• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Желтоқсан, 2018

BI Finance ипотека орталығы халыққа қызмет етеді

467 рет
көрсетілді

Жақында Астанада BI Finance ипотека орталығы ашылды. Аталған орталық несие рәсімдеуге кететін уақытты айтарлықтай қысқартпақ. Орталықтың ашылуы­на орай арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, онда BI Group құрылыс холдингі «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкімен», Сбербанкпен, Банк Центр Кредит банкі және Қазақстан ипотекалық компаниясымен ынтымақтастық және бірыңғай ипотека орталығын құру туралы меморандумға қол қойды.

Ипотека орталығы халыққа тұрғын үй несиесі бойынша барлық қызметті көрсетеді және тұрғын үй сатып алуға байланысты барлық мәселені бір жерде шешуге мүмкіндік береді. Орталық «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, құжат тапсыруда клиенттерге барлық жағдай қарастырылған. BI Group холдингінің басқарма төрағасы Амангелді Омаров:

− Клиенттердің қажеттіліктерін қа­нағаттандыруға және қазіргі заманғы технологиялармен бірге жүруге ұмты­латын компания ретінде бүгінгі таңда адам үшін ең маңызды ресурс − уақыт екенін жақсы түсінеміз.   Осы ретте, BI Group пәтер таңдаудан бастап, төлем шарттарына дейін әрбір клиентке қолайлы болатындай жағдай жасап отыр, – деді. Оның айтуынша, Астанада ипотекалық қарыз беру бүгінде 2016 жылғы деректермен салыстырсақ, 3 есе­ге өскен. 2018 жылы холдингке 10 000-ға жуық клиент жүгінген. Бұл деректерді талдап, сараптай келе компания басшылығы еліміздегі құрылыс компаниялары мен банктер алдында ипотека мәселесі бүгінгі таңда аса маңызды екенін назарға алған.

– Осылайша, клиенттерімізге ың­ғайлы болу үшін BI Finance ипотека орталығын құру туралы ортақ шешімге келдік. Осы орталықты құрудың бас­ты мақсаты − несие беру процесін жеңілдету, клиентке ыңғайлы болатындай жағдай жасау. BI Group-тан пәтер таңдағаннан кейін, клиент BI Finance қызметкерімен бірлесіп, банк немесе мемлекеттік бағдарламалардың бірінің талаптары мен оған қолайлы шарттары бар несие беру бағдарламасын таңдайды. Біздің компанияның қызметкері серіктес банктердің бірінен қарыз алудың барлық процесінде клиентке қолдау білдіреді. Орталықтың тағы бір артықшылығы – өтінімді жедел қарау және ақшаны жедел беру. Бұған қоса, өтінім беруден бастап ипотекалық несие алуға дейінгі ипотекалық қарызды ресімдеу уақытын қысқарту және оңай әрі тез шешуге мүмкіндік береді. Біздің клиентке сауал­нама толтыру және құжаттар пакетін рәсімдеу үшін банк кеңселеріне қосымша келудің қажеті жоқ. Бірінші кредиттік бюромен (БКБ) ынтымақтастықтың арқасында біз өздігімізше, клиенттердің келісімімен ЖСН бойынша БКБ деректер базасымен скоринг өткіземіз, клиенттердің бар борыштық жүктемесі, олардың кредиттік тарихы және шешім қабылдау үшін қажетті өзге де деректер бойынша ақпарат аламыз, – деді басқарма төрағасы. Оның айтуынша, жаңа орталық түрлі өлшемдердегі пәтерлер мен үйлердің сан түрін ұсы­нып қана қоймай, сервисті жақсарту мәселелерін де қамтиды. «Бұл жаңалық біздің компанияның әрбір клиентіне артық күш, бос уақыт жұмсамай, жеке тұрғын үй иесі болуға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Амангелді Омаров.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаевтың айтуын­ша, жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде клиенттің жанында болу, ол үшін процесті барынша ыңғайлы және жайлы ету аса маңызды. 

– Сондықтан BI Group компания­сының «BI Finance» ипотека орталығын құру туралы ойын қуана қолдадық. Бұл орталыққа келген қонақ пәтер таңдап қана қоймай, қолайлы несиелендіру шарттарын белгілеп, кеңес алып, менеджерлер арқылы несиеге өтінім бере алады. Бұл үшін арнайы уақыт бөліп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бөлімшесіне барудың қажеті жоқ. Мұндай жаңалықтың клиенттерімізге ұнары сөзсіз. Оның үстіне олардың арасында BI Group компаниясынан ең оңтайлы шарттармен үй сатып алған адамдар да бар. Біздің банк салымшыларға жылдық мөлшерлемесі 3,5-8,5% аралығындағы заемдар ұсынады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін барлық адам қолдана алады. Ол кез келген табыс деңгейі бар адамға үй алуға мүмкіндік береді. Ең бас­тысы алдыңа мақсат қойып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашып, оған тұрақты түрде ай сайын ақша салып отыру керек. Осы жоспармен жүріп отырған адам бірнеше жыл ішінде бас­пана иесі атана алады. Бұған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы үйлі болған 170 мың қазақстандықтың мысалы – дәлел. Олардың 35 мыңы осы жылы қоныс тойын атап өтті. Бұдан бөлек 1,2 млн салымшы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде ақша жинап жатыр. Олар жақын арада пәтерлі болуды жоспарлайды. Бұл жолда оларға BI Group ұйымының да қолдау білдіретініне сенімім мол, – деді Ж.Матаев.

Жиында сөз алған «Банк Центр­Кредит» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Ишмұратов бүгінде тұрғын үй нарығында ипотекалық кредит беру нарығының сапалық деңгейі артып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуын­ша, бұл үдеріс ипотекалық қарыздың бірқатар мемлекеттік бағдарламаның арқасында еліміздің тұрғындарының басым бөлігіне қолжетімді бола бас­тағандығымен тығыз байланысты. 

– Біз кәмелет жасына жеткен әрбір қазақстандық азаматтың өз шаңырағы болуы қажеттігін жақсы түсінеміз және қызметіміздің осы бағытына басты көңіл бөлеміз. Қазіргі сәтте ЦентрКредит Банкі ипотекалық кредит беруге байланысты өзінің бағдарламаларын да, мемлекеттік бағдарламаларды да іске асырып отыр. Әрбір өнімге деген өзіндік сұраныс бар. Біздің бағдарламаларымыздың негізгі артықшылығы әрбір клиенттің бабын тауып, өтінімдерді оперативті түрде шұғыл қарастыру болып табылады. Қарыз алушының қаржылық жағдайы жеткіліксіз болғанда, банк балама шешімдер ұсына алады. Бұрын банк Қазақстан ипотекалық компания­сымен бірге «Ипотека Нұрлы Жер» бағдарламасын сәтті іске асырған болатын, бұл бағдарламаның барлық кезеңі ішінде ЦентрКредит Банкі сатылымдар көлемі бойынша көшбасшы болды. Айта кететін тағы бір жайт – қазір Банк танымал мемлекеттік «7-20-25» бағдарламасын іске асырып жатыр. Пайыздық мөлшерлеме төмен, бастапқы жарна қолжетімді және қарызды өтеу мерзімі ұзақ болғандықтан, көптеген қазақстандықтар өздерінің бас­пана мәселелерін шешу үшін осы бағдарламаны қарастырады. Қазіргі сәтте ЦентрКредит Банкі осы бағдарламаны іске асырушы қазақстандық екінші деңгейлі банктер арасында сөзсіз көшбасшы атануда. Біз BI Group ипотекалық орталығының ашылғанын қолдаймыз және осы жаңа құрылымның еліміздегі тұрғын үй мәселелерін шешуге оң ықпал ететініне сенеміз. Біздің арамызда бұрыннан серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан, сондықтан BI Group тобымен ынтымақтастығымыз келешекте де берік әрі жемісті болатынына сенеміз, – деді Т.Ишмұратов.

Жиында «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы «ИҰ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мәжит Жүсіпов осыдан 1 жарым ай бұрын халыққа жаңа «Орда» ипотекалық бағдарламасы таныстырылғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл жобаға мемлекет тарапынан қаражат тартылмаған. Нарыққа бейімделіп жасалған ипотекалық бағдарлама табысы тұрақты әрі жеткілікті қазақстандықтарға арналған. 

– BI Group бізге компанияның клиенттеріне өз ипотекасын ұсы­нуға мүмкіндік береді. «Орда» бағдар­ламасының шарттары қарыз сомасы және кірістерді растау, бастапқы жарнаны ауыстыру бойынша BI Group клиенттеріне ыңғайлы болады деп есептейміз, – деді М.Жүсіпов.

Кездесу барысында холдинг пен банктер ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 2017 жылы Қазақстанда ипотекалық несие беру көлемі 355,8 млрд теңгені, ағымдағы жылдың 10 айында 410 млрд теңгені құрады. 2017 жылы BI Group-тан пәтерді ипотекамен алғандардың пайыздық көрсеткіші 5,9%, 2018 жылы – 6,8% құрады. 2019 жылы компания жоспары бойынша бұл көрсеткіш 10-15%-ға дейін артуы мүмкін. Жаңа ипотека орталығы 2018 жылдың 20 желтоқсанынан бастап Сығанақ көшесі 18/3, Viva Plaza бизнес орталығында жұмысын бастайды.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»