Статистикалық мәліметке жүгінсек, Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша, 13702 жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен мекемелердің 5725-інде (41,8%) ұжымдық шарт жасалған, ал 7977-інде (58,2%) жасалмаған. Ұжымдық шарт жасалмаған мекемлердің басым бөлігі жекеменшік иелігінде.
Бұл деректерді «Түркістан облысы және Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов брифингте мәлімдеді. Жалпы 17 салалық кәсіподақтар біріктірілген бірлестік, 2052 бастауыш ұйымындағы 217 мыңнан астам кәсіподақ мүшелерінің құқы мен мүдделерін қорғайды. Кәсіподақтардың белсенділігінің арқасында 1836 мекемеде ұжымдық шарт жасалған, бұл барлық жасалған ұжымдық шарттардың 32%-ы. Биылғы тексерулер нәтижесінде 1288 еңбек қауіпсіздігін сақтау ережелерін бұзушылық анықталған. Олардың 410-ы еңбек қауіпсіздігі жағдайын қамтамасыз етуге қатысты болса, 261-і еңбек қауіпсіздігі Ережесін және нұсқамаларын бұзған, 434-і арнайы киіммен және жеке қорғаныс киімімен қамтамасыз етпеген. Өкінішке қарай, 2018 жылы Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіпорындар мен ұйымдарда 101 өндірістік жазатайым оқиға орын алып, зардап шеккен 122 азаматтың 22-і қайтыс болған, 51-і ауыр жарақат алса, 49-ы жеңіл жарақаттанған.
Кәсіпорындардың жұмысшыларға берешегін өтеу бағытындағы жұмыстар да белсенді жүргізіліп келеді. «Шымкент қаласы бойынша жалақы қарыздарды жою жөнінде үшжақты комиссияның атқарған жұмыстарының нәтижесінде 4 мекеме (10 адам – 2,9 млн.теңге) қарыздарын жапқан, 2 мекеме банкрот (378 адам – 45 млн.теңге) деп танылған. Бүгінге 6 мекемеде 910 жұмыскердің алдында 143,4 млн. теңге жалақы қарызы қалып отыр. Ал Түркістан облысы бойынша 2 мекеме (384 адам – 30,75 млн.теңге) қарызын жауып, 2 мекемедегі 73 жұмыскердің алдында 43 млн.735 мың теңге жалақы қарызы қалып отыр», - дейді аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов. Сондай-ақ, жұмыскерлердің денсаулығын жақсарту мақсатында кәсіподақтар орталығы жанынан «Профтур» туризм орталығы 2018 жылдың тамыз айынан жұмыс істеуде. Бүгінге жалпы 15 жолдама, «Мерке», «Жаңақорған», «Манкент» және «Арман» шипажайларына берілген.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы