• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 12 Желтоқсан, 2018

Қазақ киносының Бауыржанын еске алды

452 рет
көрсетілді

Желтоқсанның 10-11-ы күндері белгілі кинотанушы, профессор, еліміздегі кәсіби кинотанудың негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Бауыржан Нөгербектің 70 жылдығына арналған Республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалімен ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырды.

Рет-ретімен баяндасақ, ең алдымен Бауыржан Нөгербектің 70 жылдығына арналған кеш шымылдығын түріп, қазақ кинотеориясы, киносыны, кинотарихы салалары бойынша елеулі еңбек еткен тұлғаның шығармашылық жолын әдіптеген «Жарқын бейне» атты  деректі фильм көрсетіліп, бұл күнде қазақ кино өнерінің саңлақтарына айналған Бауыржан Нөгербектің өнердегі қанаттас достары естеліктер айтып, оның кәсіби маман ретіндегі, кісілікті адам ретіндегі биігіне көз жіберді. Кеш концерттің бағдарламаға ұласты.

Еске ала кетсек, 1948 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Ұлытау ауылында туған. 1971 жылы Мәскеу қаласында ВГИК-тің сценарлық-кинотанушылық факультетінің кинотану бөлімін тәмәмдаған Бауыржан Нөгербек есімі Қазақстандағы кинопедагогиканың негізін қалаушыларының бірі, кәсіби кинотану мамандығының негізін салушы тұлға болып тарих тақтасына жазылды. 1993 жылдан бастап Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинотанушылар шеберханасына жетекшілік еткен ол отандық кино тарихында кинотанушылардың алғашқы буын түлектерін оқытып шығарды. 2010 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның шақыруымен Астана қаласына келіп, аталған университетте «Өнертану» кафедрасын құрып, кафедра меңгерушісі және кинотаншулар шеберханасының жетекшісі болып қызмет атқарып, соңғы демі біткенше ұлағатты ұстаздық қызметін жалғастырып кеткен еді. Қазақстанда және шетелде қазақ, орыс, ағылшын, неміс, корей, голланд, серб-хорват, итальян тілдерінде жарық көрген 250-ден астам мақала, рецензия мен эссенің авторы болған оның еңбегі бір кештің аясында айтылып бітер әңгіме емес әрине. Концерттен кейін жан-жақтан келген мамандардың басын қосқан ғылыми-практикалық конференция жұмысын Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор, Қазақстан Республикасының Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері – Айман Мұсақожаева ашып берді. «Бауыржан Нөгербек – қазақ кино өнері мәдениетінің белді өкілдерінің бірі ғана емес, сол мәдениетті қалыптастыруға бүкіл саналы ғұмырын арнаған бірегей тұлға» деген ол шараға қатысуға алыс-жуықтан келген қонақтарға алғысын айта отырып, фестиваль мен конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Бұл шындығында өтті-кетті көп шараның бірі емес, кино саласындағы жастар өнерін шыңдай түсетін айрықша оқиға болды. Олай дейтініміздің бір себебі, Республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалі ұйымдастырылып, оған  еліміз бен шетелелдерге танымал Дәмір Манабай, Сергей Әзимов, Сламбек Тәуекел, Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымов бастаған  кинорежиссерлер келіп, жас кионшылардың туындыларына қазылық етуімен қатар жеке-жеке шеберлік дәрістер оқыды.

Сонымен қазылар алқасының көңілінен шыққан фильмдерге төрт аталым бойынша (әр аталым бойынша екі туындыға) Бауыржан Нөгербек атындағы диплом мен қаржылай сыйақы берілді. «Көркемсуретті фильм» аталымы бойынша Шұғыла Сержан мен Венера Қайыржанованың филімдері үздік деп танылса, «деректі фильм» аталымы бойынша Жайық Белқожаев пен Нұрсұлтан Нұсқабековтың туындысы алға шықты. Ал «Анимациялық фильм» аталымы бойынша Мейіржан Сандыбай мен Иван Ардашов жүлделі болды. «Үздік кинотанушының жұмысы» аталымы да болды. Оны Еңлік Егеубаева мен Әдемі Қапар еншіледі. Ал, Қазылар алқасы тағайындаған «Деректі кинода ұлттық дәстүрлерді жалғастырғаны үшін» жүлдесімен «Ата-бабалар мұрасы» атты деректі фильмімен  Берік Жақанов марапатталды. Сондай-ақ, «Астана фильм академиясы» тағайындаған екі арнайы жүлдеге Әлімжан Құдабаев пен Тимур Сердалин қол жеткізді.

«Кинофестивалға жастардың қызығушылығы ерекше болды, конкурстық бағдарламаға қатысқан фильмдердің 20 филімнің 10-ы көркемсуретті фильм болса, 5-і деректі фильм, 5-і анимациялық фильм. Жас киношыларға аға буын режеиссерлердің бағасы, фильмдері туралы пікірі тіпті қызық болды» дейді, Бауыржан Нөгербектің шәкірті, белгілі кинотанушы, өнертану кандидаты, «Өнертану» кафедрасының профессоры  Назира Рахманқызы.

Шара соңында қонақтар, қазақ кино өнеріне ерекше үлес қосқан айтулы тұлғаның соңғы қызмет істеген оқу орнының жоғары дәрежеде ұйымдастырған игі істеріне алғыстарын айтып тарқасты.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»