• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2010

АРДАГЕРЛЕР РИЗАШЫЛЫҒЫ

897 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының атына соғыс және еңбек ардагерлері, Астанада тұратын Василий Булгаковтан, Виктор Лариннен, Николай Солониктен және Фаина Ұябековадан хат келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.Хат авторлары барлық соғыс және еңбек ардагерлері атынан бейбітшілік пен келісімді сақтау, республиканың барлық азамат­та­ры­­ның әл-ауқатын арттыру жө­нін­де саясат жүргізіп отырғаны,  ар­да­герлер туралы үздіксіз қам­қор­лығы  үшін Қазақстан Прези­дентіне ризашылықтарын білдірген. “Біз Сіздің “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қа­зақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жол­дауы­ңызбен зор алғыс сезімінде танысып шықтық. Бұл ретте бүкіл әлем бастан ке­шіп отырған экономикалық қиын­дықтарға қарамастан, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы аталып өтетін жылда Сіз бізге қолдау көрсетудің нақты мүмкіндігін тапқаныңызды айрық­ша атап өткіміз келеді. Біз Балтық бойы және Грузия елдерінде соғыс қаһармандарының ескерткіштері қалай қиратылып жатқаны туралы репортаждарды алаңдаушылықпен және жүрегіміз ауыра отырып көреміз, ал біздің өз еліміздегі оларға деген мұқият көзқарасты қуанышпен және мақтанышпен бақылап отырамыз. Сіз жүргізіп отырған саясаттың арқасында біздің қоғамда аға ұрпаққа, әсіресе, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, біздің жеріміздегі бейбітшілікті маңдай терімен және қанымен қорғап қалғандарға деген құрмет көзқарасы қалыптасты”, – делінген хатта. ҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕЛЕНБЕЙ, МӘСЕЛЕ ШЕШІЛМЕЙДІ Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. “Бұдан былай “Нұр Отан” ХДП қоғамдық қабылдау бөлімдерінің жұмысын ширатып, халықтан түскен өтініш-арыздардың мемлекеттік органдар тарапынан қаралуын қатаң бақылауға алатын боламыз. Бұл ретте барлық тетіктер іске қосылуы тиіс”. Кеше партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қоғамдық қабылдау жұмысының өткен жылғы нәтижесі сараланған жиында осылай деді. Оның сөзіне қарағанда, халықты толғандырған мәселелердің басын қайыру бағы­тында іс-шаралар қарқынын арт­ты­рып, түйткілді тұстар­ды шешудің тиімді жүйесін құру қажет. Бұл ретте қазіргі таңда Астана және Алматы қалалық, 16 облыстық қоғамдық қабылдау бөлімі, сондай-ақ, 25 аудандық және қалалық құры­лым­дардың жұмысы жүйеленді­рілуде. Бұған тұрғындар тарапынан түскен өтініш-шағымдардың еселен­гендігі де қозғау болған сыңайлы. Өткен жыл­дың қорытындысы да осыны бай­қатса керек. Мәселен, 2009 жылы елі­міз бойынша халық­тан 68 мың өтініш келіп түскен екен. Бұл көрсеткіш 2008 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық көрінеді. Ал олардың басым бөлігін әлеуметтік мәселелер құрайды. Н.Нығматулин билік партиясы қоғамдық қабылдау бөлімдерінің қызметін жандандыру мақсатында жаңа тәсілдер енгізілгендігінен де хабардар етті. Осыған орай, орталық аппараттың қоғамдық қабылдауында “Нұр Отан” ХДП фракциясы мүшелері – Парламент Мәжілісінің депутаттары ел тұрғындарын тұрақты қабылдап қана қоймай, ендігі кезекте мұндай жауапкершілік мемлекеттік орган, банк және өзге мекеме өкіл­деріне жүктелмек. “Мұның пайдалы тұстары бар”, деді Н.