Дүйсенбі, 28 мамыр 2012 10:08
Қазақстанның Юстиция халық комиссары — республика прокуроры Қанай Боранбаев туралы дерек
Кезінде дүниені дүр сілкіндірген Қазан төңкерісінен кейін Кеңес өкіметінен зор үміт күтіп еліміздің болашағы үшін дүрбелеңге толы жылдарда саясат сахнасына шыққан қазақ зиялыларының үркердей шоғырында Варшава университетінде оқыған Қанай Боранбаев та бар еді. 1918 жылдың қарашасында РКП(б)-ға мүшелікке өткен небәрі жиырма екі жастағы жас жігіт сол партиядан екі мәрте шығарылатынын, алда тар жол, тайғақ кешу тұрғанын білді дейсіз бе! Солақай саясат сойылымен , жер шетіндегі Магаданға айдалып, сонда нақақтан нақақ қырық екі жасында атылатынын сезді дейсіз бе!
Дүйсенбі, 28 мамыр 2012 10:08
Қазақстанның Юстиция халық комиссары — республика прокуроры Қанай Боранбаев туралы дерек
Кезінде дүниені дүр сілкіндірген Қазан төңкерісінен кейін Кеңес өкіметінен зор үміт күтіп еліміздің болашағы үшін дүрбелеңге толы жылдарда саясат сахнасына шыққан қазақ зиялыларының үркердей шоғырында Варшава университетінде оқыған Қанай Боранбаев та бар еді. 1918 жылдың қарашасында РКП(б)-ға мүшелікке өткен небәрі жиырма екі жастағы жас жігіт сол партиядан екі мәрте шығарылатынын, алда тар жол, тайғақ кешу тұрғанын білді дейсіз бе! Солақай саясат сойылымен , жер шетіндегі Магаданға айдалып, сонда нақақтан нақақ қырық екі жасында атылатынын сезді дейсіз бе!
Білімді де білікті, іскер де алғыр жас Қанайды Кеңес өкіметі алғаш 1923 жылы-ақ “сүріндіріп” жіберген еді. Трибунал мүшесі болған кезінде байды қорғадың деп үстінен қылмыстық іс қозғап, екі жылға бас бостандығынан айырған тұста әділетсіздікке ара түсіп, партия билетін қайтартып берген Тұрар Рысқұлов болатын. Кейін Қанайға Голощекиннің Рысқұлов бағытындағы “түрікшілдер” деп шүйлігуі де осыған байланысты. 1924 жылы Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанов кадрларды іріктеп, үкімет құрамын нығайту кезінде Қанай Боранбаевқа үлкен үміт артты. Яғни, Жетісу прокуроры қызметіндегі оны Орынборға шақыртып, ҚАССР-інің Юстиция халық комиссары — республика прокуроры лауазымына ұсынды. Ол Жұбаныш Бәрібаев, Абдолла Розыбақиев, Ораз Жандосов тәрізді есімі елімізге белгілі азаматтармен үзеңгілес болды. Түрмеге қамалған Тоқаш Бокинді арашалап қалмақшы болып, оны кепілге алған да осы Қанай. Бірақ екінші мәрте кепілге алуына мүмкіндік берілмей, қапыда қалды. Бұл туралы Зейін Шашкин де, Жүсіпбек Арыстанов та жазған болатын. ұлы жазушы Мұхтар Әуезов те Қанайды көргенін, оны жақсы білгендігін айтып ол туралы жылы пікір білдіргенін белгілі ақын Хамит Ерғалиев ағамыздың мақаласынан оқып едік. Бірақ өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы зиялы ортада өзіндік орны, беделі болған осындай, қоғам қайраткері Қанай Боранбаев энциклопедиялық анықтамалықтарға енбей, есімі ескерілмей келді. Кезінде еліміздегі сот, прокуратура органдарының қалыптасуына , кадрларды тәрбиелеуде зор үлес қосқан заңгердің кейінгі өмірі қудалауда, тар қапаста қорлықпен өтті. Ауылдағы зерек бала-тәтті қиял, Варшава университетінің студенті — болашаққа құштарлық, трибунал мүшесі, халық комиссары — республика прокуроры, өзге де лауазым баспалдақтары , бәрі-бәрі солақай саясатпен әдірем қалып, кейін тағдыр Қанайды аямады.
Мұрағат құжаттарына сүйенсек, Қанай Боранбаев 1896 жылы Жетісу губерниясы Алматы уезіндегі Қастек болысының 2-ші ауылында (қазіргі Жамбыл ауданы Амангелді ауылы) аңшының отбасында дүниеге келіпті. Сол жылдары Алматыдағы аң аулап, саят құруға әуес шенеуніктер мен тілмәштардың назарын қағылез келген тумысынан зерек бала өзіне аудара беріпті. Қанай бала олардың қолдауымен, ақыл-кеңесімен Верныйдағы 8-сыныптық классикалық гимназияға оқуға түседі. Оны үздік бітірген соң Ресей империясының еуропалық бөлігіндегі іргелі оқу орындарының бірі Варшава университетінің заң факультетіне түседі. Бастапқыда оқуға талпынған Қанай Тифлистегі әскери училищеге бармақ болған екен, содан соң Қазан университеті арқылы Варшаваға жолдамамен жіберілген. Бұл туралы Қанайдың жақын ағайындары айтады. өкінішке қарай, ол бұл университеттің 3 курсын ғана тәмамдап, Қазан төңкерісінен кейінгі аласапыранда студенттердің саяси үйірмесіне қатысқаны үшін оқудан шығып қалады. Туған еліне қайтуға бекінген ол Польшадан тікелей Мәскеуге тартады. Бұл сапарында төңкерістен кейінгі ахуалды көзбен көріп, көп нәрсеге көзі жетеді, тіпті атақты Ф.Дзержинскийдің жеке қабылдауында болып, онымен таза поляк тілінде сөйлескен дейді. Сөйтіп, ол Мәскеумен айналып Жетісу жеріне 1918 жылы оралады да сол жылы мамыр айынан жергілікті революционерлермен қоян-қолтық араласып, Кеңес өкіметін орнатуға белсене араласады. 1918 жылдың қарашасында Қ.Боранбаев РКП(б) мүшелігіне қабылданады. Одан кейінгі кездергі атқарған қызметтері туралы өз қолымен былай деп жазыпты:
“1918 жылы Ташкенттегі Төтенше комиссардың құпия қызметшісі және көмекшісі болдым. Бір айдан соң Қытайдың Құлжа қаласына жіберілген комиссияның мүшелігіне бекітілдім. Төрт айдан кейін қайта оралып, губерниялық атқару комитетінің төралқасы мүшелігіне сайландым. 1919 жылы Ташкентке кері шақырылып, өлкелік партия комитетінің мүшелігіне ендім. Сөйтіп, комитет мүшесі және хатшы ретінде 1920 жылға дейін қызмет етіп, соңынан Жетісу партия және мұсылмандар бюросына жұмысқа ауыстырылдым. Сол жылдың аяғында Түркістан майданы 3-ші дивизиясының әскери трибунал мүшесі болып тағайындалып, онда 1921 жылға дейін қызмет жасадым. Жер реформасын жүргізу тұсында облыстық төтенше комитет мүшесі, тергеу бөлімінің меңгерушісі болдым. Оның соңғысын 1922 жылдың аяғына дейін атқардым. 1923 жылдың басында төтенше өкіл ретінде Қытайға барып, Шәуешекте қашқан қазақтарды қайта көшіруді ұйымдастырдым. Сол жылдың аяқ шенінде Жетісу губерниясының прокуроры болып тағайындалдым. Бұл қызметті 1924 жылдың күзіне дейін, яғни ҚАССР прокурорлығына ауыстырылғанға дейін атқардым. Атқарған қызметтерімнің айы мен күндерінен қателесуім мүмкін болғандықтан дәл көрсете алмадым (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, 1541-қор, 1-тізім, 2376-іс, 6-парақ).”
Бір айта кететін жәйт , Қанайдың: “ҚАССР прокурорлығына ауыстырылдым”,– дегені оның жаңа қызметке Юстиция халық комиссары және республика прокуроры қызметіне тағайындалғанын білдіреді. Дәлірек айтсақ, бұл тағайындау 1924 жылдың қарашасында өлкелік комитеттің шешімімен жүзеге асқан еді. Ал Қанай сол қараша айының 27-і күні Орынборға жетіп, жаңа қызметіне кіріседі (ҚРОМА 1541-қор, 1-тізім, 2376-іс, 1-парақ).
Қ.Боранбаев бұл лауазымға келгенде Қазақстанда сот, прокуратура органдарының қалыптасып жатқан кезі болатын. Ол Юстиция халық комиссары —республика прокуроры болған азды-көпті уақыт ішінде прокуратура мен сот органдарына қатысты 60-қа жуық маңызды құжаттарға қол қойғанын мұрағат құжаттары дәлелдейді. Санап қарасақ, осы лауазымда болған бес-алты ай ішінде өзінің төрағалық етуімен 13 мәрте Юстиция халық комиссариатының алқа мәжілісін өткізіпті. Қанай қысқа мерзімнің ішінде комиссариаттың ішкі құрылымын жетілдіріп, жұмыс тәртібін күшейтіп қана қоймай, губерниялық сот пен прокуратураны шын мәнінде халыққа қызмет ететін беделді органға айналдыруға бар күш-жігерін жұмсады. Оның басшылығымен Қазақстан құрамына енген Жетісу, Сырдария, Қарақалпақ прокуратурасы мен сот органдары түгелдей бақылауға алып, қайта құрылды. Сондай-ақ ол Қызылордаға қоныс аударатын комиссариаттың құжаттық құрылымы мен мүлкін белгілеу тәрізді сол кездің күн тәртібінде тұрған қадау-қадау мәселелерді шебер ұйымдастырды.
Қ.Боранбаев аталған лауазымда болғанда кадр мәселесіне ерекше көңіл бөліп, қазақтың оқыған іскер жігіттерін қызметке тартты. Және оларды қамқорлығына алып, керек кезде қорғай да білді. Мысалы, партиялық тазалау кезінде Алашордадағы бұрынғы қызметі үшін күдіктілер қатарына ілінген С.Қадырбаевқа: “Комиссариаттағы іс білетін санаулы қазақтардың бірі”, – деп батыл араша түседі. Оның кадрларды бағалап, оларды таңдай да тани білгендігін жаңа астана Қызылордаға аттанатындарға жасаған тізімінен де көруге болады. Олар: Мәскеудегі 3 жылдық заң курсын бітіріп келген республика прокурорының орынбасары Мырзағұл Атаниязов, Қазан университетіндегі заң факультетінің түлектері — комиссариаттың алқа мүшесі Ахмет Бірімжанов, прокурор Сәлімгерей Нұралыханов, Петербург университетінің заң факультетінде оқыған – прокуратурада аса маңызды істер жөніндегі тергеуші ұаббас Сейдалин, 1904 жылдан сот қызметінде мол тәжірибе жинақтаған комиссариаттың сот құрылысы және бақылау бөлімінің меңгерушісі Сейдәзім Қадырбаев бар еді (ҚРОМА 30-қор, 1-тізім, 467-іс, 52-парақ).
1924-1925 жылдары Қ.Боранбаевтың тікелей басшылығымен губерниялық сот құрамында кезекті сайлау өткізіледі. Мысалы, Семей губерниялық сотының 82 қызметкерінің 63-і қайта сайланғаны осының дәлелі. Ал халық кеңесшілерінің 224-і жаңадан сапқа қосылды. Оның 155-і орыс, 69-ы қазақ (196 ер адам, 28 әйел) болған екен. Демек барлық губернияларда сот құрамы қайта жаңғыртылғанын байқаймыз (Қазақ АССР үкіметінің Кеңестердің бүкілқазақтық 5-ші съезіне арналған есебінен. Орынбор, “Караван-сарай” баспасы, 1926 ж., 80-бет).
Қанай Боранбаев 1925 жылдың 15-19 сәуір аралығында Ақмешітте (съезден соң Қызылорда атанған) өткен Кеңестердің бүкілқазақтық 5-ші съезіне қатысады. Ал 22 сәуірде ол Орынбор арқылы Мәскеуде өтетін РСФСР Кеңестері съезіне жол жүріп кетеді. Осы сапардан оралған бойда Юстиция халық комиссары және республика прокуроры қызметін оған жаңадан тағайындалған Сәдуақас Мәмбеевке өткізеді де өзі осы комиссариаттың құрамында прокурор міндетіне ауысады. Сол жылы күзге таман Орал губерниясының прокуроры болып істейді. Алайда Голощекин, Ежовтармен арадағы жағдай шиеленісе берген соң Қанай Боранбаев жұмыстан біржолата кету үшін өтініш жазады. Онда өзінің жеті жылдай сот, прокуратура саласында жұмыс істеп әбден шаршағанын, қызметінен босатуды өтінген екен. Қанайға одан басқа жол қалмағандығына 1925 жылдың 8 желтоқсанында өткен өлкелік партия комитетінің кеңесінде сөйлеген Ежовтың сөзі дәлел болса керек. Ежов: “Боранбаевты Орал губерниясының прокуроры қызметінен алу қажет. Оның үстіне ол өзі де өтініш жолдап, ауыр ахуал қалыптасқандығын айтады. Сондықтан менің ойымша өтінішін қанағаттандырып, оны Жетісу губерниялық комитетінің қарамағына жіберген дұрыс. Әрі Боранбаевқа қазір демалу да артық болмас”, – деп сөзінің соңын кекесінмен аяқтапты (ҚРОМА 1541-қор, 2376-іс, 12-парақ). Алдын ала келісіп қойғандай, бұл ұсынысты Голощекин де бас шұлғып құптай жөнелген. Сөйтіп, аталмыш кеңес Боранбаевты Жетісу губерниялық атқару комитетінің хатшысы Ж.Бәрібаевтың қарауына жіберу туралы шешім қабылдайды. Одан кейін ол Жетісуда бірқатар қызметтер атқарады. Алайда Голощекин мен оның жақтастарының қырына ілінген ол ақыры 1928 жылы партия қатарынан шығарылады. Бұл бұл ма, басына одан да бетер қауіп төнерін сезген ол Қырғызстанға кетіп бас сауғалайды. Мұнда да тыныш отырғызбаған соң Ташкенттегі ауыл шаруашылығы институтына түседі, өзбекстанның Жер халық комиссариатында зоотехник болған. 1932 жылы “Қызыл чарвадор” совхозында директор болып жүргенінде қамауға алынады. Сол кезде қуғын-сүргін, жоқшылықтың салдарынан алдымен сүйікті ұлы, көп ұзамай әйелі қайтыс болады. Қайғы үстіне қайғы жамалып, мұның бәрі Қанайға ауыр тиеді.
Сонымен Қ.Боранбаев Магаданда жазасын өтеп жүргенде бостандыққа шыға алмайтынын білген соң, әділдіктің болатынынан күдерін үзіп, түрмедегі адам төзгісіз ауыр жағдайға наразы болып аштық жариялайды әрі жұмыстан бас тартады.
Қ.Боранбаевты айыптау қорытындысында фамилиясы дұрыс жазылмаған әрі тергеу ісінің нөмірі де көрсетілмеген. Айыптау қорытындысына 1937 жылдың 27 желтоқсаны күні қол қойылған. Ал 1938 жылдың 5 қаңтарында НКВД үштігінің мәжілісі Қ.Боранбаевқа ату жазасын береді. Тура он күннен соң үштіктің шешімі орындалады…
Кезінде Юстиция халық комиссары және республика прокуроры болған қазақтың зиялы бір ұлының тағдыры, міне, осындай болған еді.
ЭПИЛОГ ОРНЫНА.
Халқымыздың ардақтысы Д.А.Қонаевтың туғанына 90 жыл толуына орай “Егемен Қазақстан” газеті өзінің 2002 жылғы 12 қаңтардағы нөмірінде Қазақстанның халық жазушысы , Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хамит Ерғалиев марқұмның архивінен алынған естелікті жариялады. “81 жыл 8 ай 10 күн” деп аталатын естелікте автор Қанай Боранбаевқа байланысты мынадай бір қызық жәйтті келтірген: “Димекең Гүлжанға (Х.Ерғалиевтің қызы – Авт.) былай депті:
— Сенің әкеңді жақсы білсем де, сенің шешеңнің әкесі кім екенін білмей жүріппін ғой. Оны мен Хамиттің жуырдағы мақаласынан ғана оқып-біліп, ішіме түйген едім. Қанай Боранбаев – Жетісу өлкесінің маңдайы жарқыраған марғасқаларының бірі еді ғой! Бәрінен бұрын Қанекең менің маңдайымнан неше мәрте сипаған, бір себептермен туған ағамдай болған кісі еді. Ол кісі есіме түссе, күні бүгінге дейін көзіме жас іркіледі. өйткені, ол кісімен біздің үйдің арақатынасы алшақтап кеткенде де мені көрген жерден ұстап алып, адамның ет жүрегін елжірететін артықша бір адамгершілік танытушы еді, баласынбай, бар ақылын, жақсы адам болудың не бір ұлағатты жолдарын жалықпай айтатын. Ол кісі – менің алғашқы меншігіме тиген мектебім ғой!”
Алаш ардақтысы Дінмұхамед Қонаевтың Қанай Боранбаев туралы осындай ой айтуы ол кісінің кезінде қандай ірі тұлға болғанын дәлелдеп қана қоймай, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге , мақтаныш тұтатындай адам екендігіне көзімізді жеткізе түседі.
Самат ИБРАИМ, журналист,
Болат ҚАБДӨШЕВ, тарихшы.
АЛМАТЫ.26 маусым 2002 жыл.