Абыз тарих кімнің кім екенін екі ғасырдан соң анықтап берді
Жақында Жуалы ауданына қарасты Күреңбел ауылындағы Датқасаз деп аталатын шұрайлы жерден Батырбек датқа Рысбекұлының кесенесі бой көтерді. Сондай-ақ, батыр Бауыржан Момышұлы ауылының жанына датқаның еңселі ескерткіші орнатылды. Аудан орталығындағы Мәдениет үйінде елі мен жеріне сыйлы болған Батырбек бабаның өмірі мен тарихи тұлғасын тануға арналған ғылыми мәжіліс ұйымдастырылды. «Қаракөз» мейрамханасындағы аста аруақ қонған әзатаның рухына құран-қатым түсірілді.
Абыз тарих кімнің кім екенін екі ғасырдан соң анықтап берді
Жақында Жуалы ауданына қарасты Күреңбел ауылындағы Датқасаз деп аталатын шұрайлы жерден Батырбек датқа Рысбекұлының кесенесі бой көтерді. Сондай-ақ, батыр Бауыржан Момышұлы ауылының жанына датқаның еңселі ескерткіші орнатылды. Аудан орталығындағы Мәдениет үйінде елі мен жеріне сыйлы болған Батырбек бабаның өмірі мен тарихи тұлғасын тануға арналған ғылыми мәжіліс ұйымдастырылды. «Қаракөз» мейрамханасындағы аста аруақ қонған әзатаның рухына құран-қатым түсірілді.
Біле білген адамға, бұл, әрине, аз құрмет емес. Бірақ Батырбек датқа Рысбекұлы деген кім? Ол елінің тарихында, халқының жадында қандай қадір-қасиетімен қалды? Солтүстікте «аға сұлтан», оңтүстікте «датқа» деген лауазым алған байырғы қазақ бектері мен билері болған. Ол солардың қай шоғырына жатады? Қай биігінде тұруға лайық?Тарихи дерекке көз жүгіртейік. Батысымызды бойлай отырып, солтүстігімізден сұғына кірген отаршылдар оңтүстікке де ойысқан кез. Жергілікті халықты шошаңдаған мылтығымен шошытпау үшін, қой терісін жамылған қасқырлар «әскери экспедиция» деген атты бүркенген. Сол басқыншыларды басқарғандардың бірі генерал Михаил Черняев болатын. Могилев губерниясының Тубышка деген деревнясында туған оның пешенесіне, өкінішке қарай, Ташкенттің төріне Ресей империясының екі басты самұрық құсы бейнеленген туын тігуді жазыпты. Оған дейін де біраз қанды жорықтарға қатысқан, әрине. Мысалы, 1858 жылы Арал теңізін жағалай отырып Хиуа хандығына қарсы көтерілген Қоңырат қаласы тұрғындарына көмек қолын созыпты деседі. Одан кейін Кавказ халқын отарлауға қатысқан. Бірақ Ресей патшасы оны қайтадан Орта Азияға жібереді де ол 1864 жылы Омбыда қарулы отряд жасақтап алып, Әулиеата, Шымкент және Ташкент қалаларын Ресей бодандығына қарату мақсатында жорыққа шығады. Сөйтіп, ежелгі Тараз шаһарының орнына салынған Әулиеата қаласын зеңбірекпен атқылап, басып алады. Одан кейін Шымкент, Ташкент қалаларына шүйлігеді. Қару-жарақ құпиясын ғана емес, сонымен бірге, саясаттың қулық-сұмдықтарын да бір кісідей меңгерген ол жергілікті халықтың белгілі һәм беделді тұлғаларымен де мәміле жасауға мәттақан болыпты.Генерал М. Г. Черняевтің сол кезде жазған хатына үңілейік.«Бұл кісілердің арасындағы Батырбек датқа – мен үшін өте құпия тұлға. Ислам дініне, салт-дәстүріне өте берік. Орыстарды жат дінділер дейді. Басқа датқаларға қарағанда оңтүстік өңірде халық арасында атақ-абыройы өте зор, бұларды өзге датқалар да ашық мойындайды. Солтүстік өңірді мекендеген қырғыз-қайсақтар көсемдерінің алауыздығы өршітіліп, Ресей қарамағына өтулері қамтамасыз етілген жоқ па? Осы саясатты, әдіс-айланы оңтүстік өңір халқының көсемдерін араздастыру мақсатында, сіздердің қамқорлықтарыңызбен тездетіп іске асыру керек.Байзақтың өлімін өз мақсатыма пайдаландым, оның өліміне Сапақ, Шоқай, Батырбек датқалар кінәлі, өздері бірге келіссөзге бармады, Байзақты жалғыз жіберді деп жергілікті сенімді адамдар арқылы сыбыс тараттым. Бұл құпия әрекетім өз жемісін беріп жатыр. Қазір маған келіп жатқан астыртын мәліметтер бойынша, Байзақтың кейбір туыстары басқа датқалардың туыстарымен араз болуда.Байзақ датқаның келіссөзден тірі қалмайтынын білдік, сол үшін де орыс офицерлерін қасына қоспадым, татар тілмаш пен екі татар унтер офицерін қостым, барлығы мұсылмандар ғой (магометандар).Батырбек датқа жөнінде барлық ақпаратты замандастары Байзақ, Шоқай, Сапақтардан біліп алған соң, екінші рет ол кісіні өзіме тағы да шақыртып сөйлестім. Бірінші кездесуімде әңгімеге ротмистр Шоқан Уәлиханов қатысқан болатын. Екінші кездесуімізде ротмистр қатысқан жоқ, ол маған ренжіп, экспедициядан кетіп қалған. Ротмистрдің маған ренжіп кетуіне, естуімше, Батырбек датқаның тікелей қатысы бар, себебі, екеуі оңаша кездескен, ротмистрді ол жат дінділерге көмектесіп жүрсің деп кінәлаған, өз халқыңа қарсы соғысып жүрсің деп айыптаған көрінеді. Оларға шыдамаған ротмистр Ш.Уәлиханов экспедициядан кетті…».Абыз тарихты алдай алмайсың. Ресей империясы мен М.Черняевтің ішіне бүккен аярлығын қазақ халқы, міне, КСРО бодандығынан азат болып, тәуелсіз ел тарихын қайта қарап, қайта түзеп, қайта жаза бастаған кезеңде тың деректер арқылы біліп отыр. Ресей патшалығы генералдарының аңқау елге арамза молда болған айла-тәсілдері де әшкереленді.Датқалардың елі мен жеріне сіңірген еңбегін бөле-жара зерттеп, тарихтан бөле-жара орын беруге болмас. Қазақ тарихы үшін Сапақ датқа, Шоқай датқа, Байзақ датқа, Батырбек датқа және басқа да толып жатқан датқалар да шоқжұлдыздың шоғырындай дара. Оны генерал М.Черняев жау болса да мойындапты. Ол Ресей ағзамының соғыс министріне жолдаған хатында тарих шындығынан ауытқымай, қазақ датқаларының ру-руға, жік-жікке бөлінбегенін, қайта бір-біріне құрметпен қарайтынын жазған. Бұл құжат болмаса, бүгінгі ұрпақ: «Байзақ датқаның өліміне өзінің үзеңгілес серіктері Сапақ датқа, Шоқай датқа және Батырбек датқа кінәлі», деген жалған дерекке сеніп жүре берер ме еді, әлде қайтер еді?!. Осы арада бұл шындықты елге жеткізген тарихшы, ғалым Д. Даниярбековке үлкен рахмет. Ол генерал М.Черняевтің Ресей империясының соғыс министрі Бори-совқа жазған құпия хатын Ташкент архивінен тауып алып, бүгінгі тәуелсіз қазақ тарихының айналымына қосып отыр.Әрине, бір жолдың бойында жатқан Әулиеата, Шымкент және Ташкент сияқты іргелі қалаларды басып алып, Ресей империясының қол астына салып берген генерал да құрметтен кенде қалған жоқ. Ресей патшасынан алған ордендері мен медальдарын былай қойғанда, Иван Грозный патшаның тұсында Еділ мен Жайықтан бастап Ертіске дейінгі аралықтағы байлыққа толы байтақты Ресей патшалығына тарту етіп, сый-сияпатқа кенелген баукеспе, қарақшы Ермактан кейін Арал теңізін орағытып, Тәңіртауды жебелеп, Қаратауды жағалап, Қазығұртты көктей өтіп, Ташкентке ту тіккен генерал М.Черняев «Ташкент арыстаны» деген аңызға бергісіз атақтарымен де танылыпты.Одан бергі арада, әрине, екі ғасырдан астам уақыт өтті. Мына қызықты қараңыз, міне, енді, сол Батырбек датқа туып, билік құрған Жуалы өңірін Батырбек Құлекеев деген білікті азамат басқарып отыр. Ол осы ауданға әкім болып тағайындалысымен тау жайлаған халықтың тарихын біліп, есті кісілерімен арғы-бергіде өткен өсиетті ерлерінің ұрпаққа үлгі болар ісін зерделеген. Сонда аудандағы соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, өңірдің құрметті азаматы Жарас Мұратай Батырбек датқаның тарихы туралы айтқан. Басқа да жанашыр жандар өз ұсыныс, пікірлерін ортаға салып, елдік мәні бар ерекше іске ел болып жұмылатындарын жеткізген. Міне, сол ақыл-кеңестің нәтижесі, үлкен іс қолға алынып, үлкен шаруа тындырылды.Майлықожа ақын өз көзімен көріп, куә болған қилы заманның қиын жылдары жайлы жазылған «Елге қоныс әперген» деген өлеңінде:Жуалыда БатырбекКелмеген жауы қасына,Арыстан онда жатыр деп.Арғы атасын сұрасаң,Рысбек, Шінет – асыл тек,Сиқымға қоныс әперді,Аямай күшін әзірлеп,Соңына ерген халқына,Не десе соны мақұл деп, – деп жырлапты. Сондай-ақ, Батырбек датқа баянын зар заман сүлейлерінің бірі Сүйінбай Аронұлының:Ассалаумағаләйкүм, дәу Батырбек,Туғаның хабарлады: «Сен келсін»,– деп.Бауырыңның иманы жолдас болсын,Айтпақ едім көңілді өзім де кеп, -деп басталатын өлеңінен де оқуға болады. Ал ол кездегі текті ақындардың назарына түсуге бай бол, батыр бол, би бол, датқа бол, әрине, екінің бірінің билігі мен беделі жете бермеген.Ғылыми мәжілісте сөз алған шешендердің арасынан Қазақстан және Қырғыз ұлттық академияларының корреспондент-мүшесі, профессор Сейітхан Жошыбаевты да көріп қалдық. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы Асқар Әбдуәлінің де Қоқан, Хиуа хандықтарының озбырлықтары туралы тәпсірлері тәнті етті. Белгілі жазушы Еркінбек Тұрысовтың тарихтың тереңінен қозғаған сырлары да дуалы ауыздан шыққандығын білдіріп тұрды.Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,«Егемен Қазақстан».Жамбыл облысы,Жуалы ауданы,Күреңбел ауылы.