Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – Қазақстанның 2011 жылғы 14 желтоқсандағы заңымен белгіленген мемлекеттік мереке. Мерекені өткізу датасы ел Президентінің бірінші бүкілхалықтық сайлауын өткізумен тікелей байланысты. Мемлекеттік билік жүйесіндегі президенттік билік институтының алатын орны айрықша. Конституцияда Президентке кең өкілеттіктер берілген және оның мәртебесі ең жоғары лауазымды тұлға ретінде белгіленген.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – Қазақстанның 2011 жылғы 14 желтоқсандағы заңымен белгіленген мемлекеттік мереке. Мерекені өткізу датасы ел Президентінің бірінші бүкілхалықтық сайлауын өткізумен тікелей байланысты. Мемлекеттік билік жүйесіндегі президенттік билік институтының алатын орны айрықша. Конституцияда Президентке кең өкілеттіктер берілген және оның мәртебесі ең жоғары лауазымды тұлға ретінде белгіленген.
Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас, зайырлы мемлекет. «Республика» сөзі латынның respublicum деген сөз тіркесінен шығады және «жалпыға ортақ іс» дегенді білдіреді. Біздің елімізде жоғары билікті халық белгілі бір мерзімге сайлайтын сайланбалы органдар жүзеге асырады.
Елімізде Президенттік билік институты 1990 жылы құрылған. 1990 жылғы 24 сәуірде алғашқы президенттік сайлау өтті. Ол кезде Қазақ КСР-інің Президентін Жоғарғы Кеңес 6 жыл мерзімге сайлаған еді.
Президенттік сайлауды өткізу жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының өкілеттігі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1989 жылғы 22 қыркүйектегі қаулысымен 25 адамнан құрылған Қазақ КСР-і халық депутаттарын сайлау және кері шақырып алу бойынша Орталық сайлау комиссиясына жүктелген болатын.
Қазақ КСР-і Президенті лауазымына кандидаттар ұсынуға қоғамдық ұйымдар (олардың республикалық органдары), сондай-ақ Қазақ КСР-і халық депутаттарының кемінде 90 адамнан тұратын топтары құқылы болды.
Сайлауда абсолюттік көпшіліктің мажоритарлық жүйесі қолданылды. Қазақ КСР-і халық депутаттары жалпы санының жартысынан көбінің дауысын алған кандидат сайланған болып есептелді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасына Жоғарғы Кеңестің 317 депутаты (88,1 %) дауыс берді және ол Қазақ КСР-нің Президенті болып сайланды. Президенттің бастамашылығымен 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдады.
Декларация Қазақстан халқын егемендіктің бiрден-бiр иесi және мемлекеттiк үкiмет билiгiнiң негiзi болып табылады, мемлекеттік билiкті тiкелей де, өкілеттi органдар арқылы да жүзеге асырады деп жариялады. Президент республиканың басшысы болып табылады және онда ең жоғары әкiмшiлiк-атқарушы билiкке ие.
1990 жылғы 20 қарашада қабылданған «Қазақ КСР-індегі мемлекеттік билік пен басқару құрылымын жетілдіру және Қазақ КСР-і Конституциясына (Негізгі Заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Президент жоғары атқарушы және өкімгерлік биліктің басшысы болып табылады деп белгіледі.
1991 жылғы 29 тамызда Президент Семей ядролық полигонын жабу туралы аса маңызды мемлекеттік актіге қол қойды. Президенттің Жарлықтарымен 1991 жылғы 21 тамызда елдің Қауіпсіздік комитеті, 25 қазанда Мемлекеттік қорғаныс қомитеті құрылды. Н.Ә.Назарбаев қабылдаған шаралар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің негізін қалыптастырды.
Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы ыдыраған күрделі кезеңде Н.Ә.Назарбаев бүкілхалықтық сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. Жоғарғы Кеңестің 1991 жылғы 16 қазандағы кезектен тыс (алтыншы) сессиясында «Қазақ КСР-і Президентін сайлау туралы» Заң қабылданып, осы күні Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-і Президентін сайлауды 1991 жылғы 1 желтоқсанға тағайындады.
1991 жылғы 18 қарашада Алматыдағы Спорт сарайында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл халықтың сенімі мандатына ие Президенттің ел ішінде де, әлемдік аренада да саяси салмағының өлшеусіз артық болатынын айтты. Өйткені, мемлекет басшысы – Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының және елдің заңдарының сақталуының кепілі. Оның құзыретіне республиканың егемендігі, қауіпсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғау жөніндегі шаралар қабылдау, әлемде Қазақстан атынан өкілдік ету кіреді. Президент сол кездесуде атап өткендей, тікелей сайлау өткізу бірқатар нақтылы әрекеттерді шұғыл іске асыруды талап етіп отырған шиеленісті экономикалық жағдайдан туындаған қажеттілік болатын. Бұл алдағы нарыққа қарай жасалатын күрделі қадамдар еді. Экономикалық қиындықтардың құрсауынан тезірек шығу үшін ауыр, алайда өте қажетті шараларға тек бүкілхалықтық сенім мандатына сүйене отырып қана баруға болатын.
Қазақ КСР-і Президентін сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді Орталық, 21 округтік және 10479 учаскелік сайлау комиссиялары қамтамасыз етті.
Қазақ КСР-і халық депутаттарын сайлау және кері шақырып алу бойынша Орталық сайлау комиссиясына президенттік сайлауды өткізу жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының өкілеттігі жүктелді.
Қазақ КСР-і Президентін сайлау, егер оған сайлаушылардың кемінде 50%-ы қатысса, заңды болып табылатын-ды. Осы және одан кейін өткен президенттік сайлауларда абсолюттік көпшіліктің мажоритарлық жүйесі қолданылды. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жартысынан көбінің дауысын алған кандидат сайланған болып есептелді.
Президенттікке кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға, кәсіптік одақтарға және өзге де қоғамдық бірлестіктерге (олардың атынан партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің республикалық органдарына), еңбек ұжымдарына, оқу орындары ұжымдарына, тұрғылықты жері бойынша сайлаушылардың және әскери бөлімшелер бойынша әскери қызметкерлердің жиналыстарына тиесілі болды. Бұл ретте олардың әрқайсысы Қазақ КСР-і президенттігіне тек бір кандидат ұсынуға құқылы болатын. Ұсынылған кандидат Қазақ КСР-інің белсенді сайлау құқығына ие кемінде 100 мың азаматтың қолдауын алуы тиіс еді.
Қазақ КСР-і президенттігіне кандидаттарды Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі сессиясында атаулы дауыс беру арқылы немесе Қазақ КСР-і халық депутаттарының осындай санының қолын жинау арқылы Қазақ КСР-і халық депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірі ұсына алатын. Бұл ретте депутат тек бір ғана кандидатқа қолдау көрсетуге құқылы болатын.
Президенттікке кандидаттың келісімімен, ол бірнеше партиямен, кәсіби одақтармен және өзге де қоғамдық бірлестіктермен, еңбек ұжымдарымен, оқу орындары ұжымдарымен, тұрғылықты жері бойынша сайлаушылардың және әскери бөлімшелер бойынша әскер қызметкерлердің жиналыстарымен, сондай-ақ Қазақ КСР-і халық депутаттарымен ұсынылуы мүмкін болды. Қазақ КСР-і президенттігіне кандидаттардың саны шектелмеді.
1991 жылғы 16 қазанда Жоғарғы Кеңес Н.Ә.Назарбаевты Қазақ КСР-і президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы қаулы қабылдады. Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын қазақстандық Магнитканың металлургтері ұсынды. Ортсайлаукомның мәлімдемесі бойынша, Н.Ә.Назарбаевқа сайлаушылардың 98,78 %-ы өз дауысын берді.
1991 жылғы 1 желтоқсандағы президенттік сайлау барлық қазақстандықтар үшін тағдыршешті оқиға болды және бүкіл әлемдік қоғамдастықтың назарын өзіне аударды. Қазақстан тарихының жаңа бір жарқын беті ашылды. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел азаматтарының тұңғыш рет жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланды. Сайлау шын мәнінде бүкілхалықтық болды. Оның айғағы – сайлаушылардың сайлауға қатысудағы жоғары белсенділігі.
Өткен жолға көз сала отырып, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев 2011 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісуінің салтанатты рәсімінде сөйлеген сөзінде былай деді: «Мен бүгін 1991 жылғы желтоқсандағы алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлаудан кейін халыққа қалай ант бергенімді және ең жоғары президенттік билік регалияларын қабылдағанымды есіме алып отырмын. Ол кезде біздің алдымызда мүлде басқа міндеттер тұрған еді. Біз ыдырап кеткен супердержаваның қираған үйіндісі үстінде қалған ел едік. Бізді, ең алдымен, халықты қалай тойғызамыз деген сұрақ толғандыратын. Өндірістің құлдырауы мен инфляцияны қалай тоқтатамыз? Адамдарға жалақы мен зейнетақыларын уақтылы төлеуге ақшаны қайдан табамыз? Қауіп-қатері мол күрделі әлемде өз жерімізді қалай сақтап қаламыз? Біздің не өз валютамыз, не стратегиялық қорымыз, не жалаңаштанып қалған шекарамызды қорғайтын әскеріміз жоқ еді. Бүгінгі күні мұның бәрі осыдан жиырма жыл ғана бұрын болды дегенді көз алдыңа елестетудің өзі қиын».
1991 жылғы желтоқсан айы саяси оқиғаларға толы кезең болды. 8 желтоқсанда Беловеж орманы деген жердегі кездесуінде Белоруссия, Ресей мен Украина президенттері Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісімге қол қойды, бұл КСРО атты мемлекеттің тарих сахнасынан кетуінің бастауы болған құжат еді.
Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің бүкілхалықтық сайлаудан кейін Н.Ә.Назарбаевтың қызметке ресми кірісуіне байланысты ант беруіне арналған салтанатты отырысы 1991 жылғы 10 желтоқсанда өтті.
1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-і Қазақстан Республикасы болып қайта аталды және Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің қызметке кірісуі туралы қаулы қабылдады.
Ағылшын журналисі және саяси философы У.Годвиннің пайымдауынша, дүниедегі игіліктердің ішіндегі ең ұлысы – тәуелсіздік. Онсыз басқа игіліктерді пайдаға жарату мүмкін емес. Халықтың сан ғасырлар бойғы арман-тілегін іске асыра отырып, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарының басымдығын мойындай отырып, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады.
Тәуелсіз мемлекеттің Президенті ретінде Н.Ә.Назарбаев Қазақстанда бұрынғы одақтас республикалар басшыларының кездесуін өткізу туралы бастамашылық көтерді. Және тәуелсіз елдердің 11 басшысының бұл кездесуі Алматыда өтті. 1991 жылғы 21 желтоқсанда ТМД-ның мақсаттары мен ұстанымдары туралы Алматы Декларациясына қол қойылды.
1991 жылғы 25 желтоқсанда М.С. Горбачев өзінің КСРО Президенті лауазымындағы қызметін принциптік байыптар бойынша тоқтататынын жариялады, ал 1991 жылғы 25 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесі КСРО-ның ыдырауы туралы декларация қабылдады.
1998 жылғы 28 қаңтарда он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің тоғызыншы сессиясында Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, онда биліктің президенттік нысанына өту кезеңінде қалыптасқан қоғамдық қатынастар көрініс тапты.
Біздің еліміз дербес әрі тәуелсіз мемлекетке айналды. Президент Қазақстан мен бүкіл халықтың келешегі үшін жауапкершіліктің зор ауыртпалығын өз мойнына алды. Тап осы сәтте елдегі саяси процестердің жүйелі әрі қарқынды дамуын қамтамасыз ету маңызды болатын.
Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттік мерзімін 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізу туралы идея ұсынуы кездейсоқтық емес еді.
Референдум 1995 жылғы 29 сәуірде өтті және оның нәтижелері негізінен болжағандай болып шықты. Ортсайлауком бұқаралық ақпарат құралдарында 1995 жылғы 4 мамырда жариялаған хабарламасында елдің дауыс беруге қатысқан азаматтарының 95,46%-ы Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттік мерзімін 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартуды қолдап дауыс бергенін жариялады.
1995 жылғы 30 тамыздағы республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. 28 қыркүйекте Президент сайлау туралы Конституциялық заң күші бар Жарлыққа, ал 1999 жылғы 6 мамырда сайлау туралы Конституциялық заңға қол қойды.
Осыдан 15 жыл бұрын, 1997 жылы Президент Н.Ә.Назарбаев халыққа қоғамымыздың болашағы мен Қазақстанның тарихи миссиясы туралы көзқарасын, мемлекеттің дамуының жеті ұзақмерзімді басымдықтарын айқындайтын жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Бұл алға қойылған асқақ мақсаттарға қол жеткізуге деген оптимистік көзқарастың, үміт пен сенімділіктің үлгісі, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы болатын.
Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі даму стратегиялық жоспары, 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясы, 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты тұжырымдамасы және еліміздің ұлттық, экономикалық және саяси мүдделерін қорғауға, бәсекеге қабілетті экономика мен қазақстандықтардың лайықты өмір сүру деңгейін қалыптастыруға бағытталған басқа да көптеген тарихи құжаттар әзірленді.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың келісімімен 1998 жылғы 8 қазанда Парламент оның өкілеттігі мерзімін Парламент Мәжілісі тағайындайтын президенттік сайлауды сайланған президенттік қызметіне кіріскенге дейін қысқарту туралы шешім мен президенттік сайлауды 1999 жылғы 10 қаңтарға жариялау туралы қаулы қабылдады.
Егер 1991 жылғы сайлау баламасыз сайлау болса, 1999 жылғы сайлауда 8 үміткер ұсынылды.
1999 жылғы сайлау қазақстандық қоғамды демократияландыру процесіне қуатты пәрмен беріп, елдің болашағына деген үміт пен сенім ұялатқан Президент Н.Ә.Назарбаевқа халықтың бірауыздан білдірген сенімін тағы да бір растады. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап әлеуметтік бағытталған нарықтық экономикасы бар ашық демократиялық қоғам құру, саяси, заңшығарушылық, сот-құқықтық және әлеуметтік-гуманитарлық салаларды дәйекті түрде реформалау, азаматтардың өмір сүру деңгейінің ұдайы өсіп отыруы міндеттері жүзеге асырыла бастады.
Сайлау процесінің барлық саяси және халықаралық-құқықтық нормаларын сақтай отырып, еркін, демократиялық сайлау өткізу – сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі барлық ұйымдастырушылық жұмыс бағынатын негізгі критерийлер, міне, осы. Сайлауды өткізу үдерісі мен тәртібі бекітілген заңнамалық нормалармен реттеледі. Осылайша, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі өзінің 2005 жылғы 19 тамыздағы «Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабы 1-ші және 3-ші тармақтары мен 94-бабы 1-тармағын ресми түсіндіру туралы» қаулысымен президенттік кезекті сайлау 2005 жылғы желтоқсанның бірінші жексенбісі күні өткізілуі тиіс деп белгіледі. 7 қыркүйек күні Парламент Мәжілісі президенттік кезекті сайлауды 2005 жылғы 4 желтоқсанда өткізу туралы жариялады.
Бұл сайлау науқанында Мемлекет басшысы лауазымынан үміткерлер саны 18 адамға жетті. Олардың бесеуі кандидат ретінде тіркелді. 2005 жылғы 6 желтоқсанда Ортсайлауком сайлаудың қорытындыларын жариялады, оларға сәйкес Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңісі сөзсіз еді: дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 91,15%-ы оның кандидатурасына дауыс берген.
2005 жылғы сайлау халықаралық қоғамдастықтың үлкен қызығушылығын туғызды. Ортсайлауком шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 1634 байқаушысын аккредиттеді. Президент сайлауын әлемнің 27 елінен келген 407 шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жария етті.
Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде президенттікке кандидаттардың 11 мыңнан астам сенім білдірілген адамдары, Қазақстанның саяси партияларынан 16,5 мың, қоғамдық бірлестіктерінен 5,6 мың байқаушы және 500 БАҚ өкілдері болды.
2007 жылғы 21 мамырда Конституцияға кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олардың ішінде Президенттің өкілеттік мерзімін жеті жылдан бес жылға дейін қысқарту, бір адам қатарынан екі реттен артық республика Президенті болып сайлана алмайтыны туралы шектеудің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайтыны туралы өзгерістер мен толықтырулар бар.
Дамудың өзіндік жолын жалғастыра отырып, Мемлекет басшысының басқаруымен Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың толыққұқылы және жауапкершілікті мүшесіне айналды.
Өскеменде бастамашы топтың сайлаудың орнына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту үшін бүкілхалықтық референдум өткізуді ұсынғаны таңғаларлық бастама емес. Бұл бастамаға 5 миллион қазақстандық қол қойып, қолдау көрсетті. Қазақстан халқына үндеуінде Н.Ә.Назарбаев «бізді жік-жікке бөлетін «не референдум, не сайлау» деген таңдаудың орнына бізді біріктіретін, халықтың еркі мен демократиялық ұстанымдарға адалдықты ескеретін формула ұсынамын. Өз өкілеттігімнің мерзімі екі жылдай уақытқа қысқаратынына қарамай, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы ұсыныс енгіземін», деді.
Осылайша, өзінің конституциялық өкілеттіктеріне сүйене отырып, Елбасы кезектен тыс президенттік сайлау өткізуге бастамашылық жасады, ал Парламент 2011 жылғы 2 қаңтарда Конституцияға «кезектен тыс президенттік сайлау республика Президентінің шешімімен тағайындалады және Конституция бойынша белгіленген тәртіппен және мерзімдерде өткізіледі» деп белгілейтін толықтырулар енгізу туралы заң қабылдады. 3 ақпан күні Парламент кейбір конституциялық заңдарға осы мәселе бойынша тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізді.
Республика Президентінің «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығы 2011 жылғы 4 ақпан күні жарияланды. Сайлау 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалды.
Қазақстан Республикасы президенттігінен үміткерлер саны 22 адам болды. Ортсайлауком президенттікке кандидат ретінде 4 үміткерді тіркеді. Сайлаудың қорытындыларына сәйкес, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 95,55%-ы Н.Ә.Назарбаевқа дауыс берген.
2011 жылдың 8 сәуірінде болған ұлықтау рәсімінде Елбасы президенттік кезектен тыс сайлауға мынадай баға берді: «Өткен сайлау ұйымдастырылуы мен демократиялығы жағынан қазіргі Қазақстан тарихындағы ғана емес, сарапшылардың пайымдауынша, бүкіл Орталық Азиядағы ең жақсы сайлау болды. Тұрақтылық пен өркендеу бағдарына дауыс бере отырып, әрбір қазақстандық өзінің, отбасының болашағы үшін, елі, Отаны үшін дауыс берді!».
Жалпыға бірдей сайлау институты қазіргі заманғы саяси жүйенің маңызды элементі болып табылады. Әрбір президенттік сайлау науқанының өз ерекшеліктері мен өзгешеліктері болатынын тәжірибе көрсетіп отыр. 1991 жылғы 1 желтоқсанда, 1999 жылғы 10 қаңтарда, 2005 жылғы 4 желтоқсанда және 2011 жылғы 3 сәуірде өткен барлық президенттік сайлауларға ортақ нышан – егемен Қазақстанның негізін қалаушы Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа бірауыздан қолдау көрсету болды. Оның басшылығымен жүріп өткен жол, сол жолда қол жеткізілген нәтижелер Қазақстанның әлемдік қоғамдастықта өзінің лайықты орнын алуына мүмкіндік берді. Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жасалған қазақстандық модель еліміздің дербес даму жолын іске асырып отыр.
Тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен үдемелі дамуындағы, ұлтаралық және дінаралық келісімнің орнығуындағы, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз етудегі Н.Ә.Назарбаевтың рөлі орасан. Қазақстанның бүкілхалықтық Көшбасшысының жігері бейбітшілік пен келісімді сақтау ісіне халықаралық деңгейде айтарлықтай пәрмен беріп отыр. Ол өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке зор үлес қосып келеді және бүкіл әлем үшін беделді тұлға болып табылады.
Қуандық ТҰРҒАНҚҰЛОВ,
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Төрағасы.