• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2010

КОРЕЯДА ТАҒЫ ДА ҮШ БАЛАҒА ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛДЫ

1077 рет
көрсетілді

Кореяда туабітті жүрек ақауы­мен ауыратын үш қазақ­стандық балақайға тегін операция жасалып, балалар аналарымен бір­ге елге аман-есен орал­ды. Қайырымдылық ак­ция­сына Қазақстандағы Корея Рес­пуб­ликасының елші­лігі, Кореяның ха­лық­аралық әріптестік жөнін­дегі ұйымы Қазақ­станның көшбас­шы әлеу­меттік қоғамдық қоры мен “Дружба” Корей-Қазақ­стан госпиталі қол­дау көрсетті. Осыдан он бір жыл бұрын Корея мен Қазақстан мемлекеттері басшыларының бастамасымен екі елдің медицина саласын жақындастырып, достықты нығайту мақсатында Алматыда “Дружба” Корей-Қазақстан госпиталі ашылған болатын. Бір айта кетерлігі, 2003 жылға дейін мұндағы маман-дәрігер­лер Корея Республикасынан жыл сайын ауысып келіп, жұмыс істеді. Одан кейінгі жылдары госпи­тальға қазақстандық дәрігер Виталий Ким жетекшілік жасаған. Бүгінде мұнда Кореядан келген маман­дармен бірге, халықаралық келісім бойынша волонтерлер де қызмет көрсетеді. Естеріңізде болса, 2008 жылдың қараша айында қазақстандық бес бала аналарымен бірге Кореяға барып, туабітті жүрек ақауына жасалған операция­лары сәтті өтіп, құлан-таза айығып, аман-есен елге оралғаны жөнінде газетімізде жазылған-ды. Енді, міне, сол жақсылықтың, қайырымдылықтың, дос­тық­тың жалғасындай 2009 жылдың желтоқсан айының аяғында Кореяның Чинджу қаласындағы Генг Сангск Ұлттық университетінің жанындағы госпитальда қазақстандық үш балаға – Динара Дамирқызы (4 жаста), Әлішер Жайлаубаев (5 жаста) және Әлихан Төреханға (7 жаста) туабітті жүрек ақауына операция сәтті жасалып, олар небәрі он екі күнде елге оралып, отбасымен қауышты. Госпитальдің торакальды хирургия бөлімінің хирургі, профессор Ли Сан Хо мырзаның балалардың жүрегіне жасаған операциясының әрқайсысы бес сағатқа созылған. Балалар үш-төрт күннен кейін-ақ өздерін жақсы сезініп, сегізінші күні госпитальдан шыққан. – Мен операцияның сәтті аяқталғанына өте қуаныштымын. Операция біткен соң өзімнің қазақ балаларының алдағы өмірлеріне септігімді тигізгеніме көңілім марқайып қалды. Екінші жағынан, Қазақ­станда осындай аурумен науқастанған бала­ларға дер кезінде операция жасалмайтынына қынжылдым, – деген екен Ли Сан Хо мырза операциядан кейін балалардың аналарымен кездесуінде. Иә, профессор мырзаның айтқанындай, шынында да Қазақстанда туабітті жүрек ақауымен туылған нәрестелер 12-15 кило салмақ алмайынша, оларға дер кезінде операция жасайтын әзірге клиника жоқ. Ал мұндай салмақты бала тек 3 жасқа қарай ғана жинай алса керек. – Алғашқы жолы жасалған қайырымдылық операциясына Кореяның Ничан қаласындағы Гел медицина институтының профессорлары қолұшын берген еді, – деді бізбен әңгімесінде “Дружба” Корей-Қазақстан госпиталінің бас дәрігері Виталий Леони­дович. – Ондағы демеушілер Ничан қаласы­ның әкімшілігі мен бай корпорациялар, сондай-ақ Сеул­дегі кардиология орталығы болды. Енді, міне, Корея­ның халықаралық әріптестік жөніндегі ұйымы көмек қолын созды. Мен осы госпитальдің бас дәрігері ретін­де біздің емдеу орнының екі мемлекет арасында достыққа көпір, себепкер болғанына қуаныштымын. Егер госпитальдің ашылуына екі мемлекеттің басшы­лары себепкер болып, үлгі көр­сетсе, енді сол екі елдің арасындағы әріптестік қаты­нас бүгінде өз тиімділігін көрсетуде. Алдағы уақытта да біздің осындай достық қарым-қатынасымыз нығая түседі деп сенемін.