Жексенбі, 4 қараша 2012 0:55
Ауыл!
Әр қазақтың ата-тегінің ақ бесігі, әр қазақтың табанын тірер, арқасын сүйер асқары, әр қазақтың баба дәстүрі, көне салты, әр қазақтың есі кетіп еске алар балалық балғын дәурені. Атамекенге деген ұлы махаббат сол ауылға деген жүрек түкпірінде сыздаған сағыныштан басталса керек. Бәлкім, басқа ғасырда қалада туған қазақтар Қазақстанның мақтанышы бола жатар, дәл қазіргі біз өмір кешкен дәуірімізде ұлылықтың негізі сол ауылдан бастау алды. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев далада туып өсті.
Жексенбі, 4 қараша 2012 0:55
Ауыл!
Әр қазақтың ата-тегінің ақ бесігі, әр қазақтың табанын тірер, арқасын сүйер асқары, әр қазақтың баба дәстүрі, көне салты, әр қазақтың есі кетіп еске алар балалық балғын дәурені. Атамекенге деген ұлы махаббат сол ауылға деген жүрек түкпірінде сыздаған сағыныштан басталса керек. Бәлкім, басқа ғасырда қалада туған қазақтар Қазақстанның мақтанышы бола жатар, дәл қазіргі біз өмір кешкен дәуірімізде ұлылықтың негізі сол ауылдан бастау алды. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев далада туып өсті. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов ауылдан шықты, батыр Бауыржан Момышұлы ауыл баласы. Бүгінгі Алматы мен Астананы даңққа бөлеп жүрген өнерлілердің басым көпшілігі, зиялы қауым атанған оқымыстылар мен талант иелері ауылдан өнген ұрпақтар не сол ұрпақ тәрбиесін көргендер. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та ауыл перзенті. Ауылын, халқын ойлағандықтан да Елбасымыз осындай шешім қабылдап отыр.
Ауыл жылдары!
Осы бір шешім қабылданғанда менің көз алдымнан ерке құстары еркін жүзетін көгілдір көлдердің көктемгі көрінісі өтті. Қозы-лағы жамырап, у-шу болған кешкі ауылдың тай-құлынға мініп көк шалғында құйғыта шапқан бақытты балаларының дауысы келді құлағыма. Сабада қымыз сапырған келіншектің жылы жымиған жанары көз алдыма келіп, тәй басқан жас сәбидің тұсау кесер тойындағы дүрмек дауысын да естігендей болдым. Оюлы текемет үстінде шәйі жібек көрпеде отырған бәйбішенің жанында тербетілген бесік елестеді… Шындығында бұл сурет елес боп қалмақ па? Өйткені, шын мәнінде қозы-лағы азайған, қымызы да, қызығы да ортайған, бәйбішесі базар жағалап кеткен, келіні жүкті болуды сиретіп, бесікті жинап тастаған, көшіп кеткен жұртта есік-терезесіз үйлер мен иесіз қалған иттер тұр көз алдымда. Қорғаны жоқ, қалқаны жоқ, қожасы жоқ, егіндігін қаңбақ басып кеткен жайылымы бос қалған алыс ауылдарда қазіргі күні панасыздар қалды. Олар осы ауылға көңіл бөлінер сәтті он жыл бойы асқан шыдамдылықпен күтті…
Иә, ауыл шынымен тозды. Бірақ, оның біразын жөндеуге болар. Алдағы үш жылда сәл де болса еңсе көтерілер. Үркіп кеткен, қалада қарабастың қамы деп қаңғығандар ауылына оралар, қалған жастар қайраттанар. Әттең, дәл қазіргі несиені іске асырып, бел сыбанып кетер сауаттылар аз ауылда. Егемендік алғанда 10 жастағы бала қазір 20 жасар жігіт болды, қолында не малы, не көлігі, не білімі жоқ.
Тоздырып болып, енді еске алған ауыл алдымен ұлттық тәрбиеміздің ошағы еді-ау! Сол ошақты да бұзып алған сияқтымыз. Ол қашан қалпына келер екен? Осыдан отыз жыл бұрын ауыл атасы, ауыл ағасы, ауыл қарттары, ауыл азаматы деген атаққа асқан ілтипатпен қараушы едік. Ауылдың сырт келбетінен ауыл ағасын, азаматтарын танушы едік. Ауыл баласы! Ол өзі алданса да өзгені алдамайтын ақкөңіл болатын. Ауыл бойжеткені инабат пен сызылған табиғи байсалды мінездің иесі еді. Қалада тұратын сәбилер жазғы демалыста ауылдағы ата-әжеге асығатын, даладан мейірім мен төрт түлік малды көріп, таза ауа мен адамдардың таза пейіліне сусындап, жанын, жүрегін тазартып қайтушы еді. Енді ше? Енді олар ауыл қазағын менсінбейтін тасбауыр болды. Ауыл жігітін “мәмбеттер” атайтын қала қыздары қазір күйеусіз. Дала қызы қалалық жігітке қызығып, тастанды баланың санын көбейтуде. Ауыл жігітін ертеде “Асылдың тұяғы”, “Марқасқа”, “Азамат” деп ерекшелеп атайтын, қазір ол сөздер – архаизм. Ондайды ешкім естіп жүрген жоқ, түсінбейді де. Қала мен ауылға сауда жасап, ұн мен көмірді сәл қымбат сатып жүрген көрші жігітті ауылдағы ағайынымыздың мектепке бармайтын баласы “крутой” дегені бар. Адамға жақсылық жасау деген ұғым қазір саудамен араласқан түсінік сияқты. Ендеше қазіргі ауылда өсіп жатқан ұрпақ мейірім мен адамшылықты көре алмай отыр. Қожалық иесі де еңбектерін жеп, тиесілі үлестерін кезінде қайтармайды. Ала жаздай еткен еңбегіне екі арба пішен, екі қап ұн берсе жақсы, бермесе де амалы қанша, қайда барсын. Кей жерде тіпті шағым айтар аудан да тарап кеткен. Бұрын ауылда көргендінің баласы, ұяты бар ұл, анасы асыл қыз, мәдениетті жігіт деген сөздерді айтып отырушы еді, оны жастар еститін. Қазір ел ішін кәкүр-шүкір қаптап кеткендей сезінесің. Аға ұрпақ – зейнеткер. Қолында ақшасы жоқтың сөзі де арзандап тұр, ешкім тыңдап жатқан жоқ сияқты.
Он жылдай пәтуәсіз лицензия алған оқу орындарына ақша төлеп оқығандар шала сауатты. Өйткені, ақша төлегесін емтиханда құлатпайды, құламайтынын білген соң құнығып оқып бас ауыртпайды. Сауда жасап ақша төлейді, баға қойғызып үйіне қайтады. Ондай маман кімге абырой әпермек. Бұрын алыстан оқып келген студент қарияларды құрметтеп сәлем беріп шығатын дәстүр болатын. Қазір ел баласы оны да көрмейді екен. “Баталы құл арымас” деп отыратын баталы шалдар да зейнетақының кезегінде жүр, қазір үйлеріне әкелмейді, банкомат немесе байланыс орнын күзетіп жүргені. Осыны көрген жас ұрпақ үлкен сыйлап жатқан шарадан бейхабар. Сондықтан Ауыл жылын алдымен тәрбиеден, мектептен, мәдениеттен бастаған дұрыс болар еді. Әрине, мәшине мен трактор да керегі сөзсіз, ол санасыздың қолына тисе тез сынады және жекелеген адамдарға ғана пайда әкеледі. Олардың бірі – қожа, бірі – би, тағы бастары бірікпеуі мүмкін. “Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі – бос” деген Абайдың айтқаны келеді. Алдымен ауылдың басын біріктіріп құрап, мақсаттарын айқындап беретін шара жүргізілсе. Ауыл әкімдері қара халықтың сөзін құлаққа аспай бара жатыр және бұл бір аймақтың “сырқаты” емес, талай жердегі құбылыс. Тіптен, зейнеткерлер баратын қамсыздандыру бөліміндегі жастардың өзі дауыстарын көтеріп сөйлеседі. Осының бәрінің арғы төркіні – мәдениетсіздік. Ата салттан тысқары кеткен тәрбиенің “жемісі”. Ауылда өскен ұл-қыздар аздау оқығанымен, ата дәстүрлі тәрбиеден талай тағылым алушы еді ғой.
