• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Қараша, 2012

Ойдауа

722 рет
көрсетілді

Ойдауа

Ойсыз адам мұңсыз. Мұңсыз адам суреткер бола алмайды. Жазушы дейтұғын пақырдың екінші аты суреткер. Көрген, білген, естігенді ақ қағазға сурет қылып қайта сызу кез келгеннің қолынан келе бермейтін өнер.

Өнердің түбі уайым. Уайым – пақырдың бір ғұмырлық жарық дүниедегі өлмейтін мәңгілік сыңары. Ал уайымның нақпа-нақ суреті бар ма?… Адам баласының шыр етіп жерге түскенде алғашқы іздейтіні омырау – ананың ақ сүті. Емшектен айырылу – сәбидің алғашқы мұңы. Демек, өнерге еншілеспін дейтін пенденің көкейіне алғаш қонақтайтын нәрсе – ананың ақ сүтімен кіретін қасиет. Сабақтап айтсақ, әуелі сезім, одан соң ОЙ. Сезім мен ОЙ бір емшекке таласқан аты-жөні жоқ, суреті жоқ, зердеге жүк, миға қан жүгіртетін табиғаттың адамзатқа берген азабы болса керек.

 

Ойсыз адам мұңсыз. Мұңсыз адам суреткер бола алмайды. Жазушы дейтұғын пақырдың екінші аты суреткер. Көрген, білген, естігенді ақ қағазға сурет қылып қайта сызу кез келгеннің қолынан келе бермейтін өнер.

Өнердің түбі уайым. Уайым – пақырдың бір ғұмырлық жарық дүниедегі өлмейтін мәңгілік сыңары. Ал уайымның нақпа-нақ суреті бар ма?… Адам баласының шыр етіп жерге түскенде алғашқы іздейтіні омырау – ананың ақ сүті. Емшектен айырылу – сәбидің алғашқы мұңы. Демек, өнерге еншілеспін дейтін пенденің көкейіне алғаш қонақтайтын нәрсе – ананың ақ сүтімен кіретін қасиет. Сабақтап айтсақ, әуелі сезім, одан соң ОЙ. Сезім мен ОЙ бір емшекке таласқан аты-жөні жоқ, суреті жоқ, зердеге жүк, миға қан жүгіртетін табиғаттың адамзатқа берген азабы болса керек.

«Ойдауа» – жадағайлап айтқанда: миың бос жүрмесін, күл, жыла, қинал, қиналсаң өзіңді шипала, тіпті болмаса өзіңді өзің қамшыла! Осы құбылыстан айырылсаң – жарық дүниеде жоқсың деген сөз. Жақаудың екі ұғымнан бір мағына тауып отырғаны осыдан болар. Бір-біріне қақпақыл. Өйткені,ойға ноқта жоқ, ойға шара жоқ. Шарасы болса ше?… Қалай жықсаң да әйтеуір сұрақ. Өмірдің өзі сұрақ емес пе.

Қысқасы, осындағы әр шумақ жазылмаған бір кітаптың замысылы. Ендеше қаламгер Жақаудың, өзіміздің Жақау Дәуренбековтың сансыз сұрағына оқушы да жауап іздеп көрсін… Таптым десе де өтірік емес, таппадым десе де айып жоқ. Түбі, қолына қалам ұстаған әр бейбақтың есінде жүретін тәжірибе екен. Әйтпесе сан ғасыр бұрын өмір кешкен ғұламалардың әр сөзін эпиграф қылып тоздырған жоқпыз ба?..

Оймен безбенделген өмірдің өзі сан сауал мен сан жауаптан жаратылғандай ғой. Түп-түбіне жетуі қиын әрі қызықты көрінер сауалдардың өзі пендеге қарыздай, жан себілі мол жауаптардың пендеге парыздай көрінер сиқырына не дерсің?!

Қаламы ұшқыр қаламгердің ойлары да құлашын осылай сермеп, көңілді осылай тербейді. 

Ең бастысы: Ойдың да осылай өмір сүруге хақысы бар!

Қалихан ЫСҚАҚ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

 

___________________

Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,

жазушы-публицист,

халықаралық

«Алаш» әдеби

сыйлығының

лауреаты.

