Дүйсенбі, 1 қазан 2012 10:11
Алматыдан таң алакеуімде аттанды. Содан бері терең ой құшағында. Қөңілі әлденеге алабұртады, әлденеге мазасызданады. Бойында өзі түсінбеген бір енжарлық, жүзінде бұрын-соңды байқалмаған мұң бар. Осындай дел-сал кейіппен Қапшағайдан өтті. Әрі-сәрі ой жетегімен Шеңгелдіні де артқа қалдырды. Арқарлының асуына таянғанда өз-өзінен ширықты дейсің. “Бұл не? ” — деді машина педалін қаттырақ басып, рульді әлеуетті қолымен қыса ұстаған ол: “Несіне жүрексінемін? Неге қобалжимын сонша? Халық депутаттығына сайлауға түс. Қалаулымыз бол”, — деп шақырған жерлестерімнің өзі ғой. Барайын. Көрейін. Кілемдегі жан алып, жан беріскен күрестен қорықпай келіп, өмірдегі мынадай бейбіт сыннан бүгежектегенім Әбілсейіт атыма жараспас”.
Дүйсенбі, 1 қазан 2012 10:11
Алматыдан таң алакеуімде аттанды. Содан бері терең ой құшағында. Қөңілі әлденеге алабұртады, әлденеге мазасызданады. Бойында өзі түсінбеген бір енжарлық, жүзінде бұрын-соңды байқалмаған мұң бар. Осындай дел-сал кейіппен Қапшағайдан өтті. Әрі-сәрі ой жетегімен Шеңгелдіні де артқа қалдырды. Арқарлының асуына таянғанда өз-өзінен ширықты дейсің. “Бұл не? ” — деді машина педалін қаттырақ басып, рульді әлеуетті қолымен қыса ұстаған ол: “Несіне жүрексінемін? Неге қобалжимын сонша? Халық депутаттығына сайлауға түс. Қалаулымыз бол”, — деп шақырған жерлестерімнің өзі ғой. Барайын. Көрейін. Кілемдегі жан алып, жан беріскен күрестен қорықпай келіп, өмірдегі мынадай бейбіт сыннан бүгежектегенім Әбілсейіт атыма жараспас”.
Өзін-өзі іштей осылай деген ол орындыққа тіктеле отырып, алға көз жіберді. Жол… Иә, алда ұзақ жол жатыр. Не істеу керек? Есіне жерлестерімен болатын кездесу түсті. Онда әрине түрлі тақырып, түрлі мазмұндағы сұрақтардың қойылары анық. Сондықтан мынадай ұзақ жолда ұмытқаның болса асықпай еске түсіріп, өмір жолын: ой елегінен өткізіп алғанның артықтығы бола қоймас, сірә. Ол осы пікірін дұрыс деп тапты. Сөйтті де алдындағы спидометр стрелкасына қарап қойып, соғыс жылдарындағы жүдеу де жыртық көңіл балалық шағы мен студенттік кезін, содан кейін күрес әлеміндегі қиын да қызықты өмір баспалдақтарын көз алдына елестетті.
Әкесі Рүстем қазір осы өзі келе жатқан Сарқант ауданындағы “Қызыл орақ” колхозынан майданға аттанғанда Әбілсейіт үш жаста еді. Отан солдаты содан қайтып отбасы, ошақ қасына оралмады. Марқұм елде қалған тұяқтарын өмір бойы сағындырған күйі Ленинград бағытындағы шайқаста опат болды. Содан бастап анасы Рақила, үлкен әпкесі Ажар, інілері Әлсейіт пен Нұрсейіт және Байсейіт соғыс жылдарындағы тыл өміріне тән тұрмыс тақсыретін тарта жүріп Жеңіс күніне жеткен жайы бар.