Ауыл жылында ауыл мектебін қалай дамытсақ екен деген ой да мазалайды. Талай жерді компьютерленді деп жария етеміз. Оның көбі қағаздағы есеп беру. Талай ауыл мектебінде ол бөлме құлыптаулы тұрса ше? Құлып астында есепке кіріп тұрған тексеру комиссиясы кезінде іске қосатын компьютерден телевизорға түсіруге арналған бөлмеден кімге не пайда келмек? Көбіне сабақ берер мұғалім жетпейді. Ауыл жылы алыс ауылға мектеп салып береміз деп тағы шығынға батамыз ба? Одан да аудан орталығындағы немесе облыстағы интернаттарды күшейтсе қайтеді? Ауыл баласы үйінен алыста болса, өз бетінше күн көріске бейімделер, бір-біріне мейірімді болып араласып үйренер, ең бастысы уақыт талабына сай техника мен жаңа заманның жетістігін меңгеріп, дамып жетілер. Өз киімін өзі киіп, ұқыпты, жинақы болуға, қаланың тазалық мәдениетін меңгеріп, жазғы ауылдың дәстүрімен салыстырып өсер. Біз ауылды ауданнан, ауданды облыстан, облысты өзінше бөлгеннен оқу-тәрбие жұмысын әлсіретіп алатын сияқтымыз. Иә, Алматыға баруға ақша жоқ, Астанада оқуға шама жоқ деп жоғары оқу орындарын бөлдік. Университеттердің саны көбейді, сапасы қалай? Не ұттық, неден ұтылдық? Араласу азайды, осы кез көңіл сандығы таяздап, ойлау көкжиегі тарылып, жан дүниеміз кедейленіп бара жатқан жоқ па? Мысалы, Павлодарда үш университет, Батыс Қазақстанда екі университет, ол университеттер ұлттық атанатын Әл-Фарабимен, біраз оқымысты жиналған Еуразиямен тең түсе алар ма екен?
Павлодарлық студент бұрын Оңтүстіктің қызына үйленіп еліне салт-дәстүр апарушы еді. Атырау жігіті Баянауыл бойжеткеніне Дина күйлерін үйретер еді. Сырдың сұлу қызы сонау Абай елінде палау басар еді. Көкшедегі дастархан салты Түркістанмен аралас жаңғырып, құдалар келіп мәре-сәре болар еді. Өзі шағын республикада енді әр жер өз қазанында қайнай бастады. Өз руы, өз әулиесі, өз атасы жайлы кітап… Әскерге де өз облысында қалады. Өз өңірінен өзгені көрмеген ұлдың көзқарасы биіктемесі анық. “Үйдегі батыр жауға жоқ, үйдегі шешен дауға жоқ” деп халық неге айтқан. Ұсақталған ынжық ұл елге қалқан бола алар ма? “Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп” деген ұлағат нені меңзейді? Иә, қалталылар шет елді танып жатыр, шүкір, шет тілін меңгерген ұрпақ өсіп жетілуде, бірақ ана тілі мен ата салт ұлт сақтауда, елдікті сақтауда орны бөлек нәрсе емес пе? Қазір бізде сол дала философиясы, ғасырлап жинаған бабалар дәстүрі, ұрпақ тәрбиелеудегі құнды пікірлер ұмытылып тұрғанға ұқсайды. Тәуелсіз Қазақстанның ертеңіне лайық саналы, намысты, жаны бай, салтқа берік ұрпақты тәрбиелеу кейінге қалдыра тұруды көтермейтін мәселе. Мұның бәрі жақсара түссек, бола түссек, ешкімнен кем болмасақ деген игі арман, ақ тілек.
Кешегі күні Ресейдегі Қазақстан жылының салтанатты ашылуын көріп отырған әр адам ерекше қуаныш сезіміне бөленгені қандай мәртебе. Кемелденіп келе жатқан еліміздің кең маңдайлы Басшысы қандай, байлығы қандай, өнері қандай! Япыр-ай, бұл қазақтың қыздары неткен талантты еді! Бибігүл, Роза, Жәния, Айман, Шұғыла, Майра, Ләйла. Әр есім ұлт намысын көтеріп тұрған жоқ па? Осынша өнерлі қыздар өсірген ұлт кімнен кем, оның тілі кімнен кем? Неге ана тілімізде сөйлемейміз? Шынында ұлт тілінде сөйлемеген ұрпақтың өмірінің аяғы өкінішпен біткеніне талай мысал келтіруге болады. Олар өзінен туған ұлға да жат болып кеткен. Талай арыстарымыз өзге ұлтқа үйленіп, қартайғанда қарттар үйінде қалған! Осындай намыс тәрбиесінен тыс қалған ұл-қыз аралас некеге бейім келеді. Ана тілді де қолдамайтын солар. Ол жерде ата салт жайлы әңгіме болмаса, ақыры қиын. Кейде жағдайға байланысты ана тілін жете білмесе де ұлттық намысты жоғары ұстап отыратын отбасы болады, намысшыл, өжет болады-ақ, әттең өзін терең біле алмай қиналады. Бәрі бір ана тілінің терең мәнін ана сүтімен емгенге, әліппеден бастап сөйлегенге жетпейді. Кейде ана тілінде сайрағанның санасы төмен, намысы жоқ болып қинайды. Сондықтан рухани бай, саналы, намысқой ұрпақ тәрбиесі әр ата-ананың есінен шықпауға тиіс борышы дер едім. Ұлттық намысты сезінбеген қыздардың алды Америкада, соңы Венгрия мен Түркияда тұрмыста жүр. Өзге ұлтқа шыққан қыздан қазаққа не пайда, олар баласын қазақ деп жаздырта алмайды. Ауыл десек есімізге бұрын көп балалы аналар түсетін. Бірі кіріп, бірі шығып жүретін күн сүйген қарасирақтарды шетінен емірене иіскейтін, шетінен қолқанат қып шаруасына жұмсайтын кең пейіл, кең етек, ақ жаулықты ана отыратын. Қазір ондай анаға соңғы ән сөзін жазған далада туған ақын Қайрат Жұмағалиев алпыстан асып кетті. Ондай аналарды көрмегендер ана жайлы жұрт тебіренер жыр да жазбайтын сияқты.Қазір санап туған бір-екі баламен ұлт саны қалай көбейер? Сонда кең байтақ Қазақстанға ертең кімдер ие болмақ? Әлі қоныс теппеген оралман ба? Ол ұрпақ келген жағын аңсайды. Қазір тұрмыс құрмаған қыз-жігіт саны қанша? Мақаш Тәтімов есебінен жаңылған тәрізді.
Иә, біз өсе алмай тұрмыз. Санымыз өсер түрі жоқ. Қазіргі отбасында бір-екі бас қана, олардың өзінің денсаулығы шамалы. Дүниеге бала әкелетін ауыл келіншектері шетінен анемия, аузында тістері жоқ. Тарап кеткен ауылдан, қосылып кеткен ауданнан көмекке берер он бес мың теңгені іздеп тауып алғанша шашы ағарар. Кеше мен он жыл бойы “Алтын алқасын” алмаған он баланың анасын көрдім. Енді бір он бала туған ана қарты екеуі қалада пәтер жалдап тұрып жатыр, өздері зейнеткер, пәтерақыны мұғалім қызы төлейді екен, ал оның алып отырғаны да он бес мың теңге. Бұл да бір ауылға емес, бүкіл Қазақстанға ортақ жәйт.
Ауыл мәдениетін көтеру үшін мәдениет сарайларының сау қалғанын жөндеу керек, кітапханаларға көңіл бөлу керек! Ол сарайларды жекешелендіру кезінде бұрын басшы болғандардың балалары сатып алып, бұзып көшіріп қала маңына үй салып алған. Неге екенін қайдам, бұрынғы әкім-қаралар жекешелендіру кезінде қара халыққа ештеңе үйреткен де, түсіндірген де жоқ, өздері малға дейін молырақ бөліп алды. Ауылды аздырған солардың қазір де шаруасы түгел. Бірі – депутат, бірі – базар қожасы, бірі – зауыт иесі (бәлкім, басқа фамилияға аударып қойған). Әлі сол үрдіс жалғасуда, халық соған наразы, іштей тынып отыр. Халық игілігі болған ғимараттарды жеке адамдарға заңдастырып сатып жүрген өз бауырларымыз қара халық көзқарасын құлаққа аспайды. Кей қалада жекеменшік иелері өзге ұлт өкілдері, қазаққа сатсақ сөз көбейеді, саудаға бөтендер тиімді. Батыс Қазақстанда талай нәрсеге қожа тіптен ресейліктер. Оқта-текте қарапайым жігіт ие болса ондайлардың “крышасы” болады. “Крышасы” жоқтар бизнес жасаса салықпен-ақ жеп қояды. Оны халық көріп отыр-ау деп кейбіреулер ойламайды. “Ел қамын ойлағандар” әйеліне алтын дүкенін, ұлына мәшина салонын, қызына кешкі ойынхана сыйлап отырғанын да халық жақсы біледі, қазір оған да көндіккен. Екі аяқты пенде жүрген жерде Әділет деген сорлы қашан шырқырамап еді. Талайлар осы әрекеттері үшін абыройдан айырыламын-ау деп ойланбайтын тәрізді. Төреші уақыт ертең бәрін өз атымен атайтыны да тарихтан мәлім. Кезінде “халық жауы” болған елін сүйген азаматтардың есімін де тарих пен уақыт айқындап берген.
Қазір ауыл баласы да пайдакүнем, жеңіл тірлік іздеуде. Ауыл малын ұрлап өз туысын алдайтын алаяқ та сол елден көрген “өнегенің” жемістері ғой. “Көрген көргенін істейді” демей ме халық. Ел сенген азаматтан ауыл баласы әділетсіз жекешелендіру көрді. Тектілік деген тегеурінді сөзді естімеген ұрпаққа мектепте текті бол деп шырылдағаннан не шығады? Тентек болған баланы түзететін түрме емес, оны тентектікке жібермей ұстайтын ауылдағы тәрбие мен ата салтымыз. Содан кетіп барамыз.
Қазақтың “мың жылдық” деген құда-құдағыйы балаларының үйіне таласып соттасуда. Бұл ойлап қарасақ бүкіл ұлт болып ұялатын жәйт. Қариясын қартайғандар үйіне апарып тастау да, сәбиден бас тарту да мейірімсіздіктің нәтижесі. Өткен жылы ауруханада өз анасын емі бітсе де үйге алғысы келмеген жігіттің тағы да бір аптаға ақша төлейін, тек үйге жібермей тұра тұрыңыз деп дәрігерге жалынғанын көріп, бірнеше түн ұйқым қашқан еді. Сол жігіт ағасы болған азаматты ертең өз баласы сөйтпес пе екен? Мейірімсіз ұрпақ ертеңгі Қазақстан еліне не қоспақшы? Шетке сатқан сәбиден қалғандар өсіп жетілгенде, көргені мен тегі жоқ, барар жер, басар тау жоқ, анасы мен үйі жоқтар өскенде қоғамымыз қандай болмақ? Ол жетімдермен қайда барамыз? Болмаса балаларды 12 жыл мектепте ұстап есейтеміз бе? Ерте жетілетін оңтүстік өңір қыздарын тұрмыс құрудан, ана болудан бас тартатын заң шығарамыз ба? Қазіргі ұрпақтың көз ашқалы көргені порнофильм болса ше? Тіптен концерттік сахнадан жалаңаш әйелдер көрсетуге бейімделіп тұрмыз, ендігі жерде Баян сұлу киімін “жаңғыртты”, атақты Қыз Жібекті шешіндірсек ұлттық ештеңе қалмас, сірә. Мұның да арғы тегінде өнерге келген жастардың ата дәстүрден тайыздығы жатқан болар. Сөйтіп, мектептерге бесік қоятын бөлме ашуға дайындықты өзіміз жасап жатқан сияқтымыз. Жас ұрпақтың да көргені өнерде де өмірде де, өзгелерге еліктеу.
Ауыл жылы деп жарияланған үш жыл асыл тұқымды мал қалған аймақтарда талай тұрмысты көтеріп тастары анық. Ауыл қазағының мал бағар жағдайы болса тұрмысы жаман болмайды. Олардың малын ұрлықтан сақтауға көмек керек. Мал тұяғы үш жылда өсер, үш жылда өспесе бес жылда өсер, ал адамзаттың есті ұрпағын өсіруге отыз жыл да аздық етеді, парасатты жеткіншек тәрбиелеу оңай шаруа емес. Неге екенін қайдам, атақты “Аяз би” ертегісін бастауыш сыныпта оқытады. Бастауыштағы баланың “алдымен аузыңа көже түсті, тегіңде хан жоғын содан білдім” деген ұғымға түсінуі мүмкін емес. Қалада өскен, сөздік қоры аздау, қазақы ұғымы тайыз бала мүлдем ұқпайды. Оны пайымдау үшін дайындық керек. Бұл есейген адамдар айтқан әңгіме, тіптен хан мен уәзірлер арасында болған оқиға ғой. Бұл жас балалардың арасында айтылатын әңгіме емес. Аяз биді лауазымды адамдар өзіне сын көзбен қарау үшін шығарған халық. Ал, қазақша білмейтін басшы Аяз бидің даналығын қайтеді? Ертеректе бір ауданның мен білетін басшысы қазақ ауылында “аллағиуакбар” деп ас қайтаруға тыйым салған болатын. Сол аймақта әлі күнге дастарханға салиқалы бата берер қария жоқ десем өтірік емес. Тағы да жас ұрпақ ата салтын көрмей, дастархан мәдениетін сезінбей өсіп жатыр. Әжелеріміз ас ішіп болған соң түгел жинап, ақ батасын айтып, бетін сипап, сосын тұрып кетуге рұқсат беретін. Ол да мәдениет, нанды сыйлауға, дәстүр сыйлауға, орнықты болуға үйретері сөзсіз. Ата салт — ұлттық тәрбиенің негізі ғой. Тағы сол “Аяз би” ертегісіндегі Қарашаштың даналығын ерекше оқыту да қажет сияқты, тек әдебиетшілерге ғана емес.
