Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге берген сұхбатында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сауда-экономикалық көрсеткіштің жақсарғанына тоқталды.
«Қазақстанда 2014 жылы құрылған Еуразиялық экономикалық одақ бірден қиын жағдайға тап болды. Дәл сол кезде дағдарыс шырқау шегіне жеткен еді. Соған қарамастан қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 24,5 пайызға өсті. Әрине, оның 90 пайызы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттыққа тиесілі. Одаққа мүше мемлекеттердің арасындағы тауар айналымы көбейіп келеді және бәріне тиімді екенін көрсетті», деді Н.Назарбаев.
Президент сауда-экономикалық көрсеткіштің жақсаруына Кедендік одақтың оң ықпал тигізіп отырғанын атап өтіп, мұндай бастамалар көрші мемлекеттермен тиімді қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас – әріптестіктің жарқын үлгісі. Министрлік деңгейдегі, ведомствоаралық кездесулер өтіп тұрады. Қазақстан Ресейдің 70-ке жуық өңірімен сауда-саттық байланыс орнатқан. Біздің облыстарымыз тікелей Ресейдің аудандарына шыға алады. Оған қоса, екі елге ортақ кәсіпорындар өте көп. Көлік құрастыру, ауыл шаруашылығы, энергетикалық сала бойынша әріптестік нығайып келеді», деді Елбасы.
Н.Назарбаевтың сөзіне қарағанда, алда-жалда екі ел арасында қандай да бір мәселе туындаса, оның оң шешімін табудың мүмкіндігі бар.
«Көрші мемлекеттерде кейде түсініспеушілік болуы заңдылық. Әйтсе де, оның бәрі министрлік, ведомстволық деңгейде тез шешімін табады. Қазіргі таңда Ресей де, Қазақстан да достық қарым-қатынас ұстанған.