Аспан түңдігінен төгілген тіршіліктің арай нұры айналаны ақ сәулесіне шомылдырған ба дерсіз. Алмабақ ішінде шаттықтан шалқып ән салып отырған арулар әсем үнімен тұтас даланы әлдилейді. Табиғаттың тамаша шағы одан сайын құлпыра түсіп жаныңа шуақ құяды. Көрерменнің көзін баурап, көңілін жаулайтын көркем шығарма қазақ қыздарының нәзік болмысын бояу тілімен бедерлеген.
Нағыз көркем туынды уақыт өлшеміне бағынбайды. Осыдан жарты ғасыр бұрын Айша Ғалымбаеваның қаламынан тамған «Қазақстан әндері» атты осы бір отты картина өз кезінде қалай жоғары бағаланса, қазір де музей қабырғаларындағы жанымызға жылы ұшырайтын бірегей туындылардың көш басында тұр. Қолтаңбадан суретші ұлттық көркемдік мәнерді алғашқы орынға қойғанын анық аңғарамыз.
Алыстан болымсыздау ғана көрінген ақар-шақар шыңдар даланың кеңдігін әйгілесе, айналаны көмкерген жасыл барқыт белдер табиғат ананың көрпесіндей көркем көрініс береді. Зау биікке мойын созған балапан шыршалар қызғалдақ қыздардың қырмызы үніне тамсана құлақ түргендей. Аруларға сая болған алып алма ағашынан төгілген ақ ұлпа гүлдер әнмен бірге арман қанатына ілесіп алысқа ұшады. Қыздардың үстіндегі аппақ бүрмелі көйлек ақ айдын секілденіп, арулар сол айдында ақ қанатын керген аққу құсқа ұқсайды. Айдында қалықтаған аққу ән ақ сәулеге ұласып, домбыра шанағынан төгілген салқар сезім сайын даланы салқын лебімен аялайды. Бойжеткендердің білектей бұрымы еркіндікті, кеңдікті елестетеді.
«Айша апамыздың ең бір іргелі шығармасына баланатын бұл туынды әртүрлі түстерге бай. Шығарманың композициялық шешімі аспаннан нұр боп құйылып түсіп жатқандай көрінеді. Жайбарақат, жаймашуақ көңіл күй ырғағы қазақ қыздарының өнерге бай екенін, көңілі кең екенін барынша ашып көрсеткен. Әдетте ақ түспен жұмыс істеудің қаншалықты қиын екенін кез келген суретші білуге тиіс. Айша Ғалымбаева ақ түсті сәтті пайдалану арқылы картинаның ажарын ашқаны нағыз шеберге тән қайталанбас қолтаңба деп айта аламыз. Картинаның мән-мазмұны қазақ халқымен бірге жасай бермек», дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Шаттық Батан.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