Қазақ әйелі деген өзгеге ұқсамайтын дала мінезімен ерекшеленуі керек. Одан парасат пен ақыл үйренсе артық па екен? Бүкіл далаға, ұлтқа ана болатын қыз тәрбиесі оп-оңай қарайтын нәрсе емес. Қазақ қыздарының ұлттық тәрбиесі жайлы курс ашып, емтихан тапсырылуы да артық болмас еді. Иә, біздің қазіргі қыздарға ұлттық тәрбие ерекше қажет кезең. Ол алдымен ұлттық намыстан бастау алады. Тәрбиенің ұлттық негізін бойына сіңірмеген қыздар әр түрлі діни ұғымға ұрынуда. Өзге ұлтты сүйдім деу ұлттық намыстың жоқтығы. Намыссызға бәрі бір. Көшеде күндіз сүйісу, көпшілік орында айқайлап күлу, театр киім ілгішінде үлкенге жол бермей тайраңдау жалпы қыз балаға жарасты қылық па екен? Ол – тәрбиесіздік, ол – мәдениетсіздік. Тәрбие мен мәдениет қысқа етек пен беттің бояуы деп түсініп жүрсек ше? Қазақ қыздары жеңілтек мінезбен өзгеге мазақ болса да ұлтқа сын. Қазақ қыздары көйлегін көтеріп көшеге кетсе оның да себебін қоғамдағы тәрбиеден кеткен қатеден іздеуіміз керек. Оларды көшеде тұруға мәжбүр еткен не, қате жіберген кімдер? Бірде, кәдімгі Алматыдағы бір дүкенде ағаш тостағанға қызыққан өз қызына ұрысқан қазақ әйелін көріп, жағамды ұстадым. Сонда сол қазақ кемпір тостағанды артта қалған қазақшылық деп түсініп тұрып, қай ұлттың төрінде аяғы қисайып отырмақ. Сондай шалағайлардың кесірінен, өзгеге еліктегіш намысы жоқтардың кесірінен біз ұлт атынан мұражайға қояр қасиетті мүліктерден айырылдық. Атасының асатаяғын лақтырған келін қазақта, енесінің кимешегін қазан сүрткіш жасаған келін қазақта. Ендеше қыздарды ұлттық тәрбиеден шығарып алғаннан тапқан “пайдамыз” осы. Қазақы бесік зиян дегенді де бізге басқалар айтқан, ал біз еліктегішпіз, “Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның” деген Абай сөзіне де құлақ аспай келеміз әлі. Ұлттық намысы бар бір адам елге қанша жақсылық әкелсе, намыссыз бір адам да сонша кесел әкеледі екен. Бір қыз қателессе қазақ қызы деген үлкен ұғымды кірлететінін үйрете алсақ-ау шіркін! Бізге әдебиеттен сабақ берген Мәншүк батырдың анасы Әмина Мәметовадан тұқымының тектілігі аңқып тұратын. Нұралы хан тұқымына қатысы бар Әмина Мәметованың аяқ басуында ерекшелік, сөйлеген сөзінде парасаттылық, шашын түюіндегі, бойын ұстаудағы маңғаз сәнділік, көзқараста тұрақты сенім мен тәкаппарлық бар еді. Ауыз әдебиетін терең білетін сол ұстаз докторлық диссертация қорғай алмады. Себебі, Чернышевский, Достоевский, Толстойлар тегін ашық айтқанда, Абайдың тегімен біз неге мақтана алмаймыз деп жазған екен, сол сөзден ұлтшыл атанса керек, әрі Ахмет Мәметов “халық жауы” деп танылды. Алматыда алғаш тері аурулары институтын ашқан дәрігер халқына қалай жау болды? Иә, сол аттан әкесін ақтау үшін қыршын жас қазақ қызы Мәншүк майданға сұранды. Міне, намыс деген осы! Асыраған әкенің намысы үшін ел қорғаған намыс ерлікпен аяқталды. Ал Әмина апай докторлық қорғау үшін пікірін құбылтпады, жағынған арыз жазбады, аяққа жығылмады. Өзінен сауаты төмен докторларға маңғаз қарады да, қазақ қыздары тәкаппар болуы керек деп лекциясын оқып өтті. Өмірден оның тәрбиесін көрген Мәншүк қазақ ұлтының намысына айналуы да тегін болмас. Сондықтан да отбасындағы қыз бала тәрбиесі ұлт болашағымен тікелей байланысты мәселе.
