Сахнаның сұлулықты сүйетінін «Салтанат» шыққанда ерекше сезінетінің сондай, аққу мойын қыздар мен ортекедей орғыған жігіттер кестелі өрнек салып, сан түрлі ырғақты үйлестіріп билеп жатқанда, сахна жарыққа молынан малына түседі. Мың бұралған бишілер шұбала шығып, бірте-бірте қарасын қалыңдатып, ақыры сахнаны тұтастай толтырғанда, сұлу қыздар мен көркем жігіттердің балбұл жанып, жайраңдаған жүзіндегі жылы шуақ бүкіл залды көктей өтіп, бұрыш-бұрыштағы қараңғы түкпірлерге тарай бастайды.
Би мен бишіден тараған сол сәуленің қуаты көрерменнің ішкі ағзасындағы қараңғы қалтарыстарға жарығын жаққандай, лезде көңілі көтеріліп, өмірден қуаныш тапқандай болатыны бар. Сан түрлі қозғалыстың сыры, тілі болатынын, көрерменнің оның «бірдеңе» айтқысы келетінін жүрегімен сезініп, ұғынып қалуға өзі-ақ ұмтылатыны содан. Әйтеуір елігеді, шалқиды, қуанады. Осындай құдіретке ие бидің үлкен қасиеті, онсыз да тапжылмай тамашалайтын көрерменін бір тыныспен ұстайтынында. Демін ішіне тартып алған көрермен дамылсыз қозғалып жүрген дарындардың шеберлігінен би философиясын түсіндірмесе де, өз түйсігімен танып алады. Адами жылы сезімдерді оятып, толқын-толқын тебіреніс құшағынан босатпайтын «Салтанатты» осы шеберлігі үшін де құрметтеуге болар.
Би әлемінің тылсымына бойлатып, алпыс жылдан артық өнерсүйер қауымды тәнті етіп келе жатқан «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің репертуарына жаңалық енгенін, шығармашылық жағынан жетіле түскенін аңдамай қалу мүмкін емес. Бүгінгі «Салтанаттың» биінде баяғы жүн сабап, киіз басып, ұршық иірген элементтер атымен жоқ, сартап болған сюжеттердің орнын ұлттық бидің заманауи қиялмен байытылған нәзік нұсқалары алмастырған. Сондықтан болар, «Салтанаттың» әрбір шығармашылық кеші, жыл соңында ұйымдастыратын есеп беру концерттерінің бәрі де «бравомен» басталып, «биспен» аяқталатынына өздері де, алматылықтар да әбден үйренген. Абай атындағы Опера және балет театрында өткен Астананың 20 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Салтанаттың» кезекті кешіне 80-ге жуық бишісі тегіс тартылды. Бойжеткені мен бозбаласы түгілі айлар бойы жорықта жүріп, жауын жеңіп ауылына оралған батырының өзі жеңісті олжалап, мерейінің тасып келгенін әудемжерден атынан түсіп, билей басып келуімен білдіргенде, сауықшыл қазақтың биден сырт қалуының мүмкін еместігін «Салтанат» жылдар бойы дәлелдеуге тырысып келе жатыр. Сол қалыптасқан қасаң ұғымға «Би думан», «Алдар көсе», «Бақсы», «Домбыра туралы ән», «Он алты қыз», «Шаттық» билері қарсылық көрсеткендей, ән айтқан қазақтың билей де алатынын ұлт болмысына орайлас қозғалыстармен, ерекше ой түйінімен дәл тауып бейнелейді.
Дүниенің түкпір-түкпіріне би өнерін насихаттап жүрген ұйымшыл ұжымның репертуарында әлем халықтарының 150-ге жуық биі бар. Соның ішінде молдаван биі, украинның «Гопак» биі, өзбектің «Хорезм» биі, «Түрік» биі, «Грек» биі, «Цыган» биі сол халықтардың дүниетанымынан туған, болмысымен, мінезімен үйлесім табатын қимыл өрнектері арқылы осы ұлттардың тағдырын танытып, тіршілігін көз алдымызға әкелді. Әр ұлттың этнографиясы ең алдымен оның биінен көрініс табатыны осындайда мойындалады. Бұл кеште көрермен сахнадан ғажап билерді тамашалауымен қатар, әр халықтың қызылды-жасылды керемет костюмдерімен танысты. Ансамбльдің балет әртістері Азамат Асқаров, Раушан Құндықова, Сұңқар Болат, Дінмұхаммед Кахарбеков, Мақпал Нанаева, Ескендір Тергемісов, Лаура Үркінбаева, Ержан Сарманов, Ғазиз Жәнібеков, Венера Фахретдинова, Денис Витченко және тағы да басқалары қазақтың би өнерінде кәсіби жеке әртістердің де өсіп келе жатқанын байқатты. Грозный қаласындағы әйгілі биші Махмұд Эсамбаев атындағы Халықаралық би конкурсының Гран-при жүлдегері Ернұр Қарықболдың өнері көрерменге ұзақ қол соқтырды.
«Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің екі сағатқа жуық көрсеткен биік өнері «би» деп аталатын әлемді еркін аралатып, ішкі рухани әлеммен үйлесім құрғызып, адамның эстетикалық мәдениетін арттыратынын, бойдағы бұғып жатқан игі қасиеттерді оята алар күші барын көрсетті. Бұл жолда ансамбльдің көркемдік жетекшісі, бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсәуле Орумбаеваның ұлттың хореографиялық мұрасын ұқыптылықпен сақтап, бірегей образдар тудыра отырып, халық биін жемісті дамытып келе жатқанын атап өту орынды. Көрермен тілсіз өнерге тік тұрып қол соқты, ал бұл қолдау жаңа шығармаларды дүниеге әкелуге қанаттандыратын ең сәулелі сәт.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