Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында «Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауынан туындайтын міндеттер аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұтынушылық бағаларын ырықтандыру әңгіме арқауына айналды.
Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұтынушылық бағаларының индексі 100,2 пайызды құрайтынын жеткізді. Көкөніс өнімдеріне бағаны тұрақтандыру үшін қорға 500 тонна картоп, әрқайсысы 100 тоннадан сәбіз, орамжапырақ, пияз сатып алынған. Қазір олар арзан бағамен босатылуда. Тұрақтандыру қорындағы 25 мың литр өсімдік майы нарықтық бағадан 25 пайызға арзан саудалануда. Сол сияқты қант, күріш, қарақұмық, жұмыртқа да арзан бағамен сауда орындарына жеткізілуде. Қолжетімді сауда нүктелерін барлық аудан орталықтарында ашу көзделген.
Қ. Ақсақалов аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
«Тұрақтандыру қорындағы күріштің бір келісі 213 теңге тұрады. Кәсіпкерлер оған 10 пайыз ғана үстеме қосуына болады. Алайда, жүргізілген мониторингке қарағанда, күріш Аққайың ауданында 280 теңгеден саудалануда. Сол сияқты Мамлют ауданында қант, Шал ақын ауданында өсімдік майы қымбаттаған. Бұл әкімдіктер тарапынан бағаны ырықтандыруға тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді», дей келіп, Құмар Іргебайұлы әкімдіктің аппаратының басшысына әр аудан бойынша азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жүргізуді, кінәлі тұлғаларға жаза қолдануды міндеттеді. Бағаны ырықтандыру мәселесіне жұртшылық өкілдерін, депутаттарды, «Нұр Отан» партиясының мүшелерін тарту қажеттігі атап көрсетілді.
Биыл облыс орталығында заманауи қойма кешені пайдалануға берілді. Бұрын қойма болмағандықтан, көкөніс наурыздан бастап қымбаттайтын. Енді оның қоры шілде айына дейін жетеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы