Редакцияға келіп түскен төмендегі арызбен танысып шыққаннан кейін екіұдай ойда қалдық. Кейінгі кезде қоғамымызда мұндай жағдайлардың көбірек ұшырасатыны рас. Ағайын бола тұра, жаға жыртысуға бару, туысқан бола тұра, біріне-бірі жамандық келтіру, жекжат бола тұра бір-біріне алаяқтық жасау сияқты фактілердің тек бүгін ғана емес, кешегі күні де болғаны рас, осындай жағдай ертеңгі күні де жалғаса берсе, болашағымыз қандай болмақ?
«Ағайынның алаяқтығына тап болдым, соттың солқылдақ шешімінен зардап шектім» деп бар мұңы мен зарын қағазға түсірген Қосжанованың жанайқайы төмендегідей еді:
Редакцияға келіп түскен төмендегі арызбен танысып шыққаннан кейін екіұдай ойда қалдық. Кейінгі кезде қоғамымызда мұндай жағдайлардың көбірек ұшырасатыны рас. Ағайын бола тұра, жаға жыртысуға бару, туысқан бола тұра, біріне-бірі жамандық келтіру, жекжат бола тұра бір-біріне алаяқтық жасау сияқты фактілердің тек бүгін ғана емес, кешегі күні де болғаны рас, осындай жағдай ертеңгі күні де жалғаса берсе, болашағымыз қандай болмақ?
«Ағайынның алаяқтығына тап болдым, соттың солқылдақ шешімінен зардап шектім» деп бар мұңы мен зарын қағазға түсірген Қосжанованың жанайқайы төмендегідей еді:
«Біздің отбасымызға 2000 жылы 18 наурызда Алматы қаласы Әуезов ауданының Тамсан ішкі миграцияны қолдау қоғамының шешімімен жер телімі берілген болатын. 2001 жылы сол жерге үй тұрғыздық. Кейін Әуезов ауданынан Алатау ауданы бөлінген кезде мекен-жайымыз «Әйгерім-2» шағын ауданы Қожаханов көшесі №62 үй болып қайта тіркелді. Алматы қаласы әкімінің 2009 жылдың 20-қазандағы шешімімен 0017012 нөмірлі Мемлекеттік жер актісін алдық. Бұл акті әділет бөлімінде тіркелді.
Жолдасым Дүрменов Алтынбектің науқастануына және балаларымның жас болуына байланысты болар қаражат тапшылығына ұшырадық. Сондықтан үйімізге пәтерші жіберуге тура келді. 2005 жылдан бастап айына 20 мың теңге беру шартымен Ниязов Нұрбол есімді азаматқа (күйеуімнің туысы) жалға бердік. Ай сайын Ниязов Нұрбол қаражатының жоқ екенін және уақтылы ақша төлей алмайтын жағдайын айтып, төлемақыны бөліп төлеп отырды. Ағайын болған соң жағдайына қарап, берген ақшасын алып отырдық. Ол пәтерақыны төлеген кезде есебімізден жаңылыспау үшін ақша төлегені туралы қағазға қол қойып беріп жүрдім. Пәтерде тұрған уақытында ол жер аламын деп қарызға 500 мың теңге сұраған еді. Бұл кезде біздің жағдайымыз түзеліп қалған болатын. Туыс болғаннан соң оған сұраған ақшасын қарызға бердім. Сондай-ақ Ниязов Нұрболға коммуналдық төлемдерді уақтылы төлеу мақсатында сенім хат та беріп қойған болатынмын.
2010 жылы қыркүйек айында Ниязов Нұрбол Алатау аудандық сотына талап-арыз түсірді. Оның мақсаты маған қатысты жер телімін және үйді өз меншігіне өткізу болып табылады. Алатау аудандық соты 2011 жылдың 25 ақпанында Ниязов Нұрболдың талап-арызын қанағаттандыратын шешім шығарды. Алматы қалалық сотының апеляциялық сот алқасы аудандық соттың бұл шешімін өзгерізссіз қалдырды. Мен бұл шешімдерге қанағаттанбай Алматы қалалық сотының кассациялық алқасына шағым түсірдім. Кассациялық алқа менің талабымды қанағаттандырып, Алматы қалалық сотының апеляциялық сот алқасының 2011 жылғы 17-мамырдағы қаулысы мен Алатау аудандық сотының 2011 жылғы 25-ақпандағы шешімінің күшін жойып, істі жаңа сот талқылауына, Алатау аудандық сотына басқа судьяның қарауына қайта жіберді. Үстіміздегі жылдың 9-қаңтарында Алатау аудандық сотының судьясы Ө.Серімовтың төрағалық етуімен сот отырысы өтті. Бұл реттегі сот шешімі де бұрынғыдай Ниязов Нұрболдың талап-арызын қанағаттандырды. 2012 жылдың 26-сәуірінде Алматы қалалық сотының апеляциялық алқасы аудандық соттың шешімін тағы да өзгеріссіз қалдырды. Бұл сот шешімдері менің және балаларымның меншігі болған үйден және жер телімінен айырып, конституциялық құқымызды бұзып отыр деп есептеймін. Біріншіден, сот барлық мән-жайды зерттеген жоқ, әкесінің өлімінен кейін барлық меншікке мұрагерлері болып оның балалары есептелінеді. Ниязов Нұрбол күйеуім Дүрменов Алтынбектің ауыр халде жатқанын пайдаланып, жалға берген үйді сатуды сұрайды. Бірақ Дүрменов Алтынбек бұл үйді сатуға рұқсатын берген жоқ. Екіншіден, Алатау аудандық сотының судьясы кассациялық алқаның шешімінде көрсетілгендей бірде-бір талаптарын орындамай, негізсіз шешім қабылдады. Үшіншіден, әкім қаулысының тоқтату не бұзу жөніндегі уақытының өтіп кетуіне қарамастан шешім шығаруы Азаматтық кодекстің нормаларын сақтамай отырғандығын көрсетеді.
Осы уақыт ішінде сот, аурухана, үй арасында табан тоздырумен жүрмін. Жолдасым науқас еді, соңында жүйкесі тозып, сол аурудан қайтыс болды. Шиеттей балалармен жесір қалдым. Қай жерге барсам да, барлығы бір ауыздан Нұрбол Ниязовтың сөзін сөйлейді. Осы мәселеге журналистік тексеру жүргізіп, істің ақ-қарасын анықтауға көмектеседі деген сеніммен «Егеменге» арыз жазып отырмын».
Осы арыз иесі Құралай Қосжанованың жанайқайын түсінгендей боласың. Бірақ, неге екенін қайдам, Алатау аудандық сотының, Қосжанова айтпақшы негізсіз шешім шығаруына не себеп? Аудандық соттың шешімі және оны өзгеріссіз қалдырған Алматы қалалық соты апеляциялық алқасының қаулыларын (бұрынғыларын айтып отырмыз) бұзған Алматы қалалық соты кассациялық алқасының қаулысында көрсетілгендермен танысатын болсақ, онда Құралай Қосжанованың айтқандарына сенуге болатындай.
Азаматтық іс-материалдарын, жауапкер Қ.Қосжанованың кассациялық арызының уәждерін зерттеп, сондай-ақ, прокурордың кассациялық арызды қанағаттандыру қажет деген қорытындысын тыңдап, бұл кассациялық арыз қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келген. Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 383-21 баптарына сәйкес, бірінші немесе апеляциялық сатыдағы соттың осы Кодекстің 365, 366-шы баптарында көзделген материалдық немесе іс жүргізу құқығының нормаларын бұзуы немесе дұрыс қолданбауы сот қаулысы мен ұйғарымының күшін кассациялық тәртіппен жоюдың негіздері болып табылады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 347-бабына сәйкес, апеляциялық шағымдар, наразылықтар бойынша апеляциялық сатыдағы сот істе бар және қосымша табыс етілген материалдар бойынша істің нақты мән-жайының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуымен түсіндірілуінің дұрыстығын, сондай-ақ, істі қарау мен шешу кезінде азаматтың іс жүргізу заңы нормалары сақталуын тексереді. Азаматтық іс жүргізу кодексінің 15-бабының үшінші бөлігінде көзделгендей, істі қараушы сот объективтілікті және әділетті сақтай отырып істің мән жайын толық зерттеуге тараптардың құқықтарын іске асыру үшін қажетті жағдайлар жасайды. Заңның осы талаптары істі апеляциялық қарау барысында толық сақталмаған. Апеляциялық сот сатысы бірінші сот сатысының іс жүргізу тілі туралы ережелерді бұзғанына мән бермеген. Іс материалдарынан белгілі болғандай, бірінші саты сотының іс жүргізу тілі ретінде – орыс тілі таңдалған. Оған қарамастан орыс тілін меңгермеген жауапкер Қ.Қосжановадан қазақ тілінде 2 талап-тілек, ақшалай қаражат алғаны туралы қолхат, жер телімін беру туралы «Тамсан» қоғамының шешімі, Қ.Қосжанованың үндеуіне уәкілетті органдардың берген жауаптары қабылданып, оларды іс жүргізу тіліне аудару және аудармашыны қатыстыру қажеттілігі туралы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 14-бабының талаптары бұзылған.
Қ.Қосжанованың орыс тілін жетік білмеуі себебінен сотта анықталып жатқан мән-жайлардың мағынасы мен барысын толыққанды түсіне алмағаны, өзінің, қайтыс болған жолдасының, балаларының құқықтарын толыққанды қорғай алмағаны жөніндегі кассациялық алқаның мәжілісінде нақтыланып, қолдау тапқан Қ.Қосжанованың кассациялық арызына қосымша уәждері көңіл бөлуге тұрарлық. Қ.Қосжанованың кассациялық арызына жолдасының қайтыс болғаны жөніндегі куәлігі, оның қайтыс болуынан кейін балаларының мұраны қабылдауы туралы арызы, салықтарды төлегені жөніндегі дәлелдер мен басқа да құжаттар қоса берілген. Бұл мән-жайлар бірінші және апеляциялық саты соттарында зерттелмеген.
Осы сияқты көптеген кемшіліктерді анықтаған кассациялық сот алқасы істі Алатау аудандық сотына басқа судьяның қарауына қайта жіберген. Арыз иесі жазғандай үстіміздегі жылдың 9-қаңтарында Алатау аудандық сотында қайта қаралып, бұрынғыдай Ниязов Нұрболдың пайдасына шешілген. Одан кейін Алматы қалалық сотының апеляциялық алқасы да бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған қаулы шығарыпты. Енді мәселе тағы да Алматы қалалық соты кассациялық алқасына тіреліп тұр.
Арызды тексеру барысында Қ.Қосжанованың өкілі Б.Асқарбекова бізбен кездесіп өзінің бұл іске қатысты уәждерін айтқан болатын: «Нұрбол Ниязовтың сол уақыттың өзінде құны 765 600 теңге болатын жер телімін алып қоюды жоспарлап жүргенін Қосжанова сезген жоқ. Жер телімін сатып алу үшін Н.Ниязов Қ.Қосжановадан әдейі 500 мың теңге қарызға алған. Қосжанованың жауабына қарағанда, Ниязов оған ақша беретін кезде оның қолхатта қарызға берілген ақша пәтерақы үшін емес, жер телімін сатып алу үшін деп көрсеткен. Жер телімінің Нұрбол Ниязовтың ағасы Нұржан Ниязовтың атына сатып алынғаны №4450 әкімшілік істе расталған. Біріншіден, Қосжанова ақшаны алған туралы қолхат жазған кезде ол талапкер даулап отырған жер телімінің меншік иесі болмаған және заң бойынша өз атына рәсімделмеген жер теліміне қатысты келісім-шарт жасауға құқығы болмаған. Екіншіден, ол үй салынған жер телімін Ниязовқа мұндай сомаға сата алмайды. Өйткені сол кездегі баға бойынша Алматы қаласының Алатау ауданында бір жер телімі 50 мың АҚШ долларынан кем тұрмайды. Шағымға жер телімдерінің нарықтық бағасы көрсетілген газеттер қосымша факт ретінде ұсынылған. Азаматтық кодекстің 171, 118, 154, 155 баптарының негізінде сату-сатып алу туралы жазбаша шарт рәсімделіп, оны нотариус растап, әділет органдарында тіркелуі тиіс болатын. Мұндай шартты Ниязов өз шағымына қоспаған. Сондықтан Қосжанова мен Ниязовтың арасындағы пәтерақы туралы жасалынған қолхаттарды сату-сатып алу келісім-шарты ретінде қабылдау мүмкін емес. Себебі ҚР Азаматтық кодексінің 158-бабының 1-бөлігінде көрсетілгендей мұндай қолхаттар жер учаскесін сату-сатып алу туралы келісім-шарттардың орнын толтыра алмайды. Сондай-ақ Азматтық кодекстің 178-бабының 1-ші бөлігіне сүйенсек, бұл қолхаттардың мерзімі 2008 жылдың мамыр айында аяқталған.
Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы» туралы Заңының 31 және 32- баптары, Азаматтық кодекстің 219-бабының 1-бөлімінің 1-тармағына сүйенер болсақ, тартысқа түсіп отырған жер телімі Дүрменов Алтынбек (марқұм) және Құралай Қосжанованың отбасына және оның мүшелеріне бөлінген. Қайтыс болған Дүрменов Алтынбек көзі тірісінде отбасы мүшелерімен бірге бұл жер телімін пайдаланып, үй құрылысын жүргізген. Сондықтан, Азаматтық кодекстің 219-бабының 1-бөлігіне, 220-баптың 2-бөлігіне сүйенсек, таласқа түсіп отырған жер учаскесін Ниязовқа сату үшін Дүрменов Алтынбектің нотариуспен бекітілген жазбаша келісімі қажет. Ал істе көрсетілгендей, марқұм Дүрменов ондай келісім бермеген. Олай болса, Азаматтық кодекстің 154-бабының 2-бөлігінде көрсетілгеніндей, үшінші жақтың құқығы шектелсе, сот мұндай келісімді жасалған деп мойындай алмайды. Егер мойындаған жағдайда бұл меншікке құқығы бар А.Дүрменовтің және оның мұрагерлерінің (балаларының) құқығы шектелген деп есептелінеді».
Арыз иесінің айтқандарын және оның өкілінің уәждерін толығымен келтірдік. Біз бұл ретте Қ.Қосжанова шағымданып отырған шешімдерді шығарған судьялармен де, сондай-ақ, арыз иесінің талабын қанағаттандырған кассациялық алқасы судьясымен де сөйлескен жоқпыз. Өйткені, олар бұл мәселеге байланысты ойлаған ойлары мен айтар сөздерін өз шешімдерінде және қаулыларында толық көрсеткен. Егер, біз жазып отырған бұл мақалаға келіспей, біздің де айтарымыз бар дейтін болса, оларға өз кезегінде сөз беруге әзірміз. Ал, қазіргі айтарымыз, бірнеше рет, бірнеше сотта қаралып, бүгінгі күнге дейін негізгі шешімін таппаған, ендігі тағдыры Алматы қалалық сотының кассациялық алқасына тіреліп тұрған бұл іске әділ әрі заңды шешім шығарылады ғой деген сенімдеміз…
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».