(Соңы)
Украинадан Мәскеуге 1921 жылы көшіп келген Михаил Булгаков Большая Садовая көшесіндегі 10-үйдің 50 пәтеріне әйелі Татьяна Лаппа екеуі қоныстанады. Дәл осы үйде сол кездегі атақты театр суретшісі Георгий Якуловтың шеберханасы болатын. Оның шеберханасына әйгілі адамдар көп жиналатын. Олардың арасында оқу-ағарту наркомы Луначарский, ақындар Андрей Белый, Сергей Есенин, режиссер Мейерхольд сияқты ұлы тұлғалар болды. Есенин дәл осы шеберханада Айседора Дунканмен танысып, атақты биші Есениннен 18 жас үлкен болса да, олар бірін-бірі өте жақсы көрді. Ал бұдан бұрын дәл осы үйде 1918 жылы Ленинге қастандық жасаған Фанни Каплан тұрған. Тіпті, дәл Булгаковтар қоныстанған 50-пәтерде тұрып, Ленинді атуға осы пәтерден аттанған. 1918 жылы 30 тамызда Каплан үйден шығып, сол бойы қайтпады. Ленинге қастандықпен екі рет оқ атқаны үшін большевиктер оны Кремль алаңында атып тастады.
Ескерте кететін қызық жайт: Тарихи факт бойынша Каплан екі рет оқ атқан. Бірақ оқ атылған жерден екеу емес, 4 гильза табылған. Бұл – әлі күнге дейін ашылмаған жұмбақ.
Бұл үйді әу баста, 1903-1904 жылдары сол кездегі атақты «Дукат» темекі фабрикасының қожасы көпес Илья Пигит салдырған, бірнеше пәтерден тұратын зәулім үй болатын. Пигит қайтыс болған соң, өзінен тараған перзент болмағандықтан, бұл үй Пигиттің ағасының қызы Аннаға тиесілі болды. Бұл жағдайды тәптіштеп айтып тұрған себебіміз – Булгаков бұл үйді «Нехороший дом» деп атаған. Өйткені Анна 1907 жылы эсерлердің террористік тобына кіріп, сол жылы II Николай патшаға қастандық жасамақ болғаны үшін Забайкалға жер аударылады. Сол жерде ол Киев генерал-губернаторын өлтірмек болған әрекеті үшін жер аударылған Фанни Капланмен танысып, екеуі жақын құрбыға айналады. Патша үкіметі құлаған соң Керенскийдің амнистиясына ілігіп, екеуі де Аннаның бұрынғы үйіне қайтып келеді. Большевиктер бұл үйді мемлекет меншігіне алған соң, мұнда келіп әртүрлі мамандық иесі топырлап тұра бастады. Сондай топырдың бірі боп 50-пәтерге Булгаковтар отбасы да қоныстанған еді. Күнде арақ ішу, айғай-шу, төбелес. Әрі бұрынғы тарихы мен бүгінгі бей-берекетсіздігіне байланысты Булгаков бұл үйді «Нехороший дом» деп атап кетті. Осындай у-шу, даңғаза жағдайда үш жыл өмір сүріп, сол кезеңнің өзінде Булгаков «Ақ гвардия», «Дьяволиада», «Роковые яйца», «Записки на манжете» сияқты атақты шығармаларын, очерктер мен фельетондарын жариялады. Коммуналкадағы көптеген көршілері Булгаков романдарына прототип боп енді. Анна Горячева – «Мастер мен Маргарита» романындағы трамвай линиясына май төгіп алатын Аннушка. «№13-элпиотребкоммунадағыүй» әңгімесінде дәл 50-пәтерде тұрған Аннушка алынған. Ал арақтан аузы құрғамайтын типография жұмысшыларының бейнесі жазушының «Самогон көлі» әңгімесіне арқау болды. «Мастер мен Маргарита» романындағы басты кейіпкер, жұмбақ сиқыр иесі Воланд дәл осы үйді штабқа айналдырады. Булгаков шығармасынан кейін бұл үй ең атақты, құпияға толы үйге айналды. Булгаков осы үйге әкеп «жын-перілердің тобын» «қоныстандырды». Азазелло, Кот Бегамот, Коровьев-Фагот, Гелла. Мұнымен қатар, атеистік кеңес елінің зәресін ұшырған Иешуа Го-Ноцри да барып тұрған «дьяволщина» боп қабылданды. Шіркеулер мен мешіттерді қиратып жатқан құдайсыз елде Понти Пилат пен Го-Ноцри (Иисус Христос) жайлы шығарманың жазылуы бұлтсыз күнгі найзағайдай қабылданған еді. Ал Фанни Капланмен дос болған, бір пәтерде тұрған Анна Пигиттің үйіне чекистер сау етіп кіріп келіп, Аннаны да, ағасы Дмитрийді де тергеуге алып кетеді. Бірақ олардың Капланмен бірге тұрғанымен онымен ешқандай байланысы болмағаны дәлелденіп, олар босап шығады. Әрі-беріден соң, 1924 жылы Ленин қайтыс болғанда Анна Пигит бұрынғы каторгалықтар қоғамының атынан көсемнің басында құрметті қарауылға тұру құрметіне ие болды.
1938 жылы №5 пәтерге чекистер қайта лап қойды. Аннаны тұтқындап алып кетеді. Бұл жолы Анна үйіне қайта оралмады. Эсерлердің контрреволюциялық ұйымының мүшесі ретінде оны сол күні-ақ атып тастады.
Осындай шатасқан оқиғалардың ордасы болған Большая Садовая көшесіндегі 10-үй Булгаковтың мистикалық «Мастер мен Маргарита» романын жазуға басты себеп болды.
Роман автордың көзі тірі кезінде жарыққа шыққан жоқ. Ол өткен ғасырдың 60-жылдары ғана цензураның қатал тексерулерінен соң жарық көрді. Оның шығармалары да автордың өмірі секілді қиялға сыя қоймайтын қилы-қилы тағдырды бастан кешірді. Әлі де кешіріп келеді. Украина билігі Булгаковтың «Мастер мен Маргарита» романын «жын-пері жайлы жазылған, бүгінгі оқырманның психикасына тигізер зияны мол» деп романның елге тарауына тыйым салды. Ал осы роман бойынша түсірілген фильмге қатысқан актерлердің көпшілігі құпия науқасқа шалдығып, кейбіреулері жұмбақ жағдайда қайтыс болды.
Осы мақаланың авторы 2002 жылы Булгаков өмірі жайлы «Тор» («Сети дьявола») деген драма жазып, ол ең әуелі Қостанай облыстық қазақ драма театрында, 2004 жылы Алматыдағы М.Ю.Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театрында, 2006 жылы Санкт-Петербургтегі В.Малышицкий театрында қойылды. Cөз реті келгенде айта кету айып болмас, бұл пьесаның сахнаға қойылуы да әрқилы болды. 2004 жылы Қостанай облыстық драма театры сахналаған нұсқасында марқұм Жамбыл Есімбеков «Раздвоение личности» дегенді тура мағынасында түсінгендіктен бе екен, спектакльде бір Булгаков екіге бөлініп, олар тіпті шпагамен бір-бірімен жекпе-жекке шығып жүр. Сталин де сахнаға шығып, Булгаковтың сөзін айтып жүр. Премьераны көруге үш адам барған едік: Әшірбек Сығай, булгаковтанушы, ғылым докторы Виктор Бадиков. Қойылым бәрімізге де ұнамады. Актерлерде кінә жоқ, тек олар режиссердің жаңсақ түсінігінің құрбандығына айналып кетіпті.
Мен сахнаға шығып, театр ұжымына, барын салып ойнаған актерлерге рахмет айтып, бұл спектакльді бұдан былай жұртқа көрсеткеннен гөрі көрсетпеген пайдалырақ болар деген пікір айттым.
Қойылым тоқтап қалды.
Рубен Андриасянның Лермонтов театрындағы қойылымы, әрине, ерекше болды. Біздің қазақ театрларынан гөрі мұнда қойылғалы жатқан пьесаға деген ықылас пен жауапкершілік аспан мен жердей деуге болады.
Көркемдік Кеңесте пьеса қабылданды. Рөлдер бөлінді. Композитор мен суретші өз жұмыстарына кірісіп кетті. Енді режиссер пьеса мәтінімен жұмыс істеуге кірісті. Ол қалай болды?
Біз, яғни, төрт адам – автор, қоюшы режиссер, булгаковтанушы В.Бадиков, аудармашы А.Арцишевский бәріміз Андриасянның саяжайына жиналып, күні бойы мәтінмен жұмыс істедік. Андриасян әр сөйлемді асықпай оқып отырады да, әрбір сөйлемдегі басты ой қандай және қай сөзге екпін түсіре алуы керек? Міне, дәл осындай әдіспен пьесаның аяғына дейін талдап шықтық. Талдай отырып, пьесаның артық-кем тұстарын редакцияладық: жөндеу, артық сөздерді алып тастау, актердің айтуына ауыр тиетін қиын сөздерді мағынасын сақтай отырып, басқа сөзбен алмастыру, әрбір көріністің өз мақсатын анықтай түсу, композициялық тұтастықты сақтау үшін эпизодтардың орнын алмастыру, әрбір репликадағы басты сөзді актер үшін астын сызып көрсету, т.б.
Үшеуміз үш жақтап пікір айтып, режиссер, әрине болашақ спектакльдің «қожайыны» ретінде өз пікірін қорғап, қызыл кеңірдек боп айтысып жүріп болашақ спектакльдің сұлбасын жасап бітіп, ортақ бір пікірге тоқтаған соң барып «уһ» деп, Андриасян армян шашлығын қақтауға кірісіп еді.
Премьера зор табыспен өтті.
Репетиция барысында қызық оқиға болды. Әуелгіде Андриасян мені репетицияға жиі-жиі шақырып тұрамын деп «қорқытқан» еді. Жарайды, уақыт тауып келіп тұрармын» деп уәде бергенмін. Театрда репетицияның басталып кеткенін білемін. Андриасяннан хабар жоқ. Жарты ай өтті, бір ай өтті, екі ай өтті – ол болса құдыққа құлап кеткендей үнсіз жатыр. Телефон соға қалсам: «келесі аптада», «ертең», «бүрсүгіні» деп сырдаңдатып жүріп, ақыры мені үлкен көркемдік кеңеске тапсыру кезеңіне бір-ақ шақырды. Ертесіне премьера. Мен жатып кеп ашуландым. «Мұның не? Репетицияға үзбей шақырып тұрамын деп «қорқытқаның» қайда?» Менің наразылығымды ұзақ уақыт үндемей тыңдап болған соң оның айтқан сөзі: «Дулат, кешір, шынымды айтсам, мен тірі авторларды онша ұната бермеймін. Олар жұмысқа кедергі жасайды» дегені. «Ә-ә, солай ма? Тірі автордың саған керегі жоқ екен ғой. Сен өз театрыңдағы бүкіл репертуарды Шекспирден бастап баяғыда қайтыс болған авторлардан құрайтының сондықтан екен ғой».
Премьераның сәтті өтуі өкпе-реніштің бәрін жуып-шайып кеткендей болды. Әсіресе, фонограммамен берілетін Сталиннің Булгаковпен телефон арқылы айтқан сөздерін Андриасянның оқуында өте әсерлі шығып еді. Дәл Сталиннің өзі сөйлеп тұрғандай естілген болатын.
Ал 2006 жылдың 1 шілдесінде Санкт-Петербургтің Малышицкий театрындағы қойылған спектакльде Сталин сахнаға шыққан жоқ, тек сөйлеген кезде сахнаның оң жақ биігінен үлкен терезеден Сталин бейнесіндегі актер көрініп, Булгаковпен сөйлесіп отырады.
Бүкіл Қазақстандағы қазақ-орыс театрымен салыстырғанда үш жүз жылдық тарихы бар орыс театры емес пе, репетицияға кіріспес бұрын олар телефон арқылы мәтіндік сын-ескертпелерін жіпке тізіп, бірнеше сұрақтары мен өз ұсыныстарын айтып еді. Мен олардың әрбір ұсынысына жауап бердім. Ақыр соңында театрдың көркемдік жетекшісі В.Малышицкий телефон соғып, қарлығыңқы дауыспен: «Дулат, егер мүмкіндігің болса Петербургке дәл премьера болатын күні емес, 4-5 күн бұрынырақ келсең игі болар еді. Қойылым бойынша сын-ескертпелеріңнің болмай қоюы мүмкін емес. Сол сын-ескертпелеріңді жөндеу үшін бізге уақыт керек. Ерте келгенің үшін қонақүйдің ақшасын біз-ақ төлейік» деген ұсыныс айтты.
Әйелім, екі немерем – Мерей мен Әлкейді алып, Санкт-Петербургке маусым айының 27-сі күні келіп жеттік.
Репетицияға қатыстым.
Олар менің ескертулерімді қолдарынан келгенше жөндеп бақты.
Бір пьеса, үш театр. Үшеуінің қойылымы үш бөлек.
Малышицкийдің спектаклі құрылымы жағынан – жабық финал, яғни, барлық кейіпкерлердің тағдыры белгілі. Қойылымның финалы – режиссерлық ұшқыр ізденісінің жемісі деп айтар едім. Қойылым оқиғасы біткен соң, Булгаков айналмалы сатымен жоғары өрлей береді. Ол жасаған кейіпкерлердің бәрі – театрдың бүкіл әртістері қолдарын жайып, Булгаковты аспанға шығарып салып тұр. «Жер үстіндегі кінәлі тіршіліктен шаршадың, Булгаков. Біз саған ризамыз. Бәрімізді өмірге сен әкелдің. Енді Аспаныңа барып демал!» деп қоштасып тұр. Булгаков сатының ең биігіне көтеріліп, төменгі жаққа күлімсіреп бір қарайды да, кейіпкерлерімен үнсіз қоштасып, жоқ боп кетеді. Мұндай көрініс мен жазған пьесада жоқ. Бірақ пьесаның рухына сай Булгаковтың аспанға шығып, мәңгілікке аттануы Малышицкийдің режиссерлық батыл шешімі еді.
Кейбір көрермендердің көздеріне жас алып отырғанын көріп, мен де толқып кеттім.
Қойылым біткен соң белгілі жазушы Юрий Рытхэу театр ұжымын, әсіресе, Малышицкийдің батыл да тапқыр режиссурасын аспанға шығара мақтай келіп, өкпе-назын да жайып салды.
− Мен сіздердің театрларыңызбен көрші тұрамын. Бірақ бір де бір премьераларыңызға шақырған жоқсыздар. Жақында ғана досым Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» пьесасын қойдыңыздар. Оған да шақырмадыңыздар. Мен бүгінгі спектакльге Ақтөбе қаласында демалып жатқан Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шақыруымен келіп отырмын. Ол айтты, сенің үйіңнің іргесіндегі театрда Дулат Исабековтің пьесасының премьерасы болады. Даниил Гранинге телефон соқсам, ол дачасына кетіп қалыпты. Өзің білесің, оның дачасы қаладан 140 шақырым. Тым болмаса сен бар, көріп шыққан соң пікіріңді айтарсың» деген соң келіп отырмын. Дулаттың прозасын білсем де, пьесасын білмейді екенмін. Аспанда жүрген Булгаков өзі жайлы алыстағы қазақ жазушысының пьеса жазғанына, ол пьесаны сіздердің сахналағандарыңызға риза боп, күлімсіреп қарап тұрған шығар. Сол үшін сіздерге рахмет! – деп шын жүректен толқи сөйлеп еді.
Сонымен, Сталиннің репрессиясынан аман өткен орыстың ұлы жазушы-драматургы қызғаныштың репрессиясынан аман қалмады. Сталиннің оған деген «мейірімін» түсіне алмай, әрі оны Нобель сыйлығына ұсынып қалуы мүмкін деген шетел мамандарының аузынан шыққан алып-қашпа пікір оның шығармашылығын тұншықтыруға тырысқан топтың іс-әрекетін күшейте түсті. Газеттерде Булгаковқа қарсы мақалалар басылып, бір кездері «Булгаков пьесаларының бесігі» атанған Мәскеудің академиялық драма театры сол көре алмаушылықтың салдарынан «Булгаков пьесаларының моласына» (Булгаковтың сөзі) айналып шыға келді. Жастайынан жабысқан бас ауруы (мигрень) бірте-бірте күшейіп, оның арты жүйке ауруына ұласып, Абай айтқандай, «мыңмен жалғыз алысып», көрінбейтін жауларын жеңе алмай, 1940 жылы небәрі 49 жасында қайтыс болды. Оның шығармалары соңынан әр- түрлі пікірлерді шұбыртып, әлі күнге дейін өмір сүріп келеді. Ресей кітап палатасының 2017 жылғы мәліметі бойынша, реалист жазушылардың арасынан Булгаков шығармалары оқырмандары мен көрермендерінің молдығы жөнінен Э.М.Ремарк бастаған ондыққа енеді екен. Булгаков феномені деген осы.
Кейбір замандастарының естелігі бойынша, Булгаков өзі айтып жүргендей соншалықты мұқтаждықта өмір сүрмеген көрінеді. Ол баршылықта өмір сүріпті. Ол өзінің әйелдерімен қоса басқа да әйелдерге қымбат сыйлықтар жасап тұрған. Жазушының кешкі асы қара уылдырықтан, әртүрлі экзотикалық жемістерден, лосось балығынан тұратын. Оның үй қызметшісі де болды, әйеліне ылғи да арнайы шаштараз, маникюр жасаушы қызметкерлер келіп тұрды. Соған қарамастан, ең таңғаларлығы сол, үкіметке хаттар жазу жағынан ол «чемпион» болатын. Сталинге, басқа да үкімет мүшелеріне жазған хаттары аз емес. Оның тілек-талаптары ылғи да қанағаттандырылып келді. Соның өтіліміне, үкімет жағы одан «жаңа өмірдің жарқын көрінісін жырлайтын, октябрьдің 20 жылдығына орай ұтымды шығарма жазуын» сұрайтын. Өмір бойы үлкен пәтерді армандап өткен Булгаков өзінің табиғатына сай келмейтін: «Үлкен пәтер үшін МХАТ-қа ғана емес, сайтанға да сатылуға дайынмын» деген сөздерінің хатқа түсіп қалғаны бар.
Бәлкім, өмір бойы кең де жайлы пәтерді армандап келген Булгаков бұл сөздерді ызалы сарказммен айтса айтқан болар. «Адамды тұрмыс билейді» деп К.Маркс айтқандай, тұрмыс ауыртпалығы меңдеген шағында ет пен сүйектен тұратын пенде атаулының ашу-ызасы ақыл-ойын ауыздықтауға шамасы жетпей қалатын сәттері де болатын шығар.
«Мольерді» жазған Булгаковтың өзі де орыс драматугиясында Мольердей өшпес із қалдырды.
Дулат Исабеков, жазушы