21 желтоқсанда «Алматы Арена» спорт кешенінде ережесіз жекпе-жектен «Titan FC 51» деп аталатын халықаралық турнирі өтеді. Айтулы жарыста Қазақстан, Бразилия, Қытай, АҚШ, Канада және тағы басқа елдердің келген мықты спортшылары күш сынасады.
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтетін әлемдік доданың ұйымдастырушылары аралас жекпе-жектен халықаралық «Titan FC» ұйымы мен «Alemfighters» клубы болып табылады. Турнир файткардына екі титулды жекпе-жек кіріп отыр. Атап айтсақ, 57 кило салмақтағы чемпиондық белбеуді колумбиялық Хуан Пуэрта (15-6) мен қазақстандық спортшы Қазыбек Әшімов (13-3) сарапқа салады. Ал бұл кештің басты жекпе-жегінде Бейбіт Назаров (14-3) пен америкалық Мартин Браун (12-5) айқасады. Олар жеңіл салмақта (70,3 кг) уақытша чемпиондық белбеу үшін талсады.
Алматыда өтетін жарыс барысында 15 жекпе-жек өткізуді көздеп отырмыз. Рейтингтік бәсекелерде негізінен «Alemfighters» клубының жауынгерлері жұдырықтасады. Өздерін жақсы қырынан көрсеткен жігіттер «Titan FC» лигасына қабылданады. Сол лигада жүріп көзге түскен спортшылардың 70 пайызы UFC-де бақ сынап жүргені баршаға мәлім. Олай болса, біздің өрендер үшін де әлемнің ең белді ұйымында өнер көрсетуге тамаша мүмкіндік туындап отыр, – дейді «Alemfighters» клубының басшысы Ардақ Назаров.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