• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Желтоқсан, 2018

Ақтөбеліктер Тәуелсіздік күнін атап өтті

555 рет
көрсетілді

Ақтөбеде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған «Тәуелсіз елдің шаттығы» атты салтанатты шара өтті. Оған ардагерлер, қоғам, үкіметтік емес ұйымдардың, партиялар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Аталмыш шараға жиналған жұртшылықты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады.

«Тәуелсіздік күні – еліміздің ең басты мерекесі. Біз, аға ұрпақ, тәуелсіздік қарсаңында еліміздің экономикасының, сыртқы байланыстарының қандай жағдайда болғанын жақсы білеміз. Осындай қиын кезеңдерде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев секілді нағыз көшбасшы керек болды. Осынша қысқа мерзім ішінде Елбасының дана басшылығымен Қазақстан тиімді жұмыс жасайтын экономикалық жүйені құрды, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енді және дамыған 30 елдің қатарында болуға ұмтылуда. Ең бастысы - біздің елімізде әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алатын тұрақтылық пен ұлтаралық келісім бар», деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы облыстың 72 тұрғынына мемлекеттік марапаттарды салтанатты түрде табыс етті.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында 20 қарашада басталған Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шаралар 17 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл күндері облыс бойынша 250 мыңға жуық адамды қамтитын 400-ден астам ауқымды мәдени-көпшілік және әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өтеді.

Сондай - ақ осы кезеңде облыс бойынша 32 жаңа өндірістік және әлеуметтік нысандар – бес көпқабатты тұрғын үй, елді мекендерді газбен және сумен жабдықтайтын төрт нысан, оңалту орталығы, үш медициналық пункт, бес балабақша, екі мектеп және т. б. ашылады.

Ақтөбеде Батыс өңірдегі алғашқы заманауи ақпараттық технологияларды тереңдетіп оқытатын мектеп-лицейдің ашылу салтанаты өтті. Инновациялық оқу орнына қоғам және саяси қайраткер, Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың есімі берілді. 900 орындық IT-мектеп-лицейінің құрылысына, абаттандыруы мен жабдықтауға шамамен 1,6 млрд.теңге жұмсалды. 1-7-ші сынып оқушылары ақпараттық технологиялар негіздерін зерттейтін болады, ал 7-ші сыныптан бастап оқу бағдарламасына бағдарламалау тілдерінің арнайы курстары, робот техникасы мен 3D-принтингті тереңдетіп оқыту енгізіледі.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»