1992 жыл, тамыздың 19-ы. Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданына қарасты КСРО-ның 50 жылдығы атындағы кеңшардың Қосбармақ жайлауы. Әдетте қойын құрттап, көжесін ұрттап оңаша отыратын малшы ауыл бүгін абыр-сабыр. Жапандағы жайлауға тәуелсіздігін жариялағанына жыл толмаған жас мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келе жатыр!
Сол күндер – әр сәті тарихи оқиғаларға толы ерекше кезең екен-ау! Тура бір жыл бұрын – 1991 жылдың 19 тамызында әлемнің алтыдан бірін алып жатқан алып мемлекетте алапат төңкеріс бола жаздаған. Іле-шала «ұлттар түрмесі» ыдырап, тәуелсіздік шеруі басталды. 16 желтоқсанда, Алматыдағы Жаңа алаңда Ұлы мәртебелі тәуелсіздік жарияланып, осы жолда құрбан болған барша боздақтың аруағына бағышталып аят оқылғанда, алаңдағы мың сан жұрт жауып тұрған жауынға қарамастан тізерлеп отырып бет сипаған! Сол топтың ішінде екінші курстың студенті біз де бар едік...
Иә, сол күндердің оқиғасы таудан құлаған тасқындай тез өткен екен. Қазақстан Республикасы 1992 жылы 30 қаңтарда Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ), 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ), ал 22 мамырда ЮНЕСКО-ға мүше болып қабылданды. Сыртқы саясаттан бөлек, елдің өз ішіндегі аса маңызды құбылыстар да қатар жүрді. 1992 жылы 4 маусымда Парламент Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Туын, Елтаңбасын, Әнұранын бекітті. 6 шілдеде Жоғарғы Кеңес қаулысына орай Орал облысы – Батыс Қазақстан облысы болып, Целиноград облысы – Ақмола облысы болып, Шымкент облысы – Оңтүстік Қазақстан облысы болып, Целиноград қаласы – Ақмола қаласы болып өзгертілді.
Алда 19 шілде...
«Бұл – тайпақтықтар үшін мәңгі есте қалар күн. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тайпақ төрінде. Жалғыз емес, қасына бауырлас екі елдің басшылары – Татарстан Республикасының Президенті Минтимер Шаймиев пен Башқұртстан Республикасының Жоғарғы Кеңес Төрағасы Мұртаза Рахимовты ерте келді. Үш Президент мінген тікұшақ сол кездегі Тайпақ ауданы, КСРО-ның 50 жылдығы атындағы кеңшардың кең даласында орын тепкен аға шопан Айсағалиевтердің қонысына келіп қонды...» деп жазды кейін тайпақтық ардагер журналист, бүгінде өмірден өткен Амангелді Мақымов ағамыз.
Бір қызығы, Орал қаласында бас қосқан бауырлас үш халықтың басшысы облыс орталығынан 300 шақырымдай жапандағы жайлауға бірер сағатқа неге барды екен?! Ас ішіп, бас ұстау мақсат болмас. Түбі бір түркі халықтарының сыйластығын көрсететін, қазақы қонақжайлықты танытқан бір сәт еді бұл...
– Сол күндері бүкіл Тайпақ дүрлікті. Мәртебелі меймандарды тiкұшақтан қарсы алған топтың ішінде мен де болдым, – деп еске алады белгілі ақын, сол кездері Базартөбе кеңшарының тракторшысы болған Сағынтай Бисенғалиев.
«...Далада жиналған қыруар халықпен Нұрсұлтан Әбішұлы етене амандасып, қарттардың қолын ұстап, жастардың сәлемін қабыл алды. Жағалай тігілген киіз үйді аралады. Аға шопанның жайлаудағы үйіне әдейі бас сұғып, шопанмен ауызба-ауыз сөйлесіп, жай-күйін, тұрмыс-тіршілігін, шаруа жайын сұрап, тұрмысын көзбен көрді. Аға шопанды келер жарқын күнге сендірді.
Бұдан соң арнайы тігілген ақшаңқан киіз үйге кіріп, қазақы дәстүрмен бас ұстап, ет жеп, шай ішті. Дастарқан басында ақсақалдармен, аудан басшыларымен, еңбек адамдарымен әңгіме-дүкен құрды. Бір сағатқа созылған отырыс кезінде елдің қазіргі жағдайы, Орал облысының экономикасы, Тайпақ ауданының хал-ахуалы кеңінен сөз болды. Елбасы алда өтпелі кезең тұрғанын, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз керектігін, Алла бұйыртса Қазақстан түбі озық елдер сапына қосылатынын, тәуелсіздік жемісін көретін күн де алыс емес екенін айтты. Дастарқан басында ауыл ақсақалы Науқан Баяхов Елбасына бата берді. Бас-аяғы екі-үш сағатқа созылған кездесуден соң тайпақтықтар Елбасымен қимай қоштасты», деп жазады Амангелді Мақымов.
Қоштасарда сол жердегі халық үш Президентті ортаға алып, суретке түсіпті. Ел-жұрттың шексіз пейілі президенттерді құшағына қатты қысып, қусырып жіберіпті: Елбасы бешпентін тастап, жеңін түріп алса, Мұртаза Рахимов қаумалаған көпшіліктің арасынан бір иығымен әрең көрініп тұр...
Осы суретке қарап тұрып Елбасының төрткүл дүниедегі түркі жұртын түгендеп жүретін сарабдал саясаты сол кезден-ақ басталған екен-ау деп ойға қаласыз...
«19 тамызда Батыс Қазақстан облысына ресми жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Орал қаласында Башқұртстан Республикасының Жоғарғы Кеңес Төрағасы М.Рахимовпен және Татарстан Республикасының Президенті М.Шаймиевпен кездесіп, екіжақты пайдалы әріптестік пен өзара көмек жолдары туралы пікір алмасты. Тараптар достық қарым-қатынасты дамытып, ортақ экономикалық кеңістікті сақтау, интеграциялық үрдістерді жеделдету жайлы Н.Назарбаевтың ұсынысын қолдады. Сондай-ақ мәдениет пен өнер, білім мен ақпарат, ғылым мен техника саласында тікелей әріптестікті қолдап отыруға уағдаласты» деп жазып жатты ақпарат агенттіктері бұл күн туралы...
* * *
Қосбармақтағы сол бір кездесуден бері ширек ғасырдан артық уақыт өтіпті. Тоқсаныншы жылдардың қиындығы, Елбасының сол кезде айтқан «өтпелі кезеңі» де көрген түстей қазір.
Әрине, жоғалтқанымыз да жоқ емес. Тайпақ ауданы тарағалы байтақ жайлаудағы мыңғырған мал азайып, жапан даладағы малшы қоныстары жойылып кетті. Үш Президент бас қосқан Қосбармақтың жұртын да бүгінде арам шөп басқан. Әдемі белгі орнатып, әдейі барып тұрар тарихи орынға айналдырса, әттең! – дейсің.
Дегенмен, сол кездесудің бір жәдігері сақталып қалыпты! Оны сақтаған – өлке тарихы десе жанын беретін азамат, Жаңақала аудандық музейін қолымен құрған Аманжол Сәлімов ағамыз.
– «Үш мемлекет басшысы түсетін киіз үйдің сәулетін барынша асырғымыз келді. Көп нәрсенің көзі таусыла бастаған, жоқшылық кез ғой. «Президенттерге арнап тігілген он екі қанат ақ орданың төрі жұпынылау болып тұр» дегенді құлағы шалған бір келіншек «біздің үйде қолдан тоқылған кілем бар» депті. Ол келіншек – сол жерге аспаз ретінде тамақ пісіруге алып барған Қарауылтөбе ауылының тұрғыны Мәншүк Хасанова екен. Сөйтіп тез арада кілем әкелініп, ақ орданың төріне ілінді, – деп еске алады сол кезде Базартөбе кеңшары жастар комитетінің жетекшісі болып қызмет ететін Аманжол ағамыз.
Бір қызығы, бұл кілемнің өз тарихы бар екен. Қарауылтөбе ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Жәмпеш Хасановтың бір қарындасы соғыстан кейінгі қиын уақытта Өзбекстанға ұзатылған. Біраз жылдан кейін қыздың соңынан іздеп барған төркін жұртына ферғаналық өзбек құдасы осы кілемді сыйға тартыпты.
Мына қызықты қараңыз: қолдан тоқылған сол бір тықыр кілемде үш жолбарыс бейнеленген екен! Нақ ортада айбатты аң – желкесі күжірейген тарғыл жолбарыс шөнжігін аузына тістеген күйі абайлап алға басып келеді. «Ұрпағымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайтсем қатарға қосамын» деген салмақты да салтанатты көзқарас. Ал оның екі жағында шағындау денелі, түр-түсі де сәл қоңырқай қос жас жолбарыс жербауырлай жайғасқан екен. Арнайы тоқылғандай дерсің!
...Кілемде кестеленген сырлы суретті Татарстан Республикасының Президенті Минтимер Шаймиев бірден аңғарыпты деседі. Жасыл жайлаудағы ақшаңқан үйдің табалдырығын аттасымен-ақ кілемді нұсқап:
– Нұреке, ортада тұрған – Сіз де, екі жағыңыздағы – Мұртаза екеуміз ғой, – деген Минтимер Шәріпұлының тапқыр сөзіне отырғандар мәз бола күліпті.
– Осы кілемді кейін көп іздедім. «Қанша сұрасаңыз да берейін, сатыңыз маған!» деп Мәншүк апайға бірнеше мәрте бардым. Ақыры апайды көндіріп, ақысына таңдаған ең қымбат кілемін алып беріп, тарихи жәдігерді қолыма түсірдім, – дейді өлке тарихына өмірін арнаған Аманжол ағамыз.
P.S. Үш Президенттің Қосбармақ жайлауындағы кездесуіне куә болған тарихи кілем бүгінде Аманжол Сәлімовтің жеке коллекциясында. Ағамыз өзі үшін өте қымбат жәдігерді құрт түсіп бүлінбеуі үшін ара-тұра төріне жайып қояды екен. Орайы келгенде музей экспозициясына шығарып, ел-жұртқа да таныстырып жүр. Тарих деген осы-ау.