Иген Хасенұлы 1942 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған, жазушы, драматург, аудармашы. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясында аға ғылыми редактор, редакция меңгерушісі, Бас редактордың бірінші орынбасары, «Атамұра» корпорациясында энциклопедиялық басылымдар редакциясының меңгерушісі және корпорация президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Иген Хасенұлы 1942 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған, жазушы, драматург, аудармашы. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясында аға ғылыми редактор, редакция меңгерушісі, Бас редактордың бірінші орынбасары, «Атамұра» корпорациясында энциклопедиялық басылымдар редакциясының меңгерушісі және корпорация президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
… Бала күнi сияқты… Ортада дөңгелек үстел… Асатаяғын тiзесiне сүйей салған Атасы отыр. Ақ көйлек-дамбалды. Үндемейдi. «Кешегi тапсырмасын сұрайын деп келген екен», деп ойлайды. Жүрегi тамағына тығылып, iшiнен тез-тез қайталай бастайды.
– Кәпiрмiсiң? Мұсылманбысың?
– Әлхәмдiллә, мұсылманмын.
– Мұсылмандығыңа менiң шәгiм бар?
– Сiздiң шәгiңiз болса, менiң шаһидiм бар.
– Шәһидiң не дүр?
– Әшһадан ләйлаха, иллалла, әшһадана мұхамәдүн әбдүһү расулалла.
«Неге сұрайсыз, бәрiн жатқа бiлем» дегiсi келедi. Атасында үн жоқ. Түсi бiрте-бiрте суып бара жатқан сияқты. Сәлден кейiн, «мына үстелге жақында» дегендей ишара жасайды. «Атам неге ренжiп отыр екен». Сол жүрегi дүрсiлдеген бойы үстелдiң шетiне жақындайды.
– Қанипаның тезегiн неге ұрладың?
– … Ата! Бiз оны, әшейiн… – деп түсiндiрмек болады. Тамағы құрғап, демi бiтiп қалған. Үнi шығар емес.
Сөйткенше, Атасы ғайып болады.
– Ата! Ата! Мен оны… – дейдi ышқына. Үнi шығар емес. Ыңырсыған өз даусынан оянып, сiлейген бойы жата бердi.
– Апыр-ай, бұл не болғаны? Қырық жылдан берi түсiме бiр кiрмеп едi. Ой, тоба. «Қанипаның тезегiн неге ұрладың?» «Ұрладың…» «Ұрладың…»
Бейшара… Екi ұлы, оған қоса күйеуi әскерден оралмаған. Үй-үйдi аралап, «Ақыжаным-ау», «Рақыжаным-ау» деп боздағаннан басқа еш кінәсі жоқ болатын. Кейiн «Жынды қатын» атанып кеттi. Елдiң айтуы – мал-жан, қора қопсысын сатып, Алматыдағы жалғыз ұлының қолына барады. Ұлдың қолында екi жыл тұрып, елге қайтып оралады. «Мұның не? Өлсең сол жалғыздың қолында өлмейсiң бе?» дегендерге тiс жарып ештеме айтпапты.
Сол жолы…
Полуторканың көлеңкесiнде отырған екеудiң әңгiмесi жарасқан. Таспен бастырып қойған «Правданың» үстiнде қатқан бес-алты бауырсақ, бiр-екi құрт. Бұйра шаш, бұғы мойындысы:
– Қайдағыны қайдан тапқансың? Көзге тамызатын пәлеңдi әкет әрмен, – деп сайман салған қобдидан әлеумен күрешкенi әкелдi де, «Мәскәускийдiң» тең жарымынан астамын бiр-ақ құйды. – Ал, рақмет саған емес, сенiң балаңа. Мейрiманның баласымен бiрге мал кезегiне шықпаса, бiзге қайдан… Дабай… Құртақандай рөмкесiн ұсына берген жұқалтаң сарыға қарамастан бұғы мойын бұйрабас әлеумен күрешкенi бiр-ақ төңкерген. Жұқалтаң қолын созған бойы сәл ауа қармап, ернiн тигiздi де, «Правданың» үстiне қайта қойды.
– Жо-жоқ, – деп гүж еттi анау. – Ас иесiмен тәттi. Дабай, ал!
Иә… Бөлтiрiк екеуi бiр жартыны орталап тастағанда Қанипа кемпiрдiң өзi келдi. Түсiнiксiз бiрдемелердi сыдырта айтып барып, «Рақыжаным-ау», «Ақыжаным-ау» деп боздағаны есiнде. Содан, сап-сау адамға ұқсап: «Ана көлтабанда екi үйме тезек тұр. Қарағым Сатыш, мен сенi танып отырмын. Соны түсiрiп ал. Сәкiжаныма хабар айт, менi алып кетсiн. Қанипа атым қалып, «жынды қатын» атанбай тұрғанда алып кетсiн. Қу жалғызға ауыртпалығымды түсiрмейiн-ақ деп едiм. Мына бiр науқас жабысты. Баласы тұрғанда қаңғып өлдi дейдi ғой жұрт» дегенi есiнде.
– Апа, ала берейiк пе? – деп Бөлтiрiк қуана сұраған.
– Ала бер, қалқам. Ала бер. Алты қанат ақ ордадан да бiр бұрау алмай кеткендердi мына шешең көзiмен көрген. Ала бер, шырағым, – деп тағы да зарына басып кете барғаны тап кешегiдей көз алдына оралды.
Ашылып қалған кеудесi мұздағанын ендi байқады. Көрпенiң тер сiңген жиегi тастай екен. Қымтана бердi де, денесi тiтiркенiп, қайта сырып тастады. «Ата», «Ата» деп күбiрлеген бойы, оң жамбасына аунап түстi. «Ата, Ата, садағаң кетейiн Атажаным». «Қанипаның тезегiн неге ұрладың» дегеннен басқа айтарың болмағаны ма? Әлде, Қанипа кемпiрдiң тезегi сылтауың ба? Ренжулiсiң ғой, Ата?Ұрпағыңа ренжимiсiң әлде?»
Сатыш сол жатқаннан мол жатты.
– Бiрдеңе көрiндi ме, байғұс-ау. Балалар жол жүргелi отырғанда, мұнысы не? – деген Бәтiштiң сөзiне де елең еткен жоқ. Шешесiнiң бала кезiнде айтқан әңгiмесi есiне қайта оралды. «…Атаң бiр күнi зiкiр салып, ауырсын. Атаң ауырғанда бiзде жан қала ма. Тамақтан ауырды деуге, қисын жоқ. Мал сауатын шелектiң өзiн бөлек ұстап, бетiне ақ дәке керемiз. Дәретсiз кiрмеймiз, тамақ iстегенде де сол, таза жүремiз. Атаң ауырғанда жалғыз бiз емес, бүкiл ауыл дүрлiгедi. Қойшы, үш күн нәр татпай, зiкiр салған адамда қандай қуат қалады. Әбден қарлығып, ысылдаған секiлдi ме. Бiз сырттан тыңдағанымыз болмаса, үйге кiру деген жоқ. Көкеңнiң (Сатыш әкесiн «көке» дейтiн) өзі де ондай кезде кіре алмайды. Сәл саябырлады-ау дегенде, сыртқа алып шығып, дәретiн алғызады. Тыныстар-тыныстамастан қайтадан ақырып, зiкiр сала бастайды. Жан шүберекке түйiлдi. Көкең менен не тамақ бергенiмдi түгел сұрап шықты. Сырттан келген дәм, бөтен ет деген болған емес. Бұрынғы iшiп отырған тамағы. Тамақ дегенде, жөндi тамағы да жоқ. Тиiп-қашып, қорек алғаны болмаса, қомағайланып тамақ жегенiн көрген емеспiн.
Құдыққа бiрдеңе түстi ме, деп оны да аршыды. Өлi топырағына дейiн төктiрiп, амалдары таусылды. Тамақ таза, су таза. Көкең шай iшiп отырғанда: «Атам қалжырап барады, ана пәле қайта айналып соғып жүрмесе» деп уайымдай бастасын. Онысы, Атаң жалғыз жол жүрiп келе жатып, от жағып отырған ана пәлелерге тап болады. Содан ақырып, қамшының астына алғанда, әлгi пәлелер мiнiп келе жатқан биесiнiң астына тығылып, биенi көтерiп кетiптi. Сол пәлелер, «сексенге келiп, селкiлдегенiңде бiр соғармыз», «тоқсанға келiп торыққаныңда бiр соғармыз» деп ғайып болыпты. Көкеңнiң сол пәлелер ерте келiп қалған жоқ па екен деген қорқынышы да бар едi. Ол кезде Атаң алпыстың о жақ, бұ жағында болатын.
Көкең кенет «үйдi жық» десiн. «Ойбай-ау келгенiмiзге…» дей берiп едiм. «Атамның үйiн айтып отырмын. Басқа бiр тазалау жерге тiгемiз. Ескi жұрт, әлде қорым ба, бiрдеңе болды. Әйтпесе, неден?» – дедi. Үйдi жығып, басқа жерге тiктiк. Содан не дейсiң ғой? Атаңның астына үш қабат құрақ көрпе төсейтiнбiз. Сол құрақ көрпенiң астынан, шүберекке түйген ақша шықсын. Ой тоба, үш-төрт күн бұрын, Атаңа емделуге бiр бейбақ келген болатын. Ол жағында менiң шаруам жоқ. Емделуге келгендер Атаңның ештеңе алмайтынын онсыз да бiлетiн. Дәретi болуын Көкең ескертетiн. Сөйтсек, Атаңды ауыртып жүрген жаңағы көрпешесiнiң астындағы шүберекке түйiлген ақша екен.
– Апа, сонда Атам ешкiмнен ештеңе алған жоқ па? – деп Сатыш сенбейтiн.
– Алды, – дейтiн Апасы.
Сатыш «солай шығар», деп жеңiске жеткендей болып қалатын.
«…Бiр күнi, Атаң отырған үйдi сыпырып-сиырып тазарта бастадық. Бiр ғарыптың жолға шыққанын Көкеңе айтыпты. Ертеңiне, тура кiрешiлер секiлдi, аттылысы, түйелiсi бар, бiр топ адам сау ете қалсын. Бiр әйелдi түйеге шандып таңып тастапты. Адамның сұлуы екенiн кейiн көрдiк. Қаратау жақтағы бiр байдың келiнi екен. Түсiргенiне бiр ай болмастан науқасқа шалдығыпты.
Түйеге неге таңып әкелгенiнiң сырын кейiн естiдiк. Сап-сау сияқты болып келе жатқанда, мiнген атынан түсе салып, қаша жөнелiптi. «Мынау, Әжiнiң жұрты, баспаймын» деп шырылдап, әзер ұстатса керек.
Ондай шалықтап ауырған адамдарды Атаң бiр жетi, әрi кеткенде оншақты күннен асырмай елiне қайтаратын. Әлгi бейбақты қырық күннен аса ұстады. Байдың аты, бай емес пе, күтуге келгендердiң өзi бiр ауыл. Үйлерi тiгулi, малдары союлы. Келiншек күнде таңертең Атаңа келiп, ем алады. Ем болғанда, Атаң дұға оқиды.
Мана алды дедiм емес пе. Сол келiншек, қырық күнде арасына ақ тайлақтың жүнiн жұп-жұқа етiп тартқан, биқасап деген матадан шапан тiгiп, Атаңа сыйлады. Қолмен сырығанын көрсең, арасына шынашақ сыймайды-ау. Мiне, сол шапанды әбден тозығы жеткенше Атаң киiп жүрдi. Адам баласынан алғаны, сол жалғыз шапан». Апасы айтқан осы бiр қырық жылғы әңгiме, түндегi түстен кейiн есiне қайта оралып едi.
Түндегi түстен кейiн Сатыштың жүрегiне қадалған шаншу шай үстiнде де тарқамады. Шайды қайта-қайта ысытумен болған Бәтiш тiс жармады. Сатыштың қабағын бақты.
– Атам түсiме кiрдi, бiзге ренжулi сияқты, – деп, Сатыш лөкөтпен құртты тақ еткiздi.
– Дастарқанды… – дей берiп Бәтiш кiлт тоқтай қалды. – Бiзге ренжитiндей…
– Қайдағы-жайдағы. Баяғы замандағы шаруа.
– Не ол..?
– Қанипаның тезегiн айтады.
– Туһ. Өзi ал дептi ғой. Байғұс. Соны да…
– Алматыдағы баласы келiптi. Ас бередi дей ме? Содан болар. Түсiме Атамның кiрiп жүргенi.
– Қанипаның сүйегi қурап… – дей берiп, Бәтiш тағы да кiлт iркiле қалды. – Ол байғұстың дүниеден өткенiне 20-30 жылдай болған жоқ па?
– Шешесiнiң алдындағы парызын бiр өтейiн деп келген де. Маған да бiр ой келiп отыр.
– Атам туралы ма?
– Иә, Атам Қанипаның қарызынан құтыл дегендi қабағымен сездiрдi ғой.
– Туһ, не қылған қарыз. Мүлде айтуға тұрмайтын, болмашы нәрсенi…
– Атам, бiр ол емес, бүкiл ұрпағына ренжулi сияқты. Маған қарасы тым суық. Аруақ түбiн жын жасағанымызға қатты назалануда ма деп қорқам.
– Көкесi-ау, сонша таусылатын дәнеңе жоқ. Заман бұзылған соң, адам да бұзылды.
– Жоқ. Адам заманды бұзған. Ойпыр-ай, неткен сұмдық. Намазға тұрып, сыртқа шықсам, бiреу, алдыңғы екi аяғын тұсап қарына iлiп алып, тура жанында келе жатқан адам құсатып, бiр қойды бiздiң қора арқылы өткiзiп барады. Менi байқар емес. Әлгi күшiктi бас киiмiнен танып қалғаным, бiздiң Берiктiң былтыр мектеп бiтiрген баласы Төлек. Әй, – деп дауыстағанымша, үш аяқты матасекiлдiң үстiнде бiр бала күтiп тұр екен, екеуi тартып отырды.
– Көкесi-ау, айтып отырғаның түсiң бе? Әлде өңiң бе?
– Сен түк түсiнiп отырған жоқсың. Ана ұрлаған қойдың iзiн бiздiң қора арқылы өткiзуiн көрмеймiсiң? Бәтшағар. Бiз ұрлады деп айтуға жұрт сескенеді деп iстеп жүргенi. Өй, найсап! Не деген масқара! Соны iстеп жүрген Атамның шөбересiнен тараған ұрпақ.
– Көкесi-ау… Тағы ненi шығардың?
– Қанипаның асына, дұрыстап жолымызбен барайық. Иә. Марқұм о дүниеде риза болып жатсын.
– Дұрыстағанда…
– Тиын-тебендi айтам. Қалаға мал жетектеп қайтпас. Бiр ту қойдың пұлын берейiк. Барғанда жора-жолдасын жинап құран оқытсын. Баласы жазушы көрiнедi. Байғұс мүлде қартайып кетiптi дейдi. Иә. Далаға келгендей болмасын.
Бәтiш, отағасысының қабағы жадырай бастағанын аңғарып:
– Көмiрге деп жинаған пенсияның тиын-тебенi тұр, Көкесi-ау, өзiң бiлесiң де, – дедi.
Бұл жолғы шай ұзағырақ iшiлдi.
Қанипаның асынан Сатыш көңiлдi оралды. Баласы құр келмептi. Соғыстан хабар-ошарсыз кеткен әкесiнiң Балтық жағалауындағы бiр қаладан қабiрiн тауып, бiр уыс топырағын ала келiптi. Ал Қанипа кемпiрдiң екi ұлы Рақыжаны мен Ақыжанынан әлi күнге дерек жоқ көрiнедi. Жұрт «Кемпiркеткен» атап кеткен үлкен бөгеттiң жағасындағы бiр биiкке орнаған құлпытасты Алматыдан жасатып әкелiптi. Құлпытасқа: «Перзентi үшiн мерт болған анам – Қанипа мен әкем – Ораққа баласы Сейiлден ескерткiш» деп жазыпты. Сатыштың қатты қуанғаны Сейiл әкесiнiң аузынан түсiп қалғандай екен.
Иген ХАСЕНҰЛЫ.