Ауылдың бүгінгі сақталған тәуір жақтары әрине, әйелдерге байланысты. Бала оқытатын, тәрбиелейтін солар. Ошағын сақтап, жоғын бар жасап отыр. Бүкіл ауыл мектебінде еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер. Ауыл баласының білімі тайыз деп оларды да кінәлаймыз. Аз ақшаға жанкешті еңбек ететін, ауыл тұрмысының тауқыметін көретін солар. Компьютерлер толтыра алмаған тәрбиені ата салтпен, тәртіппен, адалдықпен өнеге беріп толтыратын да солар. Ауыл баласының білімін көтеру үшін ұстаздарды жиі білім жетілдіру курстарына жинақтап, көрнекі құралмен көмектесу керек. Ұстаздар үшін жазғы демалыс орны да ойланатын шаруа. Ауыл ұстазының емделу түгілі ауыруға уақыты жоқ. Республикамызда әдіскер ұстаз, ұлағатты ұстаз, өз ісінің шебері өте көп. Алыс ауылда ондай болуға мүмкіндік аздау дегенім бұл. Болашақта ауыл мен орталықтың мектебінде айырмашылық алшақ болмаса екен. Жасалып жатқан бастамалар жоқ емес, барды жоққа шығарудан аулақпын, дегенмен ауыл мектебінің білімі сәл де болса төмен-ау. Қазір қайда да программадан тыс әдебиет оқылмайды. Республикалық газет-журналдар ауылға жетіспей тұр.
Газет-журнал сиреген, насихат аз ауыл теледидар көргенімен, бүгінгі жер мәселесін толық түсініп болған жоқ. Бөлінген жерінің кімнің қолында екенінен бейхабар. Олар түгілі купонымыздың кімнің пайдасына шешілгенін қалалық біз де білмейміз. Біз купон салған өндіріс орнының бәрі жабылып кеткен, көбінің атын да ұмыттық, купоннан көмек көруді ойламайтын болдық. Ауыл адамдарының да біразы қағаздарын алмаған, жердің қағазын кім пайдаланып отырғанынан бейхабар, біреу келді, біреу кетті, кейбіреу ештеңе түсінген жоқ. Сонда туған ауылға жаны ашыр азамат болмағаны ма? Баяғыдан оқытып өсірген ұл-қызы қайда ауылдың? Ән салдырып, ағыл-тегіл қымыз ішкізіп, аймақты асыраған ауылды аздырған кім? Ханталапай ойнап кеткен кімдер? Оның да жауабын қарапайым халық біледі, аттарын да біледі, олардың кеудесінде бәрі-бәрі сайрап тұр, әттең айта алмайды, тыңдаушы жоқ, көбі әлі билік тұтқасында жүргендіктен олар әлі ебін тауып шалқып жүр. “Сай сайға құяр, бай байға құяр” дейді халық баяғыдан. Ауыл адамдары әлі баяғыдай момын, көнбіс. Әркімді құдайына тапсырып отыра береді. Әлі ниеттері аппақ, бары дастарханда, әлі бірін-бірі қонақтап сыйлайды. Алдап кеткенді де қарғамайды, алып кеткенге де ештеңе жасай алмайды, қолдары қысқа. Ауылды сақтап отырған әлі сол дала мінез бен кейбір отбасы ұстанған дархандық. Осы бір ұлттық ерекшелігіміз болған дархандықты сақтау үшін ауылға көңілді ерекше бөлуіміз керек. Ауыл жылы жарияланды, айлар зулап өтіп жатыр. Басталған шара қайсы? Ауыл жылы ауызбен айтылып жүр, нақты ештеңе көзге көрінбейді, әлде ол тек әкімдерге қатысты ма? Әзірше мен көрген ел ұйқылы-ояу отыр. Өйткені олар несие жайлы ештеңе түсінген жоқ. Ауыл адамының несие алу үшін кепілдікке қояр байлығы қайсы? Үйі тозған, малы біткен. Оларды басқаруға беретін заң жоқ. Он жыл насихат жұмысы, тәрбие жұмысы, егемендік пен нарық заңын үйрету ауылда болмай қалды. Ауыл тұрмысы, ұлт санасы, елдік пен намыс есті адамның немқұрайды қарар шаруасы болмасқа керек, менің де жүрегімді сыздатып тұрған мәселе. Қолымнан келері аз болса да айту парызым деп білем.