Болашақ балуан мектепте жаман оқыған жоқ. Ол Покатиловка селосындағы орта мектепте дәріс алған жылдарында математикаға өте зерек еді. Соған қарамастан кейін басқа мамандыққа баруға бел буды. Неге олай етті, мұны бір өзі ғана біледі. Мектепте Николай Степанович Серебрянников деген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бар болатын. Оныншы класты бітіретін жылы сол кісінің айтқан ақылы бұған үлкен ой салды. “Әбілсейіт, — деген әлгі ұстазы бірде. – Осы жұрт сенің құдай берген бір қабілетіңді байқамай жүр. Ол елден ерек жаратылған бойың мен бұла күшің. Соған бап керек, шеберлігіңді ұштайтын жаттықтырушы қажет. Сондықтан астанадағы дене шынықтыру институтына барып бағыңды сынағаның дұрыс”.
Ұстазының айтқаны келді. Жас жігіт сыннан сүрінбей өтіп, оқуға түсті. Бірақ… иә, бірақ астанадағы алғашқы жыл оған азап пен тозақтан бірде кем емес болып көрінгені анық. Жүгіру, секіру штанга көтеріп, снаряд лақтыру сияқты жаттығудың неше түрінен сыр берген жері жоқ әрине. Неге десеңіз ондай қиындықтарға Әбілсейіттің табандылығы мен кайсарлығы жетіп артылатын. Мұның жүйкесіне тигені еркін күрес ережесіне бойұсына алмағандығы еді. Қарсыласыңды шалып қалсаң, тәртіп бұзған болып шығасың. Жамбасқа алып жығайын десең, мұндай тәсіл ережеде жоқ дейді. Содан қойшы әйтеуір, жаттықтырушы Петр Филиппович Матущактың тынымсыз еңбегі оны күрес әдістеріне терең бойлатып жүріп, ақыры тағалаған аттай етіп шығарғаны бар. Соның нәтижесінде ол 1958 жылғы қалалық жарыста тұңғыш рет жеңімпаз атанды. Одан кейін екі жыл өткен соң республикалық жарыстың жүлделі орындарына қол жеткізді.
Ал 1963 жылы…
Иә, 1963 жылы Әбілсейіт қатарынан үш бірдей дабысы жер жарар даңқты жеңіске жетіп, күрес десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлерін шексіз қуанышқа бөледі. Оның алғашқысы балуанның Ахметжан Қазымбетов, Алексей Семкин, Аманкелді Ғабсаттаров секілді саңлақ жерлестерімен бірге Мәскеуге аттанып, КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы атанып қайтуы да, екіншісі сол кездегі Александр Медведь, Гурам Сагарадзе, Александр Иваницкий және Анатолий Албул сияқты алып күш иелерінің қатарында Жапонияға сапар шегіп, ол жерден де абыройлы оралуы еді. Ал үшіншісі… иә үшіншісі атақты Стамбул сапары болатын. Адамның жас кезіндегі зердесі қандай мықты десеңізші, шіркін. Арада қаншама жылдар өтті, бірақ сол бір жұлдызды сәтке толы тамаша күндер балуан есінде төмендегідей көріністер арқылы мықтап сақталып қалды.
Мәскеудегі КСРО халықтарының спартакиадасындағы айқасты Қазақстан командасы бет қаратпас басым қимылмен бастады. Оған дәлел ретінде бәсекенің алғашқы күні Ахметжан Қазымбетовтің молдаван балуанының жауырынын жерге небәрі екі-ақ минутта тигізгенін, Алексей Семкиннің ленинградтық қарсыласын шыркөбелек айналдырып жүріп алып ұрғанын, Лев Москалевтің кездесуді тең аяқтағанын айтуға болар еді. Кезек жартылай ауыр салмақтағы Әбілсейіт Айхановқа жақындағанда төрешілер құрамында жүрген жаттықтырушы Қабден Байдосов: “Сенімен эстон балуаны Тиит Мадалвее күресуі мүмкін”, — деген хабар айтып кетті. Бұл Тиитті жақсы білетін. 1962 жылы Ригада өткен одақ чемпионатының ақтық айқасында Әбілсейіт тек осы эстон жігітінен ғана жеңіліс тауып, алтын медальді оған қолдан бергендей өкінішті күй кешкен еді. Сол Тиит арада бір жыл өткен соң тағы да мұның алдынан шығып отыр. “Енді қапыда қала қоймаспын”, — деп ойлады Әбілсейіт жоғарыдағы хабарды естігенде. Сөйтті де кілемге тас-түйін кейіппен беттеді.
Тиит те тайсалар емес. Төртбақ денесін тік ұстаған күйі ортаға жетіп келді де алғашкы сәттен бастап-ақ күреске батыл кірісіп кетті. Оның бұлайша еркінситін жөні де бар. Неге десеңіз бұрын бір рет үстем болған адамның кілем үстінде сұсы басып тұратыны белгілі. Тииттің алғашқы кезде қазақ балуанына осы артықшылықты қарсы қойғысы келген сыңайы бар. Шамалауынша ол мұны ес жиғызбай ықтырып алып, сосын еркін кетпекші. Әбілсейіт бұл қулықты тез сезе қойды. Сөйтті де бойын жинап алып, ұстаса жібермейтін құрыш білегімен оны қышқаш құрсауға алды дейсің. Үйіріп әкеліп олай да лақтырды, бұлай да лақтырды. Осының нәтижесінде эстон жігітінің қорғануға шамасы келмей қалды. Сөйтіп таразының басы Әбілсейіт жағына ауды да белгіленген уақытқа дейін ол Тиитті кілемнен тағы да екі-үш рет аударып тастады. Эстон балуаны содан соң оңала алмады. Төреші Әбілсейіт Айхановтың қолын көтерді.
Ресей астанасын он күн бойы дүрілдеткен КСРО халықтарының спартакиадасы да аяқталуға жақындады. Сондағы одақтас республикалардың жартылай ауыр салмақтағы балуандарының ақтық айқасында Әбілсейіт мәскеулік алып күш иелерінің бірі Батраз Борукаевпен белдесуге шықты. Осы сыннан сүрінбей өтсе, мерейі үстем болып чемпион атанбақ. Батраз ашаңдау болғанымен өте қарулы, қуатты жігіт еді. Оны білек терісін керіп тұрған бұлшық еттері-ақ дәлелдеп тұрғандай. Әбілсейіт бұл бәсекеде өте сақ қимылдады. Асыққан жоқ. Өзіне қолайлы сәттерді күтіп жүрді де қойды. Сондай бір оңтайы келіп қалған тұста бұл Батраздың оң қолын қармақша іліп алып, кері қайырды. Содан соң іле-шала оны аударып тастап, басымен шаншылтқан күйі төмен қарай ұстап тұрды да қойды. Мәскеулік балуан мұндай әдіске шыдамады. Жығылғанын мойындап, қолымен кілемді ұрды.
Сөйтіп, Әбілсейіт Айханов КСРО халықтары спартакиадасы чемпиондығының тұғырына ең алғаш осылай көтерілген еді. Сол бір жұлдызды сәттер-ай десеңші! Ондай қуанышты күн естен кетер ме?!
1963 жылғы жеңіс жолы мұнымен ғана шектеліп қалған жоқ. Ол Жапонияда одан әрі жалғасты. Қалай дейсіз ғой?.. Күншығыс еліндегі спорттық бәсекенің алғашқы күнінде Кеңес Одағынан барған екі топтың бірі — дзю-дошы жігіттер жапон балуандарынан оңбай жеңілді. Бірақ кезек еркін күрес жарысына келгенде ел мүлде күтпеген жағдайдың куәсі болды. Атап айтқанда, бұл сында Бериашвили — Абені, Сагарадзе — Конекені, Медведь — Такавиді, ал Хохашвили — Батанабені қирата жеңбесі бар ма? Солардың ішінде әсіресе бәрінен де Әбілсейіттің жеңісі керемет еді. Ол өз елінің мықтысы атанып жүрген болат білек, бура сан, төртбақ денелі Какавеноның жауырынын бар болғаны қырық төрт секундта жерге тигізіп, Токио тұрғындарын таң-тамаша қалдырды. Бұл бұл ма, қызықтың көкесі екінші, үшінші күндері одан әрі жалғасты. Әбілсейіт осы кездесулерде Икеданы, содан кейін салмағы жүз килограмдық Такавиді жауырынымен кілемге таза түсіріп, жапондықтардың көзін тағы бір бақырайтты. Ал соңғы, финалдық кездесуде ол Жапонияның “ұлы балуаны” Сасакимен төс түйістірді.
Бұл белдесу былай болған еді.
Кілемге шығардың алдында Әбілсейіт салмағын өлшеттіруге тұрды. 96 килограмм екен. Сол мезетте мұнымен қатар келіп Сасаки да өлшенді. Таразы тілі оған 98 деген цифрды көрсетті. Іштей байқап қарайды, жапон балуанының бойы бұдан әлдеқайда кіші сияқты. Бірақ саны мен қолының бұлшық еттері бұлт-бұлт етіп ойнап, терісін кере тырсиып тұр. Бөлмеден шығарда ол Әбілсейітке қарады. Қарады да жымиып күлді. Сол кезде бұл да езу тартты. Әдемі жігіт екен. Бет пішінінен ақылды кейіп байқалады. Сөйтіп, олар кілем үстіне шықпай жатып-ақ достасып кеткендей болды.
Содан кейін көп ұзамай белдесу де басталды. Аңдысып жүріп байқады, уақыт өтіп бара жатқан сияқты. Осыны сезген Әбілсейіт не болса о болсын деген оймен шабуылға көшті де өзінің соңғы кездерде игерген “қайшылау” әдісін қолданып көруге бел байлады. Бұл тәсіл ауада жасалатын. Ондайда қарсыласының шынтақ тұсын бір қолыңмен мықтап ұстайсың да өте тез жылдамдықпен секіріп, ауада көлденең жағдайға келесің. Сол сәтте екі аяғыңның арасында қалған әріптесіңді бір аяғыңмен кеудеден, екінші аяғыңмен тізе сыртынан қағасың да өзің жерге оң қолыңа сүйене келіп жамбастай түсесің. Әбілсейіт, міне, осы әдісті жасағанда Сасаки мұны байқамады, ма, жоқ әлде түсінбеді ме әйтеуір қарсыласа алмай қалды. Жапондықтар шу ете түсті. Бірақ бәрі де кеш еді. Сасаки бұл кезде бір жақ жауырынымен қапталдай көлбеп, кілемге құлап келе жатқан болатын. Осы тәсілін ойдағыдай жүзеге асырған Әбілсейіт бұдан кейін де бірнеше жеңіл-желпі әдістерді қолданып, ұпай санын арттыруға күш салуды ұмытқан жоқ. Ал Сасаки болса шабуылға шығып, батыл қимыл көрсетуді қойған сияқты. Тек қорғанумен жүрді де қойды. Сірә, ол “ұлы балуан” атағына жауырыны жерге тиді дейтін “таза жеңіс” дағын түсіргісі келмеген болуы керек. Ақыры ол осы мақсатына жетті де. Төрешілер Айхановтың Сасакиді ұпай санымен ұтқанын хабарлады да оның қолын көтерді.
…Әбілсейіт үшін Жапониядан кейін тағы бір үлкен ел Түркияға барған сапарының, сондағы Стамбул кілемінің үстіндегі айқаста қол жеткізген жеңісінің орны тіптен бөлек. Бөлек болатын себебі… Жә, мұны да тағы басынан бастайық. Бұлар Кіші Азия жеріне он жеті адам болып аттанды. Бәрі де сол кездегі кілең мен атайын сен тұр дейтін Александр Иваницкий, Ростом Абашидзе, Анатолий Колесов, Роман Руруа, Алексей Семкин сияқты классикалық және еркін күрестің майталмандары еді. Ол уақытта Түркия балуандарының да айы оңынан туып, тасы өрге домалап дегендей дәуірлеп тұрған кезі. Неге десеңіз алпысыншы жылдардың басында әлемдік спорт аренасына Ақбас, Атли, Оган, Аталай, Қабылан секілді түрік жігіттерінің есімдері жиі аталатын және сол кездердегі дүниежүзілік чемпионаттардың алтын, күміс медальдарының дені көбінесе осы ел күрес шеберлерінің қанжығасына байланып жататын. Міне, осындай мемлекетке бару, оның жоғарыдағыдай алып күш иелерімен кездесу өткізу анау-мынау ел балуандарының қолынан келе бермесі анық. Сөздің тоқетерін айтқанда мұндай батыл қадамға сол кездегі одақтас республикалардың құрамаларынан жасақталған Әбілсейіт пен оның әріптестері ғана бара алды деп айтуға болады.
Түркия астанасы Стамбулға келіп жаттығуға кіріскенде Әбілсейіттің күтпеген жағдайға ұшырамасы бар ма? Ол ауыр салмақтағы Александр Иваницкиймен күрделі бір тәсілді қайталаймын деп жүріп, оң аяғының сіңірін созып алды. Басында ет қызуымен байқамаған екен, кілемге шығар тұста тізесінің төменгі балтыр еті күп болып ісіп, ауруы жанына бата бастады. Соған қарамастан белгіленген белдесуге бармаса болмайды. Себебі, мұның алдында күрескен Алексей Семкин Оган деген балуаннан, ал Юрий Гусов атақты Аталайдан жеңіліс тауып, жаттықтырушы И.Кожарскийдің жерге қарап қалған жайы бар. “Тәуекел”,— деді сіңірі созылған аяғы сыздап тұрса да, сыр бермеуге тырысқан Әбілсейіт. — Барайын. Көрейін. Күресейін. Жығылсам жер көтермей ме?” Сөйтті де қарсыласы Гиоседин Ильмаз тұрған кілемге қарай беттеді.
Танысу рәсімінен кейін-ақ екі балуан шартта-шұрт ұстаса кеп түсті. Іле қайтадан ажырасып, бірін-бірі аңдуға көшті. Әбілсейіт артық қимылға бармауға бейіл. Себебі оның әр кезде де қарсыласына өзінің оң аяғын беріп, сол арқылы оны алдаусыратып барып, аударып тастайтын әдеті бар еді. Бірақ ол артықшылықтан кешеден бері айырылып қалды. Сондықтан енді жайымен ғана қимылдап, Ильмаздың қарымын байқап көрмек. Өстіп жүргенде оңтайлы бір сәт келіп қалғандай болды. Соны дер уағында пайдаланған Әбілсейіт қарсыласын басынан асыра лақтырды. Содан кейін ес жиғызбай иығынан жұлқи тартып шалқасынан түсіргенде Ильмаз басымен жер тіреп тұра қалды. Қазақ балуанының бұл тәуекелшіл қимылы текке кеткен жоқ. Осы әдісі, осы ұмтылысы үшін ол екі ұпай алды. Ал қарсыласы тұра келіп бұған тарпа бас салды. Әбілсейіт те қарап қалған жоқ. Тағы да оны қаусыра құшақтап алып, кілем үстіне етпетінен түсірді. Осы кезде оған өзінің оң аяғының күші соншалықты қажет еді. Егер сіңірі созылмағанда оны Ильмаздың екі аяғының ортасына қайшылай апарып, бір қолын кері қайырып, аударып түсіруге болатын-ды. Амал қанша, Әбілсейіт мұндай тәуекелге барғысы келмеді. Ұпай санымен жеңуге мүмкіншілігі бар екенін ескерді де соны қанағат тұтты. Арада он минут өтті. Төреші Айхановтың қолын көтерді. Жұрт шулап жатыр. Олардың бұған қошемет көрсетіп жатқаны немесе жерлес балуанының жеңілісіне күйініп жатқаны белгісіз.
