Полицейлер мен төтенше жағдай қызметінің құтқарушылары ен далада сынып қалған «Нива-Шевроле» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушыларына дер кезінде көмек көрсетті.
Полиция департаментінің жедел жоспарлау басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне хабарлама түсіп, Ақжар ауданы аумағында жүргіншілердің қиындыққа душар болғаны жайлы айтылған. Кейін анықталғандай 3 жолаушысы бар «Нива-Шевроле» көлігі облыс орталығынан шалғайдағы ауданға бет алып, орта жолда техникалық ақау шыққан. Араларында жасы сексенді алқымдаған қария болған. Олар қай жерде тұрғандарын тап басып айта алмаған.
Ақжар ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Марат Нұрахметовтың басшылығымен 4 жедел-іздестіру тобы құрылып, із кеседі. Түн қараңғылығы, ұялы байланыстың болмауы, елді мекендердің алшақтығы біраз қиындықтар тудырады. Жүргізуші таңға жақын Ақжарқын ауылына жетіп, орналасқан жері туралы хабарлайды. Осы сәтте іздестіру тобы оған тап болып, жолаушылар елді мекенге дін аман-есен жеткізіледі.
Көмек уақытылы келмегенде теріскейдің саршұнақ аязы мен өкпек желіне жолаушылардың шыдас беруі екіталай.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы