Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Тәуелсіздік күні қарсаңында еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсыруға арналған рәсімге қатысты.
Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының ілтипатына ие болған және еліміздің дамуына ерекше еңбек сіңірген азаматтарға ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күнінің қарсаңында мемлекеттік наградалар тапсыру игі дәстүрге айналғанын атап өтті.
Сондай-ақ ол елімізде ауқымды жаңғыру үдерістері жүргізіліп жатқанын, оның аясында әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылуға бағытталған «Қазақстан-2050» Стратегиясы іске асырылып, Ұлт жоспары, Үшінші жаңғыру және Президенттің әлеуметтік бес бастамасы қабылданғанын тілге тиек етті.
– Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында және «Ұлы даланың жеті қыры» тұжырымдамалық мақаласында дамуымыздың жаңа басымдықтарын айқындап берді. Осының барлығы зор жауапкершілік пен жаңа міндеттер жүктейді, − деді Мемлекеттік хатшы.
Мемлекетке және қоғамға сіңірген еңбегі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне қосқан елеулі үлесі үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Қызылорда облысынан келген «Рза» АҚ президенті С.Ж.Имандосовқа, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Ө.Озғанбаевқа, ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені Қауіпсіздік Кеңесінің бөлім меңгерушісі Б.Ж.Құрманбаевқа, «Парасат» ордені «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Д.Қ.Қыдырәліге, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры А.Е.Әбілқасымоваға, Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі М.Е.Дәуешовке, Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі К.А.Дмитриевичке, Президенттің Баспасөз хатшысы А.Ы.Үкібайға, Алматы облысы Балқаш ауданындағы «Бірлік» Агрофирмасы» ЖШС президенті Ә.Ө.Қыстаубаевқа, Президенттің Баспасөз хатшысының орынбасары Б.Ж.Омаровқа, Еуразиялық даму банкінің Бішкектегі өкілдігінің директоры С.Д.Пірімбетовке, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті − Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Ә.М.Рахымжановқа, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары И.Т.Салжановқа, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының директоры Д.С.Тасқаринаға, көркем гимнастикадан Шымкент қалалық олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ә.М.Юсуповаға берілді.
Ал ІІ дәрежелі «Достық» ордені Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Т.Д.Теменовке берілсе, «Құрмет» ордені «Казморттрансфлот» компаниясының қаржылық директоры А.Ү.Аққайсиеваға, Президенттің көмекшісі Е.К.Жамаубаевқа, Түркістан облысының клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Н.А.Жарқынбековаға, композитор М.Д.Ілиясовқа, Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің директоры Г.Қ.Қасымоваға, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Р.Кенжеханұлына, Мәдениет және спорт вице-министрі А.Р.Райымқұловаға, Мемлекеттік күзет қызметі Президент оркестрі ән және эстрада ансамблінің жетекші солисі К.М.Төленбаеваға берілді.
ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен «Б.Нұржанов атындағы «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС машинисі Ж.С.Баубеков, Ақмола облысындағы «Викторовское» ЖШС механизаторы О.В.Уфимцев марапатталса, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы Астана қаласындағы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының опералық труппасының жетекші солисі М.Ж.Байнешке, Астана қаласындағы Жастар театрының актері Д.С.Серғазинге, Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жастар театрының әртісі Л.З.Серіковаға берілді.
Соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова рәсімге қатысушыларды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, отбасылық бақ-береке және еңбекте табыс тіледі.
Еркежан АЙТҚАЗЫ, «Егемен Қазақстан»