• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Мамыр, 2012

Үндестік мұраты – өркендеу

637 рет
көрсетілді

Үндестік мұраты – өркендеу

Өмірде екі адам ренжісіп қалса да олардың қайтадан бір-біріне сеніммен қарауы қиын. Тіпті екі дос ренжіссе де бірін бірі кешіруі мүмкін, бірақ өзара қарым-қа­тынасында бұрын­­ғыдай алаңсыздық, мөлдірлік бола қоймайды. Сол сияқты, әртүрлі қоғамдық немесе саяси көзқарастағы адамдар, олардың ұйым­дары аралық­та­рында қайшылық, кейде көпе-көрнеу бітіспес қарсылық болса, оны еңсеріп, бір-бірімен келісімге келуі, екі жақтың бірін-бірі тың­дауы, өзара кешірімге жүгінуі – мүлде күрделеніп-ақ кетеді. Әрине, оны да күрделен­діретін адамдар, солардың мінез-құлқы, білімділігі, өмірге көзқарас дәрежесі, ішкі мәдениеті. Бұл – табиғи құбы­лыс, өйткені, әртүрлі топтар, бірлестік, қоғам жеке адамдардан тұрады. Әртүрлі ұлт өкілдерінің ара­сындағы кикілжің де сондай, тіпті ондай жағдай бола қалса, басылуы қиын, болмашы ұсақ-түйектен өршіген өрт шығып, бітіспес кек кеулеп, адамдардың арасы алшақтап кетері де хақ. Ал екі ел, мемлекеттер арасындағы түсіністіктің ақыры халықтар арасындағы орасан зор апаттарға апарып соғарын адамзат тарихынан білеміз.

 

Өмірде екі адам ренжісіп қалса да олардың қайтадан бір-біріне сеніммен қарауы қиын. Тіпті екі дос ренжіссе де бірін бірі кешіруі мүмкін, бірақ өзара қарым-қа­тынасында бұрын­­ғыдай алаңсыздық, мөлдірлік бола қоймайды. Сол сияқты, әртүрлі қоғамдық немесе саяси көзқарастағы адамдар, олардың ұйым­дары аралық­та­рында қайшылық, кейде көпе-көрнеу бітіспес қарсылық болса, оны еңсеріп, бір-бірімен келісімге келуі, екі жақтың бірін-бірі тың­дауы, өзара кешірімге жүгінуі – мүлде күрделеніп-ақ кетеді. Әрине, оны да күрделен­діретін адамдар, солардың мінез-құлқы, білімділігі, өмірге көзқарас дәрежесі, ішкі мәдениеті. Бұл – табиғи құбы­лыс, өйткені, әртүрлі топтар, бірлестік, қоғам жеке адамдардан тұрады. Әртүрлі ұлт өкілдерінің ара­сындағы кикілжің де сондай, тіпті ондай жағдай бола қалса, басылуы қиын, болмашы ұсақ-түйектен өршіген өрт шығып, бітіспес кек кеулеп, адамдардың арасы алшақтап кетері де хақ. Ал екі ел, мемлекеттер арасындағы түсіністіктің ақыры халықтар арасындағы орасан зор апаттарға апарып соғарын адамзат тарихынан білеміз.

Діндер тарихы да бүкіл адамзат тарихымен тікелей астасып, байланысып жатқан әрі терең, әрі қатпары қалың күрделі тарих. Сан ғасырлардан бері, мың­даған жылдар бойына өркениет­тің өрісі мен дамуына тікелей ықпал етіп келе жатқан да, кейде бел­гілі, кей­де құпия, жұмбағы мен ашыл­маған сыры мол қауым – осы діндер қауымдастықтары. Діннің ықпал­дылығы, мықты­лығы, қуат­ты­лы­ғы – адам сана­сын­да. Дін де барлық құбы­лыстар сияқты, адам­ның санасымен қабылда­на­ды, дінге адам санасымен сеніп, бері­леді. Дін адам санасына Алла­­ның атымен келеді. Алла біреу. Қа­сиет­ті Құранда да ай­тыл­­­ғандай, Алла жалғыз. Ал дін саналуан. Сол діндердің қай-қайсысының шық­қан тегі, жүгі­нер соңы – бір Алла. Адамдар­дың да, адам таң­да­ған дін жолы да, мойын­даған жалғыз Ақиқат та бүкіл адамзат үшін де, бүкіл әлемдік діндер үшін де жалғыз Алла. Дүние жүзінің мұсылман­дары да, иудей­­­­­­лері де, христиандары да, като­ликтері де, буддалары да Алла жалғыз дейді. Оған қазіргі заманда ешкімнің таласы да, дауы да жоқ. Ал тарихта діндер ара­сын­дағы келіспеу­ші­лік, қайшы­лық, тіпті жауласып, бітіс­пес соғыс­тарды да адамзат басынан өткізіп келеді.

Қазір дүние жүзінің озық ойлы тұлғалары өркениеттің бүгіні мен ертеңі туралы ой өрбітіп, пікір салыстыруда. Әртүрлі болжамдарда сан да, шек те жоқ. Дін туралы толғамдар сол бол­жам­дар­дың ең өзектісі тұрғы­сы­нан саналады. Әсіресе, өткен ғасыр­дың соңында айтылған Самуил Хантингтонның «өркениет­тер қақ­­­­тығысы» туралы болжа­мы­ның төңірегіндегі пікір­та­ластар әлі де толастаған жоқ, қайта мезгіл-мезгіл жаңа тол­қын­мен өрекпіп тұрады. Және ол пікір­таластар негізсіз де емес.

Дүние жүзінің геосаяси құ­бы­­­­лыстарында өркениетті қо­ғам­­­дар, бүкіл әлемдік қауым­дас­тық­ты көп жағдайда қапы қалдырып, шара­сыздық көрсе­тетін тосын қауіп пайда болды. Ол қауіп – террор – лаңкестік. Лаң­кестік – адамның адамға арамдықпен жасайтын жасырын, астыртын қас­тандық әре­кеті. Бұл – ашық со­ғыс емес. Батыр жүрек адам­дардың ашық айқасы емес.

Көптеген дін танушылар, саясат сарапшылары өмірде болып жатқан кез келген лаңкестік, қан төгушілік әрекеттерді діндермен байланыстырып, баға беруді әдет­ке айналдырып алды. Қанды әре­кеттерге көбіне дін атын жамылып жүрген, дінге ешқандай қаты­­насы жоқ лаңкестік топтар еке­ніне де ешкім мән бермейтін болды. Шын мәнінде екі мың­жылдық тоғысып, адамзат ХХІ ғасырға аяқ басқан шақта Жер бетіндегі лаң­кестік әрекеттер бұрын-соңды бол­маған шарта­рапқа жайылды. Жұмыр жердің әр бөлшегіне ор­наласқан елдер мен мемлекет­тердің кеңістігінде ешкім болжай алмаған жағдайда, ешқандай со­ғыс немесе қақты­ғысқа қатынасы жоқ адамдардың бейбіт, бейкүнә топтарына ас­тыртын лаңкестік әрекеттер жасалып, жазықсыз құр­бандыққа шалынуы дүниежү­зілік қоғам­дас­тықты қатты қобал­жытып, алаң­датары сөзсіз. Лаң­кестік әре­­­­кет­терге Аллаға сыйынып, құлшы­лық ете тұрып, Алла­ның әмірі деп бару – пенденің, адам­ның азғындауы. Қазір адам­зат­тың ХХІ ғасырда әлемдік өрке­ниеттің өр­кендеген тұсында дәл бүгінгі­дей лаңкестік соғыс дәуі­ріне ұрынуы – жалпы дамыған елдердің өзін­дегі тамырын те­рең­ге жіберіп, қоғамдарды, адами құн­дылық­тар­ды, сананы ірітіп, шірітуге бағыт­талған лас ниетте­рінің салдары. Лаңкес­тік­тің тамыры тереңде жатыр және оны белгілі бір дін өкілдерімен байла­ныс­тырудың еш­қандай не­гі­зі жоқ. Өкініштісі – қолында алапат күш, шексіз қар­жысы, ықпалды ақпа­рат құрал­дары бар әлемдік топтар лаңкес­тік әрекет­терге тұрмысы төмен, білімі жоқ қандай да үгіт, насихат пен шамалы қаржының ықпалына оңай түсетін адамдарды жалдап алады да, сол бей­шаралардың өзін құрбан етіп, солар арқылы бүкіл бір ұлт немесе дін қауым­дас­тығына тели салады. Мұндай «сананы жуу» тәсілі ұзақ жылдардан бері ақаусыз жұмыс жасап келеді. Көп жағдайда лаң­кестік әрекеттер орындала салысымен көптеген әлемдік БАҚ-тар оған бірден «исламдық» сипат беруге жанталаса асығып, ақпарат таратып жатады. Бұл да белгілі жоспармен жасалатынына жай ха­лық ешқандай мән беріп жат­қан жоқ. Әрине, мұн­дай пиғыл, ниет әлемдік қоғам­дық пікір тұрғы­сында ислам дініне күдік туғы­зып, оған нұқ­сан кел­тіру үшін жасалатыны бел­­гілі. Мұндайда лаң­кестік кө­рі­гін ақпа­раттық со­ғыс қозды­рып-ақ бағады. Алайда, шын­дық, ақиқат уақыт өте келе бәрін де орнына қояды. Бірақ дін өкілдерін қа­ралау ниеті бірден көрінеді. Ха­лықаралық терроризм табиғаты және олардың әдіс-тәсілдері туралы халық­ара­лық дәрежедегі политологтар Да­ниэль Эстулин «Секреты Биль­­­дерберг­ского клуба», Дж.Паркинс «Исповедь экономического убийцы», Нико­лай Стариков «Шерше ля нефть», Николай Злобин «Второй новый миропорядок» атты еңбек­терінде көп мағлұмат береді. Ол еңбек­тер­­мен танысқан адам тер­ро­ризм­­нің ешқандай да «ислам­дық» сипаты, бет бейнесі жоқ екендігіне көз жеткізе алады.

Қазақстанда діндер арасын­дағы өзара түсіністік пен рухани келі­сімділік ауанын қалыптас­ты­рып, оның шынайы мазмұны мен гуманистік әрі бейбітшілік, қа­йы­­рым­дылық, ізгілік келбетін тұрақ­тандыру мақсатында ұтқыр әрі салиқалы саясат ұстанып, осы жолда нақты шараларға бас­та­машы болып жүрген Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев­тың қа­зақ­­тың жас Астанасында діндер көшбасшыла­ры­ның съе­зін шақы­рудағы негізгі мақ­саты да діннің адамзат өркение­тіндегі шешуші әрі ықпалды қыз­метін еліміздің ынтымағы мен рухани тазалығы­мен дамуына мей­лінше бағыттау, сондай-ақ әлемдік дін­дер туралы қоғамдық пікірге де бетбұрыс жасау еді.

Біздің Президент Нью-Йорк қаласында болған әйгілі 2001 жыл­дың 11 қыркүйегіндегі тер­рорлық, лаңкестік әрекет-апат­тан кейін де қанды оқиғалардан соң бүкіл әлем сескеніп, демін ішіне тартып, жа­салған жауыз­дықтарға лағнет айтып тұрған, әлі нақты қылмыс­керлер анық­талмай, кей­бір жаңсақ саясатшылар күдігін ислам дініне ба­ғыттаған тұста ең алғашқы саясаткерлердің бірі болып, «лаң­кестікті ислам дініне телу­дің еш­қандай негізі жоқ» деген тұжы­рымын батыл жариялап, өз дәлелін ортаға салған. Прези­денттің бұл сөзіне тек Ислам әле­мі ғана емес, бүкіл дүние жүзінің салиқалы ортасы құлақ салып, назар аударды. Ол осы ұстаны­мын үнемі нақты дәлел­дермен жоғары дәрежедегі мемлекет, үкімет басшыларының, дипломаттар мен саясаткерлер, са­рапшы­лардың пікір алысу бас-қосула­рында айтып келеді.

Екінші мыңжылдық бастал­ған шақта орын алған көптеген ға­лам­дық қайшылықтар, террор­лық әрекеттер өршіп тұрған шақ­та біздің Елбасы әлем ха­лықта­ры­ның ортақ жүгінісі, ор­тақ сенімі – әлемдік және дәс­түрлі дін­дер үнқатысуына ша­қырды. Ол 11 қыркүйектегі сой­қанды оқиға­дан кейінгі күдік, сенім­сіз­дік діндер арасын да дағдарысқа ұшыратып, тосыр­қа­тып қалған кез еді. Алдын ала 2001 жылдың қыркүйек айы­ның соңына Аста­наға сапары жос­пар­ланған қа­сиетті тақ иесі Рим Папасы Иоанн Павел II-нің келуі де бірнеше күн белгісіз күйде қалды. Сол жолда үндестік Қа­зақ­стан басшысы мен католиктер дінінің жетек­шісі арасында болды. Рим Папасы Павел ІІ Аста­наға келді. Тарихи кездесу болды. Дүние жүзі католикте­рінің көсемі Қа­зақстан Прези­дентінің гума­нис­тік көзқа­рас­­тары мен ұсыныс-пікірлеріне қолдау айтты. Мұн­дай кездесу рухани өміріміздің маз­мұнын байытты. Елімізде дін­аралық та­ту­лық пен түсіністіктің ауанын кеңітті. Адамдар арасын­дағы се­німді нығайтты. Еліміздің бірлігі күшейіп, қоғамның қа­рым-қаты­насында ашықтық пен ынты­м­ақ­тастық күшейді.

Президент бастамашылды­ғы­мен ең алғашқы діндер басшы­­ларының съезіне келген дін қай­раткерлері мен өкілдері әуел бас­та бұл басқосуға үнсіз ғана «әліп­тің артын байқайық» деген сы­ңай­дағы қалыптарынан Елбасымен кездесіп, дидарласқаннан ке­йін-ақ өзара ашыла сөйлесіп, жаһандану заманында дінаралық қатынас­тардың сипаты туралы ойларын ортаға салып, жас мем­лекеттің аяқ алысына қызығу­шы­лық біл­діре бастады.

Осылайша Еуразия кеңісті­гінде үш жылда бір өткізілетін дүние жүзі дінбасыларының жа­ңа институты пайда болды. Әр­бір съезден съезге дейін Астанада өтетін дінбасыларының ке­зекті съезіне ынта, қызығу­шы­лық біл­дірушілердің қатары, дә­ре­жесі өсіп, бұл кездесудің қоғам­дық сал­мағы артып келеді.

Үстіміздегі жылы мамырдың соңғы күндерінде Астанада өте­тін ІV съезге әлемнің 40-тан астам елінен жүзге жуық көр­некті дін қайраткерлері қаты­насады деп күтілуде. Бұл алқалы жиында да діндер, ұлттар арасында жалпы әлемдік адамзат қоғамының бү­гінгі қайшылық­тары мен оларды еңсеру, діндер арасындағы өзара түсіністік, қарым-қатынастық, қо­ғам да­муы­ның өркениетті жолда­рының бүгіні мен ертеңі туралы са­лиқалы пікір алысылмақ.

Діннің біздің қоғамдағы орны, ықпалдылығы мемлекеттік тә­у­елсіздігімізбен бірге қайта жанданды. Бүкілхалықтық референдумда қабылданған Консти­ту­ция­мыздың арнайы бабында «тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мү­ліктік жағдайына, жынысына, нә­сіліне, ұлтына, тіліне, дінге көз­қарасына, нанымына, тұрғы­лық­ты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағ­даяттар бойынша ешкімді еш­қандай кемсітуге бол­майтын­дығы» жазылды. Елі­міз­дегі бар­лық конфессиялар заң аясында келісімдікпен, үндестік­пен тең өмір сүруді өмір салтына айналдырды. Дін конфессиялары ара­лығындағы толеранттылық пен өзара сыйласымдылық жағ­дайы ұлтаралық татулықпен тіке­лей астасып, бір шаңырақ астында жасампаздық пен ын­тымақтас­тықты сақтап, өркен­деу­ге бар­лығы бірдей ынталы бо­луының арқасында еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылық ең басты құндылығымызға айналды. Елбасы өзінің әрбір сөзінде баса назар аударып айтатыны да, еліміз­дің өркендеуіне алғышарт­ты себеп болары да ел арасының ты­ныш­тығы, адамдардың қоғам­дағы өзара түсіністігі, сыйла­сым­ды­лы­ғы екенінде ешкімнің де дауы жоқ. Халық, қоғам ты­ныштық пен бейбітшілікке, сый­ласым­ды­лық пен түсіністікке мүдделі. Тек осын­дай бірлік жағ­дайында ғана экономиканы өркендетіп, тұрмыс әлеуетін жақ­сартуға болатынын халық өзі түсінеді.

Кезекті ІV әлемдік діндер съезінің күн тәртібінде талқы­­ла­натын басты тақырып та «Адам­заттың таңдауы – бейбітшілік жә­не келісім». Қазір қандай да қай­шылықты құбылыстардың таң­­қаларлық жылдамдықпен қыс­­­­қа мерзімде әлемнің көп­теген елде­рін шарпып өтуі бір жағы­нан ақ­параттық техноло­гия­­­ның ғажап дамуы болса, екіншіден, жаңа қоғам, ұрпақ­тың сондай құбы­лыстарға аса сезімталдығы. Қа­лай болған күн­де де ізгілікті, зайырлы мемлекеттер әртүрлі қо­ғам­дық қай­шылықтардан дінді қорғап, олар­дың толеранттығына көмек көрсетуі керек. Мемлекет біздің Конституциямызға сәйкес дін ісіне тікелей араласа алмайды. Бірақ, заңдық кеңістіктің сақ­та­луына әрине мүдделі. Сол ар­қы­лы діни конфессиялардың та­за­лығы сақталмақ. Сол сияқты дін конфессиялары да мемлекет ісі­не ті­келей араласып, мемлекет орындарында, мектептерде, жо­ға­ры оқу орындарында жастарды үгіт­теп, уағыз жұмыстарын жүр­гізе алмайды. Ондай шектеулер партиялар және басқа қоғам­дық ұйым­дарға да қойылған. Яғни, адам құқығына, адам таң­дауына қол сұғылмауын қам­та­масыз етер­лік құқықтық кеңістік жағ­дайын ту­ғызу – мемлекеттің мін­деті. Әсі­ресе, жас ұрпақтың өсіп-өнуі, олар­дың дүниетаны­мы мем­­ле­кет­ті бейжай қалдыра алмайтыны анық. Қазір жас ұр­пақ санасына талас көп. Діни ұйым­дар мен бірлестіктер де әртүрлі уағыз арқылы жастарды өз жағына, өз­дерінің идеологиясына тартқы­сы келетіні құпия емес. Ашығын айту керек, әсі­ресе, әртүрлі діни секталардың бел­сенді араласуы біздің қоғам­ның бірлігіне де, мемлеке­тіміз­дің бо­лашағына да кәдімгідей нұқ­сан келтіретіні анық. Сон­дықтан да біздің елі­міздегі діни бірлес­тік­тер мемлекет тәуелсіз­дігінің тұрақтануына, қоғамның, оның ішінде діни, мұ­сылман қа­уы­мының көзі ашық болуына мүдделі болғаны абзал. Ғасыр­лар бойы қазақ халқында қа­лып­тас­қан рухани қазынаға жататын игі дәстүр, салт сананы да ұмыт­пағанымыз жөн. Ежелден алдымен Аллаға жүгініп, қасиет­ті ата бабаларымыздың, әке-анала­ры­мыздың рухына тағзым ету дәстүрі, салты бар. Одан ешкім жаман болған емес. Керісінше, жанымыздың, ары­мыз­дың таза­лығына әсер ететін рухани парыз емес пе? Атадан қалған асыл мұра ұрпақ санасы мен сапасы емес пе? Ата-ана­мыздың рухын сыйлап, оларға Құран бағышта­ғаннан еш­кім азып кеткен жоқ. Керісінше, аруақ аттап, аруақ сыйлама­ған­дар тексіздікке, қаты­гез­дікке барып жүрген. Кейбір иегінің астына қауға сақал қо­йып, шо­лақ шалбар кигендер білім­сініп: «Әкең өлді жерледің, енді ұмыт, жылын берме, басына барма», деп уағыз жүргізетіні кімге өнеге, қандай сана қалып­тас­тырмақ?