 

 

Адамдар! Бастарыңды иық емес, ұят көтеріп тұрсын!

*   *   *

Сөйлемге бөтен сөз енген кезде талғам талақ болады.

*   *   *

Темірдей жұдырықтың өзі жұмсақ қолғап киіп жылынады.

*   *   *

Еркектің сабыры – сөзінде, әйелдің сабыры – көзінде.

*   *   *

Ақылды адамдар бақытты күтпейді, бақыттың алдынан шығады.

*   *   *

Аспандап сөйлегеннен гөрі, астарлап сөйлеген түсінікті.

*   *   *

Сұлулықты көре білетін – көз, ойды өре білетін – сөз.

*   *   *

Болмысыңнан бөлектене алмайсың, тіпті қартайғанда да қасиетіңе лайық кейпің болады.

*   *   *

Биік төбеге биік өре шығарады.

*   *   *

Таңғалмаймыз: бүгінде әнді дауысы бар айтпайды, ауызы бар айтады.

*   *   *

Табанын жерге тигізбей мақтаған­мен, төбесін көкке жеткізе алмайсың.

*   *   *

Жаһандану жайлағанда поэзия мен прозаның күні батып, теледидардың айы оңынан туады.

*   *   *

Драматург өз пьесасындағы әрбір рөлге дублер бола білуі керек.

*   *   *

Адам өмірден жаңалық күтеді, өзінен амандық күтеді.

*   *   *

Сұлулыққа тілің жетпейді, көзің жетеді.

*   *   *

Ұяты жоқ – ұясы жоқ құстай.

*   *   *

Сөзіңнің сабы сынса да, көңіліңнің сағы сынбасын.

*   *   *

Кәрілік: кеуде алға тартады, аяқ кейін тартады.

*   *   *

Сөз шексіздік, сөзге бәрі сыйып кетеді.

*   *   *

Өмірді түсінесің, бірақ таң қалмай өмір сүре алмайсың.

*   *   *

Іште өлетін ойларға кінәлі өзіңсің.

*   *   *

Сөзімен мақтап тұрып, көзімен даттап тұратындар да бар.

*   *   *

Толған да ортаяды, болған да қартаяды.

*   *   *

Бүгінде мақтау да нағызға айтылмайды, қарызға айтылады.

*   *   *

Бет шымшылағаннан қызармайды, ұяттан қызарады.

*   *   *

Жақсы істің ауыры мен жеңілі бол­май­ды, шаршатпайтын желігі болады.

*   *   *

Жас дәурен қиялда қалады, мас дәурен қиянда қалады, бас әурең өзіңде қалады.

*   *   *

Ақылдың азабын тарта білген,

Өмірдің де ғажабын тата біледі.

*   *   *

Әннің бесігі әуеде тербеледі.

*   *   *

Ән мен сән – әншінің бағы мен баяны.

*   *   *

Ояу кеуде – ойкөрік,

Қуыс кеуде – боркемік.

*   *   *

Оқымағанның сөзі сауалдан тұрады,

Оқығанның сөзі амалдан тұрады.

*   *   *

Өмірдің қыжылына тойғанмен,

Өмірдің қызығына тоймайсың.

*   *   *

Есейгенде ойланасың,

Қартайғанда ой бағасың.

*   *   *

Сенің қолыңдағының бәрі, тіліңнің ұшында ғана.

*   *   *

Биіктің кері өлшемі – құлдырау

*   *   *

Қыздарды гүл дейді, бірақ олар да бірін-бірі күндейді.

*   *   *

Айтары таусылғандардан сақалынан ұялмайтын шалдар шығады.

*   *   *

Сырттай тон пішкеннен, іштей ой піскен орынды.

*   *   *

Адамзаттың алыптары көп, бірақ, халықтан асқан алып жоқ.

*   *   *

Күштілік – қайраттан, мықтылық – мінезден.

*   *   *

Бастаған істі аяқтағанша тынба,

Аяқтағаннан кейін жүрегіңді тыңда.

*   *   *

Ұлыға ұқсап бақпа, ұғып бақ.

*   *   *

Бәйгенің қамшысы – ар-намыс,

Бәсекенің жаршысы – қызғаныш.

*   *   *

Ізгілік орнаған жерге игілік ұя салады.

*   *   *

Көсіліп айту емес, өсіріп айту – өтірік.

*   *   *

Жол білмеген емес, бір-біріне жол бермеген кешігеді.

*   *   *

Арлана білетін, зарлана білмейді.

*   *   *

Қадекең – далалық әдебиеттен шы­­ғып, даналық әдебиетке көтерілген ақын.

*   *   *

Әбе – арнасын Аралдан алған Мұхит.

*   *   *

Сөздің шырайын ойдың шұрайы шығарады.

*   *   *

Қара жұмыс шаршатпайды,

Шала жұмыс шаршатады.

*   *   *

Ұяты бардың бетінен оты шығады,

Ұяты жоқтың бетінен өті шығады.

*   *   *

Ақиқатты ақтау емес сақтау керек.

*   *   *

Білім – сәулесін санаңа түсіреді, сабыры сабаңа түсіреді.

*   *   *

Жолың ашық болса көздегеніңе жете­сің, Қолың ашық болса өз дегеніңе жетесің.

*   *   *

Сөзінде тұратын адам, айнымай өзінде тұратын адам.

*   *   *

Жастық оралмайды,

Кәрілік оза алмайды.

*   *   *

Имансыздық жайдан да, байдан да шығады.

*   *   *

Бірдің пікіріне бейіліңді и, көптің пікіріне басыңды и.

*   *   *

Алауыздық іштен келеді,

Ауызбірлік іспен келеді.

*   *   *

Бөркің өзіңдікі, көркің уақыттікі.

*   *   *

Ұлттың құламайтын ұстындары болады, Ұрпағының құлатпайтын ұшқын­дары болады.

*   *   *

Сөзіңді сыйлағанды төбеңе көтер.

Өзіңді сыйлағанды төріңе көтер.

*   *   *

Ақынға арқа керек,

Әкімге марқа керек.

*   *   *

Қорғай білмесең қолдаудың қажеті жоқ, Ойлай білмесең толғаудың қажеті жоқ.

*   *   *

Уақыт бізден қашып барады, біз уақытты шашып барамыз.

*   *   *

Уақыттың әр минуты – тағдыр.

*   *   *

Ерен еңбектерің – жеңісің,

Ерке ұландарың – жемісің.

*   *   *

Уақыттың кешігуге лауазымы жоқ, асықпауға лажы жоқ.

*   *   *

Шындық самалдай лекісе,

өтірік желдей еседі.

*   *   *

Бәлкім, туған елге дарасың,

Бәрібір, туған жерге баласың.

*   *   *

Өлеңге адалдық – өмірге адалдықтан туады.

*   *   *

Қазақтың көрегендігіне теңдік жоқ,

Берегендігінде кемдік жоқ.

*   *   *

Ертегі өмірді оқып білесің,

Елдегі өмірді көріп білесің.

*   *   *

Қарыздың қабағы жаман, арыздың қағазы жаман.

*   *   *

Жасыңа жетпей қартаюдан сақтан,

Жасыңа жетіп марқаюмен мақтан.

*   *   *

Мансапқа ұрынбайтын, мақтауға да бұрылмайды.

*   *   *

Елдің азаттығын сақта, аяла,

Ғажаптығын мақта, бағала!

*   *   *

Жақсылықтың жақсылықтан айырмасы болмайды, қайырымы болады.

*   *   *

Қазіргі элита банктерде туып, биржаларда өседі.

*   *   *

Мойындау арқылы жеңесің,

Мойымау арқылы жетесің.

*   *   *

Ұлы істің үлкен аты – елдік, кіші аты – ерлік.

*   *   *

Құндылықтарды мақтай бергеннен сақтай білген артық.

*   *   *

Уәж жүрген жерде уайым болмайды.

*   *   *

Гүлдің тікенегін сұлулығы сездір­мей­ді.

*   *   *

Оттың тіліне ие болмасаң, шоқтың күліне айналарың анық.

*   *   *

Айдай болып көрініп, күндей болып күле білгенге жібегіңді емес,

жүрегіңді жай.

*   *   *

Гүл нәзіктігімен, қыз нәркестігімен сұлу.

*   *   *

Сезімнің құлы болма, сенімнің құлы бол.

