Ұйқыңыз жайлы болу үшін қалай жатқаныңыз дұрыс? Шалқаңыздан, оң я сол жақ қабырғаңызға қисайып жатып, ұйқыңыз қанса болды ма? Жоқ, олай емес екен. Мысалы, дәрігерлер шалқадан жатып ұйықтау сау адамның да тыныс алу жүйесіне зиян екенін ескертеді.
Ал сәби күтіп жүрген анаға шалқадан жатуға мүлде болмайды. Ол іштегі нәрестенің тыныс алуын нашарлатады. Сонымен қатар анасының да жүрек қан тамырларына өте зиян. Неге? Өйткені шалқайып жату бір минутта жүрекке құйылатын қанның көлемін азайтады. Ол жатырға баратын қанға да теріс әсер етеді. Соның салдарынан іштегі шақалақтың демалуы қиындайды.
Ғалымдар дүниеге сәбиі жансыз келген 150 ана мен сау бала туған 600 ерікті әйелдің ұйықтау әдеттерін зерттепті. Зерттеу нәтижесінде 28 апта толғаннан кейін шалқадан жатып ұйықтау өлі бала туу қаупін 4 пайызға жоғарылатады. Бұл қосымша факторларды есептемегенде. Ал құрсаққа 37 апта толғанда шалқадан жатып ұйықтау тіпті қауіпті. Себебі бала тура сол уақыттарда өте нәзік болады.
Бұл кеңесті кез келген аяғы ауыр ана, болашақ ана білуі тиіс. Ал біздің шариғатымызда сүннетке сай оң қабырғаңызға қисайып ұйықтау абзал.