Орал қаласында республиканың батыс қақпасында қырағы қызметте жүрген шекарашыларға арналған үй қысқа мерзім ішінде салынып пайдалануға берілді. Оның кілттерін жаңа пәтер иелеріне Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев табыс етті. Мұндағы бір бөлмелі пәтердің аумағы 44, екі және үш бөлмелер тиісінше 68 және 100 шаршы метр. Аталмыш құрылыс нысаны элиталы тұрғын үйге қойылатын талаптар деңгейінде тұрғызылған. Пәтерлер кең де ыңғайлы, әрі төбелері биік. Сонымен бірге, ғимараттың кіреберіс дәліздері де үлкен.
– Жаңа үйдің пайдалануға берілуі арқылы шекарашылардың жүз пайызға жуығын жаңа баспанамен қамтуға мүмкіндік туып отыр. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен елдің шекаралық қызметінде жүрген сақшыларды ұдайы қолдап отырудың нәтижесі деп білеміз, – деді рәсім кезінде № 2029 шекарашылар бөлімшесі командирінің орынбасары Мирхат Бахиев.
Сонымен бірге, шекарашыларға арналып салынған алпыс пәтерлі әсем үйден жалпы аумағы жүз шаршы метр құрайтын үш бөлмелі пәтердің кілті қолына тиіп қуанышы қойнына сыймай тұрған екі ұлдың әкесі, аталған бөлімшедегі инженерлік қызметтің бастығы Алексей Хорев өз тілегін былайша жеткізді.
– Бүгінгі күн менің отбасым үшін бақытты күн. Біз жаңа үйден даңғарадай үш бөлмелі пәтерге ие болдық. Бұған дейін еңбекақымның тең жартысына жуығы жалдамалы пәтерге төлеуге жұмсалып келді. Ендігі жерде мен бұл мәселеге алаңдамай, бар күш-жігерім мен қайратымды Қазақстан Республикасына қызмет етуге арнайтын боламын.
Темір ҚҰСАЙЫН.
ОРАЛ.