Арада үш күн өтті. Әбілсейіттің аяғының ауырғаны басылмай қойды. Ол енді Ильмазбен күреспейтін шығармын, кілемге Қабыланмен белдесуге түсермін деп ойлаған болатын. Бірақ бәрі бұрынғыдай орын орындарында қалыпты. Бұл тағы да Ильмазға қарсы шығатын болды. Кілемге беттегенде түрік балуаны Аталайдың Юрий Гусовтан басым түскенін естіді. Байқайды, осы жеңіс сарай толы жанкүйерлерге дем беріп кеткендей. Олардың айқайы жер-көкті дірілдетіп түр. Ысқыру мен қол шапалақтаудан құлақ тұнады. Әбілсейіт терлеп кетті. Ильмаздың шабуылына шабуылмен жауап қайтарып аңысын аңдып жүр. Арада төрт минуттай уақыт өтті. Бұлар бір-біріне әлі ештеңе жасай алған жоқ. Енді бір минуттан соң айқастың алғашқы кезегі бітеді. Әбілсейіт ең болмаса соған дейін Ильмазды бір аударып тастасам деп ойлап қояды. Осы мезетте түрік балуаны шабуылға шықты. Бірақ ол мұны қапсыра құшақтап басынан асыра берем дегенде, Әбілсейіт қарсыласын қырқа шалып қалды да, Ильмаз шалқасынан түсті. Таза түсті. Осылайша бес минут өткенде төреші мұның қолын көтерді.
Қиындықпен келген бұл жеңісті оның өмір бойы ұмытпай жүрген себебі міне, осында.
…Одан кейін де каншама қызықты белдесулер болды десеңізші. Соның бәрінде де Әбілсейіттің мерейі үстем болып отырды. Әсіресе, 1964 жылғы Иранға барған сапары, ондағы Болгария, Жапония, Ирак сияқты елдердің балуандары қатысқан халықаралық жарыста тегерандық Мойзепер мен Амери сынды алып күш иелерінің жауырынын жерге тигізуі оның даңқына даңқ қосқандай еді. Сондай-ақ, 1965 жылы Қазақстан құрама командасының сапында Үндістанға аттанып, онда сондағы Желандер, Пхавара қалаларының балуандары Бим Синх пен Джим Синхті жеңгені де өзінше бір қызық әңгіме. Бұдан кейін …иә, бұдан кейін ол Моңғолияда Тувдин-Доржды, Чехословакияда Клементті жеңіп, елге үлкен атақ-абыроймен оралды. Сол кездері оның одақтас республикаларда өткен бұдан басқа да түрлі чемпионаттарға қатысып, қол жеткізген жетістіктері қаншама еді десеңізші. Көп, тіптен көп.
Әбілсейіт Айханов жетпісінші жылдардың басында өзіне талай қуаныш пен жеңіс сыйлаған боз кілеммен қоштасып, жаттықтырушылық жұмысқа ауысты. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері ол бұл бағытта да табыссыз болған жоқ. Содан бергі жиырма жыл уақыт ішінде Әбекең еркін күрестегі ел мақтанышына айналған спорт шеберлері — А.Бұғыбаев, Ж. Көрпебаев, Р. Нұрманов, А.Мұсабеков сынды чемпиондарды баулып шығарды. Бапкердің 1983—1986 жылдары Кабулға барып, Ауғанстанның ұлттық командасының жаттықтырушысы болып қызмет атқарғаны тағы бар. Сол жылдарда ол ондағы парсы, пуштун балуандарының басын қосып, бабын тауып, бойларындағы қуат көздерін ашып, төртеуін халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жиырма екісін халықаралық жарыстардың жүлдегері деген атаққа жеткізді.
Даңқты балуан қай уақытта, қай кезде болмасын халқымыздың ұлттық спортын одан әрі дамыту ісінен ешуақытта да шет қалған емес. Ол қашан да игі бастамалардың қасында жүреді. Соңғы кездері Әбекең Қазақстан ұлттық “Күрес” федерациясының президенті болды. Орталық Азия және Қазақстан халықтарының “Курас” федерациясының вице-президенті, Моңғолияның ұлттық күресі “Көпсатай” федерациясының вице-президенті міндеттерін атқаруда.
“Жүрген жерде із қалады”,— деген міне, осы.
Жанболт АУПБАЕВ,“Егемен Қазақстан”
1993 жыл.