• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Желтоқсан, 2018

Шамшырақ шуағы

725 рет
көрсетілді

Еліміздегі ең елеулі жоғары оқу орындарының бірі – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті. Аталған оқу орнының Қазақ химия технологиялық институты кезінен бері саналы ғұмырын оқытушылыққа, ғылымға және ғылыми жетекшілікке, жастар тәрбиесіне қалтқысыз жұмсап келе жатқан құрметті ұстаздың бірі әрі бірегейі – техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының академигі Шаяхмет Молдабекұлы Молдабеков. Биік парасатымен, шынайы іскерлігімен, өнегелі өмірімен өзгелерге үлгі болып жүрген белгілі тұлға бүгінде сексеннің сеңгіріне аяқ басты.

Бізге 1969-2002 жылдардағы КазХТИ-дің бейорганикалық зат­тардың химиялық технологиясы мамандығы түлектеріне Шаяхмет Молдабекұлымен танысудың сәті дипломдық жобалар мен жұмыстар дайындау кезінде түсті. Жүрісі ширақ әрі алғыр жас маманнан кемелденген, беделді, тәжірибелі ұлағатты ұстазға айналған ғалым кафедра түлектерін мамандануға, ғылымға бейімделуге төменгі курстан бастап бағыттай отырып, алғашқы сәттен-ақ өзіне баурап алған еді. Оның ашық, түсінікті, моншақтай қолтаңбасымен түзетілген парақтарымызды, сызбаларымызды, жазбаларымызды қайтып алғанда олжалы болғандай шабыттанып қалушы едік. Сол студенттік кездер, сондағы ұстазға деген шынайы ризалық сезім әрқайсымыздың әлі де жадымызда.

Мәскеу химиялық машина жасау және тыңайтқыш пен инсек­тофунгицид ғылыми-зерттеу инс­титуттарының түлегі, аспиранты, тех­ника ғылымдарының кандидаты, доцент Шаяхмет Молдабекұлының іскерлік қабілеті мен біліктілігі сол кездегі институт жетекшілері тарапынан да орынды ескеріліп, ол 1970-1980 жылдар аралығында Қазақ химия технологиялық институтының кафедра меңгерушісі, ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры қызметтерін абыроймен атқарды, химия, техникалық, технологиялық ғылымдардың дамуына, институттың республика, одақ шеңберінде танылуына елеулі үлес қосты. Осы кезеңде Шымкент, Тараз  және тағы басқа өңірлердегі салалық өндірістер мен басқа да мекемелер жас мамандарын, яғни институт түлектерін өз қамқорлығында ұстап, бағыт беріп отырды. Осындай болашақты болжаған ұтымды іс-әрекеттің нәтижесі болар, бүгінде институт түлектері еліміздегі барлық салалық өндірістердің бас мамандары мен жетекшілері ретінде еңбек етуде. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де, еліміздің басқа да оқу орындарында қызмет ететіні педагог-оқытушылар, жетекші мамандар, ғылым кандидаттары мен докторлары,  ұлттық ғылыми және инженерлік академиялар академиктері, әкімдер мен министрлердің арасында Қазақ химия технологиялық институты түлектерінің қатары мол. Олардың барлығы Шаяхмет Молдабекұлына ыстық ілтипатын жеткізуге әрдайым дайын.

Шаяхмет Молдабекұлына 1980-1987 жылдар аралығында Казақ химия технологиялық институтының ректоры қызметін атқару міндеттелді. Таланты мен дарынына күш-қуаты, алғыр да ұшқыр ой-сезімі сәйкес ол тапсырылған жауапты міндетті жоғары нәтижемен атқара білді. Нәтижесінде, Қазақ химия технологиялық институты одақ көлемінде танылып, бүкілодақтық үздік, алдыңғы шептегі жоғары оқу орындарының қатарына енді. Институтта республикалық, одақтық деңгейде өтетін білім, ғылым және жастар тәрбиесіне байланысты жалпылама мәжілістер мен кеңестер ұйымдастырылып, заманауи өзекті мәселелер шешімін тауып жатты. Оқу орны құрамында жаңа мамандықтар ашылды, шетелдік және одақтағы жетекші жоғары оқу орындарымен байланыс нығайды, жаңа оқу ғимараттары, студенттер жатақханалары, асханалар, ұжымдық   профилактория, спорт кешендері, демалыс мекендері мен жылыжайлар, субұрқақ іске қосылды, жас оқытушылар баспанамен қамтамасыз етілді.  Осындай қыруар маңызды істермен қатар ректорлық міндетті орындауда ғылыми шығармашылық бағыттарға, оқытушы-педагогтер құрамының сапасын арттыруға бас­ты назар аударды. Оқытушылар қатары ғылым кандидаттары мен докторларымен толықтырыла бастады. Солардың бірі ретінде Мәскеу химия технологиялық институтында 1984 жылы докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап, техника ғылымдарының докторы дәрежесі мен профессор атағын иеленді.

Шаяхмет Молдабекұлы бүгінде Қазақстан Ұлттық инженерлік акаде­миясының академигі, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы, Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) үздік ғалымы, университетіміздегі бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы ғылыми орталығының директоры, инабатты ұл-қыздар өсіп-өнген өркенді де, өнегелі әулеттің бас иесі, немере мен шөберелерінің жағасы жайлау, құшағы қойнау қазыналы қарты.

Ұлағатты ұстаздың қажыр-қай­раты әлі де білімді де білікті мамандар мен ғалымдар дайындауда, кафедра, жоғары мектеп, университет және өңір мен егемен еліміздің жетістіктерін еселеуге, жаңа жемісті нәтижелерге жетуге үлес қоса беруге жетелесін, жаны жайсаң, жүзі жарқын, шапағаты мол, бергенінен берері мол Шаяхмет Молдабекұлының деніне саулық, бо­йына күш-қуат құйылып, шамшырақтай алдағы буынның да тәрбиесіне шуағын шаша беруіне тілектеспіз.

Үйлесбек БЕСТЕРЕКОВ,

техника ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессоры, Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Айдарбек БОЛЫСБЕК,

техника ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы ОҚМУ Химиялық инженерия және биотехнология жоғары мектебінің деканы