Нығматулин. Сондай-ақ, партия Төрағасының бірінші орынбасары партияның қо­ғамдық қабылдау бөлмесінен мемле­кеттік органдар бөлмесіне дейінгі ара­лықта шешімін таппай қаң­тарыл­ған мәселелер жетіп артылатынын, сон­­дықтан бұл жәйтке үнсіздік та­нытпау керектігін де атап өтті. Бұл мә­селеден тү­сінгеніміз – ол партия­ның қоғам­дық қабылдауынан төбесіне “шешілуі тиіс” деп “белгі соғылып”, мемлекет­тік органдарға жөнелтілетін өтініш-шағымдар шоғырына өз мерзімінде, я болмаса мүлдем жауап қайтарыл­май­ды. Олардың арасында кейбір мемле­кеттік мекеме қызметкерлерінің нақ­ты бір мәселеге жауап беруге кел­ген­де жалтаратындары да кез­деседі екен. “Мемлекеттік орган­дардың жұмысы­на наразылықпен үн қатқан өтініштер 6 пайызды құ­райды. Бұл 4 мың 80 өті­ніш дегенді білдіреді”, деді Н.Нығматулин. Осылай дей келе, ол өз сөзін нақты мысалдармен дәйектеп берді. Оның айтуынша, өткен жылы партияның Орталық аппаратынан Ішкі істер министрлігінің қарауына 111 өтініш жіберілген. Алайда, тек 90 өтінішке жауап қайтарылған. Ал қалған 21 азаматтың талап-тілегі мен өтініш-арызы ескерілмей, қағаз жүзінде қалған. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау және Денсаулық сақ­тау министрлігінде де осындай жағ­дай орын алған. Мәселен, олар­дың алғашқысына жіберілген 172 өті­ніштің тек 147-сі, ал екінші ми­нистр­лік­ке жөнелтілген 82 өтініштің 69-ы шешімін тапқан екен. Азаматтар өтініштерін дер кезін­де қарау мен оны шешудің тиімді­лігін арттыруды мейлінше сөз етуге ты­­рысқан партия Төрағасының бі­рінші орынбасары қоғамдық қабыл­дауға көмек сұрап келген азаматтар саны­ның күн санап арта түскен­дігіне де тоқталып өтті. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен партия арасында кері байланыс орнатуға, тұрғындар өтіні­шін қарау жүйесіне талдау жасауға баса назар аударды. Жиын жұмысына қатысқан Пре­зидент Әкімшілігі, Премьер-Ми­нистр Кеңсесі барлық министр­лік­тер мен құрылымдардың жауапты хат­­шылары және партияның аймақ­тық филиал­дарындағы қоғамдық қабыл­дау бөлімдерінің жетекшілері де аталған мәселе төңірегінде өз ойларын білді­ріп, оның шешілуіне мүдделі екен­дік­терін жеткізді. БІЛІКТІЛІКТЕРІН АРТТЫРДЫ Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы Президентінің жанын­дағы Мемлекеттік басқару академиясы Премьер-Министрі Кеңсесінің Ба­қылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімімен бірлесіп “Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемле­кет­тік органдарында жүргізі­ле­тін іс қағаздарын біріз­дендіру” атты семинар-кеңес өткізді. Оның жұмысына Пре­зидент Әкімшілігінің, Пар­­­ламент Сенаты мен Мә­­жі­лісінің, Тіл комитеті­нің және  барлық ми­нистр­­лік­тер мен агент­тік­тердің атал­ған іске жауап­ты өкіл­дері қатысты. Семинар-кеңесте мем­лекеттік тілде жүр­гізілетін іс қағаздарын бі­різден­ді­рудің прак­тикалық жолда­ры ай­қындалды. Орталық мем­лекеттік органдар мен олардың құрылымдық бө­лімшелеріндегі мемле­кет­тік тілді енгізуге жауапты қыз­метшілердің аталған істегі біліктілігі артты­ры­лып, оларға іс жүргізуде қа­жетті жазылым ереже­лері мен стандартталған орфографиялық бірізділік нормалары ұсынылды. Н.ТӨЛЕНБЕРГЕНОВА, Мемлекеттік басқару академиясы Қазақ тілі кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы. ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІС  ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағандыда “Парасат” ұлттық ғылыми-техникалық холдингінің тұ­саукесері өтті. Онда облыс әкімі Се­рік Ахметов Елбасының Жол­дау­ын­да еліміздің тұрақты дамуын эконо­ми­каны жеделдете әртарап­тан­ды­ру арқылы қамтамасыз етуге бола­тын­дығы атап көр­се­ті­луі­не сәйкес өңірде бірқатар маңызды жобаларды іске асыру басталған­ды­ғына тоқта­лып, бұл ретте ішкі тұ­тынуға да, экспортқа да бағдар­лан­ған түпкілікті өнім өндірі­сіне баса көңіл бөлініп отыр­ғандығын ортаға салды. Осы орайда ең алдымен ин­жинирингтік бизнесті дамытуда, ірі кәсіпорын­дар­дың ғылыми-зерттеу орталық­тары­мен тығыз байланыс орнық­ты­ру­да “Парасат” ұлттық ғы­лыми-тех­ни­калық холдингі ал­дында үлкен мін­деттер тұрған­ды­ғына назар аударылды. Сөз кезегінде аталған холдинг­тің төрағасы Нұралы Бектұрғанов баяндағандай, оның құрамына 9 ғылыми ұйым, Ғылым қоры, Ғы­лы­ми-техникалық, Ұлттық ақпарат­тандыру ор­талықтары қамтылған. Бұлар зерт­теу жұмыстарынан бастап нәти­жесін өндіріске енгізуге дейінгі біртұтас жүйені құрайды. Соның ішінде метан газын кәдеге жарату, Алайғыр кен орнын­да тазартылған қорғасын өндірісін ұйымдастыру, Теміртауда сукөмір отынын дайындау және қолдану кешенін құру, домналық үрдісті талдау мен басқаруға арналған компьютерлік бағдарлама, сирек кездесетін металдарды алудың жо­ғары технологиялық әзірлемелерін  жасау, шалғай орналасқан елді мекендерде жер асты суларын алу мен барлау, техногендік жер сіл­кінісін болжау, телекоммуни­ка­ция­лық инфрақұрылымды жетілдіру сияқты жобалардың аймақ үшін экономикалық-әлеуметтік маңызы зор. Оларды кезең-кезеңімен іске асыруға мемлекеттік қолдау көрсе­тіл­уі облысты дамытудың жаңа белесіне көтерілуіне жол ашады. Осы жобалар туралы  “Жер, ме­тал­лургия және байытудың ғылыми орталығы” АҚ президенті Ербо­лат Тас­танов, ЕурАзЭҚ-тың Орталық Қа­зақстандағы өкілдігінің басшысы Ер­лан Досмағамбетов, Қазақ ақ­па­раттық коммуникациялар акаде­мия­сының облыстық филиалының директоры Шахмаран Сейілов ой бөлісті. Облыстық әкімдік пен “Пара­сат” ұлттық ғылыми-техникалық холдингі­нің арасында ұсынылған жобаларды бірлесе қаржыландыру және іске асыруда ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қой­ыл­ды. Ол бой­ынша жаңа техноло­гия­ларды өндіріске енгізу бағдар­ла­масын орындау,  әкімдік тапсыр­ма­сымен консалтингтік, марке­тинг­тік, сарапшылық қызметтер көрсету, мамандарды оқыту, білік­тілігін арттыру көзделеді.Аталған жобаларды атқару ел экономи­ка­сы­ның үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық дамуына облыстың сү­белі үлес қосуына мүмкіндік береді. Қарағанды. ЖАСТАР ДЕПУТАТТАРМЕН КЕЗДЕСТІ Сатыбалды СӘУІРБАЙ. “Нұр Отан” ХДП, “Жас Отан” жастар қанаты  мен  “Жас саясат­шы­­лар” мектебінің түлектері облыс­тық мәслихат депутат­тары­мен кездесіп, сайлау техноло­гия­лары  жайлы  әңгімелесті және ақпараттар алды. Облыстық сайлау комиссия­сымен бірігіп ұйымдасты­рыл­ған шараға жастар мәслиха­ты­ның мүшелері, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты. Бұл шараның мақсаты  – жас­тарды сайлау үдерістерімен таныс­тыру, оларды демократиялық үр­діс­тер­ді  қалыптастыруға  ба­ғыт­тау.  Кездесуге  қатысқан  об­лыстық мәслихаттың депутаттары  Дми­трий Дольматенко, Құдай­берген Бекенов жастарды қоғам­дық өмірге еркін араласуға, сайлау кезінде бел­сен­ділік көрсетуге шақырды, олардың сауалдарына жауап берді. 16-ға толған бір топ жасқа жаңа үлгідегі жеке куәлік тапсырылды. Ақтөбе облысы