*   *   *

Өмір шарқ ұрады,

Өлім алып ұрады.

*   *   *

Былайша, мұхитқа жоқтай қатысың,

Бәрібір, мұхитқа қосылған тамшы­сың.

*   *   *

Дала демократиясы – ноқтасыз айтыс, Қала демократиясы – тоқтаусыз тартыс.

*   *   *

Ала жіпті аттағаныңды адал досың айтпайды, ар-ұятың айтады.

*   *   *

Көрінген әнді орындайтын әнші тойда қалады, Көңілден шығар әнді орындайтын әнші ойда қалады.

*   *   *

Оптимизимді ойлап таппа, оята біл.

*   *   *

Түсіну – талабыңа жол ашады,

Торығу – түңілуге ұласады.

*   *   *

Ұлықты іздеуші көп-ақ, ал ұятты іздеп жүргенді көрмедік.

*   *   *

Күпініп айтқанды, түсініп айтқан басады.

*   *   *

Өзіне сенетін адам өзгеден жау ізде­мейді.

*   *   *

Басын бәйгеге тігетіннің жаны

жалаңтөс болады.

*   *   *

Шамға сенген жарық күнде адасады.

*   *   *

Көкбөрідей болғысы келетіндер көп, ал көкбөріге болмысы келетіндер жоқ.

*   *   *

Жамандықтардың бәрін ұмыт.

Жақсылықтардың бәрі – үміт.

*   *   *

Идея үйде тумайды, мида туады.

*   *   *

Ақылдың ой-дәрісі болмайды – емі болады.

*   *   *

Саяны көлеңкеден іздеме, көңілден ізде.

*   *   *

Өмір де жүрек сияқты тыртықтардан тұрады.

*   *   *

Ақылдың артық-кемі болмайды,

Демеу демі болады.

*   *   *

Уақыт – асықпайды, бақыт – кешікпейді, ғұмыр – озбайды.

*   *   *

Ұрпақ – ұлт ұйытқысының ұстыны.

*   *   *

Қаланың күндіз базары қайнайды, түнде қазаны қайнайды.

*   *   *

Күнтізбеде айлар мен жылдар қалады,

Күнделікте сырлар мен жырлар қалады.

*   *   *

Мақсатқа сөз қуған жетпейді, ой қуған жетеді.

*   *   *

Жердің тартылыс заңы – планеталық ұғым,

Туған жердің тартылыс заңы – перзенттік ұғым.

*   *   *

Жер-су атаулары – ата тарихтың айғағы мен аманаты.

*   *   *

Тұрған жерің жайлы болғанымен, туған жеріңе жетпейді.

*   *   *

Ақылға түсінетін бас керек,

Басқа тыңдайтын жас керек.

*   *   *

Асулар таусылғанмен, асылдар таусылмайды.

*   *   *

Уақыт баланы да өсіреді, дананы да өсіреді.

*   *   *

Заман адамның қолымен жасалмайды, жасампаз жолымен жасалады.

*   *   *

Кеңшілігіңді түйсінген сайын тарала түсесің, Кемшілігіңді түсінген сайын тазара түсесің.

*   *   *

Уақыт сахнасы – ұлы актерлермен емес, ұлан ұрпақтармен ауысады.

*   *   *

Адамға жала жапсаң да, заманға жала жаппа.

*   *   *

Ірілігіңе емес, тірлігіңе сен.

*   *   *

Өзіңді-өзің өзгерте алмайсың, өмір ғана сені өзгертуге қабілетті.

*   *   *

Адамдардан бәрі қолдарындағы сағаттан озуға асығады.

*   *   *

Көңіліңмен көк тіреп тұрғанмен, өміріңнен көп тілеп тұрасың.

*   *   *

Бақ жасыңа қонбайды, басыңа қонады.

*   *   *

Өзіне сенбеген адам, өзен түгілі өткелден де өте алмайды.

*   *   *

Мейірімнің өзі аяныштан емес, аялау­дан тұрады.

*   *   *

Ұстаз сабақты түсіндіруімен емес, шәкіртінің жүрек лүпілін түсіне білуімен есінде мәңгіге қалады.

*   *   *

Таланттар сөйлегенде тыныштықтың өзі сілтідей тынады.

*   *   *

Сөзің мен ойыңда өзің мен бойың көрініп тұрады.

*   *   *

Тарих – халықтың тұғыртасы.

*   *   *

Өткен күндер елес, Келер күндер белес.

*   *   *

Біліп сынаған саралайды, білмей сынаған жаралайды.

*   *   *

Ұқсас ойлар болмайды,

Ұқсас тойлар болады.

*   *   *

Өмірмен даналық келеді, уақытпен жаңалық келеді.

*   *   *

Өнер өмірдің өзіндей бірде тасиды, бірде жасиды.

*   *   *

Санаңа жетпей, жағаңа жетпейсің.

*   *   *

Көптің көңілінде қалған, көптің өмірінде қалады.

*   *   *

Ақыл құймадан тұрмайды, қисыннан тұрады.

*   *   *

Ойдың да құрығы мен қамшысы болады, Сөздің де толқыны мен тамшысы болады.

*   *   *

Өтпелі мансаптан өмірлік мақсат қымбат.

*   *   *

Жақсы әйелмен өмір сүру – жақсы әнмен өмір кешудей.

*   *   *

Жақсылық ұмытылғанмен, жақсы­лық жасаған адам ұмытылмайды.

*   *   *

Бейнет пен зейнет қатар қартаяды.

*   *   *

Әннің насихаты – асқақтата салар ақиқаты.

*   *   *

Дарын бұлбұл етеді,

Даңқ дүлдүл етеді.

*   *   *

Бар байлығыңа сенбе,

Жан байлы­ғы­ңа сен.

*   *   *

Жақсылықтың бағасы мың алғыс емес, шын алғыс.

*   *   *

Жыл адамы болу уақытша,

Жыр адамы болу мәңгілік.

*   *   *

Еркек жақтағанды, әйел мақтағанды сүйеді.

*   *   *

Әйелдердің бәрін түн теңестіреді.

*   *   *

Цифрлар барды аққа шығарады, ноль барды жоққа шығарады.

*   *   *

Адам қанағаттың атын білгенмен, з­атын білмей өтеді.

*   *   *

Біздің санамыздың сүрленіп қалғаны сондай, өтірікті бәйгеге қосып шын­дық­ты көкпар етіп жүргенімізді сезбейміз.

*   *   *

Социализмнің ұраны көп еді, капи­тализмнің құралы көп боп шықты.

 

*   *   *

Музыка тыныштықты сүйеді.

*   *   *

Өмірде бәрі бар, бірақ одан өзіңе қайсысын таңдарыңды білмейсің.

*   *   *

Ешкімнің ешкімді тыңдауға уақыты жоқ. Өйткені бәрі де бәрінен кешік­кендер.

*   *   *

Білімсіз халық қауіпті, ал білімді халық қуатты.

*   *   *

Мынау өмірден кімді көресің…

Өзге емес, бұл өмірден өзіңді көресің.

*   *   *

Депутаттар заңға жауап бермейді, заңға дауыс береді.

*   *   *

Күн таңды сүйеді, түн әнді сүйеді.

*   *   *

Бәрі де ойға оралады, бәрі де оймен оңалады.

*   *   *

Кейде ойлап айтқан сөзіңнен, ойнап айтқан сөзің асып түседі.

*   *   *

Қарапайым сауалдар да күрделі жауаптардың кілтін ашады.

*   *   *

Дүниеде бәрінен озық, бәрінен биік тұрған құдірет – ой.

*   *   *

Жемқорлықтың төрі болмайды,

торы болады.

*   *   *

Кейде ойламағаның болып, ойлаға­ның қашады. Толмағаның толып, толға­ғаның тасады.

*   *   *

Шындыққа сөз тимейді, өтірікке көз тимейді.

*   *   *

Дәмсіз сөз далаға кетеді, дәмді сөз данаға жетеді.

*   *   *

Сағат тоқтағанымен уақыт тоқта­майды.

*   *   *

Бір ой ұстатпайды,

Бір ой ұйықтатпайды.

*   *   *

Ұят па? Ұятты тек сөздіктен табасың.

*   *   *

Бір тамшы жастың өзі бәрінен ауыр, бәрінен ащы.

*   *   *

Көзге көрінбейтін еңбектен, көзге көрінетін биік басталады.

*   *   *

Әңгіменің бүкпесі болмаса да нүктесі болады.

*   *   *

Ақ-қарасын айырып акті жасалады, бар мен жоқты қайырып факті жасалады.

*   *   *

Ой шынайылықты, сөз сыпайылықты қажет етеді.

*   *   *

Достық деген сыйластық символы.

*   *   *

Өзіңді-өзің қамшылау да қайсарлық.

*   *   *

Ит жетектегенге емес, бала жетектеген бақытқа қара!

*   *   *

Өзіңді көрсеткің келсе не білетініңді емес, не тындырғаныңды айт.

*   *   *

Адам – пенде, көңілі – патша.

*   *   *

Мақтау асығып жүреді, ақтау кешігіп жүреді.

*   *   *

Шаршасаң да таусылмасын жұмы­сың, таусылмаса таусылмайды жүрісің.

*   *   *

Ойдың кемдігі білінсе де артықтығы байқалмайды.

*   *   *

Аяққа жығылғаннан таяққа жығылған абырой.

*   *   *

Дәулет – отауда қалады.

Данқ – Отанда қалады.

*   *   *

Табандылық мақсатқа жеткізеді, мақ­сат жақсы атқа жеткізеді.

*   *   *

Жамандыққа елең құлақпыз, жақсылыққа керең құлақпыз.

*   *   *

Кең дүние көңілге сыйғанмен, құшаққа сыймайды.

*   *   *

Ойға алғаның емес, қолға алғаның орындалады.

*   *   *

Табиғат – тұнған сыр, тағдыр – тұнған жыр.

*   *   *

Өмірдің жұмбағы – адам, жыр бағы – ғалам.

*   *   *

Кітап – ойдың қайнары, сөздің майданы.

*   *   *

Орайы келер сөздің орны бос тұрады.

*   *   *

Ақылды тулағанға емес, тыңдағанға айт.

*   *   *

Сандар өмірің үшін керекке айналса, кейде өзіңе қарсы дерекке айналады.

*   *   *

Бақыт бүгін сенің басыңа қонса, ертең көршіңнің бағына қонады.

*   *   *

Ерлік намыстан туады, еңбек табыс­тан тұрады.

*   *   *

Көз көкжиекті көреді,

Көзқарас келешекті көреді.

*   *   *

Тарих сұмдық оқиғаларға толы. Ең сұмдығы – солардың бәрі шындық.

*   *   *

Уақыт өткенді ұмыттырғанмен ізін өшіре алмайды.

*   *   *

Сенің өмірің – сенің өзіңе ұқсаған өмір.

*   *   *

Ой дегенің шалқар теңіз, жағасын айдыны біледі, бағасын айбыны біледі.

*   *   *

Өзің барлап қарашы… Ұят үндемей оянып, Күнмен бірге қызарып батады.

*   *   *

Бас білмеген ат үзеңгісінен үркеді.

*   *   *

Әр құстың өз жыры бар,

Әр қыздың өз сыры бар.

*   *   *

Ақыл қиялдан тумайды, қисыннан туады.

*   *   *

Еліктеумен өтесің, ерінбеумен жетесің.

*   *   *

Ұлысыңмен біргесің, ұлы ісіңмен іргесің!

*   *   *

Табиғат үндестікпен таралған, адам күнбесікпен жаралған.

*   *   *

Адамның көзімен емес, жүректің көзімен ғашық болған бақытты.

*   *   *

Еліңді тұғыр ет, еңбегіңді ғұмыр ет.

*   *   *

Бақыт деген есігі ашық, шырағы жанған шаңырақты таңдайды. Кейде бақыт келген үйіне темір есік, темір торлы терезесінен кіре алмай кері қайтып кетеді.

*   *   *

Тарихтың сабағын оқуға болады, бірақ қайталауға болмайды.

*   *   *

Ұлылықты уақыт береді, болашақ бекітеді.

*   *   *

Сенің қолыңдағы сағатың қанша алтын болғанымен, ол өмірдің бір минутына да татымайды.

*   *   *

Ұлттан биік ұлы жоқ.