Дін – алдымен сана. Білім. Кез келген басын сәждеге қо­йып, өзі түсінбейтін сөздерді біреудің аузынан жаттап алып жатқан пенде дінді толық түсі­ніп, құл­шылық етіп жүр деге­німіз асы­ғыс­тық болар. Мешіт – Алланың қасиетті үйі. Мешітке адам тек қана адал ниетпен кіруге мін­детті. Құдайға құлшы­лық етемін деген адам таза пейіл, ақ тілеуі­мен мешітке ке­леді. Мешітте ешқандай қарау әре­кеттерге, ұрлық-қарлыққа жол берілмейді. Мешіт – пен­денің ауыр ойдан сейіліп, пен­дешілік кү­нәкәр­лік­тен жеңілдеп, Аллаға құл­шылық етіп, күнә­ләріне ке­шірім сұрап, тазаратын қасиетті орын. Мешіт ежелден арыған жо­лаушыға пана, қорған­сызға қор­ған болып келе жатқа­нын хал­қымыздың талайғы тарихынан білеміз. Ал енді сондай кейбір мешіттерге әлдекімдер­дің үстем­дік жүргізіп, оған келген адамдарды өз қалауынша кіргі­зіп-кір­гізбеу әре­кеттерін қа­лай тү­сінуге болады? Ол ол ма, кей­біреулер тіпті жиналған жас­тарға бұйрық­қа парапар әмірмен уағыз жүр­гізіп, Алланың атынан сөй­легісі кел­гендерді қалай «Аңқау елге арамза молда» демес­сің? Әрине, біздің мемле­кетіміздің, қоғамы­мыздың мүд­де­сінде, ты­ныш­ты­­ғын сақтау мақсатында мұндай «өзімшіл­дік­тердің» бол­ма­ғаны жөн. Өз­де­рін «ваххабит­терміз» дейтін кейбір топтарды елдің тыныш­тығына жанашыр деп айту қиын болар. Олар қо­ғамға, діни бір­лестіктерге іріткі салумен қой­май, сауатсыз сенгіш адамдар­дың санасын улауы әб­ден мүм­кін. Мұн­дайда мұсыл­ман қа­уым­­­дас­тығының басшылары да, діни сауатты адамдар да ең ал­дымен адамдардың сана тазалы­ғы үшін күресуі қажет-ақ. Біздің халық өз тарихында талай қу­ғын-сүргінді бастан өткізді. Кеңес дәуірі ке­зінде мешіттер жабылып, қира­тылып, дін өкіл­дері, имам­дар қу­даланды. Тә­уел­сіз­дік­ке қол жет­кізген тұста екі мың­нан астам мешіттер жаңадан салынып, адам­­дардың иман­дылы­ғына қыз­мет ете бастады. Енді, осындай еркіндік жағда­йында ислам діні­нің өз құра­мынан неше түрлі ағым­дар, секталар туындатып, бір ауыл­дың адамдарын бір­неше топқа бөлуге жол беріл­генін біз­дің елдің, ұлттық бірлігі­мізге береке қоса­ды деп айта алмаймын. Дін мемлекеттің тікелей құзы­рына кірмейді дегенімізбен, дін ауанында жүрген адамдар осы өзі­міздің мемлекетіміздің азаматтары. Сон­дықтан олардың наным, сенімдері әртүрлі өз ер­кінде бол­ғанымен, олардың еш­қай­сы­сы мем­лекет мүддесінен, мемлекет қауіпсізді­гінен, ел ты­ныш­тығын қамта­масыз етуден тыс қала алмайды.

Мешіт – қасиетті орын. Оның қасиеттілігін қадірлеп, құрмет көрсетіп, сақтай алатын адам­дар­­дың таза санасы. ХІХ ғасыр­дың ұлы суреткерінің бірі Марк Твен: «Сыйынған сәтте ешкім де өтірік айта алмайды», деген екен. Сол сияқты мешітке кірген сәтте пенде тым болмаса өзінің алдында өзі тазарып тұру­ға міндетті емес пе?

Біз, біздің ұлтымыз екі ға­сыр­дың тоғысында зор бақытқа кенеліп, ұлттық тәуелсіздікке ие болып, мемлекет құрушы ел болдық. Елдік жорығын баста­ған Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұл­тан Назарбаев әлемдік дін­дер көсемдері мен қайрат­кер­лерін Астанаға жинап, бастарын қос­қан­дағы басты мақсаты – өз еліміздің тыныштығы, бірлігі, ынтымағы арқылы әлемдік діни қоғамдастыққа үн қосу. Біздің жас мемлекетіміздің өркениетке қосар өз жолы, өз дамуы бар екендігін көрсету. Жаһандық үде­рістерге қатынасу арқылы өз елі­міздің білімін, рухани дүние­танымын, санасын көтеру, дүние­жүзілік қоғамдастықтағы белсен­ді орнын тұрақтандырып, қазақ деген ұлттың қабілет-қа­рымын, білімін, бірлігін әлемнің игілігіне қосу. Сондықтан да Елбасының көрнекті бастамасына түсіністік­пен, отаншыл­дық­пен, ұлтшыл­дықпен үн қосу – біздің қо­ғам­ның рухани міндеті десем артық айтқандық болмас еді. Өйткені, әлем діндер көсем­дерінің бас­қосуы – соңғы он жылдағы біздің еліміздің ең көрнекті рухани табыстарының бірі. Бұл – тек біздің сөзіміз емес, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бастаған көптеген халық­аралық дәреже­дегі зиялы адам­дардың, дін қай­раткерлерінің, сая­­саткерлердің, мемлекет бас­шыларының, дипло­мат­­тардың, ғалымдардың беріп жүрген ла­йықты бағасы.

Дін тарихы өркениет дамуымен тығыз байланыстағы ең күрделі салалардың бірі. Адамзат тарихына да, өркениет тарихына да діннің ықпалы да, қос­қан үлесі де мол-ақ. Сондай-ақ діннің өз тарихы мен тағдыры да қайшы­лыққа толы.

Біздің еліміздің жағдайында белгілі себептерге байланысты дін ұзақ жылдарға созылған дағ­дарыстан шығып, жаңа өркендеу дәуірін басынан кешіріп отыр деп айтуға толық негізіміз бар. Діннің қайта жаңғыруы тікелей біздің мемлекеттік тәуелсіздігі­мізбен байланысты. Біз тәуелсіз мемле­кет­тігімізді жария еткен кезеңде қоғамның рухани еркін­дігі дінге деген көзқарасы мен ықыласы арқылы байқалды. Тә­уел­сіздігіміз жарияланған тұста бұрын өзде­рінің діни сенімдерін ешкімге білдірмей, көрсетпей, іштей ұс­танып жүрген мыңдаған адамдар жарыққа шыққандай адам санасында діннің үзілмей сақталып, жалғасып келе жат­қан­дығын, өмір­­шеңдігін көрсет­ті. Әсіресе, жас ұрпақтың дінге жүгінуі – болашағымыздың адам­­дыққа, та­за­лыққа, адалдық­қа, жалпы рухани игілікке мүд­делі әрі соған ұмтылатындығын көрсетті. Көп­теген қалаларда, ауылдарда жер­гілікті жұрттың жұмылуымен, жекелеген меце­нат­тардың өз ықы­ласымен ме­шіттер салынып, елдің намазға келуіне жағдай жасалды. Бұрын­ғы экономикалық жүйе күйреп, әсіресе, ауылдарда жаңа нарық­тық экономика, жеке мен­шік шаруашылықтар қалып­таса алмай, жұрт дағдарысқа ұшы­рап жүргенде олар мешітке барды. Кейбір ауылдарда жұмыс­сыз жастар сенделіп, ішімдікке салын­ған кездерінде олардың есін жинап, зиянды ішімдіктен тартынып, тір­шілікке кірісулеріне осы мешіт­тердің де оң ықпалы болды. Халқымыз ежелден қан­дай қиын­дықта да төзімділік, сабыр­лылық көрсетіп, өзінің адам­дық тұл­ға­сын, қоғам алдын­дағы арын сақ­тап қалуға айрық­ша мән беретіні де ұлтымыздың ерек­ше қасиеті. Дағдарыс жылдары біз­дің халқы­мыз, әсіресе, ауылдағы қазақтар осы сыннан да абыройын сақтап өтті.

Қазір дүние жүзіндегі, әсі­ресе, Еуропаның дамыған қуат­ты елде­рінде болып жатқан эконо­­ми­калық дағдарыс кімді болса да ойлантпай қоймайды. Өйткені, қазіргі ғаламдық қа­рым-қаты­нас­тың шарықтап тұр­ған шағында әсіресе экономика, тұрмыс сала­сын­дағы құбылыс­тарды бізден алыста деп айтуға да, бейқам­дыққа да салынуға болмайды. Біздің Елбасы өзінің сөздерінде үнемі осы туралы айтып жүргені белгілі. Үстіміздегі жылдың басында жария еткен Қазақстан хал­қына Жолдауында алдағы ке­зең­дерде мүмкін болатын тұр­мыс­тық, экономикалық қиын­дық­­тарға егжей-тегжейлі тоқ­та­лып, соған өз дайындығы­мызбен келу қажет­тігін айрықша ескерт­кені де есімізде. Міне, осындай сындарлы кезеңдерде елдің бірлігіне, қоғам­ның, билік пен халықтың өзара түсіністігіне тұ­рақты мән бері­летіні де ел жағдайының мүддесі. Елдегі діни бірлестіктер­дің халық тұр­мысын жақсартуға арналған Президенттің кезекті Жолдауын жүзеге асыру үшін өзара үн­дестігі мен ынтымақ­тастығы сөз жоқ қоғамымыздың сапасын арттырып, мемлекеті­міз­дің әлеуетін көтерері де хақ. Елімізде, жері­мізде Елбасының бастамашыл­дығымен халықтың сұранысына сай, халықтың өзінің тұрмысын жақсарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан шара­лардың ойда­ғыдай орындалып, ел игілі­гіне айналуы үшін, оларға қоғам­ның, мемлекетіміздің бар­лық әлеу­мет­тік топтарының қол­дауы қажет. Ел-жұрттың бірлігі, ынты­мағы, халық мүддесіндегі жасалып жатқан әрекет, шара­ларға түсініс­тігі қажет.

Осы орайда, Таяу Шығыс, Араб елдерінің қазіргі жағдайы­на да тоқтала кеткеніміз артық болмас. Ол өңірдің елдерінен ежелден дін ажырамағаны тарихтан белгілі. Алайда, мұсыл­ман, яғни ислам дінінің аясында оларда көптеген секталар, ради­калдық ағымдар исламның атын жамылып, исламға жат әрекет­терді, өз уағыздарын жүргізіп, әсіресе жас­тарға ықпал ету арқы­лы, діни білімнен гөрі әр­түрлі негізі жоқ саяси мақсат­тарды ұрандап, өзде­рін қол­дайтын топтарды экс­тре­мистік іс-әрекет­­тер­ге бастайтыны да белгілі. Қауіп­тісі – қазір олар топтар емес, тұтас ағым­дарға айналды. Олар­дың қостау­шылары көптеген мұсылман елдеріне жа­йылған. Өкініштісі – олар ис­ламның атын жамылып, исламға қарсы, ис­ламның беде­ліне нұқ­сан келті­ретін әрекет­тер­ге барып жүрге­нін не түсінбейді, түсінгісі де келмейді, не өздерінің түпкі мақсаттары бар. Тіпті бас­қаны айтпағанның өзінде бүкіл әлем­де, жер жүзінде «ислам мем­ле­кетін құрып, исламның үстем­дігін жүр­гіземіз» деген сөздің өзі-ақ есі дұрыс адамның сөзі емес екен­дігін түсіну қиын емес қой. Өкінішке қарай, жас діндар­лар­дың арасына бір сақалды шығып, сендіріп, нандырып, баурап сөй­леп, жеткізіп айтып, рух ұранын ұрандаса, оның мәніне, тереңіне бойлап жатпастан әсер­лі сөзге әсерлі сезіммен үн қата­тын тың­даушылар тобы кеу-кеулеп, қол­дап кететіні де өмірде, тәжі­рибеде бар жағдайлар. Ал қазіргі араб елдерінде ереуілдер мен көте­рілістер, кейбір мемлекеттерде қанды қақтығыстар, соғыстар әуел баста демокра­тия­лық, құ­қық­тық талаптар тұрғы­сынан жап-жақсы ізгілікті маз­мұнда болғаны да рас. Бірақ, қоғам сан алуан. Өздерінің арасы қарама-қай­шылыққа, қым-қуыт­қа толы. Сол қайшылық­тар­ға алдымен дін аясындағы секталар, ұйымдар түрткі болып отыр­ғаны да белгілі. Сол елдер­дің күні бүгін не болды? Кезінде араб елдерінің ішінде тұрмысы жақ­сысы Ливия еді. Оқу, ден­саулық сақтау қызмет­тері, газды пайдалану сияқты әлеуметтік мұқтаж­дар тегін болатын. Мұ­най түсі­мінен әрбір жаңа туған балаға есеп-шот ашылатын, көп балалы анаға белгілі жәр­демақы төле­нетін. Ливиялықтар араб елде­рінің ішіндегі әл-ауқаты жақ­сы мемлекеттердің бірі бол­ғаны шындық. Рас, билікте демократия болмады. Муаммар Каддафи 40 жылдан астам бір өзі бас­қарды. Қоғам осыны көте­ре алмады. Билікті демократияландырып, немесе бейбіт жолмен ауыс­ты­руға биліктің де, қоғам­ның да ойы мен өресі, сабырлы шешімі жетпеді. Ливия – Сауд Арабиясынан кейін­гі мұ­най, газ қоры бай ел. Мұнайға иелікке дүниенің ең алпауыт ел­дері таласатыны бел­гілі. Сыртқы өз мақ­саты бар күш әруақытта ел ішіндегі алауыз­дыққа сүйе­нетіні тарихтың дәс­түрі. Олар мақса­ты­на жетті. Күй­зеліп қал­ған халық. Ел ішін­дегі бүлік әр кез дүмпуін тоқ­татып тұрған жоқ. Бұл мемлекет мұндай күй­зелістен қашан шығарын бір Алла біледі. Мы­сыр­дағы жағдай да әлі шие­ленісіп тұр. Әйгілі «Мұ­сыл­ман бауырлар», тағы басқа діни ұйымдар­дың текеті­рес­тері жал­ға­суда. Мысыр ежелден әр­түрлі әлемдік діндердің – мұ­сыл­ман­дардың, хрис­­тиандар­дың, като­ликтердің, иудейлердің шо­ғыр­ланып, тоғыс­қан жері. Дін­дер ара­сында да, халықта да қай­шылық көп, бірін-бірі тың­дап мәмілеге келу, бірлік жоқ. Пре­зиденттік сайлау не нә­ти­­жеге жет­­кізерін уақыт көрсе­теді. Әзір­ге, бұрынғы туризмнен түсе­тін табыс он есеге дейін төмен­деп, жаппай жұмыссыздық жайлап, экономика дағдарысқа ұшы­рап тұр. Сирия­дағы жағдай да көз алдымызда. Қақтығысып жатқан неше түрлі топтар, күш­тер, қыры­лып жатқан халық, тал­қаны шы­ғып жатқан қалалар мен елді мекендер.

Қысқасы, бүлініп жатқан мұсыл­ман елдері. Себептері көп. Сыртқы ықпалды күштердің бар екені де құпия емес. Ең бастысы – әр елдің өз ішіндегі саясаттың халық сұранысына жауап бере алмауы, сондай-ақ ел ішіндегі бір­лік пен ынтымақтың, отан­шыл­дық­тың, өзара түсіністік пен үндес­тіктің, үйлесімділіктің, тө­зім­діліктің болмауы. Бұл құн­ды­лықтар қысқа мерзімде орнай да, келе де қоймайды. Оған ең алдымен билік институт­тары­ның адал­­дығы, әділдігі, мемле­кетшіл­дігі, тазалығы, білімділігі, білік­тілігі қажет. Оған ел мүдде­сіндегі нақ­ты шаралар қажет. Және ол жұмыс ерекше төзім­ділікпен, үз­бей, халықтың бел­сенді қатына­суымен жүргізілуі тиіс. Мұндай жұмыстың дер кезінде жүргізіліп, ел мүддесіне жауап бере алатынына мемлекеттермен бірге ең алдымен дін өкілдері, дін қайрат­керлері де жауапкершілікпен қа­тынасса, адам­­заттың өркениет ке­ңісті­гінде өмір сүру мүмкіндігі де арта түсері хақ.

Астанада төртінші рет шақы­рылып отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыла­ры­ның съезі осындай даму мақсат­тарына үндестікпен үлес қоса­ры­на сенеміз. Үндестік өз­ара түсі­ніс­­тікке жеткізіп, өрке­ниет жолына бастары да ежелгі адамзат тарихынан белгілі. Діндер бас­шы­­ла­рының Астана­дағы ке­зекті съе­­зінде де үндестік пен түсі­ністік төрелік ететініне сен­гіміз келеді.

Қуаныш СҰЛТАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі.