Ұлттық банк өткен жылдың соңында 2018 жылғы IV тоқсан мен 2020 жылғы II тоқсан аралығындағы инфляцияға болжам жасап, Мемлекет басшысының инфляцияны біртіндеп азайту туралы тапсырмасы аясында 2018 жылы инфляцияны 5-7 пайыз аралығында болады деп белгіледі. Жыл қорытындысы бойынша ұлттық валютаның құнсыздануы 5,3 пайызды құрады. Ал 2019 жылы инфляцияны Ұлттық банк 4-6 пайыз аралығында сақтаймыз деп жоспарлап отыр.
Бас банк жаңа жылға арналған 2 базалық сценарийді қарастырған болатын, екі жағдайда да мұнай бағасы 60 АҚШ доллары деп бекітілген еді. Дегенмен 2018 жылдың соңында көмірсутегі бағасы күрт арзандап, брент маркалы мұнай құны барреліне 50 долларға дейін түсіп кетті. Сол себепті Үкімет 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қайта қарастырып, мұнай бағасы 55 доллар деп бекітті. Мұнайдың арзандауы теңгенің құнсыздануын күшейте түсетінін ескерсек, 2019 жылы инфляция көлемі Ұлттық банк белгілеген 4-6 пайыздық дәлізден шығып кетуі де ықтимал.
Ұлттық банк төрағасы инфляцияның келер жылы күшейіп кету қаупін де жоққа шығармайды. Бұл туралы бас банкир былтыр:
– Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі өз құзыреті шегінде инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуді жалғастырады, – деп мәлімдеген еді.
Өз сөзінде ол орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін ақша-кредит және бюджеттік саясаттың үйлесімділігі қажет екендігін атап өтті.
– Жүргізіліп отырған ақша-несие саясатында Қазақстанның Ұлттық банкі республикалық бюджет шығыстарының айтарлықтай бөлігін қаржыландыратын Ұлттық қордан трансферттің көлемін де ескереді, – деген Д.Ақышев.
Бұл тұрғыда Ұлттық банк төрағасы теңгенің құнсыздануы шектен шығып бара жатса, Ұлттық қордың қаражатын пайдаланып, тіпті әкімшілік интервенцияға жүгініп инфляцияны аталған дәлізден асырмай ұстап тұруға күш салатынын айтты. Тауар мен қызмет бағасының қымбаттауы қарқын алған жағдайда Д.Ақышев Ұлттық қор мен әкімшілік ресурстар арқылы 2020 жылдан кейін инфляцияны тіпті 4 пайыздан да өсіріп жіберуге дайын отыр.
Сонымен қатар Д.Ақышев ұлттық валютаның базалық мөлшерлемесін де көтере отырып, теңгенің күйін мықтай түспек.
– Базалық мөлшерлеменің ағымдағы 9,25 пайыздық деңгейі теңгемен активтерге сұранысты арттыруға және ақша-несие жағдайларын қолайлы деңгейде сақтауға мүмкіндік береді, – деді бас банкир.
Д.Ақышевтың Ұлттық банк құзыреті айналасындағы шараларынан бөлек биылдан бастап инфляцияны азайтатын объективті себептер де бар деуге болады. Мәселен, Мемлекет басшысының өткен жылдың соңында Үкімет отырысында коммуналдық шаруашылық саласындағы монополистерді назарға алып, тарифтерді арзандату туралы тиісті органдарға берілген тапсырмасы аясында қызмет ақысы арзандайтын болса, бұл 2019 жылы теңгенің құнсыздануын бәсеңдете түспек.
Инфляцияның серпінін айқындайтын негізгі факторлардың қатарында сыртқы әсерлерді де жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, Ресейдегі инфляцияның салқыны бізге де жететіні бұрыннан белгілі. Көршімізге қатысты батыс елдерінің санкциясы күшейген сайын рубльдің девальвациялану қаупі де күшейе береді. Энергия ресурстарының, соның ішінде мұнайдың арзандауынан, соның салдарынан болатын нақты ақша кірістерінің азаюы да сондай себептердің бірі.
– Қазақстанның экономикасы әлі күнге дейін сыртқы дағдарыстарға қарсы тұруға әлсіздеу болып тұр. Әлі күнге дейін мұнай бағасы бұрынғыдай экономикалық белсенділіктің серпінін анықтайтын маңызды фактор болып қалды, – деген Д.Ақышев ел экономикасының әлсіз жерін жасырмай атап көрсетті.
– Егер мұнай бағасы барреліне 60 емес, 40 АҚШ доллары болса, жылдық инфляция 2019-2020 жылдары аталған 4-6 пайыздық дәлізден анағұрлым асып кетуі ықтимал. Олай болса, ақша-несие талаптарына түзетулер енгізу керек болады,– дейді ол. Қалай десек те, Ұлттық банк төрағасының биылғы жұмысы жеңіл болмасы анық.
Айта кетейік, таяуда бірнеше ірі инвестициялық компания мен зерттеу агенттіктері жаңа жылдың жаһандық экономикасына болжам жасай келе, 2019 жылы мұнай бағасының орташа құны 62-67 АҚШ доллары аралығында болатынын жорамалдайды. Егер жаһандық экономика күрт дағдарыстан аман болып, геосаясат тұрақталатын болса, теңгенің инфляция деңгейін Ұлттық банк 4-6 пайыз дәлізінде ұстап тұруға тиіс.
Бауыржан МҰҚАН,
«Егемен Қазақстан»