Иә, тарихтан таныс мың өліп, мың тірілген бұл қазақ әлі ойланар деп сенейік, әлі де таңырқатар деп күтейік. Ендігі тілек сол ауыл тезірек көркейсе екен. Ауыл көркейсе, жас ұрпақ кейбір жетесіз ағалары қиратып кеткен орынға жаңа ғимараттар тұрғызып, көне мектепте алғаш әліппені қазақ даласын қалтқысыз сүюден бастап оқитын болады. Олар еркін ел болған Қазақстанның еркіндік жолындағы ерлерінің еңбегін оқып, ежелден батырлар қорғаған атамекенге енді өздері қожа екенін өз ана тілінде айтып есейетін болады. Ауыл көркейсе туған топырақтағы байлық пен билік өз қолдарына тиген еркін жас ешкімге жалтақтамай, аяғын өз жерінде нық басады. Өткен бабаларының кешкен от пен суын, өзгеге тәуелді болған кезеңдегі қателіктерін кешіріп, тарих беттеріне қайта үңіледі. Ауыл көркейсе, қалаларды шулатып, ата қоныс ауылға көш басын қайта бұрады. Жайлау төсін малға толтырып, жайқалтып егін өсіреді. Олар да бесік тербеп әлди әнін айтады, олар да айнамкөздерге жыр арнап, қаламқас қызға әнмен сәлем жолдайды. Ауыл көркейсе Сарыарқа төсін дүбірлеткен сәйгүлік мініп жарысқа түседі, тұяқ даусын домбыра пернесіне қайта жазып күй шертеді. Жұмыр жерде тіршілік тоқтамайтыны заңды болса, өз атамекенінде қазақ ұрпағы да бақытты өмір сүрмек.
Ауыл адамдары қалаларға келіп паналады. Біреулер қалада қазақ көбейіп, тілімізді дамытуға себі болар деп қуанып жүр. Келсін, қазақтар қалаларды да мекендесін. Ал ол шеті мен бұл шетіне шапқан атың жетпейтін, ауданы мен ауылының арасы бес жүз шақырымдай созылған далада кімдер қалмақ. Бөкей хан ордасы болған қазіргі Орда ауданын бір кезде жүз алпыс мың адам мекендеген, қазір он алты мың бар ма екен? Ата қоныс қаңырап қалса біздің қаладағы тас көшеде тықылдап өткізген өміріміздің құны қанша? Бабалар еккен қарағай орман Көкшеде де, Ордада да сыңсиды, саясын мекендейтін ұрпақ күтеді. Шығыстағы Марқакөл, батыстағы Шалқаркөл аққулары орала бастаған айдынды жырлайтын ақынын іздеп жаутаңдайды. Астана-Алматы бағытындағы жүйрік пойыздар тоқтайтын Балқаш, Сарышаған бекеттерінде саудагерлер қолындағы тұзды балықтар өмір сүргісі келіп тыпырлайтын тәрізді.
Ауыл жылында ауылын өз анасындай жақсы көретін жанкештілерге берілу керек несие. Егер несие ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетсе ауыл тағы жылайды, әрі азып-тозып кетеді. Сонда біздің рухани, ұлттық тәрбие, дәстүр ошағымыз әлсірейді, тамырымыз босай береді. Ауыл шаруашылығының бар маманы ауылға жанашырлықпен бет бұрғандары жөн. Экономист, өнер, денсаулық, әдебиет түгел қол созбаса, нақты шара ұйымдастырылмаса, ауыл аяғын тік басып кетуіне ұзақ уақыт керек. Ауылға бұрылайық, ағайын. Әр қазақтың сырқаттанып қалған туысындай Ауыл бізге жаутаңдап отыр бұл күнде.
Біздің бүгінгі қарбалас кезеңіміз Қазақстан тарихының бір парағы ғана. Әттең, жас ұрпақ есейіп, ойдағыдай өмір сүре бастағанда қазіргі аталары шақырған көп инвестор қарызын сұрап кеңірдектен алмаса жарар еді. Инвесторлар әкелген жабдық ол кезде тозығы жетеді, технология көнереді, сол кезде жаңа ұрпағымызды жаутаңдатып кетпес пе екенбіз мына біз? Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған өзен-көлде не қалар екен? Әлде оларға өзіміз атқан құс пен аңның қаңқасын қалдырар ма екенбіз? Әлде жас ұрпақ қыран бағып, жүйрік баптар ма екен? Ауыл есін жинаса малға қарар олар, арғымақ мініп, тазы ертіп, құс салар. Ауыл көркейсе, салт-дәстүр жаңғырар, әйелдер қымыз пісер, бие сауар, салтымыздан қол үзіп кім боламыз деп ойланар. Уақыт өзі де ой салар. Ұлыма ие болайын, қызыма пана болайын деп намыс шақырар. Ұрпағымды аздырып адам атанғаным қалай, сәбиімді тастанды етіп ана атанғаным қалай деп арланар. Туған елдің туын кірлетпестей өмір кешу азаматтық борышымыз емес пе?! Ата-баба алдындағы, Атамекен алдындағы бәріміздің де антымыз солай болса керек.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА.
4 сәуір 2003 жыл.