• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
26 Қыркүйек, 2012

Ғарышқа ұмтылу – табысқа ұмтылу

3887 рет
көрсетілді

Ғарышқа ұмтылу – табысқа ұмтылу

Қазақстандағы енді жетіліп, дұрыс жолға түсе бастаған ғарыш қызметі еліміздің индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамуына, технологиялық революцияның жаңа толқынының туындауына, қоғамды жаңа дәуірлік өзгерістерге бейімдеуші негізгі күштердің бірі болып отырған халықты ақпараттандыру ісінің жетілуіне қомақты үлес қоса алатын маңызды салалардың бірі болып табылады. Осы саланың тарихы мен бүгінгі жағдайын, даму бағыттары мен болашақта алар орнын білмек болып Ұлттық ғарыш агенттігінің жауапты хатшысы Ерғазы НҰРҒАЛИЕВТІ әңгімеге тартқан едік.

 

Қазақстандағы енді жетіліп, дұрыс жолға түсе бастаған ғарыш қызметі еліміздің индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамуына, технологиялық революцияның жаңа толқынының туындауына, қоғамды жаңа дәуірлік өзгерістерге бейімдеуші негізгі күштердің бірі болып отырған халықты ақпараттандыру ісінің жетілуіне қомақты үлес қоса алатын маңызды салалардың бірі болып табылады. Осы саланың тарихы мен бүгінгі жағдайын, даму бағыттары мен болашақта алар орнын білмек болып Ұлттық ғарыш агенттігінің жауапты хатшысы Ерғазы НҰРҒАЛИЕВТІ әңгімеге тартқан едік.

– Ерғазы Мейірғалиұлы, Ұлттық ғарышагенттігінің тарихы жеріміздегіБайқоңыр ғарыш айлағынан бастау алдыдесек, көп қателесе қоймаспыз. Сіз осыістің басы-қасында болған адам ретіндеәңгімемізді сол кезден бас­тап таратыпайтсақ. Ең алдымен Байқоңыр ғарышайлағы туралы айта кетсеңіз. КеңесОда­ғы кезінде Байқоңыр қандай рөлатқарды? Бай­қоңырдың біздің елімізгетигізген қандай пайдасы бар? Оныңқазіргі күйі қандай? Байқоңырға қатыстыРесеймен арадағы қарым-қатынастарқалай реттеліп отырады?

– «Байқоңыр» ғарыш кешені өткен ғасырдың еншісіне жазылған адамзат баласының теңдесі жоқ жетістіктерінің бірегейі десек артық болмас. Әлемдегі ең ірі «Байқоңыр» ғарыш кешенін көпшілік – «Жердің бірінші ғарыштық айлағы» деп мойындайды.

1955 жылғы 12 ақпанда бұрынғы Кеңес Ода­ғы­ның Министрлер Кеңесі Қызылорда облысының Қазалы және Қармақшы аудандары аралығында Р-7 зымыранын (алғашқы континентаралық зымыран) сынау полигонын құру туралы №292-181 қаулы қабылдап, сол жылы жаңа полигонның – ғарыш кешенінің іргетасы қаланды.

Алғашында полигонның атауы құпиялықты сақтау мақсатында «Ташкент-90», «Қызылор­да-50», «Заря», «Тайга» нысаны деп аталса, Кеңес Одағы Қорғаныс министрлігінің 5-ші ғылыми-зерттеу-сынау полигоны кейіннен «Байқоңыр» ғарыш кешені деген атауға ие болды. Бұл жылдарда Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысының салдарынан болған қиыншылықтардан әлі де айыға қоймаған еді. Әйтсе де, ғылыми-техникалық прогресті дамыту және ел қорғанысын нығайту мақсатына жұмсал­ған күштің нәтижесінде әлемдегі ең бірінші, ең үлкен, ең қуатты ғарыш айлағы «Байқоңыр» салынды.

«Байқоңыр» ғарыш кешені бұрынғы Кеңес Ода­ғы республикалары азаматтарының, оның ішінде Қазақстанның да орасан зор еңбегінің жемісі.

Байқоңырдан 1957 жылы 4 қазанда жердің алғашқы жасанды серігі ұшырылды, 1961 жылы 12 сәуірде адамзат тарихында тұңғыш рет Юрий Алексеевич Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. Байқоңырдан Марсқа және Шол­панға алғашқы автоматтандырылған планета­аралық стансалар, «Салют», «Мир» орбиталық стан­салары, халықаралық ғарыш стансасының барлық құрылымдары әртүрлі мақсаттағы жердің жасанды серіктері ұшырылды, барлық кеңестік ғарышкерлер және шетелдік ғарышкерлердің көпшілігі ғарышқа осы Байқоңырдан аттанды.

Ұшқыш-ғарышкерлер, алғашқы қазақ ға­рышкері, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкі­ров және тәуелсіз еліміздің тұңғыш ғарышкері, «Халық Қаһарманы», Ресей батыры, Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев та үш мәрте ғарышқа осы Байқоңырдан аттанды.

Сонымен бірге, Байқоңыр КСРО мен оның одақтастарының зымыран-ядролық қалқаны болды, онда континентаралық баллистикалық зымырандар сыналып, ел тыныштығын күзетіп әскери кезекшілікте тұрды. «Байқоңыр» ғарыш айлағы жарты ғасырдан астам уақыт ішінде ғарыш ке­ңістігін игеруде көптеген жаңашыл бастамалардың бастауына айналды.

Кеңес Одағы тарап, Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін «Байқоңыр» ғарыш айлағы еліміздің меншігі болып жарияланды. Алайда сол жылдарда кеңестік ғарыш сала­сындағы кәсіпорындар түрлі тәуелсіз мемлекеттер аумағында орналасқандықтан арадағы байланыс үзіліп, «Байқоңыр» ғарыш айлағының жағдайы қиындап, болашағы бұлыңғыр күндер туды.

Дегенмен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың көреген саясатының арқасында мемлекет­аралық келісімге қол жеткізіп, Байқоңырды сақтап қана қоймай, оны әрі қарай дамыту мүмкіндігіне ие болдық.

1994 жылғы 28 наурызда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Бай­қоңыр» ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағи­далары мен шарттары туралы мемлекетаралық келісімге қол қойылып, «Байқоңыр» кешені Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы шарт бойынша Ресей Федерациясына жалға берілді. Аталған шарт бойынша Ресей Федерациясы «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін еліміздің бюджетіне жылына 115 млн. АҚШ долларын төлейді.

Сонымен қатар, бүгінгі күні Ресей Федерациясы ғарыштық, мақсаттық, халықаралық, коммер­циялық бағдарламалар шеңберінде «Байқоңыр» кешенінің пайдаланылатын нысандарын: старттық, техникалық, құрастыру-сынау жайларын, ғарыш жанармайы кешендерін және т.б. жетілдіру жұ­мыстарын жүргізіп отыр. Сонымен бірге, біз стра­тегиялық әріптесіміз Ресеймен бірлесіп Бай­қоңырда «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенін құру жұмыстарын жүргізуге де келіскен едік. Демек, «Байқоңыр» ғарыш айлағының адамзат баласы үшін де, еліміз үшін де пайдасы зор.

«Байқоңыр» ғарыш айлағы бүгінгі күні достық пен ынтымақтастықтың нышанына айналды. Бай­қоңыр барлық кластағы «Союз», «Зенит», «Протон», «Днепр» ғарыштық зымырандардың нақты старттық алаңы болып табылады, әлемде зымы­рантасығыштарды ұшыру саны бойынша және коммерциялық ғарыш аппараттарын ұшыру саны бойынша бірінші орынды иеленді.

Қазіргі уақытта Байқоңырдағы құқықтық қа­ты­настар 40-тан астам халықаралық шарттармен реттелген. Сонымен қатар, «Байқоңыр» кешенін пай­да­ланудан туындайтын мәселелер Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Ресей Федерациясы арасын­да­ғы ын­тымақтастық жөніндегі үкіметаралық комис­сия­ның «Байқоңыр» кешені бойынша кіші комис­сия­сының отырыстарында қарастырылып отырады.

– Әлем бойынша алғанда ғарыш саласын дамытудың қазіргі жағдайықалай? Бұл іспен қандай елдер шұғылданады? Олардың қандай қызықты,тиімді бағдарламалары бар? Ғарыш саласындағы бәсекелестік қалай өрісалуда?

– Қазіргі таңда ғарыш қызметі байланыс, геология, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қор­ғау, қорғаныс және қауіпсіздік сияқты түрлі салаларда қажет болатын және мемлекеттік маңызы бар міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Дүние жүзіндегі ғарыш қызметі, оның ғылыми-өндірістік базасы жаһандық экономиканы дамытудың әмбе­бап заңдылықтары мен үрдістеріне бағынатын, табиғи қызмет атқаратын сала болып қалыптасты.

Өмірдің өзі ғарыштық құралдарды кеңінен пайдаланбай жаһандық проблемаларды шешу мүмкін емес екендігін дәлелдеді. Әлемдік тәжірибе жоғары технологиялық индустрияның негіздерін құрудың тиімді жолдарының бірі ғарыш қызметін дамыту, елдің ғарыштық бағдарламасын іске асыру және ғарыш технологияларын өнеркәсіптік өн­діріс­ке енгізу болып табылатынын көрсетті. Сон­дықтан да адамзаттың ғарышты зерттеуі, игеруі өте маңызды.

Дүние жүзінің жетекші елдерінің экономикасында ғылымды қажетсінетін, ресурстарды сақ­тай­тын технологиялар мен өндірістер рөлін арттыру үрдісі байқалып отыр. Біздің еліміздің де ілгері дамуы үшін ғарыш саласының стратегиялық мәні аса жоғары.

Әлемдегі ғарыш державаларының қатарына Ресей, АҚШ, Франция, Украина, Қытай, Үндістан, Жапония, және Израиль сияқты елдер кіреді. Бұл елдер әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамас­тан, ғарыштық бағдарламаларды одан әрі дамы­туға қыруар қаражат бөліп, өздерінің ғарыш саласындағы елеулі орнын иеленуде. Яғни, бұл ғарыш саласына жұмсалатын қаражаттың бірнеше есе артық қайтарымы болатынын дәлелдесе керек.

Олай болса, біз де еліміздің индустриялық-инновациялық даму стратегиясының жүзеге асуына, ғарыш индустриясы кластерінің құрылуы мен дамуына, маңызды жобалардың іске асуына және әлемдік ғылыми-техникалық кеңістікке енуге жол ашатын толыққанды отандық ғарыш саласын жасауымыз қажет.

Осы мақсатты көздей отырып, «Қазғарыш» агенттігі шетелдермен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Нәтиже­сін­де, ғарыш саласын игеру аясында көптеген меморандумдар мен келіссөздерге қол қойылды. Бүгінгі таңда ғарыш қызметі саласындағы стартегиялық әріп­тестермен (Ресей, Франция) және ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы әлемдік көшбасшылармен халық­ара­лық ынтымақтастықты орнатып, дамуды жолға қой­дық. Бұл елімізге ғарыш саласын құру мен ғарыш ғылымындағы жетістіктерді, экономиканы дамыту мүддесіндегі техника мен технологияларды пайдалану бойынша міндеттерді барынша тез және тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Кейінгі жылдары ғарышты бейбіт мақсатта зерттеп, пайдалану жөнінде 4 үкіметаралық және 8 салааралық келісімдерге қол жеткіздік. Бүгінде осы мемлекеттермен тығыз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Былтырғы жылдың өзінде Ресей Федерациясымен, Біріккен Араб Әмірліктерінің перспек­ти­валық ғылым және технология институтымен, Сауд Арабиясы Корольдігі Әбдел Әзиз атындағы Ғылыми-техникалық қалашығымен, Жапония мем­лекетімен ынтымақтастық жөніндегі келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Осы бағыт­та­ғы жұмыс одан әрі қарқынды дами бермек.

– Елімізде ұлттық ғарыш агенттігі қашан құрылды? Оған қандайміндеттер жүктелді және ол міндеттер бүгінгі күні қалай жүзегеасырылуда? Алдағы уақытта елімізде ғарыш саласын одан әрідамытудың нақты қандай жос­парлары бар. Ол жоспарларды жүзегеасыруға кедергі болып отырған жәйттер бар ма?

– Ұлттық ғарыш агент­тігі Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың 2007 жыл­ғы 27 наурыз­да­ғы Жарлы­ғымен құрылды. Бұл Қазақ­станның ғарыш саласын дамы­тудағы жаңа кезеңді белгілеп берді. Қазіргі таңда, «Қазға­рыш» Елбасы мен Үкі­меттің жан-жақты қолдауының арқа­сын­да осы саланы сапалы құ­рып, жоғары технологиялы секторды қалыптастыруға бағыт­талған жобаларды дәйек­ті іске асырып отыр.

Ғарыш қызметінің страте­гия­лық бағыттары Қазақстан Республикасын үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық да­мы­тудың мемлекеттік бағдар­ла­масына енгізілген. Онда ға­рыш саласына қатысты елдің Индустрияландыру картасына енген төрт ірі жобаны іске асыру көз­делген. Олар: «KazSat» байланыс және ақпарат тарату жүйе­сін құру; Жерді қашық­тық­тан зонд­таудың ғарыштық жүйе­сін құру; «Байқоңыр» ға­рыш ай­лағында «Бәйтерек» ғарыш-зымы­ран кешенін құру; Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру.

Бүгінгі таңда осы ауқымды әрі маңызды жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мәсе­лен, былтырғы жылдың шіл­де айында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылған «KazSat-2» ғарыш аппаратын Қазақстан тарапы 2011 жылдың 25 қарашасында толық пайдалануға қабылдап алды. Бүгінгі таңда отандық спутник қалыпты жағдайда өз мақсатына сай жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта 8 ірі қазақстандық оператор өз жұмысын Kazsat-2 спутнигі арқылы іске асырып отыр. Сондай-ақ, 2014 жылы «KazSat-3» жер серігін ұшыру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта «KazSat-4» жер сері­гін де жасаудың уақыты келіп қалар, өйткені бұл үл­гідегі кешеннің тиімді әрі сапалы жұмыс атқа­руы үшін орбитада кемінде 3 жер серігінің болуы қажет.

Ал, «Бәйте­рек» ғарыш-зымыран кешенін құру Қазақ­с­танның ұлттық мүддесі үшін стратегиялық маңызы бар дүние. Экологиялық жағынан таза «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін салу – үлкен болашағы бар жоба. Бұл жоба арқылы нақты жетістіктерге қол жеткізуге бола­ды. Мәселен аталмыш жоба көнерген нысандарды жаңарту арқы­лы «Байқоңыр» ғарыш айлағын сақтап қалу, «Бай­қо­ңыр» ғарыш айлағын біртін­деп Қазақстанға өткізу­ді қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелерді шешуге тікелей ықпал етеді, Қазақстанның эколо­гиялық пробле­ма­ларын еңсеруге үлкен көмегін тиігізеді. Сонымен қатар, «Бәйтерек» жобасы Қа­зақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағына нақты енуін және әлемдік коммерциялық ұшыру рыногына кіру мүмкіндігін, зымырантасығыштарды әзір­леу және ұшырудың технологиялық операцияларына тікелей қатысуын қамтамасыз етеді.

Өкінішке қарай, «Бәйтерек» ғарышзымыран ке­шенін құру мәселесі жобалық кезеңнен аспай тұр. Жобаның басты проблемасы оны одан әрі қаржыландыру мәселесінде болып отыр. Соңғы рет Ресей тарапы ұсынған техникалық-экономи­ка­лық негіздеме бойынша жобаның құны жеті есеге өсіп, 1 млрд. 640 млн. АҚШ долларын құрады. Сон­дай-ақ бұл кешен ұшуға тиіс «Ангара» зымы­рантасығышының негізгі сипаты жасалынбай, оны ұшыратын қондырғыны құру және пайдалануға беру мерзімі де нақты анықталып белгіленбей отыр. Бұған қоса, бұл жобаны іске асыруда барлық шығындарды Қазақстан жағына арту мәселесі туындап отыр. Өйткені, Ресей тарапы жобаны бір­лесіп қаржылан­дыруға қаржы тапшылығынан бара алмайтыны мәлім болды. Бұл мәселе бірнеше рет «Қазғарыш» пен «Роскосмос» деңгейін­де талқыға салынды. Қазіргі таңда қа­лып­тасып отырған жағдайға сәйкес, Қа­зақс­тан мен Ресей арасында жоғары дең­гейде саяси шешімдер қабылдау қажеттігі туындауда. Әрине, бұл жерде ел мүддесі басты назарда тұруы тиіс.

Сонымен қатар, 2013 жылы қабілеті орта Жерді қашықтықтан зондтау аппаратын, 2014 жылы қабілеті жоғары Жерді қашықтықтан зондтау аппаратын іске қосу жоспарланып отыр. Бұлар да жо­ғары технологияның барлық жетістіктерінің алғы шебінде жүрген шетелдік компаниялардың пәр­менімен жасалуда.

Бұл жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін ғарыш қызметінің ғылыми және ғылыми-техно­ло­гиялық базасын дамытудың ма­ңы­зы зор. Біз осы межелі мін­деттерді уақытылы әрі тиімді жү­зеге асыру арқылы отандық ғарыш қызметінде оң нәтиже­лер­ге қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз.

– Қазіргі күні отандық ғарыш саласының инфрақұрылымдары жетілдірілу үстінде. Бұл қандай инфрақұрылымдар және оларға қандай міндеттер жүктеліп отыр?

– Ең алдымен, Есілдің сол жағалауында құрылысы қарқын алып жатқан ірі нысан жөнінде айтып өткен жөн. Осыдан екі жыл бұрын, 2010 жылы 3 шілдеде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Франция Үкіметі өкілдерінің қатысуымен Қа­зақстан Республикасы Ұлттық ғарыш орталығы­ның құрылы­сы ресми түрде басталып, сол жерге естелік белгі орнатылған болатын. «Ұлттық ғарыш орталығы» мега-жобасының шеңберінде ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені, ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-техноло­гиялық бюросы, Жерді қашықтықтан зондтау ға­рыш жүйесінің жерүсті сегменттері, жоғары дәл­дікті навигация жүйелері, Қазғарыштың әкімшілік ғимараты, басқа да әлеуметтік нысандар сияқты ғарыш инфра­құрылымының нысандары бой көтереді.

Осы жобаны іске асыруда стратегиялық әріптес ретінде 2009 жылы ғарыш саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – француз компаниясы EADS Astrium таңдалды. Сондай-ақ, осы компания ғарыш аппараттарын, пайдалы жүктеме бөлшекте­рін және ғарыш техникасының элементтерін жинау және сынау үшін жоғары технологиялық кә­сіпорын – ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру жобасын іске асыруға қатысады.

Жалпы, Қазақстан мен Францияның ғарыш саласындағы стратегиялық әріптестігі Елбасының 2008 жылғы маусымдағы Францияға сапарынан бас­тау алды. Ғарыш аппараттарын құрастыру-сы­нау кешенін жалпы жобалау келісім-шарты «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ-пен «EADS-Astrium» жетекші француз ком­паниясының арасында 2009 жылы маусымда Ле Буржеде өткен Халықаралық авиағарыш салонында жасалды. Франция президентінің Қазақстанға 2009 жылғы қазан айындағы мемлекеттік сапары кезінде 24 құжатқа қол қойылса, соның төртеуі ғарыш қызметі саласына қатысты болды. Қазақ­стан Республикасы мен Француз Республика­сының арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақ­саттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ын­тымақтастық туралы келісім Қазғарыш пен Франция Ұлттық ғарыштық зерттеулер орталығының арасындағы негізгі құжат болып табылады.

Сонымен қатар, отандық ғарыш саласы ин­фрақұрылымдарының қатарында Алматы қаласын­дағы Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығын ерекше атап көрсетуге болады. Оның құрамына В.Г. Фесенков атындағы Астрофизика институты, Ионосфера институты, Ө.М. Сұл­танғазин атындағы Ғарыштық зерттеулер институты, Ғарыштық техникалар мен технологиялар институты сияқты төрт ғылыми-зерттеу институттары кіреді.

Ақмола облысы Ақкөл қаласында отандық байланыс және хабар тарату спутниктерін жерден бас­қару кешені орналасқан. Осы жылы телеком­му­никациялық «Казсат» жер серігі жүйесінің тірлігін қамтамасыз ету сапасын көтеру үшін жасалып жатқан Алматы облысындағы ғарыш аппараттарын резервті жерүсті басқару кешені және байланыс мониторингі жүйесінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.

– Ғарыш саласын алғашқы болып игерген мемлекеттер бұл саладан көл-көсір пайда тауып отыр деп естиміз. Ол пайда қалай құра­ла­ды? Біздің жаңадан құрылып жатқан ғарыш саласынан болашақта қандай саяси және әлеу­меттік-экономикалық тиімділіктер күте аламыз?

– Әлемдiк ғарыш қызметiнiң қазіргі ахуалы мен даму келешегі оның жаһандық экономикада жеке толыққанды рынок ретінде қалыптасқанын көрсетедi.

Мәселен, 2011 жылдың қорытындысы бойынша әлемдiк ғарыш рыногының бірлесіп тапқан пайдасы­ның мөлшері 2010 жылға қарағанда 12,2 пайызға өсіп, жалпы жиыны 289,77 млрд. АҚШ долларын құрады. Осы уақыттағы ұшырулар саны 2010 жылы 74 болса, 2011 жылы 80-ге дейін өскен, сондай-ақ пайдалы жүктің саны 118-ден 127-ге дейін артты.

Әлем бойынша азаматтық және әскери ғарыш жобаларына жұмсалатын жалпы шығындар 2010 жылға қарағанда 2011 жылы 2 пайызға төмендеп, 70 млрд. АҚШ долларын құраған. Яғни бір жылдың ішінде түскен пайда шыққан шығыннан бірнеше есе асып түсіп отыр.

Ал, Қазақстан байланыс және хабар таратуға бағытталған «KazSat-2» спутнигін ұшырып, қазақ­стандық байланыс операторларының өз елінің бюджетіне пайда түсіруін қамтамасыз етіп отыр. Одан түсетін пайда мен әлеуметтік-экономикалық тиімділіктерге көп ұзамай көз жеткізетін боламыз.

Негізінен, ғарыштық даму, ғарыш сала­сы, ға­рыш­тық инфрақұрылым дегенде, біз көбі­не­се Байқоңыр­ды, ондағы зымыран-тасығыш­тарды, ға­рыш айлағын жалға алу мерзімін, одан түсетін пай­даны сөз етеміз. Ал, шын мәнінде, біз ғарыш индустриясы дамыған ел боламыз десек, ғарыш­тық ғылыми-зерттеулер, ғарыштық техника жасау жұмыстарына айрықша мән беруіміз қажет. Өске­лең ұрпақты ғылым-біліммен сусындауға көп көңіл бөліп, өз мамандарымызды тәрбиелеуге күш салуымыз керек.

– Ғарыш саласын кадрлармен қамтамасыз етудің жағдайы қалай? Бұл істе қандай елдер­дің көмегі мен тәжірибесіне сүйеніп отырсыздар? Болашақта ғарыш саласына қатысты кадрларды өз елімізде дайындаудың мүмкіндіктері бар ма?

– Әрине, экономиканың кез келген саласы үшін білікті мамандар ауадай қажет. Біздің мемлекеттің дамуында ғарыш қызметі тың сала болғандықтан, кәсіби мамандар тапшы деуге болады.

Негізінен, бүгінде біздің мемлекетіміз осы күрделі саланы игеруге талпынғандарға жан-жақ­ты жағдай жасап, қолдау көрсетуде. Мәселен, ғарыш саласындағы ма­мандарды кешенді даярлауды ұйымдастыру бойынша Қазғарыш пен Білім және ғы­лым министрлігі арасында ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы келісімге қол қойылып, Қазғарыштың ұсынысымен ғарыш саласына арнал­ған мамандарды даярлау бойынша базалық жоғары оқу орындары ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техника­лық университеті, Алматы энергетика және байланыс институты, Азаматтық авиация академиясы анықталған. Атал­мыш жоғары оқу орындарында 70-ке жуық студент мамандық алуда.

Сонымен қатар, 1996 жылдан бастап Байқоңыр қаласында орналасқан «Восход» Мәскеу авиа­циялық институтында 205 қазақстандық азамат білім алуда. Осы мақ­сатта еліміздің Білім және ғылым министр­лігі 2008 жылдан бері жыл сайын 45 оқу грантын бөліп отырады.

Сондай-ақ, авиация саласы бойынша білікті мамандар дайындау «Болашақ» бағдарламасының аясында да жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 29 стипендиат Ресей, Ирландия, Малайзия, Ұлыбри­тания, АҚШ, Германия, Нидерланды және Канада мемлекеттерінде өз білімдерін шыңдап жүр.

Ғарыш саласындағы жұмыстар күрделі қыз­мет­тердің бірі болғандықтан, жоғары білім алып келген маманның да жұмысты бірден алып кетуі мүмкін емес. Сондықтан, Қазғарыш республика­лық бағдар­ла­ма шеңберінде ғарыш саласындағы ма­мандарды қайта даярлау және олардың білік­тілігін арттыру бойынша жүйелі түрде шетелде тағылымдамадан өтуді және оқу семинарларын ұйымдастырып келеді.

Сонымен қатар, Қазғарыштың іске асырып жатқан жобаларының шеңберінде ведомстволық бағынысты ұйымдар кадрларының біліктілігін арттыру бойынша бірқатар іс-шаралар өткізуде. Мысалы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Astrium SAS» француз компаниясы арасындағы келісім-шарт аясында Францияның кәсіпорындарында жиырмадан астам қазақстандық инженер өндірістік тәжіри­беден өтіп, практикалық білім алу үшін Англияға аттанып кетті. Ал, ағымдағы жылдың наурыз айында Францияға кезекті қазақстандық инженерлер тобы жіберілді.

Ғарыш саласына қажетті білікті маман даярлау ісі еш уақытта назардан тыс қалмайтыны аса маңыз­ды мәселе. Қазғарыш бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше көңіл бөледі және жас азаматтарымыздың ғарыш мамандықтарын игеруіне қолдау көрсете бермек.

– Ғарышқа ұшатын спутниктерді дайын­даудың жайы қалай? Ол спутниктер қандай елдердің, қандай компаниялардың қатысуымен дайындалады? Спутниктерді дайындауға кеткен қаражат ақтала ма?

– Ғарыш қызметін дамытудың салалық бағдар­ла­масы және 2010-2014 жылдарға арналған Қазақ­станды индустрияландыру картасына сәйкес Ұлт­тық ғарыш агенттігі «Kazsat» спутниктік байланыс және хабар тарату жүйесін құру жобасын іске асыруда. Осы жоба шеңберінде «Kazsat-2» аппара­тының жұмысын қамтамасыз ету және «Kazsat-3» ғарыш аппаратын ұшыру, ғарыш аппараттарын ре­зервтік жерүсті басқару кешенін құру жұмыстары­ның сәтті атқарылып жатқанын айтып өтуге болады.

Былтырдан бері «KazSat-2» ғарыш аппараты іске қосылғанын айтып өттім. Қазіргі уақытта «KazSat-2» спутнигінің транспондерлерін ұсыну бойынша қызмет көрсетуге 8 ұйыммен шарт жасалды. Жалпы, шарттық міндеттемелер бойынша «KazSat-2» спутнигінің ресурсын жүктеу 43,17 пайызды құрайды.

Көлік және коммуникация министрлігі бекіткен «KazSat-2» спутнигіне қазақстандық байланыс операторларының ауысу жоспар-кестесіне сәйкес спутниктің жүктелуі жылдың соңына дейін 48,5 пайызды құрауы тиіс.

Меншікті байланыс спутниктік жүйесін құру, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қамтама­сыз ету және шетелдік байланыс спутниктері ресурстарын жалға алғаны үшін жылына шамамен 35-40 млн. доллар көлемінде жұмсалатын қаражат­ты үнемдеу мақсатында «KazSat-2» жобасын қар­жы­ландыру мемлекеттік бюджеттен жүзеге асырылады. Осы қаражат 7-8 жылдың ішінде 115 млн. АҚШ доллары көлемінде ақталып шығады деп күтілуде.

«KazSat-3» жобасы бойынша бас мердігерді таңдау бойынша екі рет конкурс жүргізіліп, нәти­жесінде «М.Ф.Решетнев атындағы Ақпараттық спутниктік жүйелер» акционерлік қоғамы бас мердігер ретінде белгіленіп, қазір жұмыстар кестеге сәйкес тиісті деңгейде жүріп жатыр.

– Өзіңіздің көңіліңізде жүрген мәселелер болса, оны да ортаға сала кетсеңіз.

– Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өткен 20 жылда саяси, экономикалық және технологиялық мүмкіндіктер болмағандықтан, ғарыш қызметімен айналысуда белсенділік таныта алмады. Кейінгі 5 жыл ішінде Елбасының қолдауымен Ұлттық ға­рыш агенттігі құрылғаннан бері қарқынды жұмыс­тарды жүргізу қолға алынуда. Әрине, ғарыштық жобалардың іске асырылуы қомақты қаржы мен ұзақ уақытты талап ететіні анық. Бірақ, бұл жобалар іске асқан кезде, басқа салалардың да дамуына сеп болып, ел экономикасына қыруар пайда әкеліп, қауіпсіздік пен қорғаныс мәселелеріне де септігін тигізері сөзсіз. Әлемдік экономиканың болжауында ғарышқа жұмсалған әр доллар 6-7 доллар өсім болып кіретіні ескеретін жәйт болар. Осы себепті әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғарыш саласын дамытуға қаржы аяп жатқан жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».