылымға ғалымдарды мақсатты дайындауға баса назар аударылады.
«Ағымдағы жылы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру 4,2 млрд теңгеден 7,6 млрд теңгеге 1,8 есе ұлғайды. Бұдан басқа, осы жылдан бастап алғаш рет бизнес-қауымдастықтар алдағы үш жылға арналған ғылыми-зерттеу тақырыптарын қаржыландыру туралы шешім қабылдауға қатысты. Келесі кезеңде бірлесіп қаржыландыруды субсидиялау есебінен нарықтың зерттеулерге деген қажеттілігі қалыптастырылатын болады. Ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 4,1 млрд теңге бөлінді», — деп хабарлады А. Евниев.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі хабарлағандай, білім таратудың жаңа жүйесі агропарктер мен өңірлік орталықтар жүйесіне сүйенетін болады, олар жергілікті жерлерде аграрлық сүйемелдеуді, өңірдің фермерлері үшін қажетті технологияларды беруді және олардың сақталуын жүзеге асырады. Сонымен қатар өңірлік орталықтардың базасында нақты білім мен қажетті технологиялық шешімдерді жеткізу үшін ғылыми-зерттеу институттары мен жоғарғы оқу орындарының ғылыми әлеуеті пайдаланылатын болады.
«Өткізу нарықтарының қолжетімділігін және экспортты дамыту үшін ішкі нарықты қорғау және сыртқы нарықтарды кеңейту шаралары қабылдануда. Қазір көптеген ауыл шаруашылығы тауарлары (балық өнімі, асыл тұқымды жылқылар, мұздатылған қой еті, бал, бидай, бидай кебегі, соя бұршағы, сойылатын жылқылар, рапс күнжарасы, сиыр еті, жоңышқа, ұн, өсімдік майы, арпа, жүгері) үшін Қытай нарығы ашық. Осы шаралардың арқасында 9 айдың қорытындысы бойынша Қытайға АӨК өнімдерінің экспорты 42%-ға ұлғайды», — деді А. Евниев.
Иран тарапымен тірі қойды, тоңазытылған әрі салқындатылған қой етін, сиыр етін, тағамдық жұмыртқаны жеткізуге арналған ветеринариялық талаптар келісілді. Ал биыл ҚР АШМ тірі ірі қара малға қойылатын талаптарды келісуді жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ірі қара мал мен ұсақ малды Сауд Арабиясына және Біріккен Араб Әмірліктеріне, ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқасын Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізуге қойылған шектеулер алып тасталды. Қазақстандық 171 кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға құқық беретін шетелдік елдер тізіліміне енгізілді. Мысалы, 153 кәсіпорын түрлі агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін Қытайға экспорттау құқығына ие болды, 17 балық өңдеу кәсіпорны Еуроодаққа балық өнімдерін экспорттауға рұқсат алды.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрінің айтуынша, Халықаралық эпизоотиялық бюроға (ХЭБ) вакцина салынбайтын аусылдан таза 9 облыстың аумағын 5 аймаққа бөлу туралы досье берілді, бұл халықаралық сауданы жеңілдетуге мүмкіндік бермек. Қазақстандық агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін жеткізу мүмкіндігі туралы Израильдің, Кувейттің, Малайзияның, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның, Еуропалық одақ елдерінің ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтерімен келіссөздер жүргізу жоспарлануда. Нәтижесінде, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 9 айда 28,3%-ға, оның ішінде өнделген өнімдер экспорты 10%-ға ұлғайды.
Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бағдарламасы шеңберінде нақты егіншіліктің негізгі элементі болып табылатын танаптардың электрондық карталары жасалуда, 24 млн гектарға немесе жалпы егіс алаңының 100%-ына, сондай-ақ 24,6 млн га жайылымға немесе жалпы жайылымдар көлемінің 35%-ына цифрландыру жүргізілді. Жыл соңына дейін жайылым танаптарын цифрландыруды толығымен аяқтау жоспарланып отыр.
«Субсидиялау процесін автоматтандыру бойынша 15 субсидия түрінен 3 субсидия (тыңайтқыштар, гербицидтер, гектарлық) толық автоматтандырылып, іске қосылды. Электрондық астық қолхаттарында блокчейн технологиясы іске қосылды, ол 5 млн тонна астық көлеміндегі астық қолхаттары бойынша операциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», — деді А. Евниев.
А. Евниев сонымен қатар салалық бағдарламалардың шаралары мен индикативтері өңірлік бағдарламаларға бөлінгенін баяндады. Бүгінгі таңда барлық облыстар өз бағдарламалырн әзірлеп, қорғаған.
«Өңірлерде Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуына мониторинг жүзгізу мақсатында биыл бұрын мониторинг жүргізілген 103 индикатордың орнына 30 индикатор бойынша өңірлердің рейтингі әзірленді, ол облыстардың басшыларын еңбек өнімділігін жақсару шараларын қабылдауға ынталандыратын болады», — деді А. Евниев.
ҚР АШМ мәліметінше, жалпы еліміз бойынша ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылатын инветсициялар көлемінің артуы байқалып отыр, 10 айда ол 18,4%-ды, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар өсімі 33,7%-ды құрады. Өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарын әртараптандыру жалғасуда.
Өз кезегінде, «ҚазАгро» басқарма төрағасы Р. Құрманов 10 айдың қорытындысы бойынша қаржылық ұйымдарды қорландыру көлемі 83 млрд теңгені немесе жалпы несиелендіру көлемінде 30% құрап отырғанын хабарлады. Жыл соңына дейін 37% көлеміндегі көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған.
«АӨК-тің техникалық жарақталуы мен өндіріс қарқындылығы деңгейін арттыру бойынша лизингке 50 млрд теңгеге жуық сомаға 2752 техника берілді, бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 20%-ға артық», — деді Р. Құрманов.
Сонымен қатар өңірлерде Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы туралы Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов, Түркістан облысының әкімі — Ж. Түймебаев, Ақмола облысының әкімі — М. Мырзалин, Батыс Қазақстан облысының әкімі — А. Көлгінов, Маңғыстау облысының әкімі — Е. Тоғжанов баяндады.
Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шүкеев суармалы жерлерді дамыту бойынша салалық бағдарлама әзір екенін жеткізді, ол желтоқсан айында Үкімет қарауына ұсынылатын болады. Бұл бағдарламада жылыжайларға арналған жабдықтарды субсидиялау мәселелері қаралатын болады.
Ө. Шүкеев биыл Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қарқынды іске асырылғанын атап өтті. Агроөнеркәсіп саласы аса ауқымды сала болғандықтан және көптеген салалары болғандықтан, бұл бағдарлама нақты жобаларды іске асыруды қарастырады. Ауыл шаруашылығы министрлігі деңгейінде жұмыс жобалық басқару аясында жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде АӨК дамыту бойынша бағдарлама нақты жобалардан: ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі жобалардан тұруы тиіс.
Мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мемлектетік бағдарламаның көрсеткіштерінің өзгеруінің оң динамикасын атап өтті, дегенмен, бірқатар облыстардың көзделген нәтижелерден артта қалып отырғанын да айтты. Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп жыл соңына дейін барлық мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуді және АӨК дамуының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасын қамтамасыз ету тапсырылды.
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша Үкімет жобалық басқару аясында ауыл шаруашылығы және цифрлық экономика бойынша атқарылған жұмыстар туралы өңірлердің әкімдерін тыңдайтын болады.