Түркістан облысы Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының қызметкерлері донор күнінде қан тапсыру дәстүрге айналдырған. Күні кеше бас дәрігер Гүлдария Шардарбекованың бастамасымен қан тапсырған 89 дәрігердің 27-сі тұрақты донор.
Аурухана қызметкерлері «Дәрігер науқасты тек дәрімен емдемей, қайырымдылық ісімен де үлгі-өнеге көрсете жүріп, көмектесуі керек» деген қағиданы берік ұстанады. «Бұрын біз донор күнін жариялап, тұрғындарды, мекеме ұжымдарын қан тапсыруға шақырып келтіре алмайтынбыз. Мұның оң шешімі – өзгелерге өнеге көрсету, деп шештік. Осы игі істі қолға алғалы бері әрекетімізді құптап, аудандық полиция қызметкерлері біз сияқты ұжым болып келіп қан тапсыруды дағдыға айналдырды. Басқа мекемелер мен ауыл тұрғындары да сұранып жүр. Жаңа жыл мерекесінен кейін тағы да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – дейді бас дәрігер.
Ең алдымен медицина мамандары бұлжымас талап бойынша қан тапсыруды ниет еткен адамнан сынама алады. Гүлдария Әділдабекқызының айтуынша, бұл донордың денсаулығын тексертуіне тиімді тәсіл. Бес бірдей қан талдауын тегін алады. Ағзадағы қанттың нормасы, холестериннің деңгейі, тағы басқа деректер сол мезетте анықталады. Екіншіден, қан берген азаматтың ағзасы жасарып, денсаулығы жақсарады. Үшіншіден, бұл қан қажет болған пациенттерге жасалған азаматтық үлкен көмек, сауапты іс. Медицина қызметкерлерінің үлгісі оң әсер етіп, бүгінде қайырымдылыққа жақын бәйдібектіктер қан тапсыру үшін амбулаториялардың дәрігерлерін жиі мазалайтын болған.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы