• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 21 Желтоқсан, 2018

Коммуналдық қызметтер бағасы арзандайды

372 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы қарашада өткен Қауіпсіздік кеңесінде елдегі электр, жылу, газ, сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне тарифтерді төмендету бойынша тапсырма берген болатын. Осыған орай кеше Үкіметтің баспасөз алаңында Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин БАҚ өкілдерімен кездесіп, аталған салада атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.     

Ұлттық экономика вице-министрінің айтуынша, осы жылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша жылыту тарифтері еліміздің үш өңірінде, атап айтар болсақ, Ақмола облысында – 36,8 пайызға, Солтүстік Қазақ­стан облысында – 1,1 пайыз­ға, Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында – 2,8 пайыз­ға арзандаған. Келер жыл­­дың 1 қаң­тарынан бастап қалған 14 өңір­де тарифтерді төмендету жос­­­пар­ланып отыр.

− Елімізде 2015 жылдан бастап жаңа тарифтік саясат енгізілді. Онда ұзақ мерзімді тарифтер қарастырылған. Бірақ әр жыл сайын тарифтердің құны салынған инвестиция көлемі­не байланысты өзгеріп отырады. Осы негізде келер жылға жасалған болжам бойынша инфляция деңгейінде кейбір өңірлерде 1-2, тіпті 7 пайызға дейін тариф құны қымбаттауы мүмкін еді. Берілген тапсырмаға сәйкес, субъектілердің ішкі резервін тарту және заң бұзған субъектілерге тарифтер бағасын төмендету бойынша жұмыстар жүргізілді, – деді С.Жұманғарин.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық тарифтерін төмен­дету бойынша атқарылған жұ­мыс­тардың нәтижесінде келер жылдың 1 қаңтарынан бастап жылу­мен жабдықтау тарифтері Астана қаласында 10 пайызға, Алматы қаласында 11,4 пайызға, Алматы облысында, Ақтөбе облысында, Жамбыл облысында, Батыс Қазақстан облысында, Қызылорда облысында 10 пайыз­ға, Қарағанды облысында 2,2 пайызға, Қостанай облысында 8,9 пайызға, Түркістан облысында 15,3 пайызға, Маңғыстау облысында 3,1 пайызға, Павлодар облысында 5 пайызға, Ақмола облысында 36,8 пайызға, Семей қаласында 2,8 пайызға, Өскемен қаласында 3,4 пайыз­ға, Шымкент қаласында 11,7 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысында 1,1 пайызға арзандайды. Нәтижесінде халық қаражатының үнемделуі жылумен жабдықтау қызметі үшін 6 млрд теңге шамасында болмақ. Ал сумен жабдықтау саласында да келер жылы тариф құны халыққа қолжетімді бола түспек. Су бұру және су жабдықтау бойынша биыл жыл соңында Жамбыл облысында тариф­тің айтарлықтай төмендегені анық­талып отыр. 2019 жылы бұл салалардағы бағаның арзандауы барлық өңірлерде сақталады деген болжам бар.

− Біздің елде судың тарифі салыс­тырмалы түрде аз деп айта аламыз. Мысалы, көрші Ресей, Бела­русь, Украина, Өзбек­стан сын­ды елдерде судың тари­фі ай­тар­лықтай қымбатқа түсе­ді. Біз­ден кейінгі орында Қыр­ғыз­стан тұр. Соған қара­мас­тан, бұл саладағы бағаны бақы­лау­да ұстап отырмыз, – деді С.Жұманғарин.

Межелі жоспарға сәйкес, 2019 жылы газ тарифін төмен­дету арқылы 5 млрд теңге үнем­дел­мек. Әсіресе Алматы облы­сы­­ның тұрғындары қазіргі ба­ға­­мен салыстырғанда текше метріне 5,6 теңге үнемдесе, ал­ма­­­ты­лықтар текше метріне 3,7 тең­ге үнемдейді. Қалған Ақтөбе, Жам­был, Батыс Қазақстан, Қос­танай, Маңғыстау, Түркістан облыстары және Шымкент қала­сын­да да тариф құны арзандай­ды деп күтілуде.

Ал атқарылған жұмыстар нәтижесінде келер жылы қазақ­стандықтар электр қуаты­на кете­тін шығынды 7,8 млрд тең­геге азайтады. Ал тарифтерді төмен­дету нәтижесінде жалпы халық­тың коммуналдық қызметтері үшін қаражатын үнемдеу шамамен 27,5 млрд теңгені құрайды деп жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, кеше Пар­ламент Сенатының отырысында «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасы қабылданды. Онда жоғарыда аталған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық тарифтерін төмендету бойынша белгіленген межелі міндеттер қарастырылған.

 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»