• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Желтоқсан, 2018

Зеренді ауданында энергияның тиімділігін арттыру мәселесі талқыланды

615 рет
көрсетілді

Зеренді аудандық әкімдігінде білім саласындағы бу қазандықтарын сенімді басқаруға беру және «Zeren boilers» атты ұзақ жанатын қазандықтардың технологиясын қолдану мәселесі бойынша семинар-кеңес өткізілді.

Семинар-кеңес барысында облыста энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша шаралар жүргізіліп жатқандығы атап айтылды.

– Энергия үнемдеу мен энергияның тиімділігін арттыру, тарифтерді азайту, коммуналдық бу қазандықтарында жағылатын отынды үнемдеуге ұмтылудамыз. Биыл Есіл қаласы мен Шаңтөбе кентінде бу қазандықтары іске қосылды. Бұл жобалар және бірқатар энергия, жылу, сумен қамтамасыз ету және су тарату нысандары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Биыл Көкшетау қаласындағы жылу электр орталығын жобалау және оның құрылысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі келісім-шартына қол қойылды. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде ұсынылған технологиялардың жобаларын енгізу шаралары жүзеге асырылуда. Дегенмен, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғыртудағы шаралар әлі де жеткіліксіз,–деді облыс әкімінің орынбасары Василий Крылов.

Семинарда білім ошақтары басшыларын шаруашылық жұмысынан босату мәселесі де қадап айтылды. Мұндай тәжірибе баршылық. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов білім саласындағы бу қазандықтардың бүгінгі жағдайы жөнінде хабарлама жасады. Облыстағы қала мен аудандардың білім бөлімінде 555 мектеп пен 137 балабақша жұмыс істейді. Олардың 173-і орталық жылумен, 519-ы автономдық, оның ішінде 469 мектеп пен 50 балабақша автономдық жылу жүйесімен қамтамасыз етілген. Өткен жылы Целиноград ауданында 11 қазандықты сыртқа шығарды. Үш мектепте бу қазандықтары жаңартылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Отаутүскен ауылында блок-модульдік бу қазандығы орнатылды. Бүгінгі таңда «Орталық жылу тарату компаниясы» серіктестігінің сенімді басқаруына Зеренді, Бұланды, Целиноград және Шортанды аудандарының 193 әлеуметтік нысаны берілді. Аталмыш серіктестіктің сенімді басқаруының артықшылығы үрдістің цифрландыруында болып отыр. Компания бу қазандығы жұмысының параметрлерін бақылау бойынша бірыңғай диспетчерлік бекет құрады. Бу қазандықтарын басқару кешені автоматтандырылған. Целиноград ауданы бойынша өткен жылғы жылу беру маусымында 3 мың тонна көмір үнемделді. Ол жөнінде Целиноград аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Жаңабергенов пен «Орталық жылу тарату компаниясы» серіктестігінің директоры Мәлік Жауков айтып берді. Бұдан кейін семинар-кеңеске қатысушылар «STEV-4» cеріктестінде болып, «Zeren boilers» атты ұзақ жанатын қазандықтың тұсаукесеріне қатысты. Серіктестік директоры Анатолий Столяренконың айтуынша, бұл қазандықдың пайдалы әсер коэффициенті жоғары. Сондай-ақ, мұнда кез-келген отын жағылады. Қазандықтың отын жағу жұмысы үш деңгейде жүргізіледі.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы