Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда бес мәселе қаралды.
Соның ішінде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы баяндаманы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жасады. Келісімге 2018 жылдың 19 наурызында Астана қаласында қол қойылған. Ол көші-қон ағымдарын реттеу мен азаматтық беру мәселелерінн шешуде қолайлы жағдайлар жасайды. Соның ішінде Келісім статистикалық-құқықтық және ғылыми-методологиялық ақпараттармен, тараптар азаматтарының деректерімен алмасуларды көздейді. Бұл құжатты Тәжікстан жағы 2018 жылғы шілдеде ратификациялаған. Осы мәселелерді айта отырып Қ.Қасымов, заң жобасының әлеуметтік-құқықтық салдарға соқпайтынын және қосымша қаражатты талап етпейтінін ескертті.
Баяндамадан кейін бірнеше депутат көптеген мәселені анықтау мақсатымен сұрақтар қойды. Соның ішінде Асылбек Смағұлов пен Павел Казанцев жыл сайын Қазақстанға 460 мыңдай мигрант келсе, соның 9 пайызға жуығы Тәжікстан азаматтары екенін айта отырып, олардың қос азаматтық алу құқы бар болғандықтан, біздің азаматтығымызды қоса алып, зейнетақы немесе басқа да әлеуметтік төлемдерді заңсыз алып жатса, оларға қаншалықты тосқауыл жасалады деп сұрады.
Бұл сұрақтарға министр қос азаматтық негізінен шекаралық қызметтен өткендердің тіркелу базасы арқылы анықталатынын айтты. Біздің елдің аумағына Тәжікстан азаматы болып өткендер тіркеліп, мәліметтер базасына алынғандықтан, ондайлар Қазақстан азаматтығын қоса алғысы келсе, сол мәліметтердің негізінде оған азаматтық беруден бас тартылады, дей келіп, жалпы қос азаматтықпен жүргендердің бар екенін де министр атап өтті. Ал басқа елдің Ішкі істер министрлігіне сауал жасау арқылы күдіктінің азаматтығы бар-жоғын анықтау қиын көрінеді, өйткені мұндай мәліметтер конфиденциалдық құпия болғандықтан берілмейді екен. Сондықтан қазір Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Армения және т.б. елдермен қос азаматтықты анықтау жолдарын қарастыратын Келісім әзірленіп жатқан көрінеді.
Заң жобасы туралы қосымша баяндаманы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Василий Олейник жасады. Ол жалпы әлемдік миграциялық процестердің дамуы жағдайында заң жобасын ратификациялаудың өзектілігін атап өтті. Сонымен бірге депутат заң жобасы екі елдің арасындағы миграция саласындағы ынтымақтастықты дамытумен қатар, заңсыз миграцияға қарсы күресті жандандыруға ықпал ететінін айтты.
Шағын талқылаудан кейін заң жобасы толық мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді.
Жалпы отырыста қаралған тағы екі заң жобасы Қазақстан мен Тәжікстан Республикаларының үкіметтері арасында қол қойылған кейбір келісімдерді ратификациялауға арналды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасы азаматтарының Тәжікстан Республикасының аумағында және Тәжікстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісім» мен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді іске асыру тәртібін атқару туралы хаттаманы» ратификациялауға арналған заң жобалары болды.
Бұлар туралы да негізгі баяндаманы Ішкі істер министрі Қ.Қасымов жасады. Алғашқы Келісімде Қазақстан мен Тәжікстан азаматтарының Тараптардың аумағында міндетті тіркеусіз болу мерзімін 30 күнге дейінгі мерзімге ұлғайту, сондай-ақ тараптардың аумағында мемлекеттік шекараны кесіп өткеннен кейін 90 күнге дейін болуы айқындалады. Баяндамада бұл Келісім бір мемлекет азаматтарының екінші мемлекеттің аумағында болуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал ететіні айтылды. Екінші заң жобасы 2018 жылдың 14 наурызында Астанада қол қойылған Реадмиссия туралы келісімді және осы келісімді іске асыру тәртібін атқару туралы хаттаманы ратификациялауға арналған. Бұл құжат мемлекеттер аумағына ұлттық заңнамаларды бұзып кірген немесе сонда жүрген адамдарды мемлекеттердің құзыретті органдарының беруі және қабылдауы мәселелері бойынша Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтерінің арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін жасауға бағытталған.
Екі заң жобасы да шағын талқылаудан кейін тұтастай мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді. Бұлардан басқа, депутаттардың бастамашылдығымен әзірленген мемлекеттік қызмет көрсетулерге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасы және кейбір заңнамалық актілерге оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары Мәжілістің қарауына қабылданып, олар туралы қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»