Кеше «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Астанада Қазақстандағы ең алғашқы «Elektrоndy qyzmet ortalyģyn» ашты. Озық технологиялармен жасақталған заманауи халыққа қызмет көрсету орталығында азаматтар жасанды интеллект игілігін көріп, цифрлы сауаттылықтарын көтеріп, қызметтерді өз бетінше ала алады.
Орталықтың ашылуына Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов қатысты. Орталықтың ашылу салтанатында мемлекеттік қызметтерді биометриялық деректер бойынша ұсыну жобасы іске қосылды. Бұл жобаға сәйкес енді фронт-офистер мен электронды үкімет порталында қызметтерді алу үшін төлқұжат пен электронды цифрлы қолтаңба қажет емес, азаматтардың саусақ таңбасы мен бет-әлпетінің скан-бейнесі болса жеткілікті.
Әзірше биометриялық деректерді Астана қаласында жаңадан ашылған «Elektrondy qyzmet ortalyǵynda» және Алматы қаласының Бостандық аудандық ХҚО-да тапсыруға болады. Орталықта операторлардың қызметін жасанды интеллект – виртуалды кеңесшілер атқарады. Кіре-берісте тұлғаны анықтайтын интеллектуалды бейнебақылау орнатылған. Егер орталыққа келген азаматтың базада биометриялық мәліметтері болмаса, оған тіркеліп, био-мәліметтерін қалдыруға ұсыныс жасалады.
I-sana атты виртуалдық кеңесші келушілерді қарсы алып, қажетті анықтамаларды қалай алу керектігін айтып, секторларға бағыттайды. Осы жерде «M-gov» мобильді қосымшасының мүмкіндіктерімен танысып, SIM картаға ЭЦҚ жазып алуға болады. Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алуды мақсат еткен азаматтар мамандандырылған ХҚО-дағы автодром нұсқасына сәйкес жасақталған аймақта «digital drive» жабдығының көмегімен алдын ала байқау сынағынан өтіп, автокөлік жүргізуге машықтана алады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»