Ақмола облысындағы Сандықтау ауданының Максимовка селосында хоккей корты ашылды. Хоккей кортының аумағында ауыл тұрғындарына арналған, саябақ, шағын футбол және балалар ойын алаңдары да бар. Нысан жеке кәсіпкердің қаржысына салынып, жергілікті мектептің меншігіне өткізілді.
Аядай ауылдың ажарын кіргізген кәсіпкерлер әкелі-балалы Закусиловтар бұл хоккей корты жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, жас мамандардың тұрақтануына септігін тигізбек. Жоғары талаптарға сай мұз айдыны ауданның 90 жылдық мерейтойы аясында ашылған 25 нысанның соңғысы.
Сандықтау ауданында қысқы спорт түрлері кең қанат жайған. Өңірде шаңғы спорты мен биатлоннан жиырмаға тарта республикалық, халықаралық сайыстардың чемпиондары бар. Ал, жаңа мұз айдыны олардың қатарын хоккейшілер мен коньки спорты шеберлерімен толықтыруға жол ашады. Нысан құрылысына ауыл балаларының осы қысқы спорт түрлеріне қызығушылығы себепкер болды дейді жомарт кәсіпкер.
Ауыл балалары өзен үстінде коньки тебетін еді. Қауіпті болғандықтан былтыр шағын қоршаумен мұз айдынын жасақтадық. Мені ауыл балаларының қызығушылығы таң қалдырды. Олар тіпті ата-аналарымен келіп коньки тепкенін көрдім. Сондықтан, осындай жабық корд салуға бел будым,–дейді Александр Закусилов.
Нысанның ашылу салтанатына Сандықтау мен Целиноград аудандарының хоккей командалары және көкшетаулық «Арлан» командасының жетекшілері де құтты болсын айта келіпті. Салтанатты шара соңында Максимовка селосының хоккей командасы өз алаңында жолдастық кездесу өткізді.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы.