Келер жылы Қарағанды облысында 25 әлеуметтік павильон салынады. Қазіргі уақытта Қарағанды, Саран, Шахтинск және Абай қалаларында болашақ дүкендерге арналған жер телімдері рәсімделу үстінде.
Жалпы, әлеуметтік павильондар өздерін тек жақсы қырынан танытуда. Бүгінгі күнде олар бағаның негізсіз көтерілуімен және белгілі бір маусымдық тауарлардың тапшылығымен күресудің тиімді құралы болып отыр.
– Жаңа павильондар ашу – сатып алушыларды кең көлемде қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жергілікті тауар өндірушілерге өз өнімдерін делдалсыз, төмен және қолжетімді бағамен сатуға жол ашады, дейді Қарағанды облыстық кәсіпкерлік басқармасының жетекшісі Татьяна Аблаева.
Сонымен қатар ол облыста 2019 жылға арналып тұрақтандыру қоры құрылғанын, оған 68 тонна күріш, 68 тонна қарақұмық, 204 тонна қант және 48 мың литр күнбағыс майы жеткізілгенін мәлім етті. Бұл өнімдер әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бір деңгейде ұстап тұру үшін жоғарыда айтылған павильондарда тұрақты бағамен сатылатын болады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды